Iрi сiлекей бездерi


Ауыз қуысының кiлегейлi қабығында шашырап жатқан көптеген ұсақ сiлекей бездерiмен (ерiн, ұрт, таңдай және тiл) бiрге, организмде шығарушы өзектерi ауыз қуысына ашылатын, iрi, қабырғадан тыс орналасқан жұп сiлекей бездерi-шықшыт, жақасты және тiласты (алқым) бездерi кездеседi. Ауыз қуысына бөлiнiп шығатын сiлекейдiң 25% шықшыт безi, 70% жақасты без, 5% тiласты без өндiредi.

Сiлекей бездерiнің басты қызметтеріне: ас қорыту - сiлекей азықтың механикалық өңдеу процесiне қатысады, татым қабылданады, жұтылуына мүмкiндiк туғызылады. Сiлекей құрамында бiрталай ферменттер сақталып, оның iшiндегi амилаза (полисахаридтердi ыдыратады) ауыз қуысында ғана емес, бiраз уақыт қарын iшiнде азыққа әсерiн тигiзедi; қорғаныш - сiлекейде қоюлығы жоғары микробтарға қарсы заттар (лизосима, лактоферрин және пероксидаза) сақталады, олар кiлегейлi қабықты азықтың (жем) механикалық бұзуынан қорғайды; бөлу - организмдегi сiлекеймен зат алмасу өнiмдерi, дәрiлер, ауыр металдар және басқалар бөлiнедi. Бұл қызметтер бүйректің жеткiлiксiздiгiнде күрт күшейедi; су-тұз тұрақтылығын реттеу - натрий, калий, кальций, хлор және басқа иондар сақтайтын сұйықтықтарды бөлумен сәйкес жүредi; эндокриндi - гормонды белсендi заттарын және өсу (паратин, жүйке өсуі) себепшарттарын өндiреді.

Бездер стромасы дәнекер ұлпалардан құралып: бөлiкшелер арасындағы жұқа қабаттардан - жұқа қабықтан таралады, онда iрi тамырлар, жүйкелер, шығарушы өзек және май жасушаларының топтары сақталады; бөлiкшелер iшiндегi дәнекер ұлпалардан-жүйке талшықтарымен қоса жүретін май жасушаларын, көптеген плазматикалық жасушаларды сақтайтын ұсақ тамырлардан тұрады.

Бездердің паренхимасын эпителий түзедi. Гистологиялық жiктеуге сай, барлық сiлекей бездерi - күрделi тармақталған, соңғы бөлiмдер және шығарушы өзектер жүйесiнен тұрады.

Соңғы бөлiмде (portio terminalis) екi түрлi-секреторлы және миоэпителийлi жасушалар болады, пiшiнiне орай, олар - көпiршiктi және көпiршiктi-түтiкшелi болып жiктеледi; бездi жасушаларды құрамына, секрет өндiру сипатына орай - белокты (сiрлi немесе сероциттер), кiлегейлi (мукоциттер) және аралас (алғашқылардан үлкен және айшық құрады) деп бөледi (114 сурет).

Шығарушы өзектер жүйесiне - қосымша өзектер (ductus intercalatus), сiлекей түтiктерi (ductus striatus), бөлiкше аралық (ductus interlobularis) және жалпы шығарушы өзектер кiредi.


Жеке сiлекей бездерiнің құрылысында мына ерекшелiктер байқалады: шықшыт безi (glandulae Parotis, 115, 116 суреттер) - күрделi көпiршiктi тармақталған, таза белокты сiлекей бөледi, оны бездің тек соңғы бөлiмдерi сақтайды, қосымша өзектерi күштi тармақталған, сiлекей түтiкшелерi жақсы дамыған; жақасты без (gl. Submaxillare, 117, 118 суреттер) - күрделi көпiршiктi-түтiкшелi тармақталған, аралас сiлекей бөледi, екi түрлi-белокты, аралас соңғы бөлiмдерi болады, қосымша өзектерi қысқа, сiлекей түтiкшелерi ұзын, күштi тармақталады, кеңейген және тарылған бөлiктерi байқалады; тiласты без (gl. sublinguale) - күрделi көпiршiктi-түтiкшелi тармақталған, аралас сiлекей бөледi, үш түрлi-аралас, кiлегейлi, белокты соңғы бөлiмдерi болады, аралас бөлiмдерiндегi жарты айшық жақасты безiне қарағанда жақсы байқалады, оның жасушалары муциндер сақтайды, қосымша өзектер нашар дамыған, сiлекей түтiкшелерi өте қысқа болып келедi.