Ащы iшек


Ішек бірнеше ұрық жапырақшаларынан: iшкi эпителийi-энтодермадан; дәнекер ұлпа, бұлшық етті құрылымдары-мезенхимадан; сiр қабығының мезотелийi-спланхнотоманың iшкi жапырақшасынан дамиды.

Ащы iшекте (intestinum tenue) мына қызметтер атқарылады: қоректi заттардың соңғы химиялық өңделуi (қорытылуы) жүредi, iшек қуысында, эпителий бетiнде ферменттер қоректiк заттарды қарапайым қосындыларға дейiн ажыратады; қоректiк заттардан ажыраған өнiмдер қанға, лимфаға сiңiрiледi; механикалық - iшек қабырғасының толқи жылжуы iшiндегiсiн артқы жаққа жылжытады; эндокриндi - iшек эпителийiнің эндокриндi жасушалары гормондар бөлiп, жергiлiктi, жүйелi әсерiн тигiзедi; иммунды - iшек қабырғасында бойлай шашырап жататын лимфоидтi ұлпалардың, онымен бiрге жеке лимфа түйiншектерiнiң, олардың агрегаттары (Пейеров шытыралары) диффузды жиналуын қамтамасыз етедi.

Ащы iшек: ұлтабар (duodenum), аш (jejunum) және мықын iшек (ileum) бөлiмдерiнен тұрады, қабырғасы кiлегейлi, бұлшық еттi, сiр қабықтардан құралған (122 сурет). Құрылысының ерекшелiгі сол, кiлегейлi қабығының эпителий қабатында сiңiру бетiн ұлғайтатын тұрақты құрылымы болады. Оларға қатпарлар, iшек бүрлерi, iшек кiрмелерi, эпителий қабатындағы жасушалардың микробүрлерi жатады.

Кiлегейлi қабық төрт: эпителий, меншiктi, бұлшық еттi тақташалар, кiлегейасты негiз қабаттарынан тұрады.

Қабаттар тұрақты iшек қатпарларын құрады. Ондағы iшек бүрлерi iшек қуысына шығып тұрған саусақ тәрiздi-меншiктi тақташа, оны эпителий қабаты жауып жатады.

Iшек кiрмелерi (бездер-criptae seu glandulae intestinales) - түтiк тәрiздi эпителийдiң меншiктi тақташаға ойысуы, ол бұлшық еттi тақташаға дейiн жетедi, iшек бүрлерiнің арасындағы кеңiстiкке ашылып, эпителийдің түзушi элементтерiн, олардан жетiлудегi жасушаларды сақтайды.

Эпителий бес түрлi жасушалардан: бүрлi (энтероциттер), бокал тәрiздi, қышқыл сүйгiш түйiршiктерi бар жасушалар (Панет), жетiлмеген немесе аз жетiлген (бүрсiз) және эндокриндi жасушалардан тұрады.

Бүрлi жасушалар эпителий негiзiн құрады, iшек кiрмесiнiң жоғарғы бөлiгiнде кездеседi. Пiшiнi призма тәрiздi, тұрақты қосындылары жақсы дамып, оксифильдi цитоплазмасында ретiмен орналасқан. Жасушаның сырты кешен қосындыларымен байланысады, жоғарғы бетi микробүрлер (microvillus) сақтайды, гликокаликс қабатымен (жасуша бетi ауданын 20-30 есе ұлғайтатын шөтке тәрiздi бүрлер құрады) жабылған.

Шөтке тәрiздi бүрлер бiрнеше ферменттер (гликокаликспен немесе микробүр қабығымен байланысқан) сақтайды, жарғақтық ас қорытуды қамтамасыз етедi. Iшек қуысындағы қоректiк заттар ыдырау өнiмдерiнен (қуыс iшi ас қорытуы) жасушалар сiңiретiн мономерлер құрылады.

Бокал тәрiздi жасушалар - бiр жасушалы шырышты бездер, пiшiнi призма тәрiздi, iшек бүрлерi және кiрмелердегi жасушалар арасында орналасады. Ядроның пiшiнi тостақанға ұқсас, жасушаның негiзгi бөлiгiне ығысқан. Цитоплазмада түйiршiктi эндоплазмалық тор, митохондрий және дамыған Гольджи аппараты болады, кейiнгiден iрi шырышты түйiршiктер бөлiнiп, жарғақпен қоршалады. Бұл шырышта гликозаминогликандар және гликопротеиндер кездеседi. Олар эпителийдiң сыртқы бетiне бөлiнiп, механикалық бұзылудан және өзiн-өзi қорытуынан қорғайды. Жасуша түйiршiктердi бөлiп шығарғаннан кейiн, енсiз болып қалып, одан соң қайта шырыш түзуге кiрiседi.

Панет жасушаларының пiшiнi пирамида тәрiздi, негiзi кең, жоғарғы бос бетi енсiз, iрi қышқыл сүйгiш түзiндi түйiршiктермен толы болады. Онда белок-полисахарид кешенi, цинк, лизоцимдер сақталып, iшек кiрмесi түбiнде орналасады.

Бүрсiз жасушалар - iшек кiрмелерiнің түбiнде орналасады, кiрмелер мен бүрлердегi эпителийдiң жаңару көзi болып келедi. Енсiз, призмалы, тұрақты қосындылары нашар дамыған, ядросы негiзiнде жатады.

Эндокриндi жасушалар - iшек кiрмелерiнде өте көп кездеседi.

Меншiктi тақташа лимфоциттерi, плазмалық, эозинофильдерi, жебiр және бағаналы жасушалары бар борпылдақ талшықты дәнекер ұлпадан тұрады. Ретикулин талшықтары қалың тор тәрiздi байқалады. Ол бүрлер негiзiн (стромасын) құрады, онда қан тамырлар жүйесi болады. Иммунды жүйе үлкен бөлiгiне кiретiн жеке (солитарлы, ащы iшек бойында бытырап орналасады), топталған лимфа түйiндерi (пейер шытырманы мықын iшекте болады, саны жыныстық пiсу алдында көбейедi, жетiлген организмде тұрақты кездеседi, жас ұлғайғанда азаяды) сақталады.

Бұлшық еттi тақташа бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының екi қабатынан (iшкi-айнала орналасқан, сыртқы-ұзына бойы) құралған.

Кiлегейасты негiз саны көп эластин талшықтары, кейбiр жерлерiнде май ұлпасы бар талшықты дәнекер ұлпалардан құралған. Онда лимфа түйiндерi, жүйке, көктамырлар, лимфа өрiмдерi, он екi елi iшекте-бездер орналасады. Бұл бездер жұмыр iшек (дуоденальдi-glandula duodenalis, бруннер, кiлегейасты негiзi) деп аталады, күрделi түтiкше тәрізді, кейбiреуi қарынға кiрер бөлiгiне дейiн өтедi. Соңғы бөлiмi бөлiкшелер құрады, олар куб тәрізді немесе призмалық жасушалардан тұрады. Жұмыр iшек безiнде жеке эндокриндi, көмкерме, панет және бокал тәрiздi жасушалар кездеседi. Оның шығарушы өзектерi iшек кiрмелерiне ашылады да, түзiндiлер бөледi. Олар көмiрсулар көбеюiне қатысып, тұз қышқылын бейтараптандырады.

Бұлшық еттi қабық бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасынан тұрады, екi қабаттан қалыптасқан: iшкi (жақсы дамыған) және сыртқы, олардың арасында дәнекер ұлпаның жұқа қабаты және бұлшық еттің аралық жүйке өрiмi орналасады.

Сiр қабық борпылдақ дәнекер ұлпадан және мезотелийден тұрады.