Бауыр


Бауыр (hepar) - организмнiң ең iрi безi. Бауыр iшекте сорылған барлық қоректiк заттарды (лимфа тамырларына түсiп, одан қанайналымға баратын липидтерден басқа) сақтайды, қарын-iшек жолы ағзаларынан ағатын қанды қақпалық көк тамыр (вена) жүйесiнен алып, организмде ерекше орын алады. Қорек заттар бауырда жиналады, өңделедi, қайта түзiлген қосындылармен бiрге қанға бөлiнедi. Бауырға iшектерден, жүйе қанағымынан түрлi уытты, биологиялық белсендi заттар түседi, олар бұзылып, зиянсыз өнiм түрiнде өтке шығарылады. Өтте басқа құрамбөлiктермен бiрге, өт қышқылдары да сақталады. Ол iшекте майды ыдыратуға, көбiктендiруге, сiңiрiлуiне қажет.

Сонымен, бауыр - iшекке өт бөлетiн экзокриндi және қанға бiрталай зат түзетiн эндокриндi без, әрi организмнiң ұрықтық кезеңiнде ол - әмбебапты қан өндiретiн ағза.

Бауыр он екi елi iшектiң бүйiр аймағындағы эпителий қатпары пiшiндi тәрiздi болып дамиды, кейiн алдыңғы және артқы жақтарға бөлiнедi. Алдыңғы жақтан бауыр дамиды, артқы жақтан өт қабы, оның өзегi құрылады. Мұндағы мезенхимадан келешек ағзаның дәнекер ұлпа бөлiгi - строма және көптеген қан тамырлары пайда болады.

Бауырдың (125 сурет) қызметтері: жалпы заттек алмасуы - белок, май, көмiрсу, бояутек, витамин, гормон, микроэлементтер алмасуына (ұстап алу, түзiлу, бұзу, химиялық қайта құру) қатысады; секрециялық: сыртқы секреция-iшекке өт, iшкi секреция-қанға түзiлген көптеген өнiмдердi бөледi; тосқауыл–ас қорыту ағзаларынан қан арқылы түсетiн қоректiк және улы заттар зиянсыздандырылады және ұрықтық кезеңде қан түзеді.

Бұл қызметтердiң бәрi бауыр үлпершегiн түзетiн бауыр жасушалары - гепатоциттермен (hepaticocytus) атқарылады.


Бауырдың жұқа дәнекер ұлпадан тұратын қаптамасын сыртынан сiр қабығы жауып тұрады. Бауыр қақпасы аумағында қаптама ағза iшiне енiп, тармақталып, оны бөлiктерге бөледi. Бауыр бөлiктерi (lobulus hepaticus) тек шошқада жақсы байқалады, қалған малдарда бөлiктердi (бөлiк аралық тамырлар: бөлiк аралық қызылтамырлар, көктамырлар, олардың жанында орналасатын өт өзегiнiң тәртiппен орналасуына қарап, бақылайды. Кейiнгi үшеуi триада (trias hepatica, үш ұғым бiрлiгi) құрады. Триада бөлiк аралық шекарада орналасады. Бөлiк iшiнде дәнекер ұлпа болмайды, арнайы бояғыштар онда тек өте жұқа ретикулин талшықтарын байқатады.

Бауыр бөлiктерi - бауыр үлпершегi құрылым-қызмет бiрлiгi, пiшiнi көп бұрышты (алты бұрышты) призма тәрiздi, диаметрi 0,7-2 мм. Жалғама бауыр тақташаларынан (lamina hepatica) құралып, бауыр жасушалары-гепатоциттерден тұрады. Бауыр тақташалары қызыл және көкқылтамырлар қосылуынан пайда болатын кең қан қылтамырлары–синусоидтармен (vas sinusoideum) бөлiнген.

Гепатоциттер - көп бұрышты жасушалар, iрi домалақ ядросы жасуша ортасында жатады. Қос ядросы бар жасушаларда кездеседi. Қара мал мен жылқыда, оның саны көп емес, шошқада ол 40% жетедi. Жас өскен сайын қос ядролы, көпплоидты гепатоциттер саны 80% көбейедi. Цитоплазмасы барлық тұрақты қосындыларға, әсiресе митохондрийлерге бай болады. Гепатоциттер бетi әртүрлi құрылым-қызметке мамандандыру аймағымен сипатталады да, мыналарды құруға: гепатоциттердiң тығыз механикалық байланысын, химиялық өзара iс-қимыл жасау - жасушааралық қосылыс кешендерiн (айнала қоршап алған десмосомалар, тығыз, саңылау тәрiздi қосылыстар); көршi жасушалар бетiндегi өзекшелердiң бiр-бiрiне жанасып, сап түзу жолымен - өт қылтамырларын; гепатоциттер мен қан арасында саңылауға қараған көптеген микробүрлер, синусоидтарды қоршап жатқан - синусоид алды кеңiстiк есебiнен - бөлiмшелерде алмасу бетi көбеюiне қатысады. Гепатоциттiң өт қылтамырына қараған - өт және синусоидты қан қылтамырларымен байланысқан - тамырлы беттерi болады. Екi бетiнде де микробүрлер байқалады.

Гепатоциттердiң қызметтiк белсендiлiгi қанға немесе өтке бөлiнетiн әртүрлi заттарды ұстауға, түзуге, жинауға, әрі химиялық қайта құрылуына қатысқанда байқалады. Күндiз өт бөлiнуiнiң басымдылығы көрiнсе, түнде-гликоген түзiлуi (гликоген алдымен бөлiк ортасында, кейiн оның шетiнде, май-оған қарама-қарсы салынады) жүредi.

Көмiрсу алмасуында көмiрсу қоры гепатоциттерде гликоген түрiнде жиналады. Оларды қаннан ұсталған глюкозадан, басқа заттардан түзедi. Көмiрсу қажет болса, гликоген ажырауы жүредi. Гликогенез, гликогенолиз ферменттерi гиалоплазмада болады да, органеллалармен байланыспайды. Гепатоциттер бауырдың басты қызметiн-қандағы глюкозаның бiрқалыпты қоюлығын сақтауды қамтамасыз етедi.

Май алмасуында липидтердi қаннан бауыр ұстап алып, гепатоциттер оны түзетiндiктен, олар май тамшысы ретiнде жиналады. Гепатоциттерде липидтер ұсақ әсем кiшкентай бөлшектер тәрiздi болады, диаметрi 30-100 нм, синусоид алды кеңiстiкке, одан қанға бөлiнетiн-липопротеинге өзгередi. Гепатоциттер түйiршiксiз эндоплазмалық торлар ферменттерi әсерiнен май ерiтетiн дәрiлердi бұзады. Пероксисомалар этил спиртiн бұзуға қатысады.

Белок алмасуында гепатоциттердегi түйiршiктi эндоплазмалық торлар белоктар плазмасын (iшiнде қан ұюын қамтамасыз ететiн) түзiп, синусоид алды кеңiстiгiне бөледi. Ол бауыр ауруы жоғарғы қан аққыштығымен қоса жүредi. Гепатоциттер қаннан белоктарды ұстауға қабілеттi. Белоктарды сол күйiнде немесе лизосомалар бұзғаннан кейiн оларды өтке бөледi.

Бояутек алмасуына қатысқанда гепатоциттердiң эндоплазмалық тор ферментi әсерiнен, эритроциттер бұзылуынан көкбауыр, бауырдағы жемiр жасушаларда құралатын билирубин бояутегi глюкуронидпен қосылып, өтке бөлiнедi. Гепатоциттердің қызметi бұзылып, өт жолдары бiтелгенде, эритроциттер артық ыдырайды да (гемолиз), билирубин қанда жиналып, ұлпаларды сары түске бояйды (сарғыштану).

Өттiң басты құрамбөлiгi - өт тұзы түйiршiксiз эндолазмалық тордағы холестириннен түзiледi. Ол майларды эмульсияға айналдыруға қабілеттi, олардың iшекте сiңiрiлуiне мүмкiндiк туғызады.

Гепатоциттердiң аймақтағы ерекшелiктерi: орталық, шет аймақтарда орналасқан бөлiктердегi жасушалар көлемiмен, тұрақты қосындыларының дамуымен, ферменттерiнiң белсендiлiгiмен, құрамындағы гликоген және майлар сақтауымен өзгешеленедi. Шет аймақтағы гепатоциттер қоректi заттарды жинауда, уланған заттарды тазарту процестерiнде белсендiлiк көрсетедi. Олар у себепкерлерi әсерiнен күштiрек бүлiнедi. Орталық аймақтағы жасушалар өтке iшкi және сыртқы қосындылар бөлуде белсендi болып, жүрек қызметi жеткiлiксiздiгiнде, ишимияда, вирустық гепатитте қатты бұзылады.

Синусоидты қылтамырлар бауыр тақташасы арасында орналасады, жалғама тор құрады, ол аралас қанды бөлiктер шетiнен ортасына әкеледi (126 сурет). Осы кезде қан құрамы өзгерiп, бауыр көптеген қызметтерiн орындайды. Аралас қанның 70-80% бөлiкке бөлiк аралық көктамырдан (vena interlobularis, қақпалық көктамырдың жүйесiнен), одан синусоидқа құйылатын бөлiк айналасындағы көктамырға (vena perilobulares) таралады. Кейiнгiмен синусоид қосылатын жерде бұлшық еттi қысқыш (сфинктерi) болады. Оның тонусы түсетiн қан көлемiн анықтайды.

Қанның 20-30% бөлiкаралық қызылтамырдан (arteria interlobularis, бауыр қызылтамыры тарамы) синусоидты қылтамырға бөлiк айналасы қызылтамырлардан (arteria perilobulares) өтедi. Сонымен синусоидтарға қан бауыр қақпасы жүйесiнiң көктамыры арқылы ас қорыту жолынан (қоректiк заттары көп, оттегiсi аз) және бауыр қызылтамырлары жүйесiнен-оттегiмен қаныққан қан түседi.

Синусоидтардан қан орталық көктамырға (vena centralis) жиналады, одан ол бөлiкасты көктамырларға (vena sublobularis) құйылып, кейiн бауыр көктамырлар жүйесi арқылы жалпы қан ағымына қайтады. Басқаша айтқанда, қылтамырлар бауырда екi көктамырлар арасында қалады. Бұл құбылысты бауырдың «ғажайып торы» деп атайды. Iшек, қарын, ұйқы безi және көк бауыр көктамырларынан бауыр арқылы артқы жақ қуысты көктамырға дейiнгi қан ағымын-қақпалық қан айналымы деп атайды.


Синусоидты қылтамырлар қабырғасын құратын немесе олармен тiкелей байланысты жасушалардың төрт түрi болады. Оларды: эндотелий, жұлдыз тәрiздi жебiр (Купфер) жасушалар, май жинайтын липоциттер, pit–жасушалар деп, ажыратады (127 сурет).

Эндотелийлi жасушалар (endotheliocytus) - синусоидтарды төсейдi де, жасушалардың 50% құрады, цитоплазмасы ұсақ саңылау шоғырын (електi тақташалар), iрi тесiктер, жасушалар аралық саңылаулар сақтайды, негiзгi жарғағы болмайды. Аталған құрылымдар қылтамырлар арнасы синусоид алды кеңiстiгiмен өзара байланыста болып, қан плазмасымен гепатоциттер микробүрлерiн жуады.

Жұлдыз тәрiздi жебiр - Купфер жасушалары эндотелий жасушалары арасындағы саңылауларда орналасып, бетiнде жайылып жатады, онымен бiрге ауысып отырады. Оның көптеген өсiндiлерi (атауына себепшi болған) қылтамырлар арнасын қиып өтiп, эндотелиоциттер цитоплазмасындағы саңылаулар арқылы синусоид алды кеңiстiгiне кiредi. Бұл жасушалар өте жоғары қарбу белсендiлiгiне, күштi лизосомалық аппаратқа ие болады. Ол қақпа көктамыр жүйесiнен келетiн қанды қажетсiз бөлшектер, тегiжаттар, микроорганизмдер және улардан тазартып, бүлiнген эритроциттердi жиi қорытады да, цитоплазмасында ондағы темiрлi бояутектердің шоғырын қалдырады.

Май жинайтын липоциттер синусоид алды кеңiстiгiнде орналасады, өсiндiлерiмен синусоид сыртын қоршап, гепатоциттермен байланысады. Ядросының хроматинi қоюланған, тұрақты қосындылары нашар дамыған, ядро айналасындағы цитоплазмада, өсiндiлерiнде А-витаминi бар iрi май тамшылары байқалады. Қалыпты жағдайдан ауытқуда бұл жасушалар коллаген өндiрiп, бауыр тiнiн өсiредi (фиброз).

Pit–жасушалар синусоид арнасында (эндотелийге өсiндiсiмен бекидi), өте сирек синусоид алды кеңiстiгiнде орналасады. Купфер жасушаларымен және гепатоциттермен байланысады, олардың реттелiнуiне әсерiн тигiзедi. Ядросы қоңыр, цитоплазмасында өзiне тән ортасы тығыз, өсiмдiк сүйегiне ұқсас (оны ағылшынша-pit деп атайды) түйiршiктерi болады. Белгiлерi қалыпты киллерлерге ұқсас, қатерлi iсiктерге қарсы жоғары белсендiлiк көрсетедi.

Өт жолдары (biliosa) - өзектер жүйесi, олар арқылы өт бауырдан он екi елi iшекке бауырiшi және сырты жолдарымен жетедi.

Бауырiшi өт жолы бөлiкшеiшi, бөлiкшеаралық өт жолдарынан тұрады.

Бөлiкшеiшi өт жолын өт қылтамырлары, өт өзектерiнiң соңы құрады. Өт қылтамырлары бауыр тақташаларының арасында, қабырғасын құратын көршi гепатоциттердiң байланысқан бөлiгiнде орналасады. Мөлшерi ұсақ (0,5-1,5 мкм), арнайы әдiстi қолданғанда ғана байқалады. Бөлiкше iшiнде олар бiр-бiрiмен ұштасады, үш өлшемдi тор құрады, бөлiкше ортасынан басталып, өттi оның шетiне апарып, өт өзегiнiң соңына құяды. Соңғы өте тар қысқа түтiкше, жайпақ ақшыл эпителий жасушаларымен төселген.

Бөлiкшеаралық өт жолы бөлiкшеаралық дәнекер ұлпада орналасып, өт қылтамырлары (canaliculus bilifer, холангиолалар) мен бөлiкшеаралық өт өзектерiнен (ductuli interlobulares) тұрады. Холангиолалар–куб тәрiздi эпителиймен төселген қысқа тар түтiкшелер. Олар өт қылтамырларсоңын бөлiкшеаралық өт өзектерiмен қосады. Кейiнгi қақпалы көктамыр тармағы, бауыр қызылтамырларымен қоса жүредi.

Бауырдан тыс өт жолдарына: оң, сол бөлiктiк өт өзектерi; жалпы бауыр өзегi; көпiршiк өзек және жалпы өт өзегi жатады.

Олардың құрылысы бiртүрлi болады, қабырғалары бiр-бiрiнен айқын бөлiнбейтiн: кiлегейлi, бұлшық еттi, адвентиция қабықтарынан тұрады.

Кiлегейлi қабық бiр қабатты призма тәрiздi эпителиймен төселген. Ол меншiктi тақташада жатады, борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, соңғы бөлiмiнде ұсақ кiлегейлi бездерi (бұлшық еттi қабыққа өтетiн) болады. Бездердің түзiндiлерi эпителий бетiне шығады, қорғаныш рөл атқарады. Кiлегейлi қабық өт жылжуына мүмкiндiк туғызатын қатпарлар құрады.

Бұлшық еттi қабық миоциттерден тұрады. Олар қисық немесе айнала бағытта орналасып, толық емес қабат түзедi.

Адвентиция қабығы борпылдақ дәнекер ұлпадан құралған.

Қазiргi әзiрленген тұжырымдама бауырдың құрылым, қызмет бiрлiгi ретiнде қақпалық бауыр бөлiктерi мен бауыр ацинусын ұсынған (128 сурет).

Қақпалық (portae) бауыр бөлiгi - пiшiнi үшбұрышты, жоғарғы ұшын көршi үш нақты бөлiктiң орталық көктамыры, ортасын - триада (trias hepatica) құрады. Бұл бөлiк нақты бөлiктер бөлiгiн қамтып, өттi бәрiне жалпы өт өзегiне (ductus choledochus) бөледi. Бұл бөлiктiң айырмашылығы сол, онда қан қақпалық бауыр бөлiгiнде ортасынан шетiне, ал өт шетiнен ортасына қарай ағады. Қақпалық бауыр бөлiгiнде бауырдың экзокриндi қызметi іске асады, ал оның нақты бөлiгiнде эндокриндi қызметi жақсы көрiнедi.


Бауыр ацинусы көршi нақты бөлiк орталық көктамырлар арасындағы эллипс немесе ромб тәрiздi бөлiмшелер, ол бiр бөлiкше айналасындағы тамырдың тамырлану аумағына тең. Ацинусте қан орталықтан шетiне, ал өт шетiнен ортасына қарай ағады. Ацинустегi қоректiк тамырларға байланысты орналасқан гепатоциттерді үш аймаққа бөледi. Әр аймақтағы гепатоциттердiң зат алмасуы белсендiлiгi әртүрлi болады. Бұл бауырдың қайта қалпына келуi мен дерттануын түсiну үшiн өте пайдалы.

Өт қабы (vesica biliaris) қабырғасы жұқа ағза, ас қорытпаған кезеңде өт жинап, оны қоюландырып, қорек қорыту үшiн он екi елi iшекке бөледi.

Өт қабының қабырғасы үш: кiлегейлi, талшықты-бұлшық еттi, сiр немесе адвентиция қабықтарынан (129 сурет) тұрады.

Кiлегейлi қабық эпителий, меншiктi тақташадан тұрады. Бос өт қабы көптеген қатпарларға (plica tunicae mucosae) жиналады, созылғанда жазылып отырады.


Эпителиi бiр қабатты призма тәрiздi көмкерiлген (күйiс қайыратын жануарлар эпителийінің жасушалары арасында бокал тәрiздi жасушалар кездеседi), сопақша ядросы негiзгi бетiне ығысқан, ядрошығы iрi болады. Цитоплазмасы орташа дамыған тұрақты қосындыларға толы, түзiндi түйiршiктерi жоғарғы бетiнде жатады. Бұл түзiндiлер эпителий бетiне шығып, оларды өт тұздарынан қорғайды. Жасушалардың сыртқы бетiнде қосындылар кешенi сақталады да, өсiндiлер құрады. Кейiнгiлер кең жасушааралық кеңiстiкке бағытталған. Олардың жоғарғы бетi көптеген қысқа микробүрлермен жабылған. Өттiң қоюлану процесi жасушалар қабығындағы натрий сорабы әрекетiне байланысты. Натрий, хлор иондары жасушалардың цитоплазмасынан сыртқы жасушааралық кеңiстiкке белсендi көшедi де, кеңiстiкпен қап қуысы арасында осмостық градиент түзедi. Су жасушааралық кеңiстiкке барып, шырышты қабықтың меншiктi тақташасындағы кең қылтамырлар торында сiңiрiледi.

Меншiктi тақташа тамырлар, жүйкелер саны көп борпылдақ дәнекер ұлпадан құралған. Онда қарапайым түтiкше тәрізді сiр, кiлегейлi бездер, эпителийасты лимфа көпiршiктерi орналасады.

Талшықты-бұлшық еттi қабық миоциттер шоғырынан құралған. Ол, көбiнесе, iшкi сақина тәрiздi қабатты түзедi.

Сiр қабық өт қабының көп бөлiгiн жабады, бауырға бекитiн аумақта адвентицияға ауысады.

Бiртұяқтыларда өт қабы болмайды, сондықтан өт шығарушы жолдары айтарлықтай қатпарларымен сипатталады.