Құстардың ас қорыту жүйесi


Құстың ас қорыту жүйесi, көбiнесе сүтқоректiлер ас қорыту аппаратын еске салады, бiрақ қатты азықты өңдеу сипаты, азықтың құс организмiне түсiп, одан әрi тiссiз ұнтақталуы, оның сөз жоқ бiрталай ерекшелiктерiн көрсетедi.

Құстың ас қорыту жүйесiндегi айтарлықтай айырмашылықтар ауыз қуысы мен қарында байқалады. Басқа ағзалар-ащы және тоқ iшек, бауыр, ұйқы безi құрылысы жағынан сүтқоректiлер ағзаларына ұқсас келедi.

Құстардың ас қорыту жүйесiн анатомиялық құрылысына қарап, ауыз жұтқыншақ, өңеш-қарын бөлiмдерiне, ащы және тоқ iшектерге бөледi.

Ауыз жұтқыншақ бөлiмiне таңдай пердесi болмайтындықтан бiр-бiрiнен бөлiнбейтiн ауыз қуысы мен жұтқыншақ кiредi. Құста ерiн, жақ, қызылиек, тiс және ауыз қуысы кiреберiсi болмайды. Жақ сүйектерi құс тұмсығына өзгертiлген.

Құстың ауыз қуысы жайпақ көп қабатты эпителиймен жабылған. Эпителий қабатының қалыңдығы, мүйiздену процесi ауыз қуысының әр бөлiгiнде өз ерекшелiгiмен сипатталады. Ауыз қуысына мына бездердің: жұтқыншақ, таңдай, жақ, жақасты (алдыңғы, артқы), тiл, тағы басқа шығарушы өзектерi ашылады. Бұл бездер құрылым негiзiнде кiлегейлi жасушалардан тұратын бездi бөлiктер жатады. Кiлегейлi бездер құрамында сiр түзiндiсiн бөлетiн соңғы бөлiмдер бары байқалмаған. Құстар сiлекей бездерiнiң құрылысы әлі толық зерделенбеген.

Өңеш-қарын бөлiмi өңештен, бөтекеден (жемсау, зоб) және қарыннан тұрады. Тауықтардың өңешi бөтекемен бөтекеалды және бөтекеден кейiнгi бөлiктерге бөлiнедi. Қаздарда жемсау (зоб) болмайды. Өңеш-қарынның орта бөлiгi ұршық тәрiздi қалыңдау болады. Өңештiң кiлегейлi қабығында кiлегейлi түтiкше бездер жатады.

Бөтеке-өңештiң кеуде қуысына кiрер алдындағы қап тәрiздi кеңейген жерi, өңеш қабырғасының туындысы болып келедi. Онда азық жиналып, бөктiрiледi, бөтеке қабырғасының алдында, бүйiрiнде жататын бездердiң кiлегейлi түзiндiлерiмен дымқылданады. Бөтеке қабырғасы өңештегiдей үш қабықтан, қабаттардан, қабаттар-белгілі ұлпалардан тұрады. Зобтың iшкерi қабырғасындағы эпителий қабаты қалың болады да, ол арқылы өндiрушi, мүйiздi қабаттар шекарасы өтедi. Кiлегейлi бездер зобтың тек алдыңғы қабырғасында жатады. Бұлшық ет тақташасы мен қабығы зобтың iшкерi бөлiгiнде өте күштi дамыған. Бөтекенiң кiлегейлi қабығында көп лимфоидты элементтер кездеседi.

Өңештің қабырғасы кiлегейлi, бұлшық еттi, адвентиция қабықтарынан тұрады. Кiлегейлi қабықтың төрт қабаты: эпителий, меншiктi және бұлшық еттi тақташалары, кiлегейасты негiзi жақсы байқалады. Эпителийi жайпақ көпқабатты түлейтін, мүйiздену процесiнде бетiнде жатқан жасушалары мүйiздi қабыршақтарға ауысады. Меншiктi тақташа борпылдақ дәнекер ұлпадан, эластин талшықтарынан және аз лимфоидты ұлпалардан тұрады. Тақташа емiзiкшесi эпителий қабатына өтедi, оның биiктiгi айтарлықтай болады. Шырышты бездер орналасады. Бездердің соңғы бөлiмдерiнiң бәрi жинақтаушы қуысқа ашылады. Қуыс тармақталмайтын шығарушы өзек бастамасы болып келедi. Соңғы бөлiмдердегi бездер жасуша ядроларының шырышты түзiндiлерімен негiзгi жарғаққа қысылған. Өңештің меншiктi тақташасы қарынға өтетiн аумағында көптеген лимфоидты түйiншектер-өңеш бадамшасы жатады. Бұлшық еттің тақташасы жақсы дамыған, ұзына бойына бағытталған бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан тұрады. Бұл тақташа кiлегейлi қабық қатпарларының құрылуына қатысады. Кiлегейасты негiз борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрып, кiлегейлi қабықтың жылжымалы болуына мүмкiндiк туғызады. Бұлшық еттi қабық бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан тұрады, екi қабат: жақсы дамыған iшкi-сақина тәрiздi және сыртқы-ұзына бойы қабаттар құрады. Адвентиция сүтқоректiлердегiдей борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Өңеш кеуде қуысына кiрiсiмен адвентиция сiр қабығына ауысады.

Қарын екi: бездi, бұлшық еттi камералардан (130 сурет) тұрады.

Бездi камера ас қорыту сөлiн, бұлшық ет бөлiмiнде қоректі ұнтақтайды. Бездi қарында азық-түлiк кесегi ферменттермен қанығады, онда кесектер тоқтамай, бұлшық еттi қарынға түседi. Онда химиялық және механикалық өңдеулер жүредi.

Бездi қарынның қабырғасы үш-кiлегейлi, бұлшық ет, сiр қабықтардан қалыптасқан. Кiлегейлi қабықтың эпителий қабаты бiр қабатты призма тәрiздi бездi, сондықтан қарынды жабатын эпителий-шырын өндiретiн кең бездi алаң болып келеді. Меншiктi тақташа борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, жасушалары көп болады. Онда бiр (үйректе), көпбөлiктi (тауық, қазда) бездер орналасады. Бөлiктер арасында бөлiкаралық дәнекер ұлпалар жатады. Түтiкше бездер бiркелкi бездi жасушалардан тұрады. Электронды микроскоп бұл жасушалар тұз қышқылын және пепсиноген өндiретiнiн дәлелдедi, сондықтан оларда түйiршiктi эндоплазмалық тор жақсы дамып, көптеген iрi митохондрийлер, тағы басқа тұрақты қосындылар сақталады. Бұлшық етті тақташасы күштi дамыған, өңештің кiлегейлi қабығындағы бұлшық ет тақташасының жалғасы болып келедi. Ондағы миоциттер бездi астынан, бүйiрiнен, үстiнен қоршап жатады. Кiлегейасты негiз борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, нашар дамыған. Бұлшық ет қабығы белгiлi екi қабаттан тұрады. Сiр қабығында өзгешелiк байқалмайды.

Бұлшық еттi қарынның қабырғасы-кiлегейлi, бұлшық ет және сiр қабықтарынан тұрады. Кiлегейлi қабықты бiр қабатты куб тәрізді эпителий қабаты құрып, ол iшке жымырылып, қарын шұңқыршасын түзедi. Бұл шұңқыршаға меншiктi тақташада орналасқан қарапайым түтiкше бездiң шығарушы өзектерi ашылады. Бездiң түбi, денесi, мойны болып, басты жасушалардан тұрады. Бездiң өндiрген түзiндiлерi қарын бетiнде қатып, өте қатты үккiш тәрiздi қабат-кератиндi жабын немесе сiрқабық (кутикула) құрады. Бұл сiрқабық қарынның қабырғасын жарақаттан, ұнтақталудан қорғайды. Олардың механикалық жұмсаруына бұлшық еттi қарын арнасында жататын құм, қиыршық тас, ұсақ тас, басқа қатты заттар мүмкiндiк туғызады. Бездердiң түзiндiлерiнде ферменттер болмайды. Азық-түлiктi қорыту бездi қарын түзiндiлерi, бактериялар, азық энзимдерi әсерлерiнен жүредi. Кiлегейлi қабықтың бұлшық ет қабаты болмайды. Кiлегейасты қабат тығыз талшықты дәнекер ұлпадан құралған. Бұлшық ет қабығы күштi бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғырынан тұрады. Оның жиырылуы азықтың механикалық ұнтақталуына мүмкiндiк туғызады. Қарынның алдыңғы және iшкерi шеттерiндегi сақина тәрiздi қабат үшбұрышты басты бұлшық еттер түзедi, олардың арасында аралық бұлшық еттер жатады. Сiр қабығында айырмашылық байқалмайды.

Iшек ащы және тоқ болып, екіге бөлiнедi.

Ащы iшек он екi елi iшектен, оның туындылары-бауыр, ұйқы безiнен, аш және мықын iшектерiнен тұрады. Он екi елi iшек iлмешек құрады, онда ұйқы безi жатады, бұл iшек қабырғасында меншiктi бездерi болмайды. Аш iшек қазда 6-9, тауықта 10-12 iлмешектер құрады. Мықын iшек қысқа, он екi елi iшек үстiнде жатады, бүйенмен тiк iшек қосылған жерде аяқталады.

Ұйқы безi 2-3 созылған бөлiктерден тұрады. Ауыл шаруашылық құстарында бездi бөлiктердің саны бiрнеше және сүтқоректiдегiдей экзо-, эндокриндi болып жiктеледi. Басты шығарушы өзектер саны, құста түрлi: күркетауықта-екеу, тауықта-үшеу болады. Олар бөлiкаралық, кейiнгi-қоспалыққа ыдырайды. Қоспалық шығарушы өзек жайпақ бiр қабатты эпителиймен жабылған, ол түзiндi бөлiмге ауысады. Бездiң эндокриндi бөлiгi-ұйқы безi аралшықтарының кешенi. Құстарда олар тек бiр түрлi-А (қоңыр) немесе В (ақшыл) жасушалардан тұрады, сондықтан ұйқы безінде ақшыл, қоңыр аралшықтар ажыратылады. Тауықтарда бұл аралшықтар ара қатысы жыныс және жас әсерлерiнен өзгере алады. Балапандарда ақшыл аралшықтар көп болады.

Бауыр iрi екi бөлiктен тұрады. Мысыр тауығы, көгершiн, түйеқұстарда өт қабы болмайды.

Тоқ iшек қос бүйен, тiк iшектерден, құстың тiк iшегi кеңiген бөлiгiнен (клоака) тұрады. Бүйен тiк iшекке құйылғанда, кiлегейлi қабығы күштi қалыңдайды, онда лимфоидты ұлпа-бүйен бадамшалары жиналады. Тiк iшекпен бүйенде бүрлер болады. Тiк iшектiң кеңiп аяқталуын-клоака деп атайды. Онда үш камера: тiк iшекке ашылатын, нәжiс жиналуына арналған қуыс-алдыңғы-копродеум; зәрағар, шәует шығарушы жол немесе жатыр түтiгi ашылатын, зәрге арналған қуыс–ортаңғы-уродеум; фабриций қабы (лимфоэпителийлi ағза, онда лимфоциттер жетiлiп, маманданады) ашылатын соңғы қуыс-проктодеум болады. Проктодеум артқы тесiкпен бiтедi.