Тыныс жолдары


Тыныс жолдарын өкпеден тыс, өкпе iшiндегi деп, бөледi. Өкпеден тыс тыныс жолына - мұрын қуысы, аран, көмекей, кеңiрдек және өкпеден тыс кеңiрдекше, өкпе iшiндегiге - кеңiрдекшелер мен соңғы ауатамыршаларды жатқызады.

Тыныс жолдары ауа жылжуын қамтамасыз етедi, оған кiлегейлi қабық бекитiн қатты (сүйек, шемiршек, шеткi бөлiмдерде-эластин) қаңқа мүмкiндiк туғызады. Оның кiлегейлi қабығында тамырлар (ауа қызуын, дымқылдығын реттеуге қатысатын), бездер (кiрпiкшелi эпителиймен өзара iс-қимыл жасап, тыныс алу жолдарынан шаңдарды, микроорганизмдердi жоюды қамтамасыз ететiн) көп болады.

Тыныс алу жолдары бiр қабатты көп реттi призма тәрiздi (алысырақ бөлiмдерде–куб тәрiздi) кiрпiкшелi эпителиймен (ауасүзгiш) төселген. Онда: кiрпiкшелi, бокал тәрiздi, негiздiк (төмен қоспалы), биiк қоспалы (аралық), кiрпiкшесiз, ауатамыршаларының экзокриноциттерi, эндокриндi, дендриттi жасушалар түрлерi (131 сурет) айқындалды.

Кiрпiкшелi жасушалардың саны өте көп, тар негiзгi ұштарымен негiзгi жарғақпен байланысады, кең төбелiк полюсiнде ұзын кiрпiкшелер болады. Кiрпiкшелердің соғуы жұтқыншақ жаққа бағытталған.

Бокал тәрiздi жасушалар - бiр жасушалы эндоэпителийлi бездер болып келеді, микробтарға қарсы қасиетке ие, кiлегей өндiредi, призма тәрiздi, пiшiнi түзiндi жиналу дәрежесiне орай, өзгеруi мүмкiн. Ядросы жасушаның негiзiнде, оның үстiнде Гольджи аппараты орналасады. Кейiнгiден төбелiк бөлiкте жиналып, экзоцитоз жолымен кiлегей көпiршiктерi бөлiнедi. Бокал тәрiздi жасушалар саны тыныс жолдары шетiнде азайып, ауатамыршаларда қалыпты жағдайда болмайды.


Негiздiк (төмен қоспалы) жасушалар ұсақ, аласа, негiзгi бетi кең, жарғақта жатады, төбелiк бетi тар. Ядросы iрi, ал тұрақты қосындылары дамымаған. Бұл жасушалар эпителийді түзiп, оны негiзгi жарғаққа бекiтедi деген пiкiр бар. Мұнда кератин өскiндерiнiң (филаменттер) саны көп болады, басқа жасушалардың түрлерiмен десмосома, ал негiзгi жарғақпен жартылай десмосома арқылы байланысады.

Биiк қоспалы (аралық) жасушалар төбелiк бетiмен ағзаның арнасына жетпейтiн призма тәрiздi, тұрақты қосындылары орташа дамыған, ядросы кiрпiкшелi жасушаларға қарағанда негiзгi жарғаққа жақын жатады. Олар кiрпiкшелi, бокал тәрiздi, кiрпiкшесiз деп, жiктеле алады.

Кiрпiкшесiз жасушалар төбелiк бетiмен ағза арнасына жететiн призма тәрiздi, көптеген микробүрлермен жабылады. Оның тұрақты қосындылары орташа дамыған. Жасушалары кiлегей құрамбөлiктерiн сiңiруге қабілеттi. Кейбiр ғалымдар, олар ауасүзгiш эпителийдiң түзушi элементтерi рөлiн атқарады деп, болжауда. Кірпікшесіз жасушаның негiзгi бетiнде сезгiш жүйке талшығының түйiспесi болатындықтан, олар мүмкiн қабылдағыш рөлінде атқарады деген пiкiр бар.

Экзокриноциттер тек соңғы және ауасүзгiш ауатамыршаларда кездеседi. Оның күмбез тәрiздi төбелiк бетiнде тығыз түйiршiктер жиналып, олардың iшiндегiлерi арнаға апокриндi және мерокриндi жолдармен түзіліп, өтедi. Экзокриноциттер сурфактант құрамбөлiктерiн өндiредi деген болжам бар. Оларда түйiршiктi эндоплазмалық торлар болады, ал түйiршiксiз түрi жақсы дамиды, сондықтан ферменттерi химиялық қосындыларды уытсыздандыру процесiне қатысады.

Эндокриндi жасушалар төмен призма тәрiздi, олардың бiрнеше түрi бар. Жасушаның негiзгi бетiнде түзiндi түйiршiктерi сақталады. Диффузиялық эндокриндi жүйеге жатады, пептидтi гормондар өндiредi. Арнайы әдiстерде ғана айқындалады.

Дендриттi жасушалар сүйек майынан пайда болатын арнайы тегiжат саналатын жасушалар, лимфоциттер пролиферациясын ынталандырады. Ұзын тармақталған өсiндiлерi эпителий жасушаларының арасынан өтiп, үздiксiз тор құрады. Арнайы әдiстермен бояғанда ғана көрiнедi.