Бүйректер


Бүйректер (ren) - сыртқа шығару жүйесiнiң басты жұп ағзасы, олардың негiзгi қызметi-организмнiң iшкi орта тұрақтылығын (гомеостаз) сақтау. Ол үшiн заттек алмасудағы ақырғы өнiмдердi (зәр), бөгде заттарды (несепнәр, зәр қышқылы, аммиак, креатин, креатинин, бояулар, дәрiлер) организмнен шығарады; су-тұз алмасуын, қышқыл-негiздiк тепе-теңдiктi, қызыл тамыр қысымын; эритроциттер түзiлуiн және жетiлуiн реттейдi.

Жануарларда бүйректердiң анатомиялық құрылысы, әрі пiшiнi әртүрлi болады. Көптеген сүтқоректiлердің бүйректерi бөлiктенген. Олар дербес бөлiктерден (наhан) немесе әртүрлi деңгейде қосылған бөлiктерден (сиыр, жылқы, қой және басқа) тұруы мүмкiн.

Бүйректің сырты тығыз дәнекер ұлпа қабықшасымен жабылған, одан өте жұқа қабаттар ағза iшiне тамырлар бағытымен өтедi. Бұл құрылым бүйректің стромасын құрады. Бүйректің үлпершегiн эпителий түзедi, оның құрылымы қан жүйесiмен тiкелей байланыста ғана өз қызметiн атқара алады. Бүйрек шеткi-қыртысты және iшкi-милық заттардан тұрады.

Қыртысты затқа (cortex renalis) тән құрылым-бүйректің денешiктерi (corpusculum renale). Олар қылтамырлар шоғырынан (glomerulus), қабықша шумақтарынан (capsula glomeruli) және ирек өзекшелерден (tubulus contortus) тұрады.

Милық заттың (medulla renalis) құрамына тiк өзекшелер кiредi. Бүйрек бөлiктерi нақты шекаралары көрiнбейтiн бөлшектерден тұрады. Бөлшектер деп, бiр жинағыш түтiкшелерге түсетiн нефрон тобын есептейдi. Жинағыш түтiкше бөлшектің ортасынан өтiп, милық затқа баратындықтан - милық сәулесi деп аталады. Милық сәулесiнде нефронның тiк өзекшелерi болады. Қыртысты және милық заттардың шекаралары тегiс болмайды. Қыртысты зат милық заттағы пирамида араларына түсiп, бүйрек бағаналарын құрады.

Бүйрек үлпершегiнiң құрылым-қызмет бiрлiгi - нефрон (nephronum) деп аталады. Бүйректегі нефрондар саны 1-8 млн. болады. Нефрон өзекшелері құрылысымен, ағзадағы орнымен және зәрдің қалыптасуына қатысуымен ерекше әртүрлi бөлiмдерден тұрады. Олар: бүйрек денешiгi, үстiңгi жақ, iлмешектiң жiңiшке бөлiгi және шеткi жақ (141 сурет) деп аталады.

Бүйректің денешiгi (corpuscula renis) қанды таңдап сүзу процесiн қамтамасыз етедi, оның нәтижесiнде алғашқы зәр құрылады. Ол тамырлар шумағынан, оны жауып тұратын қабықша шумағынан тұрады. Кейiнгi екi жапырақшадан құралған, ортасында қуысы болады (141 суреттi қара). Бүйрек денешiгінiң-тамырлы (polus vascularis, әкелушi, әкетушi қызылтамыршалар орналасқан аймақ) және зәрлi (ол бүйрек өзекшелерi таралатын бөлiмше) полюстерi болады.


Тамырлар шумағы 20-40 қылтамырлар iлмешегiнен құралған, арасында ерекше дәнекер ұлпа-мезангий (mesangium) жатады.

Қылтамырлар фенестрленген эндотелиймен төселген, ол терiс зарядты гликокаликспен жабылған, ондағы тесiктердің диаметрi 70-100 нм тең. Эндотелий негiзгi жарғақта орналасады.

Мезангий мезангиальдi жасушалардан (mesangiocytus, өсiндiлi, ядросы тығыз, тұрақты қосындылары жақсы дамыған, цитоплазма шетiнде құрам бөлiктерінің саны көп), жасуша аралық заттектен тұрады, қылтамырлардың шумағы арасында орналасып, юкставаскулярлы ұлпаға ауысады (141 суреттi қара).

Қабықша шумағы екi-сыртқы iргелiк, iшкi ағзалық жапырақшалардан құралған.

Сыртқы iргелiк жапырақша бiр қабатты жайпақ эпителийден тұрады, ол денешiктiң тамырлы полюсi аумағында iшкi ағзалық жапырақшаға, үстiңгi жақ эпителийiне зәрлi полюс аумағында ауыса алады.

Iшкi ағзалық жапырақша қылтамырлардың шумағын қоршап жатады, iрi өсiндiлi эпителий жасушалары - подоциттерден (podocytus, 142 сурет) құралады.

Үстiңгi жақ (proximalis) бөлiм алғашқы зәрдiң өзек айналасындағы қылтамырлары арқылы қайта соруын (реабсорбция) қамтамасыз етедi. Онда өзек қуысынан қанға натрий ионының белсендi тасымалдануы (хлор мен судың ырықсыз тасымалдануы қоса) жүредi. Мұнда амин қышқылы, белок, глюкозаның қайта сорылуы, органикалық қышқылдар мен негiздердiң және экзогендi заттар секрециясы iске асады. Заттек алмасуының пайдалы заттары қайта сорылып, ақырғы өнiмдерi зәрде жиналады. Үстiңгi жақ бөлiм ирек және тiк болып, бөлiнедi.

Iлмешектiң жiңiшке бөлiгi шеттегi тiк өзекшемен бiрге зәр қоюлығын (концентрациясын) қамтамасыз етедi. Ол U-тәрiздi түтiкше, диаметрi 13-15 мкм, екi жiңiшке (tubulus attenuatus) төмендеушi (pars descendens) және өрмелеме иiндерден (pars ascendens) тұрады (143 сурет). Иiндер нашар дамыған тұрақты қосындылары және саны аз қысқа микробүрлерi бар жайпақ эпителий жасушаларынан құралған. Жасушаның ядросы бар жерi, оның арнасына шығып тұрады. Iлмешектiң төмендеушi бөлiгiндегi өзек арнасымен су өтедi, өрмелеме бөлiгiнде-NаСl диффузиясы iске асады.


Шеткi жақ (distalis) бөлiм заттарды таңдап, олардың қайта сорылуына қатысып, арнадан натрий, хлор иондарын тасымалдайды. Бұл бөлiм тiк (pars rectus), шеткi ирек жақ (contortus) және байланыстырушы өзекшелерге (pars conjungens) бөлiнедi (143 суреттi қара). Олар үстiңгi жаққа қарағанда қысқа, жұқа (30-50 мкм) және бiр қабатты куб тәрiздi эпителиймен төселген, цитоплазмасы ақшыл, шөтке тәрiздi бүрлерi жоқ, пиноцитоз көпiршiктерi, лизосомалары аз болады.

Жинаушы түтiкшелер (tubulus colligens, 143 суреттi қара) нефронның құрамына кiрмейдi, одан шығу тегiмен ерекшеленедi, бiрақ орналасқан жерi, қызметiмен тығыз байланыста болады. Ол қыртысты және милық заттарда тармақталған жүйе тәрiздi орналасады (144 сурет). Қыртысты затта, милық заттың үстiңгi бөлiмiнде куб тәрiздi эпителиймен, ал тереңгi бөлiмдерiнде-призма тәрiздi эпителиймен төселген.

Эпителийлерiнде екi түрлi: ақшыл және қоңыр жасушалары болады.


Ақшылдың (бастысы) тұрақты қосындылары нашар дамыған, тегiс бос бетiнде ұзын жеке кiрпiкшелерi болады. Ол судың ырықсыз қайта соруын қамтамасыз етедi.

Қоңыр жасушаның гиалоплазмасы тығыз, саны көп митохондрийлерi және негiздiк қатпарлары болады. Жоғарғы бетiнде көптеген микроқатпарлар кездеседi, жасушаның iшiнде өзектерi, көпiршiктi құрылымдары сақталады, қарынның көмкерме жасушаларына ұқсас тұз қышқылын бөледi, сөйтіп зәрдi ашытады.

Жинаушы түтiкшенiң су өткiзгiштiгi несеп шығаруға қарсы гормондар әсерiнен күшейiп, организмде судың кiдiруiн және несептiң изотониядан гипертоникалыққа ауысуын қамтамасыз етсе, бұл гормонның тапшылығы судың мүлде жойылуына (қантсыз сусамыр) жеткiзедi.

Альдостерон жинаушы түтiкшелерде натрий ионының қайта сорылуын, калий ионының бөлiнуiн ынталандырады.