Зәр шығаратын жолдар


Оларға жинаушы түтiкшелер, бүйрек тостағаншалары, бүйрек астауы, зәрағар, қуық және зәр өзегi жатады. Бұл бөлiмдердiң (зәр өзегiнен басқасы) қабырғалық құрылысы ұқсас, олардың құрамына үш: кiлегейлi, бұлшық ет, адвентиция қабықтары кiредi.

Бүйрек тостағаншасы (calix renalis) және астауы (pelvis renalis) сыртын ауыспалы эпителий төсейдi. Оның астында кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасының борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпасы жатады. Жылқы мен шошқаның меншiктi тақташасында түтiкше-көпiршiктi бездері болады. Бүйректің тостағаншасы мен астауының бұлшық ет қабығы нашар дамыған. Онда: iшкi-ұзына бойы және сыртқы-айнала қоршалған қабаттар бөледi. Шошқада, оның сыртқы қабаты емiзiк аумағында күштi дамып, қысқышет құрады.

Зәрағар (ureter), оның кiлегейлi қабығының iшкi қабаты ауыспалы эпителиймен төселген. Меншiктi тақташасы борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпадан тұрады. Жылқының бұл қабатында түтiкше-көпiршiктi бездер болады. Бұлшық ет қабығы бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасынан тұратын үш: iшкi-ұзына бойы, ортаңғы-айнала қоршаған, сыртқы-ұзына бойы қабаттардан түзiлген. Жылқы, iрi қара мал, шошқаның сыртқы, iшкi ұзына бойы қабаттары нашар дамыған, онда тек жеке бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғыры кездеседi. Зәрағарлардың сырты дәнекер ұлпаның қабығы-адвентициямен жабылған (145 сурет).

Қуық (vesica urinaria) қабырғасы кiлегейлi, бұлшық ет және адвентиция қабықтарынан түзілген. Ауыспалы эпителий арнайы үш: беткi, аралық және негiздiк жасушалар қабаттарына ие болады.

Беткi жасушалар қабаты iрi жабынды жасушалардан тұрады, пiшiнi ағза қабырғасының созылу деңгейiне байланысты жайпақтан куб тәрiздiге дейiн өзгереді, ядросы-дөңгелек тәрiздi, жасуша пiшiнiндей, айтарлықтай өзгермейдi. Бұл қабаттағы жасушалардың бос бетiн кiлегей немесе сiрқабық қорғап жатады.

Кiлегейлi қабықтың меншiктi тақта шасы борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, ол серпiмдi талшықтарға бай болып, қуық әр түрлi толу деңгейiне орай, кiлегейлi қабық көлемiнiң өзгеруiн реттейдi. Бұл қабық бұлшық еттiң жиырылу деңгейiне сай, жақсы байқалатын қатпарлар құрады. Қатпарлар зәрағардың құйылыс аумағында, зәр өзегiнiң шығатын жерiнде болмайды. Өйткенi, қуық қабырғасының бөлiмшесiнде кiлегейасты қабат болмайды, кiлегейлi қабық бұлшық еттің қабырғасымен бiтiп, тұтасып кетедi.

Қуықтың бұлшық ет қабығы үш айқын шектелмеген бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан тұрады да, iшкi, сыртқы - ұзына бойы және ортаңғы (ең жуан) - айнала қоршаған қабаттар түзеді.

Қуық мойнында кейiнгi қабат қысқышет құрады.

Қуықтың сыртқы қабығы зәрағар құйылыс аумағында, зәр өзегi шығар жерiнде адвентициядан, ағзаның құрсақ қуысына бағытталған беткi аумағы сiр қабығымен жабылған.

Ұрғашы малдың зәр өзегi (urethra) үш: кiлегейлi, бұлшық ет, адвентиция қабықтарынан тұрады.

Кiлегейлi қабықтың iшкi бетiн көп қабатты призма тәрiздi (кейбiр жерiнде ауыспалы) эпителий түзедi. Ол жылқы және қойда көп қабатты жайпақ болса, шошқа мен шөп қоректi жануарлардың эпителийi түрлi тереңдiкте жымырылма құрады. Кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасы серпiмдi талшығы мол дәнекер ұлпадан тұрады.

Ұрғашы мал зәр өзегiнің бұлшық ет қабығында жеке бұлшық еттің шоғырынан тұратын iшкi ұзына бойы және сыртқы айнала қоршаған қабаттары болады.

Еркек малдың зәр өзегi қуықтан бастап, өзектiң орта деңгейiне дейiн ауыспалы эпителиймен төселедi, кейiн ол көп қабатты призма тәрiздiге, соңында көп қабатты жайпақ эпителийге ауысады.

Кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасы шырышты бездер сақтайды, зәр өзегiнiң кеулеме денешiктерiне ауысатын көктамырдың өрмелерi болады. Бұлшық ет қабығы екi: бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан тұратын iшкi-ұзына бойы және айнала қоршаған-сыртқы қабаттардан тұрады. Олар зәр өзегiнің iшкi тесiгi аумағында қуық қысқышетiне кiредi.

Құс бүйректерi үш бөлiктен тұрады. Олардың әрқайсысы қыртысты және милық бөлiкшеге бөлiнедi. Зәрағардың тарамы жинаушы түтiкшелер құрып, милық зат бөлiкшесiн қалыптастырады. Кейiнгiлер бүйректiң қыртысты затына енедi.

Қыртысты заттар жеке қыртысты бөлiкшелерден құрылады, олардың арасынан iрi бөлiкше аралық көк тамырлар өтедi. Кең негiздi бөлiкше бүйрек бетiне, жоғарғы ұшы-милық затқа бағытталады. Милық заттың бiр бөлiкшесiне бiрнеше қыртысты бөлiкшелер келедi. Милық заттан келетiн жинаушы түтiкшелер қыртысты бөлiкшенi қоршайды (146 сурет).

Қыртысты бөлiкше ортасынан бөлiкше аралық көктамыр және бүйрек қызылтамырының соңғы бөлiмi өтедi.

Құс бүйрегiнiң үлпершегi құрамын да: қыртысты және милы нефрондарды ажыратады. Қыртысты нефрондар қыртысты бөлiкше шегiнде, милы нефрондар негiзiнен ағзаның милық затында орналасады. Милы нефронның ағзадағы орны, құрылысы сүтқоректiлер бүйрегiндегi нефрондардай, қабықша шумағынан, үстiңгi жақ, жiңiшке бөлiк, артқы жақ, қосымша, байланыстырушы бөлiмдерден (147 сурет, А) тұрады. Қыртысты нефрондар көп иректелмеген, iлмешегiнiң жiңiшке бөлiмi болмайды (147 сурет, Б). Олар морфология жағы нан бауырымен жорғалаушылар бүйрегiнiң өзектерiне жақын келедi.

Қыртысты нефрондардың бүйрек де-нешiктерi бөлшектердiң ортасында, бөл-шектер аралық көктамырларға жақын шоғырланған. Олардың тамырлар полю-сi бөлшектердің iшiндегi көктамырларға, ал зәр полюсi - бөлшектер шетiне бағытталған.

Милы нефрондардың бүйрек денешiктерi қыртысты бөлшектердің жоғарғы ұшы аумағында жатады. Милы нефронның ирек бөлiмi милық затқа жартылай өте алады. Милы нефрондар iлмешегi қыртысты заттан жинаушы түтiкшелерге қатарласа өтедi. Iлмешектің иiнi нефронның қалың бөлiгiнен құралады. Нефронның өзегi бүйрек денешiгiне қайтып, байланыстырушы жiңiшке бөлiкке ауысады.

Тауық бүйректерi қызылтамыр қанын өз қызылтамыры арқылы құрсақ қолқасынан, алғашқыдан айтарлықтай көп көктамырлар қанын құйрық-шажырқай, iшкi және сыртқы мықын көктамырларынан алады.

Құс зәрағарында кiлегейлi, бұлшық ет және сiр қабықтары болады. Кiлегейлi қабығының эпителийi бокал тәрiздi жасушалары бар көп реттi кiрпiкшелi, ал оның меншiктi тақташасында лимфоидтi ұлпасы көп болады. Бұлшық ет қабығы зәрағардың бастапқы бөлiгiнде екi: iшкi-ұзына бойы, сыртқы-айнала қоршаған қабаттардан тұрады. Құс тiк iшегiнің кеңiген бөлiгi (клоака) аумағында бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының үш қабаты болады. Аталған екеуiнен басқа мұнда сыртқы - ұзына бойы қабаты да байқалады.