Аналық жыныс жүйесi


Аналық жыныс жүйесi (systema genitalia feminina) жұп–жұмыртқалық, ұрық жолы, дақ–жатыр, қынап, зәр-жыныстық кiреберiс және сыртқы жыныс ағзаларынан тұрады.

Жұмыртқалық (ovarium, 150 сурет) - жыныс безi, экзокриндi және эндокриндi қызметтер атқарады. Алғашқыда жұмыртқаклеткасы түзiлсе немесе овогенез жүрсе, екiншiсiнде-аналық жыныс гормондары (эстроген, прогестерон) түзiледi. Ұрпақтану кезеңiнде жұмыртқалық құрылысы тұрақты циклды өзгерiске ұшырайды.

Жұмыртқалықтың сыртын бiр қабатты куб тәрiздi жамылғы эпителий қаптайды, астында тығыз дәнекер ұлпадан тұратын ақ қабық (tunica albuginea) жатады, одан кейiн қыртысты, тереңiрек милы зат орналасады (150 суреттi қара). Биенiң қыртысты заты iште, овуляция ойысында, милы заты-сыртында жатады.

Жамылғы эпителий - түрi өзгерген мезотелий; томпақ жоғарғы бетiнде микробүрлерi болады. Бұл эпителий овуляция кезiнде үнемi бұзылып, одан кейiн ақауды жою үшiн жылдам жаңадан жасуша түзе ұлғайып, өседi және ауады. Ол өте жоғары белсендiлiкпен қайта қалпына келетiндiктен қатерлi iсiктердің даму көзi болып келедi.

Қыртысты затта (cortex ovarii) түрлi даму деңгейiндегi-фолликулалар, бітеуөзекті (атрезия) фолликулалар, сары тiн болады. Фолликулалардың мөлшерi мен құрылысы, олардың даму сатысына орай-әдепкi, алғашқы, екiншi және үшiншi фолликулалар болып ажыратылады (150 суреттi қара).

Әдепкi фолликула (folliculus primordialis) ақ қабық астында топталып орналасады (өсудегi жұмыртқаклетка болатындықтан алғашқы овоцит деп атайды), бiр қабатты фолликула жасушаларымен қоршалып жатқан ұсақ алғашқы овоцит. Мұнда овоциттiң тiршiлiк қабілеттiлiгiне, өсуiне қажет орта құрылады. Овоциттің ядросы домалақ, көлемдi, iрi ядрошығы, ұсақ дисперстi хроматинi болады, тұрақты қосындылары нашар дамыған. Овоциттің және фолликула жасушаларының бетi тегiс болады, бiр-бiрiне тығыз жанасып жатады. Әдепкi фолликулалардың одан әрi өсуi овоцит пен фолликула жасушаларының, оларды қоршап жатқан строма өзгерiстерiмен қоса жүредi.

Алғашқы фолликулалар (folliculus primarius) алғашқы овоциттен, оны қоршап жатқан бiр қабатты куб, призма тәрiздi фолликула жасушаларынан тұрады. Овоцит көлемi ооплазма есебiнен ұлғайып, тұрақты қосындылар саны артады. Фолликула жасушаларында да Гольджи аппаратының көлемi, түйiршiктi эндоплазмалық тор, рибосома, митохондрий, май тамшылары саны көбейедi. Оларда тұңғыш рет мөлдiр аймақ (zona pellucida, қабық) байқала бастайды. Овоцит көлемi ұлғайған сайын өсудегi фолликуланың көлемi, мөлдiр аймақ қалыңдығы көбейедi.

Алғашқы фолликулалардың қызметтерi: фолликула жасушалары мен овоцит арасындағы заттек алмасудағы кеңiстiк бетiнiң ұлғаюына мүмкiндiк туғызады; олардың арасында тосқауыл құрады; ұрықтанудың түрге тәндiгiн қамтамасыз етедi; көп шәуеттiлiкке кедергi жасайды; даму жолындағы ұрықты қорғайды.

Екiншi фолликулаларда (folliculus secundorius) алғашқы овоциттi сақтайды, оны митоз жолымен бөлiнудегi фолликула жасушаларының қабаты қоршап, гранулезалар деп аталады. Овоцит цитоплазмасында бiрталай тұрақты және тұрақсыз қосындылар жиналып, шеткi аумағында қыртысты (кортикальдi) түйiршiктер құрылады да, келешекте ұрықтану қабығын құруға қатысады. Фолликула жасушасында тұрақты қосындылар саны артады да, олардың түзiндi (секреторлы) аппаратын құрады. Мөлдiр аумақ қалыңдайды, оған фолликула жасушаларының өсiндiлерiмен байланысатын овоциттің микробүрлерi енедi. Фолликула жасушаларын қоршап жатқан без строма араларындағы негiзгi (шыны тәрiздi) жарғақта қалыңдап, фолликуланың дәнекер ұлпа қабығын (қаптамасын) түзедi (148 суреттi қара).

Қаптама (thecae folliculi)-iшкi (interna) және сыртқы (externa) қабаттардан тұрады. Сыртқы қабат дәнекер ұлпадан түзiледi, айқын шектелмей жатқан стромаға жалғасады, жасушалары созылыңқы, миофибробластарға тән белгiлерге ие болады. Олардың жиырылу қабілетi овуляция өткеннен кейiн фолликуланың қалпына келуiн қамтамасыз етедi. Iшкi қабатта кең қылтамырлар торы болады, жасушалары көп бұрышты, ядросы сопақша, орташа дамыған түйiршiктi эндоплазмалық торы, ұсақ митохондрийлерi байқалады, лютеин гормондары әсерiнен қылтамырлар жасушаларының түрi өзгерiп, секреторлы стероид өндiрушiлерге тән қасиетке ие болады.

Үшiншi (көпiршiктi, қуысты-folliculus ovaricus tertiarius) фолликулалар екiншi фолликуладан қалыптасады. Оған дейiн фолликула жасушалары мөлдiр тұтқырлы фолликулалық сұйықтық секреция бөлiнуiнен жүредi. Сұйықтық басында жасушалар арасындағы кең кеңiстiкте және фолликула қабығы iшiндегi ұсақ қуыста түзiлiп, кейiн фолликула қуысына құйылады. Осы кезден фолликула көпiршiктi деп аталады. Овоцит фолликуланың бiр шетiне ығысады да, жұмыртқа дамитын төмпешiк (cumulus oophorus) құрамында жатады. Овоцит шетiнде тарамдалған фолликула жасушалары орналасады, олар өсiндiлерiмен мөлдiр аумақпен байланысып, сәулелi тәж (corona radiata) құрады. Қалған фолликула жасушалары гранулезалар деп аталады. Жетiлген үшiншi фолликула-овуляцияалды, граафов көпiршiгi деп аталады.

Үшiншi фолликула бұзылып, жұмыртқаклеткасының аналық безден дене қуысына шығуын - овуляция (ovulatio) деп атайды. Оның алдында овоцит сәулелi тәж жасушаларымен бiрге жұмыртқа дамитын төмпешiктен бөлiнедi, фолликуланың қуысында ерiктi малтып жүредi. Осы кезде жұмыртқалықтың фолликула шығып тұратын бетiндегi қаптама, ақ қабық және жабынды эпителийлерi күрт жұқарып, бiраз бөлiмшесi қопсиды. Бұл жердi стигма (stigmatis) деп атайды. Овуляция алдында стигма аумағындағы қанайналымы тоқталатындықтан, ол ұлпаның жергiлiктi өлi еттенуiне жеткiзедi, фолликуланы бұзады. Сәуле тәжiмен байланысып, тұтқырлы фолликула сұйықтығымен қоршалған овоцит жұмыртқалықтан бөлiнiп шығады. Овуляция ұрғашы малдар шағылысу айналымының қозу сатысына тән, күйлеу кезеңiнде iске асады. Бiр төлдi жануарлардың күйлеу кезеңiнде овуляция бiр жетiлген фолликулада, ал көптөлдiлердiң стигмасы бiрнеше жетiлген фолликулаларда өтедi. Көптөлдiлердiң (шошқа, қоян) бiр фолликуласында бiрнеше аналық жасушалар дамуы мүмкiн, сондықтан овуляция кезiнде бiр фолликуладан ұрық жолына бiрден бiрнеше жұмыртқаклетка түседi. Овуляцияны жасанды жолмен жұмыртқалықты гонадотропинмен түрткiлеп, шақыруға болады. Оны бiрнеше овоциттердi алып, денеден тыс ұрықтану және ұрықты ауыстырып қондыру үшiн қолданады.

Сары тiн (corpus luteum) овуляция өткен фолликула гранулезасымен (түйiршiктi қабат жасушаcы) қаптама жасушалары жетiлуiнен құралады, фолликула қабырғасы бұзылады, қатпарлар құрылады, кеңiстiкте ұйыған қан қалыптасады (iшкi қаптама қылтамырлары құяды), кейiн ол дәнекер ұлпаға ауысады (150 сурет). Сары тiннің дамуы төрт: жаңадан жасуша түзе ұлғайып өсу (пролиферация) және тамырлану; бездi түр өзгерiсi; өрлеу; керi даму сатыларынан тұрады.

Пролиферация, тамырлану сатысы гранулеза, қаптама жасушаларының белсендi көбеюiмен сипатталады. Гранулезаға қаптаманың iшкi қабатындағы қылтамырлар енiп, бiрiгiп кететiндiктен, оларды бөлiп тұратын негiзгi жарғақты бұзады.

Бездi түр өзгерiсi сатысында гранулезалар мен қаптама жасушалары iрi көп бұрышты ақшыл жасушаларға-лютеоциттерге (luteocytus) айналады. Лютеоциттің екi түрі бар: түйiршiктi лютеоциттер (granulosoluteocytus) - гранулеза жасушаларынан дамиды, мөлшерi үлкен, сары тiннiң негiзгi массасын түзедi, сары тін ортасында орналасады; қаптама-лютеоциттер (thecoluteocytus), iшкi қаптамадан пайда болады, бiршама ұсақ және қоңыр, сары тiннiң шетiнде жатады.

Өрлеу сатысында лютеоциттердiң белсендi қызметi байқалып, аналық жыныс гормоны-прогестерон өндiрiледi. Ол жатырды ұрық қабылдауына дайындайды, буаздықтың дұрыс өтуiне мүмкiндiк туғызады. Лютеоциттер бұлармен қоса эстрогендердi, бiраз аталық гормондарды (андрогендердi), окситоциндi, буаздықта-төл жолдарын тууға дайындайтын полипептид гормоны-релаксиндi өндiредi.

Керi даму сатысында лютеоциттердiң бүлiнуi, тығыз дәнекер ұлпалар тыртығының-ақ денеге (corpus albicans) ауысуы жүйелi жүредi, мөлшерi азаяды, жұмыртқалық стромасына өте баяу енедi.

Фолликулалардың бәрi бiрдей дамып және жетiлiп, овуляция процесiне жетпейдi. Ол дамудың кез келген сатысында тоқтап, құрамбөлiктерiнiң күрделi өзгерiсiне ұшырап, ыдырама дене (corpus atreticum, фолликула) қалыптастырады. Бұл процестi бiтеуөзек немесе атрезия деп атайды. Ол жатырдағы кезеңде басталады.

Ұсақ (әдепкi, алғашқы) фолликулалар атрезияда толық бұзылып, iзсiз дәнекер ұлпамен ауысады. Iрi (екiншi, үшiншi) фолликула атрезиясында гранулезалар және овоцит өледi, iшкi қаптама жасушалары, қайта ұлғайып, эпителий арқауын құрып, қаптама-лютеоциттерге ұқсап, белсендi түрде стероид гормондарын бөледi. Өзегi жоқ атрезия фолликуласы ортасында көпке дейiн жылтырауық аумақ сақталады (150 суреттi қара). Қаптама, әрi фолликула жасушалары арасындағы негiзгi жарғақ қалыңдайды. Кейiн ыдырама денешiгi бұзылып, орнында ақ денешiк қалады. Қалыпты атрезия процесi жүрмесе, онда жұмыртқалық жылауығы пайда болады.

Ұрық жолы (tuba uterina) - түтiктi ағза (151 сурет), мына қызметтердi атқарады: жұмыртқалықтан овуляция кезiнде бөлiнген овоциттi ұстап; жатыр бағытына тасымалдайды; жатырдан келетiн шәует тасымалдануына қолайлы орта құрады; ұрықтануға (жоғарғы үштен бір бөлігінде), ұрықтың бастапқы дамуына қажет ортаны қамтамасыз етедi; ұрықтың жатырға тасымалдануын iске асырады.

Ұрық жолын анатомиялық құрылысына қарап төрт бөлiмдерге бөледi: шашақтары (fimbriae) бар шөлмегi (infundibulum, жұмыртқалық аумағында ашылады), кеңейген бөлiгi - ампуласы (ampulla), жiңiшке бөлiгi - қылтасы (isthmus), жатыр қабырғасындағы қысқа етқабырғасы iшiлiк (iшектiк) сегментi жатады.

Ұрық жолы қабырғасы - кiлегейлi, бұлшық ет және сiр қабықтардан тұрады.

Кiлегейлi қабық (tunica mucosa) тармақталған қатпарлар (plicae) құрады. Ол ағза кеңiстiгiн толтырып тұрғандай байқалады, бiр қабатты кiрпiкшелi эпителийден түзiлген. Онда кірпікшелі және кірпікшесіз эпителиоциттер болады. Кірпікшелі-призма тәрізді, қабығында микробүрлері және жатырға бағытталған жыбырлағыш кірпікшелері болады. Кірпікшесіздің-пішіні куб тәрізді, түзінді бөледі. Олардың ара қатысы жыныстық циклдың кезеңдеріне орай өзгеріп тұрады да, ең көбі күйлеу кезеңінде байқалады. Оның меншiктi тақташасы жұқа болады.

Бұлшық ет қабық (muscularis) белгiлi миоциттерден түзілетiн екi қабаттан тұрады. Оның айнала қоршаған қабаты қарқынды дамиды. Жатыр жанында ол жіңішкереді және қисық бағытталған қосымша қабат түзеді.

Сiр (serosa) қабықтың ерекшелiгi сол, оның мезотелийi астында қалың дәнекер ұлпа қабаты орналасады.

Жатыр (uterus) - сүтқоректi жануарлардың ұрығы дамитын ағза. Ол ұрық қабығы және қабықшасымен бiрге ұрықты қоректiк заттар, оттегi және сумен қамтамасыз етiп, заттек алмасуының қалдықтарын шығаруға қатысады.

Жатырдың жиырылуы жатыр бездерi бөлiндiлерiнiң артқы жаққа жылжуын, жыныстық жолдарды жұқпадан тазарылуын қамтамасыз етедi және буаздық кезде ұрықтың дұрыс орналасуына мүмкiндiк туғызады, туу кезiнде жатырдан iштөлдiң шығуына қатысады.

Жыныстық циклда - күйт нышаны (проэструс), күйлеу (эструс), күйт қайту (метаэструс) және күйт аралық (диэструс) кезеңдер ажыратылады. Жатырдың құрылысы да осы жыныстық циклға байланысты айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Олар, көбінесе, жұмыртқалық бөлетін гормондардың қанға түсуіне орай, жатырлық цикл деп аталады.

Жануарлар жатыры әртүрлi және анатомиялық ерекшелiгi болғанымен гистологиялық құрылысы барлық малдарда бiрдей (152 сурет) және үш қабықтан: iшкi немесе кiлегейлi-эндометрийден; ортаңғы немесе бұлшық еттi-миометрийден және сыртқы немесе сiр-периметрийден тұрады.

Эндометрийдi (endometrium, 152 суреттi қара) эпителий және меншiктi тақташа құрады. Онда бұлшық ет тақташасы, кiлегейасты негiз болмайды. Бұл қабық көптеген қатпарлар құрады.

Ит, мысық, қоян, кемiргiштер, жәндiк қоректiлер, маймыл және адам эндометрийлерiнiң меншiктi тақташасында тұтас, көз-көз, кеуектi және тiптi негiздiк қабаттары болатындықтан (Ю.Т. Техвер, 1968) децидуаттар немесе туғаннан кейiн шулары түсетiндер деп атайды. Бұл жануарлардың менструация циклi болады.

Басқа жануарлар эндометрийлерiнiң меншiктi тақташасы бiркелкi болып, аталған қабаттарды сақтамайды. Сондықтан, оларды адецидуаттар немесе шулары қолма-қол түспейтiндер деп атайды.

Бұларға iрi және ұсақ мүйiздi жануарлар қосылмайды, себебi олардың эндометрийiндегi меншiктi тақташалары өзгерiп, децидуаттыларды еске салып және жуанданып, етше өскiн (карункула-caruncula) құрады. Оларды эндометрийдiң эпителий және меншiктi тақташасы түзедi. Онда жақсы байқалатын тұтас және көз-көз қабаттар болады. Ол бейне жыныстық қозу кезеңiнде көрiнедi. Жетiлген қой карункулаларының ортасында ойдымы болады, сиыр, марал карункулаларының түрi саңырауқұлаққа ұқсас келедi.

Жатыр мойнында (cervix uteri) бездер болмайды.

Эпителийдің қабаты бiр қабатты бiр реттi призма тәрiздi, құрамында кiлегейлi жасушалары көп, жыныстық циклде өзгерiп, кейде жалған көп реттi (1951 жылы қоянда О.П. Ржевуцкая; 1922 жылы шошқа эпителийiнiң кейбiр жерлерiнде кiрпiктердi Корнер көрген) болып байқалады. Қой мен биеде, басқа жануарлардан ерекше, ол бiр қабатты призма тәрiздi тербелмелi эпителийден тұрады. Сиыр қаны гормондарының өзгеруiне байланысты бұл қабат қалың, әрi көп реттi болып келедi.

Меншiктi тақташа коллаген талшықтары өте көп дәнекер ұлпадан тұрады, эластин талшықтары тек қан тамырлары қабырғасында кездеседi. Онда жеке гистиоциттер, фибриоциттер, түйiршiктi лейкоциттер және бiраз миоциттер болады.

Эндометрийдің кілегейлі қабығында бұлшық еттің тақташасы, кілегей асты негіз болмайды.

Миометрий (myometrium, 152 суреттi қара) миоциттерден тұрады. Олар мұнда үш: iшкi-айнала орналасқан, қисық бағытталған жасушалардан тұратын ортаңғы және сыртқы–ұзына бойы қабаттар түзедi. Бұл қабықтың ерекшелiгi сол, оның ортаңғы қабатында өте көп қан тамырлары болады. Сондықтан оны миометрийдiң тамырлы қабаты (stratum vasculosum) деп атайды. Ол ұсақ жыртқыш жануарларда өте айқын байқалады. Сиырда тамырлы қабат iшкi бұлшық ет қабатымен қосылып, дербес орналасуы тек жатыр мүйiзi аймағында көрiнедi. Бұл қабат биеде бұлшық етпен күрделi өзара қарым-қатынаста болатындықтан нашар байқалады. Шошқада бұл қабат болмайды.

Жатырдың эндометрийi қоректiк, тыныс алу, бөлу, ал миометрий оның жиырылу қызметтерiн атқарады.

Периметрий (perimetrium) борпылдақ дәнекер ұлпадан, мезотелийден тұрады. Буаздық кезеңде ол қалыңдап, өзгерiп, жаңалана aлады.

Қынаптың (vagina) қабырғасы үш қабықтан: iшкi - кiлегейлi, ортаңғы - бұлшық етті және сыртқы - адвентициядан түзiлген.

Кiлегейлi қабықты көп қабатты жайпақ эпителий төсейдi. Оның бездерi болмайды, ұзына бойында қатпарлар құрылады.

Бұлшық ет қабық екi: айнала орналасқан және ұзына бойы қабаттардан тұрады.

Адвентицияны, ағзаны өз қалпында ұстап тұратын, борпылдақ дәнекер ұлпа түзедi.

Қынап кiрiберiсi (vestibulum vaginae) де қынап қабырғасындағыдай үш қабықтан тұрады.

Кiлегейлi қабықта көп қабатты жайпақ эпителий болады. Оның негiздiк тақташасындағы дәнекер ұлпаның бүйiрiнде кiреберiс баданалары жатады. Олар биеде, қаншықтарда жақсы дамыған. Кiлегейлi қабық эпителийiнде үлкен (қарапайым түтiкше) және кiшi (қарапайым тармақталған түтiкше-альвеолалы) кiреберiс бездерi байқалады. Олардың шығарушы өзектерi кiреберiс кiлегейлi қабығының әр бөлiм бетiне (шошқа, жылқы, ит) немесе кiреберiс кiлегейлi қабығының төменгi бөлiгiне (күйiсқайыратындар, мысық) ашылады.

Бұлшық еттің қабығы қабаттарға айқын бөлiнбеген, көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасынан құралған.

Адвентиция борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады.