АЛҒЫ СӨЗ


Қазіргі таңда антропоцентрлік бағыт аясында тілді «өз ішінде және өзі үшін» қарастыратын зерттеулер жеткіліксіз болып, оны тіл мен танымның, тіл мен адамның, тіл мен ойдың, тіл мен сананың, тіл мен мәдениеттің, тіл мен қоғамның бірлігінде зерттеу қажеттігі туып деп отыр.

Тіл – ойлаудың құралы, ал ойлау, яғни таным – шындық дүниенің бейнесі. Бұл ғалам бейнесінің тілден көрініс табуы. Тіл өз халқының мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік құрылысын, дүниетанымын бейнелеп қоймай, келер ұрпақты қалыптастыруда маңызды және шешуші рөл атқарады. Адам баласының таным түсінігі толысқан сайын санада қалыптасқан ұғымды таныту деңгейі де кеңейе түсетіні белгілі. Ақиқат дүниенің кез – келген үзігінің денотаты мен жағдаяттары тіл арқылы санада таңбаланып сақталады және жұмсалады.

Тілді когнитивтік бағытта зерттеуші ғалымдардың пікірлері «тіл мен таным арақатынасы адамға қатысты мәселені шешумен түйінделеді» деген қорытындыға әкеледі. Лингвистердің басты мақсаты – тілдік құбылыстардың табиғатын жүйелі зерттеуді дамыту. Бұл бағыттың негізгі арқауы тілді сол тілде сөйлеуші халықтың рухани дүниесінің қалыптасуымен тығыз байланыста қарау болып табылады. Когнитивтік лингвистиканың жеке пән ретінде жоғары оқу орындарында оқытылуы оның жалпы тіл білімі мәселелерімен де, сондай–ақ жеке тіл білімі мәселелерімен тығыз байланысты жеке ғылым саласы ретінде танылуымен байланысты. Қазіргі таңда когнитивтік лингвистиканың тұжырымдамасы, өзіндік ерекшеліктері, ғылыми аспектілері, ғаламның тілдік бейнесі мәселесі бойынша оқу ‑ әдістемелік құралдағы дәріс курсының мәтінін құрастыруда жалпы тіл білімінде ұлттық тілді онтологиялық зерттеудің түпқазығын зерттеген ғалымдар – В.Ф.Гумбольдт, И.Гендер, Г.Пауль, Г.Штейнталь, А.А.Потебня, Э.Сепир, Б.Уорф зерттеулері мен орыс ғалымдары М.Минский, В.А. Маслова, Е.С. Кубрякова, Ю.Н. Караулов, И.В. Черемисина, т. б.қазақ лингвистері Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ. Жаманбаева, Б.Тілеубердиев, Э. Оразалиева, А.Б. Әмірбековалардың ғылыми тұжырымдарына сүйендік.

Бұл әдістемелік кешеннің негізгі мақсаты – студенттерге тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгерту арқылы олардың ойлау қабілетін, қоршаған ортаны зерттеп – тану қасиетін, өзіндік ой – пікірін дәлелдеп жеткізе білу дағдысын жетілдіру, олардың дүниетанымын кеңейту.