Қазақстанда гистологияны жүйелi түрде зерделеу


Қазақстанда гистологияның жүйелi зерттелуi Алматы зоотехникалық - малдәрiгерлiк (1929) және Қазақстан медицина институттарының (1931) гистология және эмбриология кафедраларында басталып, кейiн саланың ғылыми-зерттеу жұмыстары Зоология, Қазақ ССР Ғылым Академиясы эксперименттiк биология институттарында, Қазақтың және Қарағанды Мемлекеттiк университеттерi мен медициналық, ауыл шаруашылық және денешынықтыру институты кафедраларында жүргiзiлдi.

Омыртқалы жануарлар ұлпасының құрылысы ерекшелiктерiн, олардың сыртқы және ішкі орта әсерлерiне бейiмделуiн, оның iшiнде, тыныс алу мүшелерiн 1930-1960 жылдары Ф.М. Мұхамедғалиев, Т.М. Масенов, басқа ағзаларды В.В. Авербург, Ф.Х. Халилов, 1960-1980 жылы жыныс бездерiн - А.М.Мурзамадиев, О.Э.Цаплюк, Л.Д.Пивакова, М.В.Мазунин зерттедi.

1970-1980 жылдары чех ғалымдарымен бiрге жүйке жүйесi құрылымын Б.А.Домбровский; сорғыш жалпақ (трематода), жұмыр паразит құрттар, ас қорыту жүйесi құрылымын В.Я.Панин, Т.Н.Собелева және Б.Ш.Шайкенов сипаттады.

Бұлшық ет (Н.Г.Лебедева) және сүйек ұлпаларының (В.Ф.Матвиенко, В.В.Иссык), жүрек пен тамырлар (А.Г.Племянников, К.Б.Бердонгаров), терi (И.А.Чагиров, В.И.Карпова), ауыл шаруашылық жануарларының ас қорыту мүшелерiнiң (Р.А.Тохтамысова) гистологиялық құрылысының түр және тұқым ерекшелiктерi мен сан заңдылықтары айқындалды.

Алматы зоотехникалық - малдәрiгерлiк институтында организмнiң даму жолындағы құрылысын зерделеуге арналған елімізде тұңғыш биологиялық морфология мектебiн Б.А.Домбровский ашты. Алғашқы гистология кафедрасын 1929 жылы профессор В.В.Авербург ұйымдастырды. Оны 1936-1945 ж. В.В.Колесников меңгерiп қана қоймай, гистологиялық зертхана құрды. Кафедрада қажеттi құралдар жиналып, оқу және ғылыми салаларында пайдалы гистологиялық препараттар дайындау мүмкiндiгiн туғызды. Кейiн бұл кафедраны Б.А.Домбровскийдiң алғашқы шәкiрттерiнiң бiрi, биология ғылымының докторы, профессор және академик Ф.М.Мухамедгалиев меңгердi. Осы кезде кафедрада бiр докторлық және 20 кандидаттық диссертация орындалды. Семей зоотехникалық-малдәрiгерлiк институты 1952 ж. ашылғанымен, «Гистология» кафедрасын доцент В.Г.Радионов 1953 жылы ұйымдастырды. Бiрақ, ол 1956-1967 ж. анатомия кафедрасына курс ретiнде кiрiп, тек 1967 жылы «Гистология, эмбриология және цитология» кафедрасы болып, жеке бөлiнiп шықты. 1967-1991 жылдары кафедраның меңгерушiсi профессор Н.Л.Гороховский, ал 1992-1999 жылдары-профессор З.Қ.Тоқаев болды. 1996 ж. «Семей», кейiннен Шәкәрiм атындағы Семей мемлекеттiк университетiнде «Жануарлар морфологиясы мен физиологиясы», 2004-2012жж. «Биология» кафедрасы, ал 2012 ж. «Морфология негізі бар мал шаруашылығы мен аңшылықтану» құрылысымен ол қайта аталған кафедраға қосылды.