Гистология, эмбриология және цитологияны оқитын студенттерге арнау


Пәндi зерделеп, меңгерем деушiлерге, алғашқыда ол өте күрделi, ең қиын көрiнуi сөзсiз. Оқулықтың әр бөлiмi және тарауы өте көп ойланып, меңгерудi талап етедi. Бiрақ, одан қорықпау керек.

Рас, студенттер гистологиялық, цитохимиялық препараттар (зерттеулер жасауға әдейі дайындалған жануарлар организмiнiң бөлiгi) және электронды микрофотограммалар, басқа көрнекi құралдарды анықтауда, осы саладағы терминдер мен ұғымдарды алған бiлiмi, дағдысы және шеберлiгi деңгейiнде көрсетуi керек. Ол үшiн студент арнайы гистологиялық терминологиялық сөздiк дәптерін ашып, әр дәрiс пен зертханалық сабақтан кейiн жаңа сөздердi жазып алып, жаттауы қажет. Сабақ үстiнде микропрепараттардың көрiнiсiн түрлi-түстi қарындашпен альбомға салып алып, әдiстеме нұсқауларына сай белгiлерiн қойып, оларды электронды микроскоптың көмегiмен алынған микрофотосуреттермен салыстырып, ондағы айырмашылық, ерекшелiктерiн байқаған жөн. Себебi, емтиханның кезiнде белгiсiз препараттарды анықтау, студенттердiң бiлiмiн бағалаудың бiр критерийi болып саналады.

Кiтаптың әр тарауынан кейiн ұсынылған сұрақтар мен тестерге жауап берiп, тарау сұрақтарына қайтаратын жауапты жинақтап қорытып, күмәндiк туса, оны алдын ала оқулықтан және дәрiстен оқып, толық түсiнiп, дәрiске, сабаққа дайын болып келген жөн. Сонда ғана, ол әр тарауды жақсы меңгерiп, пән келешек мамандыққа қажет биология iлiмiнiң негiзi екенiн түсiнесiз.

Сонымен, келешек гистологтар, эмбриологтар, цитологтар-әрiптестер, ақ жол болсын!

Бұл кiтаптың беттерiн аудара отырып, терең биологиялық ой-саналы мал дәрiгерлерiн дайындауға қажет ерекше ғылымды тамашалап, дәрiгерлiк ойлау, диалектикалық-материалистiк көзқарас, тәжiрибе маңызын түсiнiп, оң тұжырымын жасасаңыздар, онда оқулықтың мақсаты iске асты деген сөз.

Гистология, эмбриология, цитология пәнiн оқып, Сiздер көп жасушалы организмдер көптеген бiр түрлi жасушалардан белгiлi заңдылықпен жаңа құрылым бiрлiгi – ұлпа (textus), одан түрлi - ағзалар (organa), бiрнеше ұлпалар - ағзалар жүйесiн (systema organum), ал соңында бiрнеше жүйелер бiрiгiп тiрi-адам, жануарлар, өсiмдiктер организмдерiн құрастыратынын меңгерiп, оның iшiнде жануарлар организмi құрылысын жасушалар, ұлпалар, ағзалар деңгейлерiнде жете зерттеу арқылы таңдаған мамандық бiлiмiнiң ойдағыдай қалыптасуын бiлесiздер.

Бұл пәндi бiлу Сiздерге өз мамандықтарыңыз бойынша жоғары бiлiктi, өте жақсы қызметкер болуыңызға көмектеседi.