Жүйке ұлпасы. Жүйке ұлпасының дамуы


Жүйке ұлпасы (textus nervosus) тiрi организмнің құрылысындағы өте жетiлген түрi және жүйке жүйесiн түзедi. Ол қандай да болмасын түрткiнi құрып, одан қозып, тiтiркендiрудi қабылдап, оларды өңдеп, өзiнен өткiзуге қабілеттi, әрі оған жауап беретiн әртүрлi нейроциттерден (neurocytus, нейрон, грек. «nеurоn»-жүйке) және тiректi-қоректiк, шекаралық, секреттiк, қорғаныш қызметтердi атқаратын нейроглиядан (neuroglia, грек. «nеurоn»-жүйке, «gliа»-желiм; глиоциттер-gliocytus) тұрады. Жүйке ұлпасы ұлпалар мен ағзалардың атқаратын қызметтерiн реттеп, өзара қарым-қатынасын және сыртқы ортамен байланысын жүзеге асырады.

Жүйке ұлпасының бiрнеше даму көзi болады. Хордалыларда жүйке ұлпасы негiзiнен эктодерма мен мезенхимадан дамиды. Жүйке жүйесiнiң дамуы бiлiктi ағзаларға жататын жүйке түтiгiнің бастамасы пайда болу процесi - нейруляция деп аталатын кезеңнен басталып (51 сурет), мына сатылардан өтедi: жүйке тақташасын демеу (индукция), жүйке тақташасы жиектерiнiң көтерiлуi, жүйке сайының құрылуы, жүйке буылтығының пайда болуы, жүйке қырларының қалыптасуы, одан жасушалардың көше бастауы, жүйке буылтықтарының қосылып, түтiгiн құруы, эктодерманың жүйке түтiгi үстiнде қабысуы жүредi.

Ұрық дамуының басында бiр қабатты цилиндр тәрiздi эктодерманың жасушалары жүйке тақташаларын құрады да, үш құрамбөлiктерге: жүйке түтiгi, жүйке қырлары және жүйке қаптамасына (плакода) бөлiнедi.

Жүйке түтiгiнің жетiлер алдында жүйке тақташалары иiлiп, алдымен жүйке сайына айналады. Жүйке сайының екi жақ жиегiнде жүйкенің буылтықтары қалыптасады. Жүйке сайы iшке одан әрi ирiлгендiктен, жиектерi бiр-бiрiмен түйiсiп, ортасында невроцель деп аталатын қуысы бар, жүйке түтiгiн құрады. Жүйке түтiгiнiң алдыңғы кеңейген бөлiгi-бас миына, невроцель-ми көпiршiгiнiң қуысына, жүйке түтiгінiң ең жiңiшке дене бөлiгi-жұлынға, қуысы-жұлын-ми өзегiне ауысады. Жүйке түтiгiнің құрамындағы түрi алмұртқа ұқсас, өсiндiлi жасушаны - пронейробласт немесе нейробласт деп, ал дөңгелек, кейде дұрыс формасыз, нейробластан көлемi кiшiсiн - спонгиобласт деп атайды. Нейробластан әртүрлi жүйке жасушалары (нейрондар, нейроциттер), спонгиобластан-нейроглия дамып жетiледi. Жүйке қаптамасы сезім ағзаларының қалыптасуына қатысады.