Жеке гистология (микроскопиялық анатомия)


Жеке гистология немесе микроскопиялық анатомия - гистология пәнiнiң арнайы бөлiгi. Онымен жеке эмбриология тығыз байланысты. Бұл пәндер ағзаның микросопиялық, ультрамикроскопиялық құрылысы мен ұрықтық дамуы туралы түсiнiк берiп, организмнің қызметтерiн, түрлi ауытқу немесе ұлпалар және ағзалар құрылыстарының өзгеруiн зерттеуге қажет болады.

Организм дегеніміз - өз бетiнше сыртқы ортамен тығыз байланыста тiршiлiк ететiн, бөлiмдерiмен өзара iс-қимыл жасайтын, тiрi, бүтiн, тарихи қалыптасқан, тұқым қуалаушылық қасиеттердi ескеретiн, құрылысы және дамуы ерекше жүйе. Ол бiрнеше ағзалар жүйелерiнен түзiлiп, белгiлi бiр тiршiлiк қызметiн атқаратын органикалық әлемнiң бүтiн бiр бөлшегi.

Ағза (organum) - құрылысы мен пiшiнi қалыптасқан, тiршiлiк қызметтерi арнайы бейiмделген организмнiң бiр бөлiгi. Ол бiрнеше ұлпалардан, ұлпа емес заттардан түзiледi. Оның құрамында ұлпалар қалай болса солай емес, ағзаның атқаратын қызметiне, жасушаларды қоректендiруге, ағзалар мен ұлпаларды жүйелендiруге сай, күрделi заңдылықпен орналасады. Әрбiр ағза өзiне тән тiтiркендiргiштi ғана қабылдайды.

Ұлпалардың орналасуына байланысты организм ағзаларын (мүшесiн) - нағыз немесе үлпершектi немесе паренхималық (қуыссыз iшкi ағзалар) және қабатты деп, екiге бөледi.

Үлпершектi ағзада (мысалы, өкпе, бауыр, бүйрек, ен, лимфа түйiндерi, көкбауыр) басты қызмет атқаратын ұлпаны - паренхима деп атайды. Ол, мысалы, бұлшық еттерде - көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы, бездерде-секреторлы эпителий, көкбауырда - ретикулярлық ұлпа болады. Ағзаның тiректiк, қосымша, көмекшi ұлпасын - строма деп атайды. Строма дәнекер ұлпадан тұратын ағзаның қабығынан келiп, ағза iшiнде перделер құрып, паренхиманы бөлiкшелерге, шоғырларға бөлiп, ағза қабығынан өзiмен қоса қан тамырларын және жүйкелердi әкеледi. Ол дәнекер ұлпадан тұрады, оның құрамында бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары болады.

Қабатты ағзалар паренхима және стромаға бөлiнбейдi. Оның қабығы, бөлiкшелерi болмайды. Құрамына кiретiн ұлпалар қабат-қабат орналасады. Олардың пiшiнi тақташа немесе түтiк тәрiздi болады. Оған терi, iшек, қарын, қан тамырлары мысал бола алады.

Ағзалар дамуы (органогенез) биогенетикалық заң айқындайтын тарихи процесте баяндалады. Ол үшiн ағзалар жүйесiнiң пайда болу мезгiлi, дамуы жазылады. Онымен танысу әр жүйедегi жеке даму кезiнде түрдiң дамуына байланысты қасиеттердiң тез қайталануы (рекапитуляция) орнын анықтауды қажет етедi. Оның (рекапитуляция) бiр категориясы арғы ата-аналарынан сақталады, екiншiсi-кейiнгi рекапитуляцияны қосады, ол қазiрде өзгеруде.

Жүйке түтiгiнiң (жүйке ұлпасының дамуын қара) мойын, қаңқа аймағы жұлынға нақтыланып, алдыңғы бөлiгi бас миына ауысады, ал өзегi жетiлген ми-жұлын орталығы өзегiне ауысады. Жүйке түтiгi алдыңғы бөлiгiндегі әр бөлiмшелерi бiр қалыпты өспейдi, кейбiр жерi қалыңдап, келешек ми сыңары дамитын жер қалта тәрiздi томпайып, ми көпiршiктерiн (алдыңғы, ортаңғы және артқы) белгiлейдi (54 сурет). Алдыңғы көпiршік келешекте үлкен ми - шеткi және аралық ми өскiндерiне бөлiнедi. Ортаңғы көпiршiк дамып, нақтыланып, ортаңғы миға ауысып, сопақша ми өскiнiн бередi. Артқы көпiршiк дамуында мишық және көпiр ми өскiндерiне бөлiнедi.