СЕЗIМ АҒЗАЛАРЫ. Жалпы сипаттамасы және жiктелуi


Организм тiтiркенудi қабылдап, хабарды сыртқы, iшкi ортадан арнайы сезгiш құрылымдар-ұлпадағы қабылдағыштардан және сезiм ағзаларынан алады. Ұлпадағы қабылдағыштар жанасу (қысым, соққы, шайқалу және созылу), дене қызуы, ауырсыну және басқа хабарды қабылдауға жауапты. Сезiм ағзаларына-көру, есту, иiс, дәм сезу, тепе-теңдiк сақтау, жанасуды қабылдауға арналған сезiмтал құрылымдар және көз, құлақ, мұрын, тiл, терi ағзалары жатады. Сезiм ағзалары жүйке жүйесінің құрамына кiрiп, И.П. Павлов айтқандай, талдағыштардың шеткi бөлiмiн (сезгiш жүйелер) құрады. Әр талдағыш рефлекс доғасының орталыққа бағытталған бөлiгi есептелiнедi де, үш: тiтiркенiстердi қабылдайтын шеткi-қабылдағыштан (рецептор); жүйке тiтiркенiстерi жүретiн (жүйке, ми өткiзгiш жолдары)-аралық және сезiмтал хабарды қабылдап, өңдейтiн-орталық (ми қыртысы, қыртыс астындағы орталықтар) бөлiмдерден тұрады.

Хабарды сыртқы ортадан алатын қабылдағыштар - беткей (сипау, иiс, дәм сезу, көру, есту ағзалары), iшкi ағзалардан алатындарды - iшкi (iшкi ағза, ұлпа, тамырлар), ал қимыл жүйесiнен алатынды (сүйек, бұлшық ет, буын) - проприорецепторлар (тепе-теңдiк, ауырлық, дене бiрқалыптығын сезетiн) деп атайды. Тiтiркенiстің негізiне орай, қабылдағыштар-механо-, хемо-, фото-, жылу- және ауырсыну деп жiктеледi. Жасушалардың хабарды қабылдауына байланысты қабылдағыштар: алғашқы (нейросезгiш) және екiншi (эпителийлi сезгiш) сезгiш деп бөлiнедi. Алғашқы (нейросезгiш) сезгіш қабылдағыштар шеткi өсiндiлерi арқылы хабарларды қабылдап, жүйке тiтiркенiсiне айналдырып, орталық жүйке жүйесiне өткiзедi. Олар тек омыртқасыздарға тән, ал омыртқалылардың көру және иiс сезу ағзаларының құрамында кездеседi. Екiншi сезгiш қабылдағыштар арнайы эпителийдің жасушалары, сезгiш хабарларды кiрпiкшелерiмен қабылдайды. Олардан тiтiркенiстер орталық жүйке жүйесiне эпителий кiрпiкшелерiн қоршап жатқан нейрон дендриттерiнің көмегiмен өткiзiледi. Бұл қабылдағыштар омыртқасыздарда болмайды, омыртқалылардың есту, тепе-теңдiк, дәм сезу ағзалары құрамына енедi.