ЖҮРЕК ПЕН ТАМЫРЛАР ЖҮЙЕСI. Жалпы түсiнiк


Сүтқоректiлердің жүрегi, қан тамырларының өскiндерi ұрықтық дамуда ерте, жүйкенің сайша қалтқысының жүйке түтiгiне тұтаспай тұрғанда пайда болады. Жүрек өскiндерiнiң пайда болуы ұрық қоректенуi өзгерiстерiне дәл келедi. Ол тек ұрықты ғана қанмен қамтамасыз етіп қоймай, дамудағы организм ұлпаларына ана қанынан қажеттi заттарды жеткiзу үшiн, арнайы уақытша ағзалар құрады. Ең алғашқы болып, сарыуыз қапшығы пайда болады. Ұрықтың тамырлар жүйесi қысқа уақытта (3-4 тәулiк) өскiндер берiп, өз қызметтерiн атқара бастайды.

Жүрек пен тамырлар жүйесiне жүрек, қан, сөл (лимфа) тамырлары кiредi. Онда мына қызметтер атқарылады:

қоректiк–қоректiк заттармен ұлпаларды жабдықтау;

тыныс алу-оттегiмен ұлпаларды жабдықтау;

бөлiндi (экскрет) бөлу-ұлпалардан зат алмасу өнiмдерiн шығару;

бiрiгу-барлық ұлпалар мен ағзаларды бiрiктiру;

ағзалардың қызметін реттеу, ол үшін-ағзаларды қанмен жабдықтауды өзгерту, гормондар, өсу себепшарттарын және цитокиндердi тасымалдау, биологиялық белсендi заттарды өндiру;

қабыну және иммундық реакцияларға қатысу.

Жүрек пен тамырлар жүйесi жеке элементтер қызметтерiн, қан айналу жағдайларын, олардың ерекше құрылысын анықтайды. Жүрек бұлшық еттің сорабы рөлiн орындап, тамырлар жүйесiне ырғақты қан түсуiн қамтамасыз етедi. Бұл жүрек бұлшық етiнің күштi дамуынан, ырғақты қамтамасыз ететiн ерекше жасушалар барлығынан iске асады.

Iрi қызылтамырлар (arteriae, қолқа-aorta және өкпе артериясы-arteriae pulmonalis) жүрек жанында жүректен қан түскенде (жиырылуы-систолада) созылып, қан арнасының алысырақ бөлiгiне қанды шығарғанда (босаңсуы-дистолада), ол қайта өз қалпына келедi. Сондықтан қан ағысы бiрқалыпты, қанмен жабдықтау-тұрақты жүредi. Тамырлар қызметiн қабырғасында күштi дамыған эластин элементтерi қамтамасыз етедi.

Ортаңғы және ұсақ қызылтамырлар әртүрлi ағзаларға, бөлiктерiне қан әкелiп, қан ағымының күйiне байланысты, оларды реттеп отырады. Ол тамыр қабырғасында дамып, жетілген бұлшық етке байланысты жүредi. Қанның қызылтамырлардан жоғары қысыммен өтетiндiгінен, олардың қабырғасы қалың, құрамында жақсы дамыған эластин элементтерi болады.

Қызылтамыршалардың (ең ұсақ тамырлар) санына, енсiз саңылауына, қабырғасындағы бұлшық еттің элементтерiне байланысты, ондағы қысым (жоғарғы қызылтамырдан төменгi қылтамырларға дейiн) күрт түсiп кетедi. Қызылтамыр жүйесiндегi жалпы қысым қызылтамыршалар ширығуымен анықталады.

Қылтамырларда қан мен ұлпалар арасындағы зат алмасу жүредi, ол (зат алмасу) қылтамырлардың жалпы бетiнiң орасан зорлығы мен қабырғасының жұқалығы арқасында өтедi.

Көктамырша төменгi қысымдағы қанды қылтамырлардан жинайды. Көктамыршаның қабырғасы жұқа болады, сондықтан қылтамырлардағыдай зат алмасуына мүмкiндiк туғызылады, қаннан жасушалар аууын жеңiлдетедi.

Көктамырлар жүрекке төменгi қысыммен жәй тасымалданатын қанның қайтуын қамтамасыз етедi. Сондықтан саңылауы кең, эластин, бұлшық ет элементтерi (тек көктамырда жақсы дамып, қанды ауыртпалық күшiне қарсы алып жүредi, ерекше тетiк, қан қозғалысын қамтамасыз ететiн-қақпақшалары болады) нашар дамыған жұқа қабырғасымен сипатталады.

Тамырлар құрылымының жалпы заңдылықтары. Тамыр түтiкше тәрiздi, оның қабырғасы үш қабықтан: iшкi-астарлы (интима), ортаңғы-медиа, сыртқы-адвентициядан (76 сурет) тұрады.

Интима - эндотелий, дәнекер ұлпадан тұратын, эластин талшықтарын сақтайтын эндотелий асты қабатынан, жеке талшықтарға қарапайымдалып жойылып кете алатын iшкi серпiмдi жарғақтан құралған.

Ортаңғы қабық шеңбер тәрiздi орналасқан бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларын және коллаген, ретикулин, эластин талшықтары торын, негiзгi зат қабаттарын қосады. Онда жеке фибробласт тәрiздi жасушалар кездеседi.

Адвентиция - сыртқы серпiмдi жарғақшадан (болмауы мүмкiн), жүйке және тамырдың тамырын сақтайтын борпылдақ талшықты ұлпадан құралады.

Эндотелий жүректi, қан және сөл (сарысу) тамырларын астарлайды, бiр қабатты жайпақ эпителийден тұрады, жасушаларының (эндотелиоциттiң) пiшiнi көпбұрышты (полигональды), әдетте ұзынша тамыр жолына сай, бiр-бiрiмен тығыз және саңылау түрiмен байланысады. Физиологиялық қайта қалпына келуде ол баяу жаңарады (ерекшелiк эндометрий, жұмыртқалық-тың көпiршiктері мен сары денешiктері тамырларының циклдi өсу процестер iнде болады). Эндотелий бұзылғанда, оның жаңаруы күрт күшейедi.

Эндотелий атқаратын қызметтер:

тасымалдау - ол арқылы қан, басқа ұлпалар арасында заттар таңдалып, екi жақты тасымалданады. Онда мына тетiктер: диффузия және везикулалы тасымалдау жүредi;

қан тоқтату - қан ұюында басты рөл атқарады;

вазомоторлы - тамыр тонусын реттеуге қатысады: тамыр тарылтатын (эндотелин), кеңейтетiн (простациклин және азот тотығы) заттар бөлiп, тамырдың белсендi заттарының алмасуына қатысады;

қабылдағыш - жабысуды, келесi лимфоциттер, моноциттер, түйiршiктi лейкоциттердің трансэндотелийлi аууын қамтамасыз ететiн жасушалардың қабығында бiрсыпыра қоспалар айқындап, қабынуда, иммунды реакцияда күшейедi;

түзiндi өндiру - қан, пролиферация, Т-, В- лимфоциттердің нақтылануы, қабыну ошағына лейкоциттер тартуын реттейтiн митоген, тежегiш және өсу себепшарттар мен цитокиндердi өндiредi;

тамыр құру - қылтамырлардың жаңадан пайда болуын (ангиогенез) ұрықтық дамуда, қайта қалпына келуде қамтамасыз етедi.

Ангиогенез мына жолдармен өтедi: эндотелиоциттің негiзгi жарғағының жергiлiктi бүлiнуiнде; жасуша аралық заттек пролиферациясы және аууында; эндотелиоциттiң түтiкше құрылым құруындағы нақтылануымен жүредi.

Ангиогенез цитокиндермен және эндотелиоциттердің жасуша аралық заттектерімен өзара iс-қимыл жасауда жабысу жолымен бақыланады.