ҚАН ТҮЗЕТIН АҒЗАЛАР ЖӘНЕ ИММУНИТЕТ ДАМУЫ. Жалпы түсiнiк


Сүйек кемiгi, айырша без, лимфа түйiндерi, көк бауыр, бадамшалар, пейер шытыралары, олармен қатар асқорыту жолындағы, жыныс, тыныс алу және несеп бөлу жүйелерiндегi лимфа түзетiн құрылымдар қан түзетiн, әрi иммунитет дамитын ағзалар болып келедi. Бұлардан басқа иммунды жүйеге көптеген диффузды топтанған лимфоидты ұлпалар, организмнiң барлық жерiнде бытыраған лимфоциттер, жебiр, тегiжат жасушалары, қанның лимфоциттерi, моноциттерi және лимфалар жатады.

Олар қан түзу мен иммунитет дамуының өзара байланысуына қатысып, организмдегi жасушалар әрекетiн микроорганизмдер мен бөгде тегiжаттан қорғап, иммунды бақылауды қамтамасыз етедi.

Иммунды реакция: иммунды қабылеттi жасушалар тiкелей байланысы әсерiнiң, олардағы нысаналарға себепшi болатын - жасушалық (оны тегiжат мүмкiндiгi бар жасушалармен өзара iс-қимыл жасайтын-Т-лимфоциттер iске асырады) және организмнің қаны мен сұйықтық айналымындағы тегiжатын бейтараптандыратын антиденелер-иммунды глобулиндердiң өндiруiмен байланысты - гуморальдi (оны тегiжаттар өндiретiн жасушалар және Т-лимфоциттермен өзара iс-қимыл жасайтын-В-лимфоциттер қамтамасыз етедi) деп, бөлiнедi.

Иммунды құзырлық жасушалардың жетілуi организмде басқа жасушалар түрлерiмен өзара iс-қимыл жасауына және бiртiндеп аууына байланысты болады. Осы процестегi иммунды жүйе ағзаларының рөлiне қарай, оларды орталық және шеткi деп бөледi.

Жануарлардың орталық иммунды жүйе ағзаларына - сүйек кемiгi, айырша без және құста-бiтеу (фабрициев) қапшығы жатады. Олар тәуелсiз-тегiжаттар түзiлiп, өсуiн және сүйек кемiгiнен келетiн құрушы-жасушалар жетiлуiн қамтамасыз етедi. Сөйтiп, түрлi тегiжаттыққа қажет көп қабылдағыштары бар жасушалар құрылады. Осы кезеңде тегiжаттар қажетсiз түгiлi, тiптi зиянды болады.

Шеткi иммунды жүйе ағзаларына осы жүйе ағзалары, құстардың терi, өкпесiндегi лимфа құрылымдары кiредi. Олар тәуелдi-тегiжаттар түзiлiп, өсуiн, орталық ағзаларда қажеттi тегiжатқа сай, арнайы қабылдағыштарға ие, одан ауып келген жасушалардың жетiлуiн қамтамасыз етедi. Бұл ағзалар тегiжатпен байланысты қамтамасыз ету үшiн, тегiжаттар түсетiн лимфа, қан жолдарында орналасады.

Қан түзу ағзалары, иммунитет дамуы құрылысының негiзгi қағидалары, олардың атқаратын қызметтерiн көрсетедi. Бұл ағзалардың бәрiнде қан өндiру және стромалық жасушалар болады. Кейiнгiлер әр ағзада тiректiк, қоректiк және реттеу қызметтерiн орындайды; ерекше қан немесе лимфа тамырлары арнайы қызметтердi-тану, жасушаларды сорттау, аудару, тегiжаттарды ұстау және тағы басқаларды қамтамасыз етедi; көптеген жебiр жасушалар әртүрлi бүлiнген жасушаларды, олардың бөлшектерiн жұтып қоюына қатысады.

Иммунды жүйе шеткi ағзаларының аталған қызметтерiмен бiрге тән нәрсе, ол онда В-, Т-тәуелдiлiк аймақтарының бары. В-тәуелдiлiк аймағының түрi лимфа түйiншегiндей, олармен лимфа ұлпасының шашыраңқы тобы байланыста болады. Ал, Т-тәуелдiлiк аймағы әдетте лимфа ұлпасындағы фолликула аралығына тең келедi.