ӨСIП-ӨНУ ЖҮЙЕСI


Өсiп-өну жүйесiнiң ағзалары жыныс жасушаларының құрылуына қатысады, одан әрi дамуын қамтамасыз етедi және көбею процесiн реттейтiн гормондар түзедi.

Еркек, ұрғашы малдардың өсiп-өну ағзаларының құрылысы бiр тектес: аталық жыныс жасушалары–шәуеттердi және аналық жыныс жасушалары–жұмыртқаклеткаларын өндiретiн жыныс бездерiнен тұрады. Өсіп-өну жүйесіне аталған бездерден (ен-еркек малда, жұмыртқалық-ұрғашы малда) басқа жыныс өткiзгiш жолдары, қосалқы жыныс бездерi және шағылысу ағзалары жатады.

Олар тұқым ауысуын қамтамасыз етiп, тұқым қуалаушылық белгiлерiн бередi.

Үй жануарлары түрлi жыныстыларға жатады, бiр-бiрiнен құрылысы және қызметiмен ерекшеленедi, сондықтан оларда бiрiншi және екiншi қосалқы жыныстық белгiлерін ажыратады.

Бiрiншi қосалқы жыныстық белгiлерге: а) жыныс хромосомаларының айырмашылықтары (генетикалық)-аналықта-ХХ хромосомалар, ал аталықта-ХУ хромосомалар болады. Құстарда хромосомалар қарама-қарсы-аналықта ХУ, аталықта-ХХ хромосомалар орын алады; б) жыныс жасушаларының құрылысындағы айырмашылықтары (герминативтi); в) жыныс бездерiнiң құрылысындағы айырмашылықтары (гонадалық) жатады.

Екiншi қосалқы жыныстық белгiлер болып: а) жыныс жолдарының құрылысындағы айырмашылықтары (гонофорлық); б) сыртқы жыныс мүшелерiнің айырмашылықтары (экстрагенитальдi) есептеледі.

Бiрiншi қосалқы жыныстық белгiлер жыныс бездерiнің өскiндерi пайда болысымен байқалады, ал екiншiсi-физиологиялық жыныстық толысудан кейiн көрiнедi және шаруашылық толысуда одан сайын күшейiп, жақсы айқындалады.

Физиологиялық жыныстық толысу деп, алғашқы жетiлген жыныс жасушалары пайда болған жануарлардың жасын айтады. Бұл кезде екiншi жыныс белгiлерi байқалмайды. Аталық және аналықтың ұрпақ өрбiтуге бейiмдiлiгi шошқада 5, жиiрек 4 ай, қойда 6, қашар мен еркек баспақта 6-8 ай, тайда 1 жыл. Ұрғашы малдарда ол, оның шабыттанып алғашқы күйтi-күйлеу кезеңi келуiмен, еркек малда ен қосалқысында шәуеттердiң пiсiп жетiлуiнен көрiнедi.

Шаруашылық жыныстық толысу деп, организмнiң өсуi аяқталған жануарлардың жасын айтады. Онда екiншi жыныстық белгiлер толық дамиды. Жануарлардың сыртқы көрiнiсi, пiшiнi, дене пропорциясы-сымбаты, оның қай түрге және жынысқа тән екенiн көрсетiп тұрады. Тек шаруашылық жыныстық толысудан кейiн ғана жануарларды ұдайы өндiруге жiберуге болады.