Гистология, эмбриология және цитология емтиханына дайындалуға арналған ұсыным


Емтихан мақсаты: Пән бойынша студенттер бiлiмiн, iскерлiгiн анықтап, бағалау.

Пәндi толық өткен студент мыналарды:

1. Гистология, эмбриология және цитологияның ветеринария ғылымы мен практикасы, ауылшаруашылық, медицина салаларындағы маңызын;

2. Гистология, эмбриология және цитология даму тарихының басты негiзгi кезеңдерiн;

3. Жасушалар, ұлпалар және ағзалар құрылысындағы заңдылықтарды;

4. Жарық, электронды микроскоптардағы және гистохимиялық деректерге сай, ұлпалардың құрылымдық, қызметтiк ерекшелiктерi және олардың тiршiлiк әрекеттерiне қатысуын;

5. Организмнiң, оның ұлпалары мен ағзаларының ұрықтық дамудағы негiзгi зандылықтарын - БIЛЕДI.

Мынаны IСТЕЙ АЛАДЫ:

1. Түрлі микроскоптар мен микротомдарды пайдалануды, зерзатты жарық оптикалық техника арқылы көрсетуді, лейкоциттерді санауды, лейкоцитарлық формуланы құруды, микроскоппен жұмыс істеуді, гистологиялық препараттарды дайындап, оларды “оқуды”, микроскоптың окулярлық көрсеткішін әзірлеуді және микро-, электронды бейнелерді айқындауды, ғылыми тәжірибе сызбасын құруды, оны талдауды.

2. Жарық, электронды микроскоптарда ұлпаларды, олардың жасушаларын және жасушасыз құрылымдарды ажыратуды.

3. Жарық, электронды микроскоптарда ағзаларды, олардың құрамындағы ұлпаларды, жасушаларды анықтауды.

4. Организмдегi сыртқы және iшкi орта әсерлерiнен, оның құрамындағы жасушалардың, ұлпалардың, ағзалардың өзгерiстерiн ажырата алуды.

5. Жасушалар, ұлпалар және ағзалардың дамуын, құрылысын, олардың сыртқы орта әсерiне орай өзгеруiн меңгеру үшiн, негiзгi заңдармен ұғымдарды пайдалана алуды.

6. Ғылыми эдебиеттермен жұмыс істеуді, қысқаша жазбаны (конспекті) жазуды, қазіргі зерттеу әдістерін жүргізу дағдысын дамытып, қолдануды.

СТУДЕНТТIҢ ЕМТИХАНҒА ӨЗ БЕТIМЕН ДАЙЫНДЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Ол үшiн алдымен оқулықтан, дәрiстерден деректердi қайталап, одан соң гистологиялық препараттармен жұмыс iстеуге көшу қажет, басқаша айтқанда iлiмнен iс-тәжiрибеге (дағдыға) бағытталған жөн.

Өз бетiмен емтиханға дайындалу үшiн студент алдымен бiлiм деңгейiн (меңгеруiн) талдап алып, жоспарлауы қажет. Өз бiлiмiн тексеруге студент әр сабаққа арналған бақылау сұрақтары мен пән бағдарламасын пайдаланғаны дұрыс. Ол үшiн кафедрадан (аға лаборанттан) дайындалған дәрiстердi алып, түсiнбеген сұрақтарға жауап iздеп, тауып, зейiнмен оқып, меңгеру керек.

Дәрiсте әр тақырыпта талқыланатын сұрақтардың негiзгi заңдылықтары, ең кейiнгi алынған мәлiметтерi берiледi.

Қандай да болмасын мәлiмет және деректердi игеруде пән көрнектi құралдарының маңызы зор. Ол үшiн оқулықтағы, атластағы, практикумдегi препараттар бейнесiн ықыласпен қарау орынды.

Гистологиялық препаратты оқыту тек кафедрада жүргiзiлетiндiктен, оны дұрыс жоспарлау керек. Отыз жылдан артық тәжiрибеге сүйене отырып, айтарым, студент гистологиялық препаратты әр тараудан соң (цитология, жалпы эмбриология және гистология) қайталағаны жөн.

Гистологиялық препараттармен жұмыс iстегенде сабақ тақырыптарына сай берiлген дәлелдемелердi, сипаттамаларды жақсы түсiнiп алу керек. Препаратты “оқығанда”, оның түрiн, көлемiн ғана баяндау жеткiлiксiз. Басты белгi, препараттағы зерзаттың микроскоптағы құрылымы болуы шарт.

Электронды микроскоптағы құрылым бейнелерiн “оқу” үшiн, оның фотосуреттегi барлық түзiлiстерiн көрiп, ол қай ұлпаға, ағзаға жататынын, жасушалар болса, ондағы тұрақты немесе тұрақсыз құрылым ба, әлде қандай құрылым екенiн, әрi қандай қызмет атқаруға қатысатындарын тұжырымдау керек.

Өз бетiмен дайындалу жоспарында студент кафедрада белгiленген тақырыптық кеңес уақытында ескеруі қажет.

Емтихан өткiзу тәртiбi мен мағынасы

Гистология, эмбриология, цитологиядан емтихан екi тәсiлде жүргiзiледi:

1. Емтихан сұрақтары жазылған парақ (билет), препараттар және басқалар;

2. Тест тапсырмалары, препараттар және басқалар.

Емтихан түрiн Ғылыми кеңес шешедi.

Бiрiншi тәсiлмен емтихан жүргiзiлгенде әр студентке емтихан сұрақтары жазылған парақ, препараттар, электронды микрофотосурет (немесе сызба) берiледi. Парақта үш сұрақ (бiрiншi, екiншiсi - жалпы, үшiншiсi–жеке гистологиядан) болады.

Емтиханға берiлетiн парақ үлгiсi:

1-шi парақ

1. Жасуша: анықтамасы, жалпы құрылымы. Жасуша қабығы: құрылысы, химиялық құрамы және қызметi. Жасушааралық байланыстар, олардың құрылым және қызмет сипаттамасы.

2. Бұлшық ет ұлпасы, оның жалпы сипаттамасы, жiктелуi, дамуы, қайтадан қалпына келуi. Бұлшық ет талшығының жиырылуына себепшi құрылымдардың құрылысы.

3. Тамырлар жүйесiнiң сипаттамасы және дамуы. Қызылтамырлар: жiктелуi, құрылысы және қызметi.

Кейбiр парақтардағы сұрақтарда толық тараулар, әсiресе пәннiң даму тарихы және т.б. берiледi. Мысалы, макрофагтар: олардың дамуы, құрылысы, қызметi. Организмдегi макрофагтар жүйесi туралы түсiнiк, оны зерттеген И.И. Мечниковтiң үлесi.

Бұл параққа қоса, бiр-екi белгiсi қойылмаған гистологиялық препараттар берiледi. Олар парақтағы сұрақтарға тән, әрi бөлек сұрақтарға сай берiледi.

Алғашқыдағы басты мақсат iлiммен тәжiрибенi байланыстыру болса, екiншiсiнде студенттiң гистологиялық препараттағы зерзатты дұрыс анықтаудағы қабiлетiн, дағдысын анықтап, бағалау.

Парақтағы сұрақтарға жауап қайтарғанда жалпы деректермен қоса, арнайы қосымша бөлiмдердегi деректердi де баяндаған жөн. Айталық, жеке гистологияның сұрағына жауап берерде, алдымен ағзаға анықтама берiп, ол құрылымына байланысты қалай жiктелетiнiн, әрi қай ағзалар жүйесiне жататынын, неден дамитынын, қандай құрылымы барын, оны атқаратын қызметiмен байланыстырып, одан соң электронды микроскоптағы ерекшелiктерiн дәрiстегi тәртiппен сипаттаса, онда емтихан мақсатына сай, берiлетiн жауап толық, ойланып айтылады, әрi бiлiмi терең екендiгi байқалады.

Берiлген препараттарды, басқа құрал-жабдықтарды (сурет дәптерiн) жауап ағысында көрнектi құрал ретiнде көрсетiп, дәлелдеп отырған жөн.

Екiншi тәсiлмен емтихан жүргiзу де екi жолдан тұрады.

Алғашқыда студенттiң гистологиялық препаратын, электронды микроскоптағы фотосуретiмен жұмыс iстеу қабілеттiлiгi анықталса, екiншiсiнде оның бiлiмiнiң деңгейi тест тапсырмаларына берiлген жауабынан бағаланады.

Тест тапсырмаларының деңгейi әртүрлi. Қазiр, бiз пайдаланып жүрген тест тапсырмаларындағы бес сұрақтың, тек бiреуi ғана дұрыс. Мысалы, цитоплазмадағы қоректiк тұрақсыз қосындыларды анықтаңыз - атты 52-шi тест тапсырмасында берiлген мына жауаптардың - 1) гормондар, сүт, май; 2) белок, май, көмiрсулар; 3) тер, зәр, белок; 4) пигмент, көмiрсулар, сүт; 5) витаминдер, сүт, май iшiнен дұрыс жауабын тауып, оны, мысалы, 10–2 деп, белгiлеу керек.

Емтиханда студенттiң бiлiмiн, қабілетiн бағалау белгiсi (критерийi).

Студенттiң бiлiм деңгейiн анықтау, оның ауызша жауабында келтiрiлген iлiм деректерiне, олардың пән бағдарламасына сай сипатталып, баяндауына байланысты, жоғарғы оқу орны ережесiне сай, “қанағаттанғысыз” баға, парақ сұрағына дұрыс жауап бермей, сипаттамада айтарлықтай терiс түсiнiкпен, пән бағдарламасына қайшы жауап берген (тест тапсырмалары болса, жауап елу пайызға жетпесе) студентке қойылады. Бұл бағаны түзету үшiн студент қосымша кеңес алып, қайта дайындалуы қажет.

“Қанағаттанарлық” баға пән бағдарласын меңгерiп, қойылған сұрақтарға жауап берiп, бiрақ толық сипаттай алмаған, қажеттi әдебиеттi жетiк бiлмейтiн (тест жауабы 50-74% болған) студенттерге қойылады. Олардың да оқытушыдан кеңес алғаны орынды.

“Жақсы” баға пән бағдарламасына сай деректерге толық жауап берiп, қойылған тапсырмаларды шеше алатын, әдебиетпен жақсы таныс, өз бетiмен дайындалуға қабілетi бар (тест жауабы 75-89% толған) студенттерге қойылады.

“Өте жақсы” баға пән бағдарламасын жан-жақты, терең меңгерiп,арнайы түгiлi, қосымша әдебиеттердi бiлетiн, тапсырмаларды еркiн шеше алатын, әрi қойылған сұрақтар жауабына анықтамалар мен түсiндiрмелердi келтiрiп, өмiрде кездесетiн жағдайлармен байланыстырған, қабілетi мол (тест жауабы 90-100% алған) студенттерге қойылады.

Әр уақытта емтиханнан «өте жақсы» баға алуларыңызды тiлеймiз.