АЛҒЫ СӨЗ


Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің тарихының 1941-1960 жылдардағы даму жолын талдауға арналған кезеңі негізінен Отан соғысы мен соғыстан кейінгі дәуірді қамтиды. Әдебиет дамуы осы тұстағы қоғамның саяси-әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста өтті. Сондықтан онда Ұлы Отан соғысындағы кеңес азаматтарының Отан қорғау жолындағы ерлігі мен сол тұстағы ел өмірінің шындығы танылады. Соғыстан кейінгі әдебиет те халықтың бейбіт құрылысындағы ісі мен еңбегін көрсетуте арналды. Жалпы әдебиет дамуын осы бағдарда ұстай отырып, қазақ жазушылары көркем сөз арқылы әр қилы өмір тартыстарында тіршілік кешкен адамның рухани биік сапасын, жан сезімі тартысын көрсетуге ұмтылды. Партияның идеология жөніндегі қаулыларының қысымына шыдай отырып, қазақ әдебиеті әдеби жанрларын дамытты. Көркем проза, әсіресе, роман алдыңғы қатарға шықты. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің романдары қырқыншы-елуінші жылдардың шекарасында әлемдік әдебиеттің игілігіне айналды. Кейін бұл қатарды Ә.Нұрпейісов пен Т.Ахтанов толықтырды. Басқа жанрларда да шығармашылық ізденістердің баяндылығы байқалды.

Әлем тарихында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиеттің ерлігіне ешқандай ерлік тең келмейді.

Жазушылар барлық күшті Отан мен өте қиын жағдайда өздерінің тәуелсіздігін қорғап қалған халық алдындағы міндетті орындауға, жұмылдыруға, біріктіруге барынша талпынды. «Барлық күш – жауды талқандауға!» (жұмылдырылсын) деген ұран тікелей жазушыларға қатысты айтылды. Жазушалар өздерінің қаруы – сөздерімен барлық үлкен, кіші шайқастарға (кейде тіпті қаламын найзаға ауыстырды десе де болғандай) қатысып отырды.

Әскери әдебиетшінің негізгі қаруы сөз болды, сондықтан оның бойында тек әскери ғана емес, өмірдің шындығын, ал соғыста өлімнің шындығын суреттйтіндей жазушылық шеберлігі, жазушылық ерлігі де болуы қажет болды. Тек таза шындық қана, соғыс дағдысында көзімен көріп, тікелей сезінген ащы да қатал шындық, жауынгердің рухын көтеріп ерліктер жасауға, өзін-өзі құрбан етуге, соғысқа дайындалуға көмек етті.

Жан-жағында қарқынды ақындар мен жазушылар шоғырландырылған майдан даласындағы газеттердің саны шын мәнінде өте көп болды. Дәл осы газеттер сол бір зұламатты жылдардың барлық оқиғаларын нақты, егжей-тегжейлі айтып береді. Ол ерліктің, қайғы-қасіреттің халық ерлігінің тірі (жылнамасы) жазбасы болуымен қатар, ұрпақтар үшін құнды ескерткіш болып қалмақ.

Соғыс – ерлік жасау мен шығынға ұшырау уақыты. Отан үшін соғыста құрбан болғандарға мәңгілік өшпейтін ескерткіш – халықтың оларға деген шексіз құрметі, есімі мен ерлігін есте сақтауы. Олар батырларға арналған жоқтау жырларынан айқын көрінеді. Ғ.Ормановтың генерал И.В.Панфиловқа, Ж.Саиннің – үш дүркін ерлік орденінің кавалері, ерлікпен қаза тапқан капитан Әлікей Жанұзақовқа арналған жоқтау өлеңдері бар.

Соғыс жылдарында поэзия жанрының кең таралған түрлеріне жолдау өлеңдер, лирикалық хаттар, халыққа, батыр – қалаларға, туған жерлерге, отбасы мен туған-туысқандарға арналған үндеулер жатады. Ол кең байтақ Отанның әр қиырындағы адамдарды түгендеудің қажеттілігін тудырып, азаматтық, сырластық сезімін қайраған соғыс жағдайымен түсіндіріледі. Сонымен бірге, бұл жанрлар кең, икемді болды әрі жеке және өткір қоғамдық мәселені өз ауқымына сыйғыза білді. Олардың идеялық-тақырыптық аясы өте кең, күреске шақыру, Отан үшін ерлік жасау, халықтар достығын нығайту, соғысқа кетіп бара жатқандарға бата беріп, ақ жол тілеу, сүйіктісімен, туысымен сыр бөлісу секілді мәселелерді қамтиды.

Бұл жанрда Жамбыл жемісті еңбек етті. Ақын өзіне ұрыс даласынан келген хаттардың бәріне өлеңмен жауап жазып отырды. Мәселен, 1942 жылдың сәуірінде қазақ жауынгері Сейітов Дүйсекен мен оның командирі Борис Сахаровтан келген хатқа ақын «Жүз жасаған жүректен» жырымен жауап берді.

Соғыс жылдарында қазақ жазушылары мен ақындары көркемдік тәжірибенің қатал мектебінен өтті, соғыс оқиғалары оларды өнегелі-философиялық мәселелердің тереңдігімен байытты. Олар соғыстағы адам мен халықты суреттеу арқылы өздері үшін көп жаңалық ашты.

Соғыс жылдарындағы әдебиеттің эволюциясы халықты тарихтың субъектісі ретінде терең суреттеуден тұрады. Мұнымен жанрлардың қозғалысы да байланысты болды. Алғашқы кездегі оқиғаларға эмоционалдық үн қосулардан соғысты халық өмірінің арнайы бір кезеңі ретінде тануға, түсінуге дейін ауысты.

Соғыс жылдарында лирика дамудың ең жоғарғы деңгейіне жетті. Поэзияның негізгі жанрлары өзіндік-лирикалық (махаббатты, жек көрушілікті, өмір мен өлім мәселелерін көтерген, сыршыл мотивтер), сондай-ақ, жолдаулар, сатиралық (карикатуралар, мысалдар) және лиро-эпикалық (балладалар, поэмалар) өлеңдер болды.

Өз батырларын, оқырмандарын, халқын жауды жоюға, күреске шақырған көптеген өлеңдер, ант өлеңдерде, қарғыс өлеңдерде жанрды ажырататын негізгі фактор ретінде ашықтыққа, «сөйлеуге», декламациялық-ораторлық (шешендік) сөзге құрылғаны анықталды. Оған риторикалық сұрақтар, айшықтау, лепті сөз, метафора, аллегория, гипербола, қайталаулардың көптігі және өлең өзіндік интонациялық-ритмикалық құрылысы секілді поэтикасы да сәйкес келді. Бұл өлеңдерде адамдардың азаматтық сезімі қаһарлы немесе патетикалық сипатта көрсетілді. Олар күшті публицистикалық бастаулармен жазылып отырды. Олардың шынайылығы дәл, әрі нақты үндеулер арқылы күшейіп отырды. Өлеңнің бұл шағын динамикалық формалары күн тәртібіне уақытының өзі қойған ең басты мәселелерге жауап беріп отырды. Бұл тапсырманы да қазақ поэзиясы өте сәтті орындап шықты деуге болады. Дәлел ретінде осы жылдары жарық көрген «Халық қаһары» (1941), «Көсемнің шақыруымен» (1941), «Айтыс» (1942), атты қазақ ақындарының жыр жинақтарын айтсақ та жеткілікті.

С. Мұқановтың «Ұр фашисті», А. Тоқмағамбетовтың «Фашисті жер бетінен жоқ қып жібер», С. Сейітовтың «Өлтір!», «Бір қадам да артқа баспа!» өлеңдері жоғары публицистикалық қызуымен, азаматтығымен, асқан күш-қуатымен ерекшеленді.

Соғыс жылдарындағы әдебиеттің ортасында тұрған жалпы халықтық сезім, жалпыға ортақ қасиеттер әлемі жеке тұлға әлемін назардан тыс қалдырып, ығыстырып шығара алмады. Соғыс жылдарындағы қазақ поэзиясының негізігі белгісі ретінде жағдайларға ақындардың жеке қатнастылығының пафосы шайқасқан халықтың жаппай ерлігімен байланысты болды.

Соғыс жылдарындағы поэзияға тән ерекшелік эмоционалдық кеңдікпен, көлемділікпен сәйкес келген құжат дәлдігі болып табылады.

Адам баласы соғыс қыспағын көрді, қатал сынақтардан өтіп, жеңіске жетті. Дәл осындай жауынгер, батыр, патриот қалпында ол көп ұлтты әдебиетке енді.

Батырлар өздерінің жауапкершілігін жақсы түсінді, достық пен жолдастықты, гуманизм мен патриотизмнің шынайы үлгісін көрсете білді. Оқиғаларды суреттеуде өткір қарама-қайшылық, кереғарлық байқалды.

Жауынгерлердің бай да терең рухани әлемін С. Мәуленовтың «Кек» өлеңінде ашып көрсетілген. Мұнда жанындағы досының мерт болуы жауынгерлердің фашистерге деген өшпенділігін күшейте түскендігі жазылса, ал Ғ.Ормановтың «Батырдың аманы» атты өлеңіндегі персонаж өмірден өтіп бара жатып, Отан алдында орындалмай қалған парызы жайында ойланады.

С. Мәуленовтың «Арқаның арыстаны», «Ер Естай» атты өлеңдері – лирикалық туындылардағы адамдар образымен сюжетті оқиғалар бейнеленуінің керемет, теңдессіз үлгілері болып табылады. Қарт Днепрдің жағасында жауынгер «жердің тілім-тілімін шығарып, бүлдірген, өлім отын шашып, ырылдаған» темір «жолбарыспен» кездеседі.

Ғ.Ормановтың «Ананың әңгімесі», «Бала жүрегі» атты сюжетті өлеңдерінде қазіргі заманғы күрделі болмыс, адамдардың тағдыры мен күресі суреттелген. Мұндағы драмалық сюжет терең әлеуметтік мазмұнды бейнелеуге қызмет етеді. Сюжетті өлеңдердегі адамның қайғы-қасіреті терең драматизммен біріге отырып, оқырмандарға ерекше әсер ететін зор күшке ие болған. Олар соғыс даласын кеңінен суреттемесе де, адамға ерекше әсер етеді.

Балладаларға батырлық және драмалық бастаулардың тығыз сабақтасуы тән. Өзінің азаматтық парызын терең түсінген адамдар жауымен кескілескен шайқасқа қаймықпай, ештеңеден тайсалмай, қасқайып барады және соңғы демі біткенше алысып, керек болса, өзі үшін ең қымбат дүние – жанын қиюға да әзір. Бұл адамдар үшін үйреншікті жай болды.

Қ.Жармағамбетовтың «Барлаушылар туралы балладасы» мен Қ.Бекхожиннің «Батыр» балладаларының кейіпкерлері осындай.

Бұл жанрда ерекше табысқа қол жеткізген Қ.Жармағамбетов болды. Оның балладалары эмоционалдығымен, лирикалылығымен, оптимизмімен, үгіт-насихаттық күшімен ерекшеленеді. Формасы жағынан қарапайым, пафосы жағынан батырлық-романтикалық балладалары қазақ поэзиясында өзіне лайықты орын алды.

Осы жылдары әдеби аренаға соғыстың эпикалық, драмалық оқиғаларын жан-жақты, кең әрі сыйымды жанр ретінде поэма жанры шығады. Ақындарды жекелеген суреттемелер, өз замандастарының өмірінен алынған жекелеген эпизодтарды бейнелеу қанағаттандырмады. Оларды ерлік тарихы, елдің дамуы, халықтың, жеке тұлғаның тағдыры қызықтырды.

Соғыс жылдарында қазақ поэмасы жетекші жанрға айналған жоқ, соғыстың эпикалық суреттерін тудыра алған жоқ. Лирикамен салыстырғанда поэма көп еңбек пен уақытты қажет етеді. Эпикалық поэзияға қажетті материалды соғыс көптеп бергенімен эпика жанры лирика жанрындай динамикалы әрі ширақ, епті болған жоқ. Сондықтан қазақ ақындары уақыт талабын қанағаттандыру үшін шағын эпикалық формалар, лирика арқылы жауап беріп отырды. Соғыс тақырыбына қатысты ірі эпикалық поэмалар соғыстан кейінгі кезеңде туды. Оның қатарында Х.Ерғалиевтің «Әке сыры», Д. Әбіловтің «Махаббат тағдыры», Ж.Молдағалиевтің «Ән туралы ән» т.б. атауға болады. Соғыс жылдарындағы поэмалар жанрлық ізденіс тұрғысынан қызығушылық тудырды. Олардың әрқайсысы – оқиғалардың өзіндік жылнамасы, ақын жүрегінің сыры. Суреткерлер бір мәселені шешті: соғысты тұтас күйінде ұғыну, онда болып жатқан уақиғалардың бәріне өз ойларын айту.

Ақындар оқиғаның барысына әртүрлі өзіндік көзқарастарымен ерекшеленеді, сондай-ақ поэтикалық материалдарды құрастыру әдістері де әртүрлі болды. Бірі – уақиғаларды реалистік бағытта суреттеп, соғыс жағдайын, жаумен шайқасуды уақиға ізімен, кейіпкердің мінез-құлқын шынайы көрсетуге тырысады. Бірі – романтикалық бағытта, яғни кейіпкерлердің асқақ бейнесін, ізгі мақсатын жоғары қарқынмен сипаттайды.

Бірақ бұдан соғыс жылдарындағы поэмалар реалистік, романтикалық болып бөлінеді деген ой тумайды. Екі стилистикалық ағым бірін-бірі толықтырып, байыта түседі. Поэия секілді соғыс жылдарындағы проза да өмірдің өзі тудырған тақырыптарын қозғап, оны іске асыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отырды. Әсіресе, зымырап өтіп бара жатқан соғыс оқиғаларын қамтып прозаның шағын жанры ерекше қарқынмен дамыды.

Публицистикалық жанр әртүрлі сипатта болды: мақалалар, очерктер, памфлеттер, үндеулер, хаттар, үнпарақтар. Оларда сол заманның өзекті мәселелері, саяси, философиялық мәселелер көтеріліп отырды. Соғыс жылдарындағы публицистиканың ең негізгі сапасы – құжаттылық болды, онда өмірден алынған, куәгерлердің өз көзімен көрген адамдардың, кейде тіпті автордың өзі сол оқиғаға тікелей қатысушы болған материалдары пайдаланылды.

Нақты дәлелдер, бұлтартпайтын айғақтар, сандар, куәлардың жауап, түсініктері, басқыншылардың айуандық әрекеті жайлы нақты ақпараттар беріліп отырды. Сол арқылы жазушылар фашистердің шынайы бейнесін, нақты бет пердесін ашып көрсетті.

Публицистердің негізгі мақсаты – жауынгерлердің өнегелілікпен қарулануын, яғни өздеріне қиянат жасап, зорлық-зомбылық көрсеткендерге деген өшпенділік сезімін ояту, жауды ажырата білу, айқын тани білу, өзінің және бүкіл елінің тағдырына жауапкершілікпен қарап, ерлікпен қасқайып қарсы тұру сияқты өнегелік сипатын ашып көрсету болды. Мұндай батырларды – идеалды таратушыларды жазушылар өмірдің қайнаған ортасынан тудырып отырды.

Соғыс жылдары ең ұтымды, ықпалды, мобилизацияланған шапшаң әрі жылдам жанр публицистика болды.

Соғыс жылдарындағы қазақ әдебиеті «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен жұмыс істеді, дамыды. Қазақстан соғыс үшін мықты тірек, күшті тыл болғандықтан, тек қана жеңіске жету үшін аянбай күні-түні еңбек етіп жатқан адамдарды сурттеу қазақ әдебиеті үшін маңызды тақырып болды. Майдандық очерктердің жанрлық диапазонының кеңеюі оның тақырыптық жағын байытты, қазақ жазушыларының заманының ең өзекті мәселелерін жазуға деген қызығушылығын арттырды.

Очеркистер өте қиын кездерде адамды қанаттандыратын, өзгертетін адам ішінде тығылып жатқан рухани күштердің шарықтауын көрсетті. Отан үшін болған соғыс қарапайым, еркіндік сүйгіш қазақ жұмысшыларын күшті, бірегей, айрықша, көрнекті тұлғаға айналдырды. М. Ғабдуллин очеркіндегі Төлеген Тоқтаров, Ғ. Мүсіреповтың «Кеңес Одағының батыры» очеркіндегі Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, С.Бақбергенов очеркіндегі Сағдат Нұрмағамбетовтер осындай жарқын тұлғалар.

Осындай сарындағы очерктерді ақындар Ж. Молдағалиев, С.Сейітов, Ә. Сәрсенбаев, Д. Әбілов т.б. тудырды.

Жазушылар - соғыстың тікелей қатысушылары – құжаттылық, деректерге жүгінушілік, ерлік істерге ерекше мән берушілік сияқты сипатқа толы очерктерді тудырды.

Соғыс жылдарындағы әдебиеттің үлкен жетістігі – жинақталған образдардың, қатардағы қарапайым жауынгердің майдандағы характері сомдалған – халық батырларының галереясының жасалуы деп айтуға болады.

Бұл жанрда талантты, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін әскери журналист Баубек Бұлқышев үлкен жетістікке жетті.

Ғ.Мүсірепов «Өшпес өмір» жинағының (Алматы, 1945) алғы сөзінде Б. Бұлқышевтың шығармаларында байқалған қайталанбайтын өзіндік стиліне, терең ойларына қарап, «өте сирек кездесетін талант» деп бағалайды. 1954 жылы болған Қазақстан жазушыларының ІІІ съезінде Ғ.Мұстафин бұрын ешкімге белгісіз болып келген жас Баубектің өз жауларын оқпен ғана емес, өзінің публицистикалық мақалаларымен де жайратып отырғандығын айтады.

Баубек келер ұрпақтың бақыты үшін ең асыл қазынасы - өмірін қиды. М. Иманжанов «Қош бол, досым» әңгімесінде: «Сен нағыз адамша дүниеден қайтқан жансың. Шағын өміріңде дүниеге «Заман біздікі» деп тұнық ойыңның бетін қасиетті, мағыналы сөзбен ашатын да, өз жүрегіңнің, бүгінгі жастар жүрегінің төрешісі бола білдің. Сол үшін құрбыларың сенің аз еңбегіңді көптей көріп, қолдарынан тастамай оқиды. Оқыған сайын олар атыңды құрметпен ауызға алып, біздің заманымыздың, жастықтың жаршысы деп сені мақтаныш етеді». «Біз күресте тудық, сол күресте өлеміз де. Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» деген сөздің құрбыларыңның, іні-қарындастарыңның жүрегінде. Олар бұл сөзіңді ешқашанда ұмытпақшы емес! Ұмытылмайсың сен!».

Публицистика мен очерк өздеріне жүктелген міндетті орындап, басқа да әңгіме, повесть, роман сияқты проза жанрларына жол салып берді.

Прозалық жанрлардың арсеналы соғыс жылдарында өзекті болған мәселелерге қарай ыңғайланды. Жанрлар трансформациясының факторлары адамдардың қоғамдық санасы мен өмірінде болып жатқан өзгерістер болып табылады. Қозғалысқа миллиондаған адамдар қатысып, фашизмге қарсы күрес жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Соғыс әр адамға және барлық адамға өз зардабын тигізді. Өмірдің тұрақты, берік негізі өзгеріп, қатардағы жай адам бүкіләлемдік тарихи оқиғаға қатысушы болды. Күрескер негізін қамтамасыз етіп отырды.

Соғыс жылдарындағы әдебиеттердің алдыңғы қатарлы мақсаттарының бірі – халықтардың өскелең ұлттың таным-түсінігін көрсету ұлттық характерінің ерлігін ашу, әрбір халықтың фашизмге қарсы бірлескен күреске қосқан үлесін бекіту болып табылады.

Осы бағытта Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ батыры» повесі қызығушылық тудырады. Бұл үлкен эпикалық форма шеңберінде соғыс тақырыбын игерудің ең алғашқы туындысы болып табылады. Кезінде царизм «бұратана халықтар» қазіргі заманғы соғысқа қатысуға жарамсыз деген аңыз таратқан болатын. Осы арсыз өтірікті теріске шығарып, халықтың рухын көтеру, әскери шеберлікті игеруге бағыттау – қазақ жазушыларының шешкен шығармашылық мәселесі болатын.

Ғ.Мүсіреповтың повесі алғаш рет 1945 жылы «Майдан» деп аталатын альманахта «Қазақ батыры» деген атпен жарияланып шықты, аталмыш туындыға оқырман қауым біршама сын ескертпелер айтты. Солардың бәрін есепке ала отырып, Ғ. Мүсірепов композициясын жақсартып, негізгі кейіпкердің образын күшейтіп, бірнеше тараулар қосты.

Повесть көлемі жағынана ғана өзгермей, сонымен бірге композициялық құрылысы, оқиға желісі жақтарынан да роман дәрежесіне жетіп, 1950 жылы «Қазақ солдаты» атымен қайта басылып шықты.

Ғ.Мүсірепов шығарманың шыншылдығына үлкен мән берген. Оны бас кейіпкерімен бір-біріне берген уәдеден білуге болады.

Соғыс жылдарында жазушылар тек өткеннің ерлік істеріне ғана сүйенген жоқ , мәдени жетістіктерге де көңіл бөліп отырды. Мәдениет – бұл халықтың ұлылығының, шығармашылық қуатының жарқын көрінісінің бірі, ұлттық өміршеңдігінің, мәңгілігінің дәлелі.