Мұрағаттану және эпиграфика.


  1. Мұрағаттанудың даму тарихы.
  2. Жазба деректер түрлері
  3. Эпиграфика пәні. Мақсаты мен міндеттері.

Көне түркі жазба ескерткіштері.

Графикалық лингвистика – тіл танудың жаңа бөлімі, ол жазбаны, оның белгісін, тілін зерттейді. Графикалық лингвистика жалпы жазба ғылымы ретінде – эпиграфика, палеографика, графика, орфография, графемика жатады.

Түркі әлемінің көне алфавиттік жазбасы.

Монғолиядағы «Селенгі тасындағы» (VІІІ ғ.) руна жазбасында ұйғыр ханы Моюн-Чур өз жазбасын, таңбасын «Мың жылдық және мәңгілік жазба мен белгілерді мен тасқа қашап жазуға бұйырдым» - деп әсірелеп айтады.

Оңтүстік Сібір мен Қазақстан көшпелі тайпаларында жазбаның болғандығын екі көне түркі руна жазбасы дәлелдейді – б.з.д. V-ІV ғғ.

Сыртқы түрі скандинавия руналарына ұқсас Енисей тас жазулары ғалымдарды ХVІІ-ХVІІІ ғғ.-ақ назарларын аударған болатын. Олардың саны жыл өткен сайын өсе түсті, бірақ тек ХІХ ғ. Аяғында ғана енисей жазбалары көне түрікше екені анықталды.

1889 ж. Орыс этнографы Н.М.Ядринцев Монғолияда, Орхон өзені бойынан екі таста жазылған: Білге қағанға (735 ж.) және Күлтегінге (732 ж.) арналған ескерткішті ашты. Н.М.Ядринцев В.В.Радлов басшылығымен екі жылдан кейін, 1891 жылы орыс ғылыми экспедициясында жүріп үшінші ескерткішті тапты – Онгин ескерткіші (VІІІ ғ. басы.). Ондағы қытай жазбалары түрік сөздерін тез оқуға мүмкіндік жасады. Фин орыс ғалымдарының күшімен Енисей, Орхон жазбаларының атластарының, фотосуреттерінің жинағын жарыққа шығарды.

Ал, 1893 жылғы 25 қарашада дат ғалымы В.Томсен орхон-енисей жазбаларын, руникалық алфавитті оқи алды. Осыдан бастап түркологтар бірлесе отырып көптеген жазбаларды оқи алды.

Білге қаған (Могилян - хан) және Күлтегінге арналған ескерткіштерді алғаш рет оқып, неміс тіліне аударған В.В.Радлов болды. Оны немісшеден орысшаға П.М.Мелиоранский болды.

Бұғанға дейін Монғолиядан (Селенгі, Толы-Орхонның саласы, Моңғол Алтайында, Гоби), Сібірден (Енисейдің жоғарғы жағы, Минисинскіде, Таулы Алтайда, Байкал жанында, Ленада) және Жетісудан (Талас бойынан, Ыстықкөлден) көптеген ескерткіштер табылып, зерттеліп олар баспадан да шықты.

Түрік руналары Хакасия мен Алтайдың алтын, күміс заттарында, Минусинскінің мұражайының қола айналары мен теңгелерінде кездеседі.

VІІІ-Х ғғ. түрік руналары шамандар, манихей, буддистердің және юридикалық мазмұндағы жазбалар қағаздарда кездесті – негізінен Шығыс Түркістанда.

Түркі рунасының ерте түріне, Талас бойынан табылған таяқ жазбалары жатуы мүмкін. Заравшанның жоғарғы жағынан, Муг тауында соғды құжаттарының арасынан теріге тушпен жазылған руна тектес жазу табылды. Ферғанада, Қой-қырылған қала қалашығында (б.з.д. ІV-ІІІ ғ.) Амударияда Хума ыдыстарында (құмыра) қысқа руна жазулары табылды.

Руна жазулары Европаға солтүстік Кавказдан Дунайға дейін түркі тілді ғұндармен (ІV-V ғғ.), бұлғарлардың көшуімен (VІІ ғ.) байланысты деуге болатынын айтады. Бұған «ғұн», «бұлғар» руналары ғана емес (көбісі әлі ашылмаған) – грек алфвитіндегі түрік жазбалары да дәлел болады (ІV-VІІ ғғ. Византиялық ереже (уставное) жазулары) – Болгариядан, Венгриядан, Румыниядан табылған. Кейін осы Византиялық уставтан ІХ ғасырда - славяндық «кириллица» келіп шығады. VІІІ-ІХ ғғ. Болгар патшалары түрік сөздерін грек алфавитімен бергенін... В.А.Истрин де жазған.

Булгар аты Балкандағы гагауздарда (түркі тілді) да сақталған (Аспарух булгарларының тұқымы). Олар славян тілді болгарларды – «тукан» деп атайды.

Сонымен славян ағартушыларынан бұрын ақ түрік әлемі грек графикалық жазбасын өзінің рунасымен қатар пайдаланған.

1799 жылы Венгрияда (Надь-Сент-Миклош селосында (Трансильвания, Румынияның солтүстігі) табылған «Аттила қоймасындағы» алтын ыдыстарда (аң аулау, қанатты арыстанға мінген аттылар, кентаврде, ат үстіндегілер... жайлы бедерлі суреттері бар) – 14 руна, руна тектес жазулар, және грек әрпімен түрік тіліндегі жазбалар табылды. Ю.Немет Венгрия белгілерін талас, енисей ескерткіштерімен ұқсата отырып руна жазуларын – печенегтерге жатқызады (Х ғ.).

С.Я.Байчоров «...Азияттық және европейлік көне түрік жазулары әр түрлі алфвитте, олар өз ара қатты әсер берген, ортақ әріптері бар, белгілі жазба принципі бар»- екенін айтады.

Жалпы Қазақстан территориясында 30-ға тарта түрік руна жазбалары табылған. Бірақ, олардың барлығы жарияланбаған.

Мұрағаттану. Қоғам өмірінде соңғы жылдары орын алған бетбұрыстар өткен тарихымыз бен сан жылдар бойы сомдалған рухани мұраларымыздың бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделеп, ой елегінен өткізу талабын алға тартып отыр. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан бері қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық саяси өмірінде жасалған бетбұрыстармен бірге, мұрағат саласында да елеулі өзгерістер болды.

Қандай да бір мемлекеттің өзіндік ұлттық болмысын, мәдениетін, тарихын жаңғыртып отыратын құндылықтардың сол мемлекеттің өткенін бағамдап, болашағын болжаудағы маңызы жыл өткен сайын артып отыр. Мұрағат құжаттарының Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері өте зор. Өйткені өткен тарихымызды білу үшін мұрағат құжаттарына жүгінеміз. Мәселе қоғам өміріне қатысты құжаттарды тиімді пайдалану болып табылады. Ұлттық энциклопедияға сүйенетін болсақ, архив (мұрағат) (лат. archivum) дегеніміз — тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да мұрағат делінеді.

Бүгінде Қазақ мұрағат ісінің өткен тарихына жүгіне отырып, жылдар бойы сомдалған ізгі істерді, ұлт мүддесіне еңбек етер жақсы үрдістерді қайта жаңғырту, осы негізде бүгінгі күннің мақсат-міндетін айқындап алып, жаңа бағытта жұмыла қызмет ету уақыт үдесінен шыға білу жолындағы жарқын іс болмақ.

Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысырда, Қытайда, Ежелгі Грекияда, Римде т.б. елдерде мемлекеттік дәрежеде қолға алынды. Қазақстанда дербес мұрағаттың пайда болуы Бөкей ордасы мұрағатымен байланысты (ХVІІІ ғасыр). Қазақстандағы мұрағат жүйесі (республикалық, салалық, аймақтық, т.с.с.) негізінен ХХ ғасырдың 20–30-жылдары қалыптасты. Ұлттық мұрағат ісінің бастауында А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды. Мемлекеттік мұрағат 1921–1938 жылдары Қазақ АКСР Халық ағарту халкоматының, 1938–1958 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер халкоматының қарамағында болды, 1958 жылдан Министрлер кеңесіне бағындырылды. Облыстық, аудандық мұрағаттар жергілікті әкімшіліктерге қарады.

КСРО дәуірінде мұрағат социализмді дәріптеудің идеологиялық құралы болды. Республикадағы барлық құжаттар айналымының 10%-ға жуығы коммунистік құндылықтар тұрғысынан мұқият сұрыпталып, мемлекеттік сақтауға — мұрағатқа жинақталады. Құжаттардың біржақты іріктелуінің салдарынан Қазақстанның шынайы тарихын бейнелейтін аса бағалы деректер мұрағатқа түспей, біржола жойылып отырды. Ал мұрағат қорындағы құжаттардың басым бөлігі түрлі жасанды шектеулер қою арқылы зерттеушілерге берілмеді. Қазіргі мұрағаттарда дәстүрлі қағаз құжаттардың түпнұсқаларымен және көшірмелерімен қатар фото-киноматериалдар, дыбыстық және бейнежазбалар, ақпараттың барлық жәдігерлер түрлері сақталады. Мұрағаттарда мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономикалық, саяси-идеологиялық қатынастары туралы құжаттар Ұлттық байлықтың бір бөлігі болып табылады. Осы рухани байлықтың сапалы сақталып, орынды қолданылуы үшін қызмет ететін орындар — мұрағаттар еліміздің ең басты тарихи құндылықтарының бірі болып табылады.

Міне, осындай қоғамдық маңызы бар шаралардың негізі болатын мұрағат ісінің бұл бағыттағы еңбегі ұдайы жаңарып әрі жетілдіріп отырады.

Мұрағат қызметінің басты бағыттарын: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылыми анықтамалар мен көрсекіштер жасау; құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету ғылыми тұрғыда талдау арқылы оның болашақтағы негізгі бағыт-бағдарлары да анықтала түспек. Мұрағат ісін тарихи тұрғыдан саралау барысында біз олардың мол тәжірибесінің қыр-сырын ашуға күш салдық. Мұның өзі бүгінгі мұрағат ісінің ерекшеліктерін тануда маңызды рөл атқарады.

Мұрағаттардың жан-жақты өркендеп, зерттеуші ғалымдар, ізденушілер еңбегіне сүбелі үлес қоса беруі үшін мұрағаттану ісін нақты жолға қоюдың қажеттілігі айдан-анық. Мұрағаттану — мұрағаттарға байланысты білімдердің кешенді жиынтығы. Оған мұрағат ісінің теориясы мен практикасы, мұрағаттардың құрылымы, қызметі мен тарихы, ғылыми мәні бар құжаттардың іріктеліп алынып, сақталуын қамтамасыз етудің әдістері мен жолдарының, құжаттардың ғылыми-анықтамалық аппаратын жасаудың, мұрағат қорларын пайдалануды ұйымдастырудың негізгі принциптері жатады. Мұрағат тарих пен мемлекеттік-құқықтық практиканың ұштасқан тұсында пайда болып, қосалқы тарихи пән ретінде қалыптасып, кейін тарих ғылымының қосымша саласына айналды. Мұрағат құжаттарын пайдаланудың түбірлі өзгерістерге ұшырауы, мемлекеттік, салалық және жеке адамдар мұрағаттарын қалыптастыру қызметі ауқымының кеңейе түсуі, тарихи мұралардың мемлекеттік істерді жүргізуде, идеологияда, әлеуметтік басқару мүддесіне қолданылуы, ғылыми және шығармашылық жұмыста алатын орнының барған сайын артуы мұрағаттардың аясын кеңейте түсумен қатар оның маңызын да өсірді.

Мұрағат қызметінің басты бағыттары туралы бізге дейінгі зерттеушілер еңбектерінде сөз болып келе жатса да, оның жалпы даму тарихы, қоғам дамуының әр кезеңіндегі алға қойған мақсат-міндеттерді толық қарастыруды қажет етеді. Ал ең бастысы мұрағат ісін ұйымдастырудың мол тәжірибесін теориялық негізде тұжырымдап, ұстанған негізгі бағытын, мақсат-мүддесін зерттеу зәрулігі арта түседі. Сонымен қатар ҚРОММ әр кезеңдегі құжаттарын топтастырып, жинақтап зерттеу, олардың сақталу әдістерін айқындау қажеттігі де алға қойылар мәселелердің бірі.

Ұлттық тарихымызды бүгінгідей жаңа талғам-талап тұрғысынан екшеп жатқан тұста, еліміздің тарихын тануда өзіндік орны бар мұрағаттың даму тарихына ой жүгірте отырып, қазіргі қоғам дамуына орай жаңаша көзқарас тұрғысынан бағамдаудың уақыты келген сияқты.

Халықтың рухани деңгейінің өсуіне өзіндік үлес қосатын мұрағаттардың қолда бар материалдарды сақтау, халық қажетіне жаратудағы мол тәжірибесін саралай келе, ол қорлардың өз уақытысында ғалымдар мен жалпы оқырмандар сұранысынан туған келеі де өзекті мәселелердің арқауы болғанына көңіл қоюға тиіспіз. Ең бастысы, ҚРОММ тұтынушылар талғамын, ой-өрісін биіктетуге арналған жұмыстар ұйымдастыруға күш салғанына көзіміз жетеді.

Республикамыз мұрағаттарының көпжылдық тәжірибесі мұрағаттың шығармашылық, деректанушылық мүмкіндіктерінің сан қырлылығын танытты, сондықтан да мұрағат қызметкерлерінің жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бүгінгі мұрағат ісін ұйымдастырудың негізгі үйрену мектебі болмақ.

Ұлттық мұрағаттар бүгінгі күнде де ұлттық дүниетанымды қалыптастыру жолында талай жақсы бастамалардың көшбасшысы болып отыр. Тарихымыз жайлы салмақты қоғамдық пікірлер қалыптасуына, келелі істердің дұрыс шешімін табуына көпшілікті тарту бағытында аянбай еңбек етіп келеді.

Сақтауға тиісті құжаттарды ұйымдастырумен және іріктеу әдістерін, сақтау тәсілдерін, құжаттардың мазмұнындағы ақпараттық жүйесін, құжаттарды жан-жақты пайдаланудағы қағидаларын жетілдіре, мұрағат мекемелерінің жұмыстарын ұйымдастырады.

Материалдарды тез меңгеру үшін бағдарлама, мұрағатта сақтауға тиісті құжаттармен жүргізілетін жұмыстардың логикалық жүйесіне негізделген. Студенттер мемлекеттік сақтауға іріктелген құжаттар қағидалармен, бағалау белгілерімен, құжаттардың құндылығын сараптау туралы кешенді нормативтік-әдістемелік құралдармен мемлекеттік сақтауға іріктелғен құжаттардың әдістемелерімен, мемлекеттік мұрағатта құжаттардың құндылығын сараптау жүмыстарын ұйымдастыруымен танысады. Содан кейін мұрағатта құжаттардың сақталуы және есепке алу теориясы, негізгі есепке алынатын құжаттар, ерекше құнды құжаттармен жүмыс жүргізудің ерекшелігі, мұрағатта сақтандыру қорын құру туралы айтылады.

Мұрағаттардың негізгі маңызды функциялардың бірі - қоғам мұқтаждығын ретроспективті мәліметтермен қамтамасыз ету болғандықтан, курста- мұрағат құжаттарынын ғылыми- анықтамалық аппарат жүйесіне үлкен назар аударуда, негізгі міндеттерінің бірі - құжаттарды жедел іздеумен пайдалануы. Мұнда тек мұрағат анықтамаларының типтері және түрлерімен танысу ғана емес, сонымен қатар анықтамалар құру әдістемесіне де көңіл бөлінеді. Лекция материалдарын баяндауда, мысалы, мұрағаттарды ақпараттау концепциялары, мұрағат ақпараты негізінде мәліметтерді алу, негізгі мұрағат жұмыстарының компьютерлік техника және бағдарламалармен жабдықтау т.б. сияқты мәселелерге көңіл бөлінеді.

Курста маңызды орынды мемлекеттік мұрағаттарды құжаттарын пайдаланудың түрлі аспектілері, мұрағатта құжаттарды сақтау технологиясы алады. Соңғы кездегі өзекті мәселелердің бірі мұрағат ғимаратындағы құжаттарды сақтаудың техникасы мен тәртібі, жабдықтауы, құжаттардың физико-химикалық және биологиялық факторлардың құжаттардың сақталуына тигізген әсері.

Осы пәнді жүргізу кезінде студенттер теоретикалық курсты біліп қана қоймау керек, сонымен қатар, мұрағат құжаттармен жұмыс істей алу керек. Іс жүргізу қағаздары негізінен мәтіндік құжаттардан құрылатындықтан, курста құжаттардың осы категорияларымен жұмыстық сұрақтары қаралу керек. Құжаттардың басқа категориялары (ғылыми-техникалық құжаттама, кино-фото-фоно құжаттар) өзінің ерекшеліктеріне тән және осы құжаттар түрлері жекелеп оқу жоспарында қарастырылған.

Курсты зерттеу негізінде студенттер құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу әдістері туралы, құжаттардың құндылығын сараптау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы нақты көріністер алады, істің тізімдерін жасауда қажетті тәжірбиелер алады, мұрағат құжаттарын пайдалануда түрлі ұйымдастыру әдістерін біледі.

Осы пәнді жүргізу кезінде студенттер тек практикалық курсты білумен қатар, мұрағат құжаттарымен жұмыс істей алу керек. Курсты терең білу және тәжірбиені нақты алу үшін студенттерге оқу жоспарымен мұрағат мекемелерінде практика қарастырылған.

Мұрағаттанудың теориясымен әдістемесін зерттеу объектісі болып қағаз негізіндегі мәтіндік құжаттар, ғылыми-техникалық, кинофотоқұжаттар, дыбысжазбалар, микрофильмдер және басқа да құжаттар табылады.

Мұрағаттану ғылым ретінде ұзақ даму жолынан өтті. Оның ғылым ретінде қалыптасуы XІX ғасыр аяғы - XX ғасыр басына келеді.

Мұрағаттану - мұрағат ісінің бөлімі ретінде үш кезеңнен өтті.

1 кезең - жаңа қезеңдегі мұрағат ойының пайда болуы мен қалыптасуы (XVІ ғ. аяғы - XVІІІ ғ.). Бұл кезең алғашқы регистратура туралы трактаттар және мұрағаттардың пайда болуымен сипатталады.

2 кезең - Ұлы француз революциясынан кейінгі- ХІХ ғасыр аяғына дейінгі мұрағат ойының дамуы. Ол мұрағат ісін ұйымдастырудың буржуазиялық қағидаларын таратумен, жариялықтың қағидаларын ендірумен, мұрағаттануды дербес ғылыми пәнге рәсімдеумен анықталады. Осы кезеңде орталық және жергілікті мемлекеттік тарихи мұрағаттарды басқару органдарын құру аяқталады.

3 кезең - ХІХ-ХХ ғасырлардан бастау алады. Мұрағат ісі орталықтанылған және орталықтанылмаған басқару нысанымен орталық және жергілікті мұрағаттардың ұлттық жүйесімен мемлекеттік басқарудың арнайы саласына айналды. Осы кезеңде мұрағаттануға байланысты көлемді еңбектер жарияланды, кәсіби қоғамдар құрылды, мұрағат мерзімді басылымдар, халықаралық мұрағат ынтымақтастықтар пайда болды. Мұрағаттану ұлттық мектептерінің пайда болуымен сипатталады.