Орта ғасыр тіл білімі. Араб тіл білімі


1. Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі.

2. Араб тіл білімінің грамматикасы.

3. Араб тілі туралы алғашқы еңбектер.

Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі.

Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі - әр түрлі діндердің туып, әлемдік діндерге айналуы.    Дүние жүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүндет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбалар да тарады. Ол жазбалар тілі киелі, қасиетті тіл, пайғамбарлар тілі деп жарияланды. Бұл тіл -тіл ғылымында канондық тіл деп аталады. Сөйтіп, дін тараған аймақтардағы халықтар өз ана тілімен қатар канондық тілді де қолданды. Жазба тіл, әдеби тіл деп саналатын да канондық тіл болды. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы - Құранның тілі болды. Араб тілі оқу пәні болды. Оны молдалар, дін иелері оқытты. Еуропа халықтары үшін канондық тіл - латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылым ретінде пайдаланды.

Араб тіл білімінің грамматикасы.

Араб тіл білімі халифат дәуірінде (VІІ-ХІІ ғасырлар) дамыды. Арабтарда тіл туралы ғылымның дамуына себеп болған нәрсе, ертедегі Индиядағы сияқты, діни тіл мен ауызекі сөйлеу тілінің айтарлықтай алшақтай бастауынан болуы керек. Бұған қоса, мұсылман дінінің әсері де ерекше болды. Арабтар көрші елдерді қаратып, ислам дінін найзаның ұшымен, білектің күшімен таратып отырды. Ислам дінінің құралы – құран. Оны басқа ел адамдарына үйретіп, оқыту үшін де тіл ғылымын дамыту керек болды.

Мұның үстіне араб тілінде диалектілер де көп еді. Жаңадан бағындырылған елдердің тілдері әр түрлі болатын. Сондықтан классикалық араб тілінің диалектілерден де, басып алынған басқа елдер тілдерінен де қорғау, оны таза сақтау қажет болды.

Бұл жағдайлар араб филологиясының дамуына әсерін тигізді. Арабтар гректер мен үнділіктердің грамматикалық жүйелерін де пайдаланды. Сонымен бірге араб тілі туралы ғылымды жасауға арабтардың тек өздері ғана емес, оларға бағынышты басқа да халықтар өкілдері қатысты. Әсіресе, араб халифатына кірген парсылар, гректер, сириялықтар, еврейлер, берберлер, түркі тағы басқа халық өкілдері тіл туралы ілімді дамытуға ат салысты. 

Араб тілі туралы алғашқы еңбектер.

Арабтардың тіл туралы алғашқы еңбектері Ефрат пен Тигр бойындағы Баср және Куф қалаларында шықты. Бұл екі қалада грамматикалық екі мектеп – екі бағыт пайда болды. Олар өзара бір-бірімен түрлі мәселелер жөнінде айтысқа түсіп, пікір алысып отырды. Кейіннен грамматикалық ғылым орталығы Араб халифатының сол кездегі астанасы Бағдатқа көшті.

Баср мектебінің өкілі Сибавейхи «Аль-Китаб» деген үлкен еңбек жазды. Мұнда 1000-нан астам өлең бар. Кітап мысалдары Құраннан және ерьедегі поэзиядан алынған.

Арабтардың ертедегі ойшылдардан бір өзгешелігі – олар әріп пен дыбыстың айырмасын ажырата білді, сөдің жазылуы сен айтылуындағы, яғни орфография мен орфоэпияның сай келмейтініне назар аударды. Дыбыстарды физиологиялық тұрғыдан баяндап, олардың 4 түрлі ерекшелігін атады. Сибавейхи дыбыстардың жасалуының 16 түрлі орнын көрсете келіп, оларды соған сай топтастырады: сөз таптарын етістіктер, есімдер, сан есімдер деп үшке бөлді.

Арабтар үш дауыссыз дыбыстан құралатын түбірлердің сырын айқындады. Бұл жайт – семит тілдеріне ғана тән құбылыс. Олар түбірдегі флексия мен аффикстік тәсілдің маңызын байқай білді.

Араб  мамандары басқа да тілдерді, мәселен, түрік, монғол, парсы тілдерін де зерттеді. Бірақ оларда тіл фактілерін салыстыра қарастыру деген болған жоқ.

Лексикология мен лексикография саласында арабтар айтарлықтай табысқа жетті. Олар лексика материалдарын көптеп жинап, түрлі сөздіктерге топтастырды; әр пәнге байланысты сөздіктер шығарды. Арабистер араб тілі лексикасының байлығын ерекше мақтан етті. Мәселен, семсер сөзінің 500 синонимін, арыстан сөзінің 500 синонимін табады. Бұл шын мәнінде, тіл байлығының аса бір мәнді көрсеткіші.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби тіл білімнің бірқатар теориялық және практикалық мәселелері бойынша да маңызды зерттеулер жүргізген. Ұлы ғалым өзінің «Ғылымды классификация жасау» деген 5 бөлімнен тұратын еңбегінің бірінші бөлімін адамдардың бір-бірімен қатынас жасап, өзара түсінісетін құралы – тілдің заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттейтін ғылымға арнаған. Бұл бөлімі «Тіл туралы ғылым» деп аталады. Ол кісінің еңбегінде тіл білімінің барлық заңдылықтар мен мәселелері көрсетілді. Оның ішінде морфология саласы, яғни, сөз құрамы мен аффикстік морфемалар, орфография, пунктуация, орфоэпия мәселелері. Осылардың араб тіліндегі өзіндік ерекшеліктерін атап көрсетті.

Араб филологтары сөздік жасау ісіне де көп үлес қосты. Мәселен, Фирузабади деген кісі, бір мәліметтерге қарағанда, 60 том, енді бір деректерде 100 томдық сөздік жасапты. Сондай-ақ «Камус» (мұхит) атты сөздік те жасаған деседі. Бұл сөздіктер өкінішке орай сақталмаған.

ХІ ғасырда лексикографиялық теңдесі жоқ бір ірі еңбек пайда болды. Ол – «Диуани лұғат-ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы) – орта ғасырдағы түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ он мыңнан астам төл сөз және жеке ру-тайпаларға тән көптеген жергілікті сөздерді қамтыған, өз дәуіріндегі түркі тілдерінің белгілі бір ғылыми жүйеге түсірілген түрікше-арабша сөздігі. Бұл сөздіктің авторы ұлы филолог, ғалым Махмұд Қашқари.

Махмұд Қашқари сөздігі түркі халықтарының сан ғасырлық тарихында  оның өз өкілі жазған тұңғыш ғылыми грамматика, ғажайып лексикография үлгісі болып табылады. Сонымен бірге, бұл сөздік сол ХІ ғасырдағы түркі тілдерінің салыстырмалы диалектологиясының негізі қаланған алғашқы ғылыми зерттеу екені де мәлім.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.     Әлемдік діндердің канондық тілдер қалай пайда болды?

2.     Олардың тіл біліміне тигізетін әсері қандай болды?

3.     Схоластикалық бағыттың ықпалдары. Реалистік номиналистік бағыттар?

4.     Араб тіл білімі қай дәуірде дамыды?

5.     Араб тіл білімінің өкілдері?

6.     Махмұт қашғари сөздігінің маңызы?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.     Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Арыс, 2007

2.     Невченко В.Н. Введение в языкознание. М.:Дрофа., 2008

3.     Жүнісова, М.Ә. Қазіргі қазақ тілі: оқу құралы .- Алматы: Дарын,  2008

4.     Сағындықұлы, Берік. Қазақ тілінің тарихы. Жаңа курс: лекциялар / Б. Сағындықұлы, Ш. Омарбеков; Әл-Фараби атынд. Қазақ Ұлттық университеті. - Алматы: Қазақ университеті, 2011

5.     Рамазанова, Ш. Қазақ тілі: оқу құралы / Ш. Рамазанова; Әл-Фараби атын. Қазақ Ұлттық университеті. – А: Қазақ университеті, 2012

6.     Исаев , С. Қазақ тіл білімінің мәселелері//  Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011