XIX ғасыр тіл біліміндегі бағыттар мен мектептер. (Натуралистік немесе биологиялық бағыт. Жас грамматикалық бағыт. Мәскеу лингвистикалық мектебі. Қазан лингвистикалық мектебі).


1. Натуралистік немесе биологиялық бағыт.

2. Жас грамматикалық бағыт.

3. Мәскеу лингвистикалық мектебі. Қазан лингвистикалық мектебі.

Натуралистік немесе биологиялық бағыт.

         Натуралистік немесе биологиялық бағыт. Натурализм латынның натура (жаратылыс) деген сөзінен шыққан. Натурализм жеке ағым ретінде көркем әдебиетте, өнерде, ғылымда 19 ғасырдың екінші жартысында Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды.

Ғылымда натуралистер деп аталатындар – қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жаратылыс заңдарын басшылыққа алып, мәселені соған негіздеп шешуге ұмтылушылар. Тіл біліміндегі натурализм көрнекті неміс ғалымы, Россия Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Август Шлейхер (1821-1869) есімімен байланысты. Август Шлейхер - салыстырмалы-тарихи тіл білімінде тіл философиясын қалыптастырушылардың, тіл фактілерін салыстыруда дыбыс құбылыстарының заңдылықтарын қатал сақтауды талап етушілердің, үндіеуропалық ататілді мүсіндеушілердің, тілдердің типологиялық ұқсастығы мен генеалогиялық бірліктерін жан-жаұқты талдаушылардың ең көрнектілерінің бірі. Ол славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикаларын жазудағы зерттеулері арқылы тіл білімін теориялық жағынан дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады.    

Жас грамматикалық бағыт.

         Жас грамматикалық бағыт (младограмматизм) 19ғасырдың 70-жылдарынан бастап қалыптасты. Алғаш Германияда туғанымен, көп ұзамай оған тілектес, пікірлестер әр елден табылып, өте тез өркен жайды. Францияда М.Бреаль, Швейцарияда Ф.де Соссюр, Америкада Уитни, Италияда Г.И.Асколи, Россияда Ф.Ф. Фортунатов бастаған Мәскеу лингвистикалық мектебі мен Бодуэн де Куртенэ бастаған Қазан лингвистикалық мектептері болды.

Мәскеу лингвистикалық мектебі. Қазан лингвистикалық мектебі.

         Мәскеу лингвистикалық мектебін 19ғасырдың 70-80жылдарында Мәскеу университетінің ғалымдары қалыптастырды. Оны басқарған сол кездегі орыс тілі білімінің көрнекті ғалымдарының бірі – академик Филипп Федорович Фортунатов (1848-1914). Ол Германияда, Францияда, Англияда болып, жас грамматикалық бағыттағы көрнекті ғалымдардың лекциясын тыңдаған, өзі де осы бағытты қуаттаған, компаративистиканың Россиядағы көрнекті өкілі болған, Үндіеуропа тілдерінің фонетикасын, морфологиясын зерттеп, бұл салада біраз еңбектер берген.

         Бұл мектеп құрамында орыс тілі білімінің көрнекті өкілдері академик Алексей Александрович Шахматов (1864-1920), Александр Матвеевич Пешковский (1878-1933), т.б. болды.

         Қазан лингвистикалық мектебі. Бұл Қазан қаласындағы университетте 19 ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Оған дем беруші – поляк-орыс тіл ғалымы, Қазан университетінің профессоры  Иван Александрович Бодуэн де Куртенэ (1845-1929). Ол жалпы тілдік теориялық мәселелермен көбірек айналысқан.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.     Натуралистік немесе биологиялық көзқарас дегеніміз не?

2.     Жас грамматикалық бағыт дегеніміз не?

3.     Қазан  және Мәскеу тіл білімі мектептерінің маңызы?

4.     Мәскеу лингвистикалық мектебі?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.     Сағындықұлы, Берік. Қазақ тілінің тарихы. Жаңа курс: лекциялар / Б. Сағындықұлы, Ш. Омарбеков; Әл-Фараби атынд. Қазақ Ұлттық университеті. - Алматы: Қазақ университеті, 2011

2.     Шаяхметұлы.Қ. Қазіргі қазақ тілі.  Сөзжасам-дериватология, сөзөзгерім-морфология. Семей; Новосібір: Талер-Пресс, 2007

3.     Норман Б.Ю.Лингвистические задачи. –М: Флинта-Наука., 2009

4.     Попова З.Д.Общее языкознание. -М:АСТ:Восток-Запад, 2007

5.     Шалабай, Б. Қазіргі қазақ тілі синтаксис. – Алматы, 2012