XX ғасыр тіл біліміндегі бағыттар мен мектептер. Структуралық тіл білімі.


1. Структуралық тіл біліміне сипаттама

2. Структуралық тіл білімінің негізін салушылар

Структуралық тіл біліміне сипаттама.

20 ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген тілдік мектептердің ең көрнекті және кең тарағандарының бірі – структуралық тіл білімі деп аталатын бағыт.Бұл мектеп салыстырмалы – тарихи тіл біліміне, оның бір бұтағы жас грамматикалық мектепте қарсы бағытта туып қалыптасты.

Структуралық тіл білімінің немесе структуралық әдістің дүниеге келуінің ішкі – сыртқы себептері бар. Ең негізгісі 20 ғасыр ғылымы дамуында пайда болған жаңа бағыт.19 ғасыр ғылымының негізгі сипаты тәжірибе арқылы бақылаудан туған фактілерді есепке алу, сипаттау болса, 20 ғасыр ғылымы олардың өзіндік мәнін, ішкі заңдылықтарын, зерттеліп отырған нысанның құрылым ерекшелігін, оны құрайтын элементтердің арақатынасын, бір – бірімен байланысын, бір – біріне тигізетін әсерлерін ашуға тырысады.

Структуралық тіл білімінің негізін салушылар.

Структуралдық бағыттың көпшілікке танылған үш мектебі болды: Прага (Чехословакияда), Копенгаген (Данияда) мектептері және дескриптивтік мектеп (Америкада).Кейін келе бұл бағыт басқа елдерге де тарады.

Прага мектебі. Бұл мектеп өзіндік бағыты бар лингвистикалық үйірме ретінде 1926 жылы қалыптасқан.Оны қалыптастырушы чех ғалымы профессор В.Матезиус (1882-1945). Үйірме құрамында Б.Гавранек, Б.Трнка, В.Скаличка, орыс эмигранттары С.Карцевский, Р.Якобсон, Н.Трубецкой, т.б. болған.

Тілдік элементтердің қызметін бірінші орынға қоятындықтарына қарап, бұл мектепті Прагалық функционалды лингвистика деп те атайды.

Функционалдық лингвистика өкілдерінің әрқайсысы әр түрлі проблемамен айналысты.

Копенгаген структуралық мектебі. Бұл мектеп өкілдері өздерін компаративистикалық бағыттығылардан бөлектеу үшін гректің глосса деген сөзі негізінде глоссематиктер деп атады.  

Глоссемантикалық бағытты қалыптастырушы және оған дем беруші Дания тіл ғалымы профессар Луи Ельмслев (1899-1965). Бұл мектептің теориялық негізін белгілеген алғашқы еңбек – Ельмслевтің 1928 жылы жарияланған «Жалпы грамматиканың негіздері» атты кітабы. Глоссематиктер 1933 жылдан бастап Прага мектебімен бірлесіп, «Тіл білімі жөніндегі еңбектер» атты журнал шығарып тұрған. Журнал структуалистердің халықаралық органы деп жарияланды

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.     XX ғасыр тіл біліміндегі бағыттар мен мектептерінің өкілдері кімдер?

2.     Структуралық тіл білімінің негізін салушылар кімдер?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.     Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Арыс, 2007

2.     Невченко В.Н. Введение в языкознание. М.:Дрофа., 2008

3.     Жүнісова, М.Ә. Қазіргі қазақ тілі: оқу құралы .- Алматы: Дарын,  2008

4.     Сағындықұлы, Берік. Қазақ тілінің тарихы. Жаңа курс: лекциялар / Б. Сағындықұлы, Ш. Омарбеков; Әл-Фараби атынд. Қазақ Ұлттық университеті. - Алматы: Қазақ университеті, 2011

5.     Рамазанова, Ш. Қазақ тілі: оқу құралы / Ш. Рамазанова; Әл-Фараби атын. Қазақ Ұлттық университеті. – А: Қазақ университеті, 2012

6.     Исаев , С. Қазақ тіл білімінің мәселелері//  Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011