Тіл теориясы. Жалпы тіл білімінің қазіргі жағдайы


1. Тіл  теориясы

2.Жалпы  тіл  білімінің  қазіргі  жағдайы

Тілдік құрылыстардың көпшілігі, әдетте, қоғам дамуымен, қоғамның рухани өмірінің дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан тіл тарихын зерттеуші ғалым сол тілдің иесі болып табылатын қауым тарихын ескерусіз қалдыра алмайды. Оның үстіне, тілдің әрбір тарихи дәуірдегі күйін білдіретін жазба нұсқа да бола бермейді. Мұндай жағдайда тілдің өткен кезеңдерінен сақталған белгілі фактілерді бір-бірімен салыстыра отырып, белгісіз кезеңдердегі тілдік жүйенің, тілдік элементтердің сипаты туралы ғылыми болжамдар жасауға да тура келеді. Бұл ретте археология, этнография, тарих ғылымдары ашқан фактілердің тигізетін пайдасы да аз болмайды. Осыған байланысты тіл тарихшысы бұл ғылымдардан да хабардар болуы шарт. Бұл жағдайлар тарихи әдіс бойынша жұмыс істеудің қиын да күрделі екендігін байқатады. Солай болғанымен, тарихи әдіс – тіл біліміне өте қажет және бірте-бірте жетіліп, толығып келе жатқан маңызды тәсіл.

Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеу, білу ғылым үшін де, практика үшін де керек. Өйткені қандай құбылыстың, фактінің болса да, өткенін, тарихи даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес.

Бұл айтылғандар тілдің және тілдік категориялардың тарихи даму жолдарын зерттеп білудің шешуші мәні барлығын байқатса керек.

Антропологиялық тіл білімін зерттеушілер «білім, концептуалдылық, концептуалды жүйе, когниция, когнитивтік модель, вербалдылық, менталдылық, концепт, әлем бейнесі, концептілік өріс, ұлттық мәдени бірліктерді» когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымдары ретінде қарастырады. Аталған ұғымдардың адам санасындағы әрекеттері, тілдегі көрінісі, сол арқылы «әлемнің тілдік бейнесін» тануға мүмкіндік жасау қабілеті туралы мәселе бүгінгі таңда жалпы лингвистер алдында негізгі де өзекті проблемалар санатында тұрғандығын кейінгі зерттеулерден айқын көруге болады. Қазіргі тіл білімінде концептуалдылық таным процесіндегі білімнің нәтижесінен көрініс табуда. Бұл атауға байланысты Е.С.Кубрякова: «Концептуализация интерпретируется как «некоторый» «сквозной» для разных форм познания процесс структура знаний из неких минимальных концептуальных единиц»-деген болатын (2, 93).

"Адам және тіл" мәселесі соңғы уақытта мол өзектілікке ие болуда, өйткені тілді адекватты зерттеу ісі оның өз шеңберінен шығып, табиғат пен қоғамдағы белгілі бір ортада өмір сүретіндердің тобына жүгінгеңде ғана толық мүмкіңдікке ие болмақ, себебі, тіл адамды адам ететін айрықша белгі, ерекше нышан қасиетімен танылады.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.     Тіл  теориясы  деген  не?

2.     Қазіргі  кезеңдегі  тіл  білімінің  жағдайы  қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.     Сағындықұлы, Берік. Қазақ тілінің тарихы. Жаңа курс: лекциялар /Б. Сағындықұлы, Ш. Омарбеков; Әл-Фараби атынд. Қазақ Ұлттық университеті. - Алматы: Қазақ университеті, 2011

2.     Рамазанова, Ш. Қазақ тілі: оқу құралы / Ш. Рамазанова; Әл-Фараби атын. Қазақ Ұлттық университеті. – А: Қазақ университеті, 2012

Исаев , С. Қазақ тіл білімінің мәселелері//  Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011