Синтаксис мәселелері. Сөздердің байланысу амалдары мен формалары. Сөз тіркесі мен сөйлем


1. Синтаксистің зерттеу нысаны

2. Сөздердің байланысу амалдары мен формалары

3. Сөз тіркесі  мен сөйлем

 

Синтаксис - сөз тіркесі туралы, сөйлем туралы ғылым. Сөздердің сөйлемде байланысуының белгілі заңдылығы бар, сөздер бір-бірімен белгілі бір тәсілдермен байланысады. Сөйлеу дағдысы бойынша сөздер өзара белгілі бір жүйемен тіркеседі. Сол тіркестердің де, сөйлемдердің де өз жүйелері, өз заңдары болады. Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздер төрт түрлі тәсіл арқылы байланысады: жалғаулар арқылы; шылаулар арқылы; сөздердің орын тіртібі арқылы және интонация арқылы. Осы амалдарды біз былай топтап атаймыз: қосымшалар синтетикалық тәсілдер деп, шылаулар, сөздердің орын тәртібі, интотацияны аналитикалық тәсілдер деп аталады. Осы аталған тәсілдерді қолданып сөз тіркестерін құрауда тілдің қалыптастырған формасы бар. Сөздердің тіркесу формасы 5 түрлі: 1) қиысу, 2) матасу, 3) меңгеру, 4) қабысу, 5) жанасу.

Синтаксис сөйлеудің калыптасу ережелерін зерттейді. Сөз тіркесі жөнінде жүйелі зерттеулердің қалыптасып дамығанына көп болған жоқ. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерде тек сөйлем мүшелерін, олардың байланысын, орын тәртібін көбірек сөз қылды да, ал сөз тіркесіне байланысты мәселелер онша ауызға алынбады. Түркі тілдерінің сөз тіркестері тек кеңес дәуірінде ғана зерттеліне басталды. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерге сөз тіркесі, оның байланысы формалары жалпы болса да айқын жіктелмей келді. 

Сөйлемде сөздердің бір-бірімен байланысуы негізінде сөз тіркесі жасалады. Толық мағыналы кем дегенде екі сөздің өзара сабақтаса, бірі екіншісіне бағына байланысуын сөз тіркесі деп атайды. Тіркестегі бағындырып тұрған сөз басыңқы деп, басыңқыға бағынып тұратын сөз бағыныңқы деп аталады.

Сөйлем – біршама аяқталған ойды білдіретін сөздер, я сөздер тобы. Қазақ тілінің синтаксисі грамматикалық ілім ретінде екі салада зерттеліп келеді: сөз тіркесінің синтаксисі, сөйлемнің синтаксисі. Соңғысы өз ішінен жай сөйлем синтаксисі, құрмалас сөйлем синтаксисі болып жіктеледі. Тиянақталған ойды ауызша да, жазбаша да білдіруге болады. Сөйлемдер айтылу мақсатына және дауыс ырғағына қарай хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты болып төртке бөлінеді.    Сөйлемдер айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті; құрылысына қарай жай және құрмалас; Баяндаудың шындыққа қатысы жағынан болымды және болымсыз; Тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелердің қатысына қарай жалаң және жайылма; Баяндауыштарының қай сөз табына қатысты келуіне орай есімді және етістікті; Бастауыштарының қатысына қарай жақты және жақсыз болып бөлінеді.

         Хабарлы сөйлемсөйлемнің бір түрі. Хабарды, ақпаратты баяндау мақсатында айтылады.

         Сұраулы сөйлем деп біреу я бірдеме жайында білу мақсатымен сұрай айтылған сөйлемді атаймыз. Сұраулы сөйлем соңына сұрау белгісі қойылады.

         Лепті сөйлем деп ерекше көңіл күйіне, сезімге байланысты (қуану, ренжу, таңдану, аяу, бұйыру және т. б.) айтылған ойды білдіретін сөйлемді дейміз. Лепті сөйлем соңынан леп белгісі қойылады.

Бұйрықты сөйлем – қимыл-әрекетке итермелу мақсатында айтылған сөйлем. Бұйрықты сөйлем көбінесе ауызекі тілге тән. Бұйрық мағынасы әр түрлі реңкте білдіріледі: егер бұйыру қатал талап мағынасында жұмсалса, дауыс көтеріңкі айтылады, ал өтініш, тілек мағынасында айтылса, бәсең айтылады. Бұйрықты сөйлемдердің баяндауыштары етістіктің бұйрық және қалау райлары арқылы жасалады:

Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Синтаксис дегеніміз не?

2. Сөздердің байланысу амалдары мен формаларына не жатады?

3. Сөз тіркесі дегеніміз не?

4. Сөйлем нені қарастырады?

5. Сөйлем қандай түрлерге бөлінеді?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білім інің негіздері. - Алматы, 2011

2.  Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3.  Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4.  Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері//  Вопросы казахского языкознания .-Алматы, 2011

5.  Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7.  Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8.  Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004