ҰЛЫБРИТАНИЯ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ


Журналистика пайда болғанға дейін Еуропада ақпараттар әртүрлі тәсілдермен тараған. Ақпарат таратуда діни уағыздаушылар мен шешендердің рөлі зор болды. Үкімет шешімдері герольдтар арқылы хабарланып отырды. Ал билік басындағылар аймақтардан арнайы агенттер арқылы ақпарат алып тұрған.

Сонымен, ХVI ғасырда Англияда арнайы агенттіктер құрылып, олар жаңалықтарды жинастырып, басып, сатуды қолға алған. Бірте-бірте журналистиканың пайда болуына мүмкіншілік туды. Сауда ісі дамып, білімді адамдардың қатары көбейіп, қағаз шығару өндірісі дүниеге келді. Басылым станоктары кеңінен тарап, почта жүйесі қалыптаса бастайды. «Ұшқын листоктарды» басып, таратумен айналысып жатқан агенттіктердің ісі бұдан кейін де жандана түскен. Әрине, «ұшқын листоктардың» газетке ұқсастығы – мерзімділігі мен нөмірленуінде еді.

Баспасөз тарихын зерттеушілердің арасында алғашқы газет (әлем бойынша) Германияда жарық көрген деген пікір бар. Бірақ, Ұлыбританияның Бирмингем кітапханасынан 1606 жылғы «Уикли ньюс» газетінің («Апталық жаңалықтар») 31 қаңтардағы №19 саны табылған көрінеді. Бұл әрине жоғарыдығы пікірдің жаңсақтығын көрсетеді. Мамандар бұл газетте оны басып шығарушы Джефри Чарлтонның,

сондай-ақ Лондондағы собордың солтүстік қақпасы тұсындағы кітап дүкенінің иесі Павлдың есімдері көрсетілген деп мәлімдейді. Газеттің осы санында «Оқ-дәрі қастандығын ұйымдастырушылар» туралы үш бірдей мақала басылған. Мақалаларда корольді өлтіріп, парламентті жарып жібермекші болған дворян-католиктерден құралған оппозициялық топтың жазалануы, кінәлаушылардың соттағы сөзі, қастандық ұйымдастырушылардың анттары сөз болады. Материалдар 18,5Х213 см көлемде төрт бетке бағанасыз орналастырылған.

Ағылшынның алғашқы газеттері туралы мәліметтердің көпшілігі жоғалып кеткен. Англияда 1606 жылдан 1624 жылға дейінгі аралықта газеттер шықты ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал 1624 жылғы газетті айғақтайтын үш бірдей дерек табылған. Соған қарағанда, осы тұста Лондонда екі газет жарық көргенге ұқсайды. Газеттегі мәліметтерге қарағанда біреуін Т. Аргер (№7, 23 сандары ), екіншісін Н. Баттер (№42 саны) шығарған. Алғашқы газеттің ғұмыры ұзаққа созылмаған. Н. Баттердің газетінің көпшілігі «Уикли ньюс» деп аталғандықтан, шартты түрде осылай атаймыз.

1637 жылы І Карлдың цензура туралы заң шығаруы ағылшын баспасөзінің дамуына әжептәуір зиянын тигізді. Мұндай кедергілерге қарамастан, Н.Баттердің газеті үзіп-жарып 1641 жылға дейін шығып тұрды. Газеттің жабылу себебі – цензураның қарапайым шындықты басуға рұқсат етпеуі – деп түсіндіреді Н.Баттер.

Ағылшын революциясы тұсында баспасөздің айы оңынан туды. Маңызды, құнды жаңалықтарға зәру халық газеттерді қолдан-қолға тигізбей оқыды. Аз ғана уақыттың ішінде басылымдардың саны өсіп, сапасы жақсарды. Баспасөздің қарқынды дамуына цензураның жойылуының да әсері болған сыңайлы. Парламенттің өзі үлгі көрсетіп, 1641 жылы «Диурнал оккеренсиз» апталығын шығара бастады. 1644 жылы 17 басылым жарық көрсе, 1649 жылы басылымның саны 24-ке жеткен.

Революцияға дейінгі газеттер сауда-саттық жөнінде ғана жазатын «тар шеңбердегі» басылымдар болса, революция тұсындағы газеттер саяси күрестің бағыт, бағдар берушісіне, үгітшісіне айналды. Памфлеттер – бұл кезеңдегі журналистиканың негізгі формасы болып саналды. Бұл памфлеттерде адамның бас бостандығы, сөз бостандағы туралы мәселелер көтерілген. Осы тұста қоғамда «журналистика – қуатты күш» деген көзқарас қалыптасты.

Ағылшын революциясы тұсында Дж.Мильтон, Дж.Лильберн, Дж.Уинстенли сияқты тамаша публицистер жарқырап көрінді.

Революциядан кейін Лода Ждон Беркенхед шығарған «Меркуриус цивикус», Марчмонт Нелхэм редакциялаған «Меркуриус британникус», «Меркуриус прагматикус», «Меркуриус Политикус» секілді жаңа басылымдар пайда болды.

Ұлыбританияда 1660 жылы монархиялық биліктің қайта орнауы баспасөзге өзгеріс ала келді. Цензура газеттерді өз қарамағынан шығармады, көпшілігін жауып тастады. Билік басындағылардың рұқсатымен «Интеллидженер» және «Ньюс» газеттері ғана шығып тұрды. Екі газетті де шығарушы роялист Рождер Л'Эстранж еді. Рамкалар мен бағаналар алғаш рет осы газеттерде қолданылған. Бұл басылымдар

1665 жылға дейін аптасына бір рет жарық көріп тұрған.

Елді меңдеген індеттен қорыққан король сарайындағылар 1665 жылы Лондоннан Оксфордқа уақытша қоныс аударды. Газеттің негізгі оқырмандары – ақсүйектер қауымы Лондоннан жіберілген басылымдарды оқудан қашқақтағандықтан Оксфордта газет шығару қажеттілігі белгілі болады. Сонымен, корольдің бұйырғымен Оксфорд баспагері Леонард Литчфилд «Оксфорд газетін» ұйымдастырды. Сарайлықтарға ұнаған газет, кейіннен Лондонға басылып, «Лондон газеті» деп аталады. Бұл газет осы уақытқа дейін жарық көріп келе жатқан көне басылымдардың бірі. Газет екі бет болып аптасына үш рет шығып тұрған, 28х16 см көлемде басылған. Негізінен ішкі, сыртқы өмірден хабарлар басумен ғана айналысқан газетте сараптамалық мақалалар берілмеді.

1684 жылы Л’Эстранж «Обсерватор» газетін дүниеге әкелді. Газет екі бет болып , аптасына 2-4 рет шыққан. Басылым негізінен сараптамалық мақалаларды жариялай отырып, виги мен тори партияларының өзара айтыстарын, саясаттарын беруді жөн көрді. Сондай-ақ, Л’Эстранж таза жарнамалық мазмұндағы « Сити меркьюри» газетін шығарды.

ХVII ғасырдың екінші жартысында Англияда сатиралық баспасөз қалыптаса бастады. Виги партиясы шығарған «Уикли пэкет оф эдвайс фром Роум» апталығы сатиралық басылымның жарқын көрінісі болып табылады. Газет саяси қарсыластырын пародиямен сынаған. «Уикли пэкет ...» жасырын шыққандықтан, кейіннен газетті шығарушы Генри Карр қамауға алынады.

Кейіннен ХVII ғасырдың соңында Ұлыбританияда мерзімді басылымдардың: ақпараттық («Лондон газеті»), сараптамалық («Обсерватор»), сатиралық («Уити пэкет») және жарнамалық («Сити меркьюри») түрлері шығып тұрған.

Алғашқы газеттердің редакторы да, авторы да, баспагері де бір-ақ адам болды. Ақпарат жинаумен де өзі айналысқан. Негізгі ақпарат көздері – өсек-аяңдар, ресми каналдар еді. Шетел жаңалықтары бірнеше ай кешіктіріліп басылды.

Англиядағы алғашқы журнал «Философикал трансэкшнз» («Философиялық еңбектер») 1665 жылы жарық көрді. Журнал ғылыми сипаттағы мақалаларды жариялауды мақсат етті.

ХІХ ғ.басында ағылшын мерзімді басылымдарында рецензия жанры тұрақты беріліп тұрды. Бұл жанрдың дамуына айрықша үлес қосқан ағайынды Хантамилар шығарған «Экземинер» апталығы еді.

Бұл кезеңде Англияның әр түкпірінде шығатын провинциялық басылымдар да көбейді.

Жалпы ағылшын баспасөзінің тарихын бес кезеңге бөліп қарастыруға болады:

І кезең (1620-1785 жылдар аралығы) – мерзімді баспасөздің қалыптасу кезеңі. Бұл кезең алғашқы жаңалық кітапшалардың дүниеге келуімен ерекшеленеді. 1655 жылы шын мәніндегі газет «Оксфорд газет» жарық көрді. Бұл басылым аптасына екі рет шығып тұрды. 1702 жылы күнделікті газет «Дейли курант» дүниеге келді.

ІІ кезең (1785-1866 жылдар аралығы) – «Таймс» газетінің дүниеге келуімен ерекшеленеді. Бұрынғы газеттер тек қазыналық ақшаға шығатын болса, «Таймс» жарнама арқылы өзін-өзі қаржыландыру ісіне жол ашқан. Жергілікті байлар мен ауқатты тұрғындардың және стильдік коммерсанттардың жарнамаларынан түскен қыруар ақша газетті қаржыландырудың басты көзіне айналды. Сонымен бірге, бұл кезеңде «Таймспен» бәсекеге түскен «Дейли ньюс», «Дейли телеграф», «Морнинг пост» газеттері дүниеге келді. 1781 жылы жексенбілік газет «Обсервер» жарық көрген. Осы тұста арнаулы газеттер де бой көтерген. Спорттық газет – «Уикли диспетч», ал фермерлерге арналған «Уикли мессенджер» арнаулы басылымдардың алғашқы қарлығаштары еді.

1811 жылы Лондонда 16 күнделікті газет шығып тұрды: оның 8-і теңертеңгілік, 8-і кешкілік болатын. 1753 жылы Англияда шығатын мерзімді басылымдардың жалпы тиражы – 7 411 757 дана болса, 1820 жылы 29 387 843-ке жеткен. Басылымдардың мазмұнына өзгеріс еніп, ішкі және сыртқы жаңалықтар беріліп, мәдени өмірден хабарлар басылып, әдебиетке шолу жасала бастады.

Ағылшын журналистикасы тарихында Стюарт, Уолтер, Перридің баспагерлік қызметінің алатын орны айрықша.

ІІІ кезеңнің (1896 – 1920 жылдар) басты ерекшілігі – көпшілікке арналған «тиындық» газеттердің шыға бастауы. Бұл газеттер қарапайым халықтын сауатын ашуға көп көңіл бөлді. 1896 жылы Альфред Хармворс деген азамат «бульварлық» типтегі «Дейли мейлді» өмірге әкелді. Соның ізінше, осы бағыттағы «Дейли экспресс», «Дейли миррор» сияқты газеттер жарық көрген. Бұл басылымдардың таралымы жоғары болды.

ІV кезеңде (1920 – 50 жылдар аралығы) монополистік топтар пайда болып, газет-журнал рыногының негізі салынды. Бұл бөліністе баспасөз барондары лорд Нордклиф және оның ағасы лорд Ротермир, лордтар Бивербрук, ағайынды лордтар Кэмруоз, Кэмслилар басты роль атқарды. Сондай-ақ осы уақытта британ элитасына қызмет ететін, құнды ақпарат басатын «сапалы» газеттер мен көпшілікті сенсациямен қызықтыратын «танымал» газеттердің арасындағы бөлініс анық байқалды.

Сапалы газеттердің бетке ұстары – ‘‘Таймс’’ газеті. Сондай-ақ бұл топқа кұнделікті шығатын ‘‘Дейли телеграф’’(1855 жылы), ‘‘Гардиан’’(1821 жыл), ‘‘Файнэншл таймс’’ (1888 жыл), ‘‘Индепендент’’ газеттерін жатқызамыз.

Англиядағы көпшілікке арналған күнделікті ‘‘танымал’’ басылымдар қатарын мыналар құрайды: ‘‘Сан’’ (1964 жыл), ‘‘Миррор’’ (1903 жыл), ‘‘Дейли экспресс’’ (1990 жыл), ‘‘Дейли мейл’’ (1896 жыл).

Сондай-ақ, ағылшынның жексенбілік газеттері арасында да осындай бөлініс байқалады. ‘‘Сапалы’’ жексенбілік газеттер: ‘‘Санди таймс’’(1961 жыл), ‘‘Обсервер’’ ( 1791 жыл). Ал көпшілікке арналған ‘‘танымал’’ газеттер қатарына ‘‘Ньюс оф уорлд’’ (1843 жыл), ‘‘Мейл он санди’’ (1982 жыл), ‘‘Санди миррор’’(1915 жыл) және ‘‘Пиплді’’ (1881 жыл) жатқызамыз.

V кезең – 1950 жылдардың ортасынан басталады, бұл кезеңде газет ісінде қайта өрлеу процесі байқалды. Жарнама рыногына теледидар атты қуатты да пәрменді бәсекелес енді. Сондай-ақ, бұл кезең ғылыми-техникалық революцияның баспасөз ісіне енуімен ерекшеленді. Халықтың білім дәрежесі өсіп, ғылыми-техникалық интеллигенция қалыптасқандықтан, оқырмандар аудиториясы да өзгерді. Осы факторлардың әсерінен кәсіпкерлер газет шығаруға қажетті техниканы жаңартуға, мазмұнына, теріміне жаналық енгізуге мәжбүр болды. Бұдан рыноктағы жарнама кірістері азайып кетті. Сондықтан, газет-журнал бизнесіне ірі байлар араласқан тұста немесе бірнеше баспалар бірігіп, банктегі қаржыларын қосып өндірісті жұмылдырған кезде ғана өз нәтижесін берді. 1950 жылдардағы газет ісіндегі топталу процесі ағылшын баспасөзін 7 ірі монополияның қолына ұстатты. Бұлар негізгі басылымдарға бақылау жасады. Ағылшын газеттерінің 25% -і С. Кинг концерніне тәуелді болса, 16%-і лорд Ротермирдің концерніне қарады. Бұдан лорд Томсон монополиясы да қалыспады.

МОНОПОЛИЯЛАР. «РОЙ ТОМСОН мекемесі» 14 күнделікті, 40 апталық, 1 жексенбілік газеттерге иелік етеді. Олар Лондонда ғана емес, ағылшын провинцияларында, Шотландияда, Уэльсте, Солтүстік Ирландияда шығып тұрады. Канадалық баспасөз алпауыты Рой Томсон 1953 ағылшынның «Скотсменін» сатып алады, кейіннен коммерциялық тележүйе «Скотиш телевижнге» иелік етеді. Ал 1959 жылы Ұлыбританиядағы лорд Кэмслидің 18 газетін өз қарамағына алған. Р.Томсон Англиядағы бизнесін жандандыру үшін әрі құрметті «лорд» шенін иелену ұшін ағылшын азаматтығын қабылданған. 1964 жылы дегеніне жетіп «лорд» шенін иеленді. Ал 1967 жылы Ұлыбританиядағы ақсүйектердің ең беделді әрі ықпалды газеті «Таймсты» (тиражы – 350 мың) өз қарамағына қаратса, кейіннен жексенбілік «Санди таймс» (1,27 млн.) газетін иеленген.

Англиядағы Р.Томсон шығаратын 70 журналдың ішіндегі беделдісі – әйелдерге арналған «Фэмили серкл» журналы. Трансұлттық корпорация иесі Р.Томсон Ұлыбританиядан басқа Америка, Канада, Латын Америкасы, Африка елдеріндегі түрлі басылымдардың, радио, телестанциялардың қожасы.

«АССОШИЭЙТЕД НЬЮСПЕЙПЕРС» КОНЦЕРНІ – лорд Ротермирдің иелігінде. Концерн «Дейли мейл», ‘‘Мэйл он санди’’ күнделікті газеттерін, жексенбілік «Уикэндті» және Лондондық кешкілік газет «Ивнинг ньюсти» шығарады. Сондай-ақ 18 аймақтық газетті бақылайды. Коммерциялық 4 радиостанцияның иесі. Бұл топ газет ісімен қатар мұнай, ресторан бизнесімен айналысады.

«ПИРСОН ЛОНГМАН» КОНЦЕРНІ – финансист лорд Каудрейдің бақылауында. «Файненшл таймс» (360 мың дана) күнделікті экономикалық газетін, «Экономист» (232 мың дана), «Инвесторс кроникл» апталықтарын және бірнеше аймақтық газеттерді шығарады. Кітап шығарумен айналысатын «Пингвин» баспасы бар.

«НЬЮС ИНТЕРНЭШНЛ» - Руперт Мэрдок монополиясы. Австралиялық баспасөз алпауыты Р.Мэрдок 1969 жылдан бастап Ұлыбританияда газет-журнал шығарумен айналысады. Алғашында ол күнделікті «Сан» (2800 дана) газетін, батыстағы ең ірі жексенбілік газет «Ньюс оф уорлты» (2900 дана) иемденеді. Ал 1981 жылы әйгілі «Таймсты» және жексенбілік газет «Санди Таймсты» 12 млн.фунт стерлингке сатып алады. Ағылшынның газет-баспа рыногында Р.Мэрдок барлық бақталастарын басып озып, күнделікті және жексенбілік басылымдардың жалпы тиражының 1/3 –не бақылау жасайды.

«ЮНАЙТЕД НЬЮСПЕЙПЕРЗ» - қаржыгер Дэвид Стивенстің қарамағындағы газет-баспа концерні. Аталмыш концерн ‘‘Дейли стар’’, ‘‘Дейли экспресс ’’, ‘‘Санди экспресс’’ атты жалпыұлттық газеттерді шығарады. Провинциалдық газеттердің 100 шақтысы осы топтың иелігінде. ‘‘Панч’’, ‘‘Кантримен’’ т.б. журналдары бар.

«МИРРОР ГРУП КОНСОРЦИУМ» - Еуропадағы ең ірі газет концерндерінің бірі. Бұл концерннің қол астында ‘‘Бритиш принтинг энд комьюникейшн корпорейшнл’’ баспа бірлестігі мен ‘‘Пергамон пресс’’ баспа компаниясы бар. Концерннің президенті Роберт Максвелл 1991 жылы жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Бүгінгі күні оның ісін ұлдары жалғастыруда. Концерн жалпыұлттық кұнделікті ‘‘Миррор’’, ‘‘Спортинг лайф’’ газеттерін, жексенбілік ‘‘Санди пипл’’, ‘‘Санди миррор’’ басылымдарын шығарады.

70-80 жылдары Ұлыбританияда баспасөздегі монополиялану ісі қарқынды дамыды. 1920-1970 жылдар аралығында шығып тұрған газеттердің 35% қысқарды, 1974-1981 жылдары жарық көріп тұрған 1300 провинциялық газеттің 800-і ғана қалды. 1980 жылдары жеке иеліктегі 200 газет концерндерге қарамай, тәуелсіз шығып тұрды.

Ұлыбританияда 70-жылдары болған экономикалық дағдырыс газет ісін де шарпып өтті. Газетке баға көтеріліп, иеленушілер азайды. Француз газеті «Мондтың» мәліметі бойынша, сол тұстағы ағылшын баспасөзін Бивербрук, Томсон, Мэрдок концерндері бақылаған.

Ағылшын баспасөз әлеміне трансұлттық корпорациялардың ықпалы басым. Батыс Еуропа елдерінде газет әлеміндегі капиталдың тоғысуы бүгінде жаңалық емес. Австралиялық Р. Мэрдоктың иелігіне ағылшын газеттері тиражының 25% қарайды; ал Англияның «Пирсон-Лонгман» баспа тобы 80-жылдардың екінші жартысынан бастап француздың «Эко» газетіне иелік етуде әрі голландиялық баспа компаниясы «Эльзевирмен» байланыстарын нығайтты. Ағылшын баспасөзінің монополиялануы, оның мазмұнына зиянын тигізіп отыр. Қоғамдық өмірде бұған алаңдаушылық байқалады. Сондықтан болар, журналистер баспасөз монополияларына тәуелді емес, жеке газеттер шығаруға талпынуда. Осындай мақсатпен, «Санди корреспондент» (1989), «Индепендент» газеттері жарық көрді.

Ағылшын газеттерін бес топқа жіктеуге болады:

  1. Күнделікті шығатын ұлттық таңертеңгілік газеттер. Бұлардың ішінде беделді, көрнекті тоғыз газет бар: «Таймс», «Дейли телеграф эн морнинг пост», Дейли экспресс» т.б.
  2. Лондондық кешкілік газеттер : «Ивнинг ньюс», «Ивнинг стандарт».
  3. Таңертеңгілік және кешкілік аймақтық газеттер.
  4. Жексенбілік газеттер. Бетке ұстарлары – «Санди таймс», «Уикэнд», «Обсервис», «Санди экспресс».
  5. Апталық аймақтық газеттер.

Англия баспасөзіндегі басты фактор – газет таралымы болып есептелінеді. Тираж көлеміне қарай, жарнама құны да өседі. Тираж көтеру үшін оқырмандарды, жарнамашыларды тарту үшін «айшықты айдарлар» мен «көзге ұрар тақырыптарды» ойлап тауып, газеттер өзара бір-бірімен жарысып жатады.

Ағылшын баспасөзінің бір партияға қарай бейімделуі (ашық мойындамаса да ) тарихи жағдайларға байланысты қалыптасқан. Консерваторлар «Таймс», «Санди таймс», «Дейли телеграф», «Санди телеграф», «Дейли экспресс», ‘‘Дейли мейл’’, ‘‘Ньюс оф уорлд’’, ‘‘Сан’’ газеттерін қолдаса, лейбористердің «Миррор», «Гардиан», «Обсервер», ‘‘Санди миррор’’, ‘‘Пиплмен’’ ежелден байланысы бар. 80-жылдары лейбористер басылымдары біраз қиыншылықтырғы ұшырады: партияның ресми апталығы «Лейбор уикли» жабылып қалды, «Лейбор парти ньюс» журналы қысқарып кетті.

80 жылдары солшылдардың бұрынғы басылымдары өз ісін жалғастырып, жаңалары да жарық көрді. Англия коммунистік партиясының теориялық, дискуссиялық органы «Марксизм тудей» (1957 жылы) журналы елдің ішкі өмірінің өзекті мәселелеріне, халықаралық оқиғаларға көңіл бөле бастады. Британ компартиясының органы «Морнинг стар» газеті жұмысшы козғалыстарының ереуілдерін жақтап, ағылшын жұмысшыларының құқын қорғап отырды.

1980 жылдары Ұлыбританиядағы кішігірім форматпен, шағын тиражбен анда-санда бір шығатын альтернативтік басылымдардың саны 80-ге жетті.

«ТАЙМС» ГАЗЕТІ. Көмірмен сауда-саттық жасаушы Джон Уолтер 1785 жылдың бірінші қаңтарынан бастап өзінің «Дейли юниверсал реджистер» атты газетін шығарған. Бірнеше жылдан кейін бұл газеттің аты «Таймс» болып өзгертілді. Күнделікті шығып тұратын бұл басылымның көлемі 18-20 беттен тұрды. Француз революциясы тұсында газеттің беделі өскен. Газеттің танымал болуына сол тұстағы редакторы – Уилям Хэдли, шетелдік бөлімінің редакторы А.Макдональд айырықша үлес қосты.

ХІХ ғасырда «Таймстың» беделі күн сайын арта түсті. Бұл басылымды Виктория ханшайым үзбей оқып отырды. Кейбір премьер-министрлер өз саяси қарсылыстарының беделін түсіру мақстаында редакцияға ақпараттар беріп тұрған. Газет мемлекеттік істердің көпшілігіне араласты. Ұлыбританияның Қырым соғысына қатысуына от үрлеген де осы газет еді. 1877 жылы «Таймстың» таралымы 500 мыңға жетті.

Газетті қаржыландыру қиындықтары өткен ғасырдың соңында басталды. Өйткені осы тұста «Таймспен» бәсекелес, сенсацияға көбірек жүгіретін әрі арзан газеттер көбейген еді.

«Таймс» өзінің саяси ықпалын сонда да жоғалтпады. Мәселен, 1936 жылғы корольді тақтан тайдыру ісінде бұл басылым қозғаушы күш болды.

1967 жылы ірі монополист лорд Томсонның өз концерніне респектабельді «Таймс» газетін қосып алу жайлы ұсынысы қабылданды. Монополиялық комиссия Р. Томсонның газетті кем дегенде 21 жыл шығару жайлы уәдесін алған соң, газетті бұрынғы иесінен сатып алуға рұқсат етті. 1967 жылы іргетасы қаланған «Таймс паблишинг компанидан» «Таймс» және «Санди таймс» газеттері шығарыла бастады. Лорд Р.Томсон қайтыс болған соң, оның мұрагерлері бұл газетті жауып тастамақ болды. Мұнда істейтін журналистер мен полиграфистер жаңа технологияны пайдалану шартын қабылдамай тастады. Кәсіподақ пен газет арасында болған айтыс-тартыстардың нәтижесінде «Таймс» 1978 жылдың 1 желтоқсанынан 1979 жылдың

12 қарашасына дейін шықпай қалды. Бұдан кейінгі уақыттарда газет шығуын тоқтатқан жоқ.

1981 жылы «Таймс» газетін Р.Мэрдоктың «Ньюс интернэшнл» компаниясы сатып алды. Жаңа иесі газеттің бет-бейнесін бірден өзгертті. Жарнамаға көп орын беріліп, бинго ойындарының ойнатылуына байланысты газет тиражы бірден өсті.

Басқа ағылшын газеттеріне қарағанда «Таймс» газеті әлемдік дәрежедегі кең таралған тілшілер қосынына ие. Газет тілшілері барлық халықаралық саяси конференциялар мен кездесулерге қатысады. Редакция құрамында ағылшынның атақты жазушылары мен журналистері, әдеби сыншылары мен өнертанушылары, спорт шолушылары бар. Редакцияда барлығы 250 қызметкер қызмет істейді.

«Таймс» - хабарларды дер кезінде жеткізетін ықпалды газет. Бұл газеттің көзқарасымен Англияның ғана емес, шетелдердің саяси топтары да санасып отырады. Негізінде тәуелсіз және бейтарап газет дегенімен, бұл басылымдағы әрбір мақаладан консервативтік бағытты анық байқауға болады. Газет мемлекеттік басқарушы топтарымен, әсіресе сыртқы істер министрлігімен, шіркеу және өнеркәсіптік – финанстық топтарымен тығыз байланыста. Сондай-ақ газет қоғамдық пікірді қалыптастыруда да ықпалды.

1924 жылы қабылданған ереже бойынша «Таймс» газетінің жанынан арнайы қамқорлық комитеті ашылған. Бұл комитетке негізінен ағылшын басқарушы органының сенімді адамдары, жоғарғы сот, президент, банк директоры мүше бола алады. Комитет газеттің саяси бағытын бақылап отырады. Дегенмен, «Таймстың» атын әлемге танытып отырған қаламы жүйрік, көзі қырағы журналистер екені даусыз. «Таймс» дүниеге келгелі бері өзінің алдыңғы қатарлы мақалаларымен көзге түсіп келеді. Газете парламент мәжілістерімен есеп, мемлекеттік хабарлар, министрлер мен дипломаттардың жиналыстарда сөйлеген сөздері, редакторға арналған хаттар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Басқа газеттерден айырмашылығы: «Таймс» алғашқы бетке негізгі мақалалар мен хабарды емес, әртүрлі жарнамалық құлақтандыруларды, қайғылы оқиғаларды, компания жиылыстары жайлы мәлеметтерді береді. Газет бетінің

15-20%-ін жарнама алып отырады. Жеке-жеке жарнамалар, хабарландырулар кейде газеттің бір бетін түгелдей алады. Жарнама арқылы газет шығындары түгел жабылып, үлкен кіріс әкеледі. Сондай-ақ, газетке кіріс әртүрлі саяси және экономикалық анықтамалар мен түрлі әдеби қосымшаларды шығару ісі арқылы да түсіп отыр.

«Нью-Йорк таймс» газетінің жазуына қарағанда, соңғы кезде «Таймс» газеті тілінің әдеби деңгейі төмендеп кеткен, спорт тақырыбына жиі қалам тартатын болыпты, король отбасына байлаулы аттай, сол маңайдан шыға алмайтын көрінеді. Бір кездері жұлдызы жарқыраған халықаралық хабарлар бөлімі беделін жоғалтқан.

Бірақ қанша дегенмен де, британ элитасына қызмет ететін «сапалы» газеттің бетке ұстарының бірі – «Таймс» газетінің тарихына мұндай бірен-саран кемшіліктер нұқсан келтірмес. «Таймс» - Батыс Европа газет әлемінде «Мәңгілік Таймс» бейнесін жоғалта қоймас...