ФРАНЦИЯ БАСПАСӨЗІНІҢ ТАРИХЫ


1470 жылы Франциядағы алғашқы баспаханалар ашылып, өзінің бастапқы өнімдерін бере бастады. Ал бұл елде газет шығару ісі ХVІІ ғасырда пайда болып, 1604 жылы алғашқы газет  «Газет франсуаз» жарық көрді. Артынша «Француз меркурийі» (1611 жылы) дүниеге келді.

1631 жылы Теофраст Ренодо негізін салған «Газет» апталық газеті ақпараттарының жан-жақтылығымен, әдеби деңгейінің жоғарылығымен, ұзақ уақыт үзбей шығып тұрғандығымен ерекшеленеді. Әлемдегі ең алғашқы журнал «Журнал де саван» деген атпен 1665 жылы Францияда дүниеге келген. Соның ізінше, 1672 жылы жарық көрген «Меркюр галан» журналындағы тақырыптардың жан-жақтылығы, формаларының әртүрлілігі, кейбір жанрлардың ұшырасып қалуы – қазіргі журналдарға ұқсайды. Франция баспасөз тарихындағы алғашқы жекеменшік журнал Пьер де Шамблен де Маривоның иелігінде «Спектатэр франсэ» (1722 жылы) деген атпен дүниеге келген. Ал алғашқы күнделікті газет «Журнал де Пари» (1777 жылы) жарық көрген тұста, Парижде 27 газет шығып тұрған.

1629 жылы король Людовик ХІІІ цензура туралы заң шығаруы баспасөздің дамуына тежеу болды. Бұл заң бойынша полиция мен цензордың рұқсатынсыз ештеңе басылмайтын еді. Дінге, корольге, мемлекетке қарсы дүниелердің басылуына қатаң тыйым салынды. 1660-1756 жылдар аралығында «Баспасөздегі қылмысты істері» бойынша 869 адам (журналистер, баспаханашылар, кітап сатушылар) Бастилияда болып қайтты. Ал баспасөзде жіберген кемшіліктері, кінәлары үшін өлім жазасына кесу ісі Францияда ХVІІІ ғасырдың соңына дейін  жалғасты.

Француз баспасөзінің «жасанды тарихына» Ұлы Француз революциясы (1789-1799 ж.ж.) өзгеріс әкелді. Журналистика – қоғамдық пікірдің мінберіне  айналып, революциялық -демократиялық баспасөз қалыптасты.

Революция нәтижесінде «Адам правосы жөніндегі декларация» (1791) қабылданып, алғашқы француз конституциясы өмірге келді. Бұл құжаттарда адам құқының асыл қасиеттері – сөз, ой бостандығына шек қойылмайтындығы жарияланды. Әртүрлі саяси бағыттағы басылымдардың саны өсті. Революцияғы дейін 27 газет шыққан болса, 1789 жылдың екінші жартысында газет саны – 250-ге дейін өсіп, ал 1790 жылы 350-ге жетті. Газеттердің көпшілігін революция көсемдері, саяси қайраткерлер басқарды : Виктор Рикети Мирабо «Эта женеро», «Курье де прованс» газеттерін, Жа Пьер Бриссо «Патриот франсе» газетін шығарды. Ал «Револьюсьон де Франс», «Вье Корделье» газеттерін Камиль Демулен басқарды. Ал Жан Поль Мараттың «Ами дю пеплі» көпшілікке танымал болып, ықпалды газеттердің біріне айналды.

Француз революциясы тек Францияда ғана емес, Еуропа тарихында да жаңа кезеңнің ашылуына жол ашты. Ескі режимді жоя отырып, Адам құқы Декларациясының принциптерін жүзеге асыратын саяси партиялардың өмірге келуіне себепші болды.

Осы кезеңде саяси басылымдар қалыптасып, баспасөздің «шынайы» бейнесі айқындала бастады. Баспасөздің беделі күн санап өсті. Бұндай өзгерісті көріп, көңілі марқайған К.Демулен: «бұрынғы режим тұсындағы листоктар тек ауа-райын жазатын. Бүгінгі журналистер – қоғамды билеушілер. Олар әшкерелейді, ақтайды, талқылайды, бір сөзбен айтқанда, басқарады. Газет – таң шуағымен арайландыратын күн іспеттес» -деп тебіренді.

1789 жылы журналистикада баспасөз еркіндігі туралы пікірлер сөз бола бастады. 1789 жылдың 10 сәуірінен бастап Бриссо «Француз патриоты» газетін шығаруды қолға алды. Өзінің газет шығарудағы мақсатын Бриссо былайша түсіндіреді: «Революцияның алғашқы жылдарында брошюралар көбейгенімен, ол кез келген адамның қолына тие бермейтін. Сондықтан, бағасы ортанқол, сыртқы пішіні тартымды, революцияның бағыт-бағдарын жан-жақты түсіндіретін  саяси газет керек».

Бриссо газетімен бір мезгілде Мирабоның «Генерал штатының газеті» шыға бастайды. Кейіннен билік басындағылар бұл басылымның шығуына тыйым салған. Үкіметтің бұл шешіміне халық наразы болды. Бриссо газетін шығаруын біраз уақытқа тоқтатты. Ал Мирабо болса, депутат ретінде өз сайлаушыларына есеп беруді бетке ұстай отырып, «Граф Миробаның өз сайлаушыларына хаты» деген атаумен, 1789 жылдың 10 мамырынан бастап өз басылымын шығаруды жалғастыра береді. 10 мамыр мен 25 шілде аралығында Мирабо газетінің 19 нөмірі жарық көреді. Мирабо газеттің соңғы нөмірін Бастилияны алған күнгі жеңіске арнады.

Бастилия алынғаннан кейін, саяси баспасөз жолындағы кедергілер біртіндеп жойылды. Бір газеттен кейін бір газет дүниеге келіп жатты. Барефтің басшылығымен дүниеге келген «Восход» газетінің 350 саны жарық көрді. Мирабо бірнеше жақтастарымен «Курьера прованса» газетін шығарды. Олар ұлттық мәжіліс жиылыстарына қатысып, қызықты мәліметтерді қалт жібермей, есептің хаттамасын жазып алып, газетке басқан. Мирабо газеті тек  Парижде ғана емес, шет аймақтарда да сұранысқа ие, өтімді, беделді басылым болды.

Осы кезде Фреронның редакторлығымен жарық көрген «Халықтық     трибуна»     газетінде     Ж. Б. Мараттың     мақалалары басылып тұрды.

Бриссоның газеті де қайта шыға бастады. Егер 1788 жылы  Францияда 60 басылым ғана шығып тұрса, 1789-1792 жылдар аралығында 500 басылым дұниеге келді.

Баспасөздің дамуы саяси жағдайға байланысты еді. Францияда 1815 жылы полиграфия ісінде жаңа технология қолданыла басталады. Оған дейін бәрі қолмен басылған. Газеттің редакторы да, баспагері де, сатушысы да бір-ақ адам болды. Типография әлсіз болғаны соншалықты, бір тәулікте 3 мың дана ғана басылған.

Газеттердің таралымы да төмен болды. Тек «Париж газетасының» таралымы ғана 10 мың данаға жетті.

Бұл газеттерде аз-аздап болса да жарнама басылып тұрды. Бриссоның «Франция патриоты» жеке адамдардың тарапынан берілген хабарландыруларды басты.

Бастилияның алынуы нәтижесінде реалистік газеттер дүниеге  келді. Бұл бағыттағы газеттер революционерлерді сынап-мінеді.  Оларды карикатуралық суреттермен келемеждеп, депутаттардың жеке өмірі туралы өсек таратты.

Бастилия алынғаннан кейін «Ұлылардың ұлы болып жүргені біздің бүгі-жіктегенімізден. Еңсемізді көтерейік!» деген эпиграфпен «Париж революциясы» газеті жарық көрді.

Бұл газет нағыз революционерлер туралы жаза бастады.  Провинциядағы революциялық қозғалыстың жетістіктерін жазуды да ұмытпады. Заң және құқық мәселелерін негізгі тақырып  еткенімен, театр мен әдебиетті де ұмытпады. Демулен бұл газетті «революция энциклопедиясы» деп жоғары бағалаған.

1794 жылы Якобин диктатурасының күйреуі, баспасөзге тағы да тұсау салды. Үкімет басына келген «Директорий үкіметі» (1794-1799 жылдар аралығы) тұсында баспасөз  бостандығы толықтай  жойылды. 1796 жылдың 16 сәуірінде Директорий үкіметі мерзімді  басылымдарда жіберілген  қателіктерге,  яғни,  қылмысты  істерге  «өлім    жазасын»    кесу    мәселесін    қойды.    1831-1832    жылдар  аралығында баспасөзге қатысты мәселе бойынша 411  адамның  үстінен  қылмысты  іс  қозғалды.  Журналистерді,  редакторларды, түрмеге отырғызу, айып төлету ісі кең етек жайды.

1830 жылы шілде революциясы тұсында баспасөздің маңызы  зор болды. Демократиялық баспасөздің өрісі кеңейіп, бұқарамен  байланысы нығайды. Газеттер қолдан-қолға өтіп жатты. Осы кезенде қалыптасқан солшыл революциялық бағыттағы сатиралық  баспасөзде Филипон басылымдарының орны ерекше. Филипонды достары «сатира Наполеоны», «сатираның атасы» деп мадақтаса, дұшпандары оның әжуасынан сескенді. Ол шығарған «Шаривари» мен «Карикатюр» газеттерінің өзіндік бағыты бар, беделді  басылым болды. Бұл газеттер карикатураға, оның ішінде саяси  карикатураға     айырықша     мән     берді. 30-жылдары     саяси карикатураның     шеберлері     солшыл    республикалық    газеттер төңірегіне топтасып, күрестің алдыңғы шебінде тұрды.

Қоғамдағы    өзгерістер,    ғылымдағы    жаңалықтар    француз журналистикасына үлкен ықпал етті: 1835 жылы Шарль Луи Гавас әлемдегі  алғашқы  ақпарат  агенттігін  өмірге  әкелді.   Эмиль де Жирарден  «Пресс»  газетінде  көпшілікке  арналған  «ақпараттық басылымдар» туралы концепциясын жариялады. «Конститюсьоннель»  газетінде (1851 жылы ) алғаш рет жарнама берілді. Ал 1850 жылы  Луи Ашетт Франция тарихында мерзімді басылымдарды тарату мен тасымалдау ісін дүниеге әкелді. Гавас агенттігі 1856  жылдан бастап жаңалықтарды тарату ісінде «Морзе әліппесін» пайдалана бастады, 1866 жылдан бастап су астындағы кабельдің көмегімен Еуропа мен Американың арасында байланыс орнады.

Француз баспасөзінің «алтын ғасыры» (1870-1914 жылдар) капиталистік баспасөздің қарқынды дамуына байланысты болды, енді газет-журналдар ірі өндіріске айналды. 1870-1880 жылдар аралығыңда француз мерзімді басылымдарының саны 900-дең 2500-ге жетті. Баспасөзде коммерциялизациялану процесі кең етек алды, көпшілікке арналған "танымал газеттер» бірінші бетінде «қанды оқиғаларды» бейнелеуді әдетке айналдырды.

1903 жылы Жан Дюпюидің «Пети паризьені» әлемдегі ең жоғары тиражбен, (сол кез үшін) 1,3 млн. дана болып шықты. 1904 жылы жарық көрген Жан Жорестің «Юманите» газеті кейіннен француз коммунистерінің мінберіне айналды.

Француз баспасөзінің «ренессанс дәуірі» 1931 жылы Париждегі алғашқы күнделікті кешкілік газет «Пари суардың» жарық көруімен басталады. Бұл газет өзінің иллюстрациялы ақпараттарымен, әртүрлі тақырыпты қамтумен ерекшеленді (1939 ж. газет тиражы - 1,6 млн. д. жетті.). Жан Пруво «Пари суардан» кейін баспасөздің тұтас бір картелін дүниеге әкелді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде француз халқы өз тәуелсіздігін, өз бостандығын қорғау жолында шетел оккупанттарына қарсы ұлт-азаттық соғысын жариялады. Ал француз журналистері бір-бірімен жауласқан екі топқа бөлінді. «Үлкен баспасөздің» көпшілік басылымдары Францияға көр қазушылар жағында болды. Бұған күнделікті «Тан», «Эко де Пари», «Пети паризьен», «Матьен» газеттерін жатқызуға болады. Ал екінші топта азаттық үшін күресушілерді қолдаған басылымдар еді. Бұл топтың көшбасшысы - француз коммунистік партиясының басылымы «Юманите» газеті болды (1940-44 жылдары «Юманите» газетінің жасырын 400 номері шықты). «Юманите» кейіннен коммунистік партияның беделді органына айналды.

Соғыс жылдарында  коммунистік партияның шақыруымен Ұлттық майдан ұйымы құрылды және әр ұйымның өз газеттері болды. Франция азат болған соң немістерге қызмет еткен газеттердің шығуына тыйым салынып, істері сотқа тапсырылды.

Азат ету кезінде дүниеге келген IV Республика тұсында (1944 тамыз - 1946 қараша) саяси журналистика жақсы дамыды. Сол кезде өкімет басында тұрған коммунистік, социалистік, католиктік партиялардың принциптеріне сәйкес келетін солшыл бағыттағы журналистиканың мерейі үстем болды.