ГЕРМАНИЯ БАСПАСӨЗІ


1990 жылдардың басында Берлин қабырғасы құлап, екі герман мемлекеті біріккен соң, газет-журнал рыногында көптеген өзгерістер болды. Қазіргі кезде Германияда 1601 басылым 25 365 500 дана таралыммен шығып тұрады. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда басылымдардың қатары азайды. Бірақ соған қарамастан, Германия мың адамға шаққандағы тиражы бойынша 4-орында (Жапония, Ұлыбритания, Швейцариядан кейін).

Әлемдік баспасөздің қалыптасуы мен таралуында Германияның маңызы зор. Осыдан 550 жыл бұрын Майн қаласының тұрғыны Иоганн Гутенберг типографиялық станокты ойлап шығарған. Бұл типографиялық станокта басылған алғашқы басылым - латын тіліндегі Інжіл кітабы еді. Гутенбергтің ашқан жаңалығы кітап басу ісін тездетті, әрі осының нәтижесінде арзан газеттер дүниеге келді.

1609 жылы алғашқы апталық басылымдар «Реляцион», «Авизо» жарық көрді. Бұлар төрт бетті, шағын тиражды хабаршылар еді. Ал күнделікті газеттердің легі «Ляйпцигер цайтунгтың» (1661 жылы) бастамасымен өмірге келді.

Жұмысшы партиясының органы «Фольксштаат» газеті 1869-1876 жылдар аралығында шығып тұрған. Бұл газеттің 150 номерінде К.Маркс пен Ф.Энгельстің шығармалары басылған еді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін американ зонасы территориясында 1945 жылдың 24 қаңтарында «Аахенер нахрихтен» газеті дүниеге келді. Кейіннен одақтастардың бақылау кеңесі неміс баспасөзінің қайта құрылуына рұқсат етті. 1949 жылы Батыс Германия территориясында 165 газет шықса, үш айдан кейін олардың саны 587-ге жетті. Газеттердің лек-легімен өмірге келуімен бірге жаңа тенденция да байқалды. Баспасөз шоғырланып, бірлестіктер қауырт көбейді. Мәселен, 1950 жылы американ зонасы территориясында шығып тұрған 240 газеттің 175-і 16 бірлестік пен сиидикатқа қарасты еді.

Германияның бұқаралық ақпарат құралдары заң бойынша бекітілген «баспасөз бостандығы» деген принципті негізге ала отырып қызмет істейді. Заң бойынша: «Әр адам өз ойын ауызша немесе жазбаша білдіруге қақысы бар. Баспасөз еркіндігі, ақпарат бостандығы сақталады. Цензура жойылған»

делінген. Әрине осы еркіндікті, бостандықты кімде-кім өз мақсатына пайдаланса, шектен шығып кетсе, қойылатын шектеулер де бар. Заң бойынша редакцияның қызметіне, іс-әрекетіне жауап беретін редактор. Әрбір басылым редакция алқасының тізімін жариялап отыруға міндетті.

Германия басылымдарына тән мынандай ерекшеліктер бар:

1. Неміс басылымдарының аймақтық сипаты басым. Бұған себеп - бірнеше ғасырларға созылған феодалдық бытыраңқылық болса керек. Мәселен, бұл елде 420 газет шығатын болса, соның 400-і жергілікті жаңалықтарды дер мезгілінде, нақты жеткізетін аймақтық басылымдар санатында.

2. Таңертеңгілік газеттердің басымдылығы байқалады. Қатары шағын кешкілік газеттердің ішіндегі көрнектісі - «Гамбургер абендблат» (1948 жылдан шығады, тираж 280 мың дана). Сондай- ақ, соңғы кездері жексенбілік газеттердің беделі өсіп, қатары да көбейген. Мәселен, 1989 жылы экс-ГДР-да бірден-бір жексенбілік басылым болмаса, 1993 жылы жексенбілік газеттің саны 25-ке жеткен.

3. Партиялық басылымдардың беделі төмендеген. Барлық газет-журналдар таралымының 10 пайызын ғана құрайды. Партиялық басылымдардың тиражы шағын, негізінен партияның активтеріне арналған. Христиан-демократиялық одағы «Унион ин Дойчланд» (1946 жылы) журналын 10 күнде бір рет шығарады. Христиан-әлеуметтік одағы «Байернкурир» (1950 жылы) апталық газетін шығаруда. Ертеден шығып келе жатқан социал-демократиялық партияның органы «Форвертс» (1976 ж., т-57,6 мың дана) апталық газеті қаржылық қиыншылықтардан шыға алмай, 1989 жылы жабылып қалды. «Жасылдар партиясының» басылымдары - «Грюнен» (1979, тиражы - 20 дана) апталық газеті, «Грюнен базис-динст» журналы. «Жасылдар» басылымдарының құрылымы қызық. Бұларда әдеттегідей қызметтегі шенге бөлу жоқ. Мәселен, бас редактор, жауапты хатшы, корректор, еден жуушы болып бөлінбейді. Редакция қызметкерлері бұл жұмыстарды кезектесіп атқарады. Проектінің авторларының ойынша, бұл жүйе қарым-қатынастың жаңа түрін әкелді, редакция ішіндегі бәсекелестік жоқ, ымыраға келушілік күшейді деп есептейді.

4. Жеке капиталдардың электронды бұқаралық ақпарат құралдарына, әсіресе, теледидарға шабуылы күшейе түскен.

5. Рудольф Моссе, Леопольд Ульштейн, Август Гук, Август Шерльдер негізін қалаған баспасөздің шоғырлануы жоғары деңгейде. Қазіргі кезде Германияда шығатын газет-журналдардың (75%) дені бес ірі концерндерге қарайды.

АКСЕЛЬ - ШПРИНГЕР- ФЕРЛАГ. XX ғасырдың екінші жартысында Германияның ең ірі баспасөз алпауытына айналған Аксель Шпрингер 1912 жылдың 2 мамырында «Альтонаэр Нахрихтен» газеті қожайынының отбасында дүниеге келді. Аксель жастайынан әкесінің баспаханасында шынығып, журналистиканың қыр-сырын меңгеріп өсті. Өз қызметін қарапайым журналист болудан бастаған Аксель, 1937 жылы «Альтонаэр Нахрихтен» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады. Одан кейін "Вольф" телеграф агенттігінде маманданады. Шпрингер жақсы журналист ретінде белгілі болғанымен, соғыстан кейін оккупациялық билеушілер саяси ақпараттар аумағында жұмыс істеуіне сенімсіздік көрсетті. Біраз кедергілерге қарамастан, ІІІпрингер радиобағдарламалық «Хёр цу», «Нордвестдойче хефте» журналдарын шығаруға мұмкіншілік алды. 1948 жылдың күзінде «Аксель Шпрингер унд зон» баспасы кұрылып, бұдан Шпрингердің «Гамбургер абендблат» атты күнделікті саяси газеті шықты. Бұл Шпрингердің саяси көзқарасын айқындайтын алғашқы газеті болатын. Ал 1952 жылы осы баспадан «Бильд цайтунг» аймақтық газеті жарық көріп, неміс баспасөзінің бетке ұстар газетіне айналды.

Шпрингер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бір жылдан кейін баспагер ағылшын оккупациялық билеушілерінен «Ни велть» газеті мен «Ни вельт-ферлаг» баспасын сатып алды. Шпрингер қол астына іскер, еңбекқор журналистерді таңдай білген.

60-жылдардың ортасында Шпрингер империясы екінші өрлеу дәуірін басынан өткізді. Ол журнал шығару ісімен айналысып, бұрын шықпаған бағдарламалық, отбасылық басылымдарды өмірге әкелді. Басқаларға қарағанда «Хёр цу» (2.7 млн.), «Бильд дер фрау» (2.1 млн.), «Функ ур» (1.8 млн.), «Ауто бильд» (905007 дана) журналдарының шоқтығы биік болды. Шпрингер концерні күнделікті, жексенбілік газеттердің 80%-іне, журналдардың 16%-іне і бақылау жасаған.

Шпрингер концернінің газеттері: «Гамбургер абендблат», "Бильд цайтунг», «Ни вельт», «Берлинер моргенпост», «Бэ-цет», газет типті апталықтары: «Хёр цу» (апталық), «Функ ур» (апталық), «Дас аргоне блат» (апталық), «Никкер» (апталық), «Биувельт» (апталық), «Эхо» (төрт тілде), "Адхезион"(айлық), "Шляйф унд полиртехник" (айлық).

Бұлармен қоса Шпрингердің «Шпрингер-аусланд сдинст» (САД) ақпарат агенттігі жұмыс істейді.

Шпрингер кейіннен өзінің күш жігерін, қабілетін теледидарға жұмсай бастады. Шпрингер өзінің бұл саладағы іскерлігін 1969 жылдары күшейте тұсті.

Шпрингер әлем бойынша баспа тобын кұруды мақсат етіп, Батыс Еуропа үшін журналдар шығарған. Шпрингер мекемесінің филиалдары әр елдерде ашылуда. Шпрингер концернінің жылдық айналымы миллиард маркаға дейін жетіп отыр. Жылдық таза табыс 120 млн. маркаға бағаланды. Шпрингердің қол астында екі мың қызметкері бар. Күніне 800 мың дана газет шығарады.

Шпрингердің қаржылай көмегімен Берлинде журналистердің білімін жетілдіру институты жұмыс істейді. Қазіргі кезде Шпрингер дайындаған мамандар басқа елдердің полиграфия орталықтарына басшылық етуде.

1970 жылы концерн акционерлік қоғам болып қайта кұрылды. 1985   жылы  Аксель   Шпрингер   қайтыс   болғаннан   кейін   оның акцияларының  негізгі   бөлігі  жұбайы   Фриде  Шпрингердің  қол астына өтті.

Шпрингер концерні 12 танымал журнал шығарады. Олардың ішіндегі негізгілері - «Хёр цу» , «Бильд дер фрау», «Функ ур», «Ауто бильд». Басым бөлігі Гамбургтегі бас баспаханада басылады.

1994 жылдың аяғында Шпрингердің Гамбургтік баспасы «Кинг хит» журналын шығаруды тоқтатып, оның орнына бағдарламалық «ТВ - ной» журналын дүниеге әкелді. Газет-журнал рыногында жаңа басылымдардың шыға бастауына байланысты, соңғы уақыттарда Шпрингер баспа концерні де өз инвестициясын қысқарта бастады.  Шетелде шығатын басылымдарының таралымы - 10 276 761 дана.  Яғни, Германиядағы журнал рыногындағы басылымдардың көпшілігі Шпрингер концернінің қол астына қарайды.

«ГЕНРИХ БАУЭР-ФЕРЛАГ» - Генрих Бауэрге қатысты баспа концерні. Иллюстрациялы журналдарды шығаратын әйгілі концерн «Квик» (1948 жылы тиражы-1,2 млн. дана), «Нойе ревью» (1946 ж. тиражы-1,5 млн. дана), «Нойе пост» (1948 жылы тиражы-2,34 млн дана), «Пралине» т.б журналдарын жэне «Нойе блат» (1950 жыл, тиражы-1,48 млн дана) апталық газетін шығарады.

«Генрих Бауэр - ферлагтың» иллюстрациялы «Квик» басылымы журнал бизнесінің флагманы атанған. Концерннің 9 журналы 1 млн. данамен жарық көреді. Концерн Испания, Франция, ¥лыбритания, Чехия, Словакия, Польша, Венгрия, Россия, АҚШ елдері баспасөздерімен тығыз байланыста.

«БУРДА-ГРУППА» КОНЦЕРНІ. Мұның негізгі штаб-пәтері Оффенбургте орналасқан. 1986 жылы концерн иесі Франц Бурда қайтыс болғаннан кейін, басқару ісі оның ұлдары - Франктің және Губерттің қол астына өтті. Концернде 4,5 мың адам қызмет істейді.

Концерн «Шпигель» журналына бәсекелес «Фокус» журналын шығарды. Оффенбургте шығатын тоғыз журналының екеуінің ғана («Дас хаус», «Фрайцайт») тиражы 1 млн. данадан жоғары. Концерн халықаралық рынокқа қадам жасады. Шығыс Еуропада, сонымен қатар Ресей мен Польшада «Бурда моден» журналына деген сұраныс жоғары. Журналдың Ресейдегі тиражы - 400 мың, Польшадағы тиражы - 120 мың дана."Бурдомоден" журналы 17 тілде шығады. Бурда концерн өнімдері Польшада өтімді. Мұндай төрт басылым 950 мың таралыммен жарық көреді. Чехия мен Венгрияда Бурданың екі басылымы шығады.

«ГРУНЕР УНД ЯР» КОНЦЕРНІ. "Грунер унд Яр" - Германиядағы ең ірі газет-журнал концернінің бірі. 1965 жылы құрылған. «Штерн» мен "Бригитте" журналдары арқылы концерн аты көпшілікке мәлім болды.

Жалпы концерн өз оқырманын тарту үшін үзбей күрес жүргізіп отырады. Концерн 300 журнал шығарады. Бұл басылымдарды шығаруға бар болғаны 220-250-дей қызметкер атсалысады екен. Әрине, топтың әр ісі тегеурінді болуы үшін үлкен байла-ныстар керек. Концерн қызметкерлері 700-дей фирмамен үздіксіз байланыс жасап тұрады.

Концерн үшін жеке сауда тиімсіз. Олар өз өнімдерін көтерме сауда және жазылу арқылы таратады. Сондай-ақ, олар басылымдарын кең көлемде тарату үшін мынадай каналдарды пайдаланады:

Біріншіден, журналдарының көп бөлігі көтерме сауда жүйесі арқылы таралады. Германияда көтерме саудамен айналысатын 110 фирма қызмет істейді. Сатып алушылар өнімді киоскілер мен супермаркеттерде, дүкендер мен вокзалдарда таратады. «Грунер унд Яр» мен көтерме саудагерлер арасында кері байланыс бар. Сатып алушы фирмалар өтпей қалған өнімге жауап бермейтіндіктен, яғни қайтарып беруге мүмкіншіліктері болғандықтан журналдарды молынан алады. Өтпегендерді қайтадан қайтып беруге толық мүмкіндіктері бар. Фирмалардың негізгі міндеті журнал, газет дер кезінде, сатылатын жерде тұруға тиіс. Бұл журнал бағасын білудің ең бір тиімді тәсілі десек артық айтпаған болар едік. Жақсы дүниенің жерде қалмайтыны айдан анық. Ендеше, өтпеген өнім концерннің кемшілігін түзеп, бағытын өзгертуге ықпал етері сөзсіз. Өз өнімінің керексіз болып қалғаны шығарушыны    ойландырып,    қайрай    түседі.    Қарап    отырсақ, басылымның өтімділігін білмей отырып, өнімді көптеп шығару көзсіз ерлік. Бірақ, оның жаңағыдай тиімді жақтары да бар екен. Бір кереметі, журналымыз өтпеді екен деп редакциядағылар жасымайды. Оның себебі - тартымсыз тақырыптардан, көркемдеу нашарлығынан, редакциялық материалдардың әлсіздігінен деп есептейді.

Жалпы, «Штерн» журналы әрбір бейсенбі сайын шығады, ал келесі санына жоспар жұма күні жасалады. Жоспарда қандай тақырып қалай жазылатыны, қалай көркемделетіні толық көрсетіледі. 2 сағаттан кейін көтерме саудагерлер жоспармен танысып, қанша сатып алатыны жөнінде мәлімет береді.

Екінші ерекшелігі, журналдарды тікелей жеткізу жолға қойылған. Ол темір жол вокзалдарындағы дүңгіршектер арқылы жүзеге асады. Германиядағы мұндай нүктелердің саны 500-ге жуық. Мұндай жерлерде «Штерннің» шамамен 8%-і, ал «Геоның» 20% -і өтеді. Басылымдарды вокзалдарда тарату Германия тәжірибесінде бұрыннан бар. Әсіресе, 20-30 жылдары, жаңалықтарды дер кезінде жеткізу - поездар арқылы іске асқан. Қазір бұл міндетті жүк машиналары атқарады.

Үшіншіден, басылымдар жазылу арқылы таратылады. Концерннің кейбір журналдары үшін бұл ерекше рөл атқарады. Апталық журналдардың 10-20%-і, телебағдарламалық арзан журналдардың 10%-50%-не дейіні, белгілі бір кәсіпке арналған журналдардың 70%-100%-ке дейіні осы канал арқылы таратылады. Мысалы: өнер саласындағы арзан журналдардың 10-5%-іне дейіні, ал «Штерннің» 23% -і осылай тарайды.

Концерн оқырман санын арттыруға көп көңіл бөледі. Соның арқасында жыл сайын оқырман саны 700-800-ге өседі. Бұл үрдіс жарнама агенттерінің көмегімен де іске асады. Оқырман санын жарнама арқылы көбейту тиімді әдіс. Ол үшін купондар беріліп, жазылушыларға сыйлықтар тағайындайтынын айтып ынталандырудың өзі де жеткілікті. Журналдарды жазылушыларға дер кезінде жеткізуді федералды почта бөлімі өз міндетіне алған.

Төртіншіден, концерн басылымдарын таратуда «лезециркельді» пайдаланады. Біздіңше «оқырман үйірмелері». Мұндай форма Германияда ертерек пайда болып, ерекше дамыған. Салыстыра айтар болсақ, мұны "ақылы" кітапхана деп те айтуға негіз бар сияқты. Өнімді жекелеген адамдарға сатқаннан гөрі, бұл әдіс пайдалырақ. Себебі, мұнда ақы төлеп, белгілі бір уақытқа алу арқылы бірнеше адам оқиды. Ал сол бірнеше адам тағы да бірнеше  адамның   журналды   оқуына,   тіпті   тұрақты   оқырманы   болып қалуына ықпал етеді. Бұл әдіс шаштараз салондарында, жекелеген дәрігер,  адвокат бөлмелерінде, кафе, клуб және мейрамханаларда жүзеге асырылады. Кезек күтіп отырған адам уақыт өткізу үшін бұл мүмкіңдікті  пайдаланары сөзсіз. Германияда осындай оқырман үйірмелерінің саны - 250-ге жуық. Баспалар оларға өнімін 10-15 % есе төмен бағамен береді.

Бесіншіден, басылымдарды жарнамалау мақсатымен тегін тарату қолға алынған. Бұл негізінен көпшілік бас қосатын жиналыстарда жүзеге асады.

Алтыншыдан, басылымдарын   шетелдерге   тарату   ісі   бір   ізге түскен. Мысалы, «Штерннің» шет елдерге аптасына 90 мыңға жуық саны  жіберіледі. Әрине, журналдарды АҚШ-қа, Багам аралдарына, Гонконгқа, тағы басқа алыс жерлерге жеткізу арзанға түспейді. Бірақ соған қарамастан концерн үшін оқырман санын көбейту - ең басты мақсаттарының бірі больш саналады.  «Грунер унд Яр» тобы өз товарын өткізуде Германияға саяхаттаушыларды да пайдаланады. Әлемнің  түкпір-түкпірін аралайтын туристер журнал жарнамалаудың  кең  тараған әрі ең арзан әдісі. Концерннің көтерме саудагерлерге жасайтын  жеңілдіктері де   ерекше.   Неміс   концерндерінің   ішінде «Грунер  унд  Яр» халықаралық  рынокқа  тұңғыш  қадам жасаған мекеме. Концерн АҚШ, Франция, Испания, Англия елдеріңде 73 журнал шығарады. Күнделікті он газетін Венгрия мен Словакияға таратуда.   Тек  Германияның  өзінде  оның  9,11   млн.  таралыммен тарайтын 34 журналы, 1 млн-ға жуық тиражды бес күнделікгі газеті бар. «Грунер унд Ярдьң» тағы бір жетістігі, ол соңғы жылдары Батыс Еуропа елдерінің БАҚ рыногына араласу мүмкіндігіне қол жеткізді. Концерн 1995 жылдан бастап Польшада 6 журнал, Венгриада 3,   ал Словакияда 1 газет шығаруды қолға алды.

Концерннің даму бағытын іскер басшы Герда Шульте Хиллен анықтайды. Топтың Ресеймен де байланысы нығайып келе жатыр. 1993 жылдан бері «Мой кроха и я» (150 мың тиражбен), 1996 жылдан бері «Интерьер», «Кулинар» және «Флора» журналдары жарық көріп келеді. Әрбір жаңа жылда концерн өз оқырмандарына бір-екі жаңа басылым ұсынады. Тіпті кейде жаңа журналдың үш-төртеуінің катар шыққан кезі де болған. Әрине, олардын барлығы аяғынан тік тұрып, өмір сүріп кетпейді. Жетістік әкелмеген журнал жабылады немесе оның жарқырап шықпауына әсерін тигізген журналистер жұмыстан қуылады. Жаңа журнал дүниеге бірден келе салмайды.   Алдымен   идея   туады.    Сосын    журналистер  ортасында талқыланып, қамтитын тақырыбы, аудиториясы айқындалып, алғашқы санының макеті жасалады. Журналға негізінен концерн журналистері немесе сырттан адамдар шақырылады. Кез келген журналдың бірінші нөмірі бірнеше мың тираждан аспайды. Тек, алғашқы сынақтан кейін ғана, оқырман сұранысына қарай таралым саны бірте-бірте қосылып отырады. Олардың өмір сүріп кетуі үшін алғашқы кезде көп жағдайлар жасалынады. Жарна-маларда осы басылымдарда басылып, сондай-ақ, оларға қаржылай да көмек көрсетіп тұрады. Ал егер де мұндай жағдайлардан кейін таралым өспесе, журнал сөзсіз жабылады.

«Грунер унд Яр» үшін де жарнаманың рөлі ерекше. Оның  жылдық табысының 1/3 бөлігі осы жарнамадан түседі. Жарнаманың әр басылымдағы бағасы да әр түрлі. Мәселен «Штерннің» бір жолдық ақ-қара жарнамасы 53,6 мың марканы құрайды, ал түрлі- түсті жарнамасы 96,5 мың марка тұрады.

Осындай жолдармен оқырман тартатын «Грунер унд Яр» концерні бүгінде айбынды топқа айналып отыр. Германияда шығатын газет-журналдардың ішінен «Цайт» апталығының (1946 жылы шығады, тиражы 460 мың), «Штерн» (1948 жылы шығады, тиражы 2 млн. дана) және «Гео» (1976 жылы шығады, тиражы 500 мың дана) журналдарының беделі жоғары. Әсіресе, «Штерн» өткір де орынды сындарымен, ұстанған саясатымен көпшілік көңілінен шыққан ықпалды басылым болып есептелінеді.

Соңғы жылдары немістер журналдарды үстемелетіп шығаруда «Бурда» баспа үйі «Лиза» журналын шығарса, «Грунер унд Яр»  тобы «Танго» журналын дүниеге әкелді. Ал журнал шығару ісінің лидері Генрих Бауэр жастарға арналған «Томак» журналын, орта жастағыларға арналған «Телетаг» журналын оқырмандарына ұсынды. Журнал рыногын Х. Бауэр, А. Шпрингер, Бурда сияқты алпауыттар қолына ұстап тұр.

ГФР-да барлығы 554 журнал шығады. Жалпы тиражы -126 млн дана.