ИСПАНИЯ БАСПАСӨЗІ



Испания баспасөзінің тарихы орта ғасырлардан бастау алады. Ең алғашқы баспахананың негізі XV ғасырда қаланып, мұнда алғаш  рет Бартоломес Матестің «Грамматикасы» (1468 жылы) басылды. Алғашқы газет «Гасета нуэва де Мадрид» 1661 жылы жарық  көрді. «1660 жылдың желтоқсан айына дейін орын алған саяси  және әскери оқиғалар туралы  мәлімдеу» деген тақырыпшамен  шыққан бұл газетке Хуан Австрий үлкен үлес қосты. Екі жылда газеттің 20 нөмері жарық көрген.

XVIII ғасырдың екінші жартысында мерзімді басылымдар саны   қауырт   өсті.   1758   жылдың   ақпанынан   бастап   алғашқы  күнделікті газет «Диарио де Мадрид» шығып тұрды. Материалдарының     жетіспеуіне     байланысты     редакция     оқырмандардың  өлеңдерін басып, жұмысқа шақырған хабарларды да жариялады.

XVIII ғасырдың 90-жылдары күнделікті газеттердің қатары көбейді. Барселонада  -   «Диарио  де  Барселона»   (1792 жылы),  Валенсиде -  «Диарио  историко и политико де Севелья» (1792 жылы),   Сарагостада   -   «Диарио   де   Сарагоса»   (1794 жылы ) басылымдары  жарық көрді.

1837 жылы Испанияда баспасөз туралы заң қабылданады. Бұл заңның негізгі жетістігі  -  цензураны  уақытша тоқтатты. Бірақ  үкімет  баспагерлерден  газеттің  әр  санын  таратпас  бұрын, екі  данасын жергілікті басшыларға көрсетуді талап етті. Егерде «қоғам тыныштығына қауіп төндіретін» материалдар кездессе, жергілікті орындар газеттің номерін таратуға тыйым салып отырды.

ХІХ   ғасырдың   70-жылдары   Испанияда   алғашқы   ғылыми-социализм органы «Ла Эмансипасьон» газеті жарық көрді. XX ғасырда елде тап тартысы басталып, соның нәтижесінде коммунистік басылымдар дүниеге келді. 1920 жылы оқырмандар КПИ-дің алғашқы газеті «Эль коммунистамен» танысты. Газет алғашында екі аптада бір рет шықса, кейіннен аптасына бір рет шықты. Газет бірнеше рет тәркіленді де, редакцияны жиі тінтіп тұрды.

Испания коммунистік басылымдарының қатарын «Ла Анторча» газеті (1921 жылы) толықтырды. Бұл басылым ғылыми социализм теориясын тарату бағытында жұмыс істеді. 1931 жылдың қарашасынан бастап КПИ-дің орталық органы -жексенбілік апталық газет «Мундо обреро» 10-15 мың тиражбен шығып тұрды. Газет барлық еңбекшілерді, шаруаларды бірігуге үндеді. 1936-1939 жылдары КПИ-дің газет-журналдарында белгілі публицистер - Хосе Диас, Долорес Ибаррури, Висенте Урибе, Маргарита Нелькендер қызмет атқарды. Коммунистік партияның газеттері басқа басылымдардан кем түспеді.

Республиканың жеңілуі нәтижесінде қатаң тәртіпті фашистік диктатура орнады. 40 жылға созылған бұл тәртіптен ешкім ойын ашық айта алмайтын бір жүйедегі «стандарт» баспасөз қалыптасты. Баспасөз еркіндігі түбегейлі жойылды.

КПИ мүшелері астыртын жұмыс жасады. «Мунда обреро» газеті 1939 жылдан 1976 жылға дейін айына бір рет жасырын шығып тұрды. 1978-80 жылдар аралығында күңделікті шықса, қазіргі кезде жексенбі күні де шығады. Елде фашистік диктатура кезінде дискриминациялық жағдай қалыптасты. Франкистік өкімет мәліметті басқару түсінігін қолына алған журналистерді үркітіп, қорқытумен болды.

1938 жылы Франко баспасөз туралы заң қабылдады. Бұл заң бойынша мемлекет баспасөзге толықтай бақылау жасап, баспагерлерді өздері тағайындап, әр мақаланың мазмұнын қарап, мемлекеттің беделін түсіретін мақалаларды жазғаны үшін журналистерді жазалайтын болды.

1962 жылдың шілдесінде Мадрид пен Барселонодан басқа жерлерде цензура күшін жояды деп жариялады. Енді газет редакторлары өздерін-өздері бақылайды деген ниетпен «само-цензура» терминін дүниеге әкелді. Испаниядағы баспасөзге  жасалынып отырған қысым шетелдерге де мәлім болды. Шетелдік қайраткерлердің ықпалымен бұл мәселе Халықаралық журналистика қоғамдастығының Саньтягодағы сессиясында (1965 жылы 23-25 қыркүйек) қаралып, арнайы қарар қабылданды. Бұл қарарда испан үкіметінен «адам құқына құрметпен қарауды, әр адам өз ойын ашық  білдіруге қақысы барлығын ескертіп, баспасөзге қысым жасамауын  талап етті». Әрине, ХЖҚ талабына испан үкіметі қарсы шықпады. Көп ұзамай, цензура күшін жойды деп жариялады. Баспасөз туралы  жаңа заң жобасы дүниеге келді. Бұл заң бойынша газет  иесі тек мемлекеттік қызметкер болуы керек деп ұйғарылды.

Жаңа заңның жаңалықтарын жар сала қарсы алған басылымдардың қуанышы ұзаққа созылмады. Кортестар баспасөз бостандығын теріс пайдаланушыларды 6 жыл, ұлтты қорлаған, негізгі заңдарға қарсы болған журналистерді 12 жыл бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Цензура жойылғанымен де көпшілік газеттер үкімет ұстанымына қарсы шыға алмады. Заң шыққанымен, режимді сынаған мақалалармен үкіметтің келісе алмағанын көптеп кездестіруге болады. Барселонда шығатын иллюстрациялық газет «Дестино» бір мақаласы үшін бірнеше рет соққыга ұшырады. Үкімет бұл газетті екі ай жауып тастап, баспагер Нестор Луханға 15 мың франк көлемінде айып төлетті. «Мадрид», «Псисамьенто наварро», «Диарио де Наварра» газеттерінің басынан тура осындай жағдай өтті.

Диктатор Франко қайтыс  болғаннан кейін, 1978 жылы қабылданған жаңа конституция бойынша, бұл елдің саяси формасы – парламенттік  монархия болып жарияланды. Испанияда 40 жылдай қалыптасқан фашистік тәртіп саяси партиялардың, жұмысшылар  кәсіподағының, демократиялық баспасөздің қалыптасуына жол бермеді. Испан баспасөзінің даму дәрежесінің төмен болуының  негізгі себептері мынадай: Франко диктатурасы газеттердің ақпарат құралдары ретінде беделін түсірді. Баспасөзде еркіндіктің болмауы - журналистердің шығармашылығының дамуына үлкен кедергі туғызды. Испанияның 40 млн. халқына бар-жоғы: 120 апталық (оның ішінде 12 жалпыұлттық), 72 провинциялық газет шығарылады. Газеттер тиражы 500-1000 данадан аспады.

Екінші себебі - қаржыға байланысты. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржының көп мөлшері баспасөзге жетпей, ақпарат агенттігі ЭФЭ-ге бұрылып кетті. Кіріс көзі болатын жарнама да бұларды  айналып өтіп, радио, теледидарға бауыр басын қалған.

Батыс  еуропалық демократиялық дамуды қуып жету үшін Испания тұрғындары бірден саяси белсенділік көрсетті. Қазіргі кезеңде саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың саны 250-ге жеткен.

Испания газеттерін тәуелсіз (жекеменшік), партиялық және мемлекеттік деп бірнеше топқа бөлуге болады.

1.Тәуелсіз   газеттер   акцияларының   бақылау   пакеті   банкке немесе монополияларға  қарасты. Баспасөздің негізгі бөлігі осы топқа жатады. Бұған алты топ кіреді: «Преньса Испаньола», «Эдитораль католика», «Конте Годо», «Иглесиа», «Опус Дэй», «Мундо». Елдің ең ірі  газеттері – А-Бэ – Сэ (Мадрид пен Севильде шығады.таралымы – 200 мың дана), «Йа»  ( 1935 жылдан бері шығады, тиражы – 110 мың дана) осы топқа қарасты басылымдар.

2. Франкистік режим тұсынан шығып келе жатқан «Болетин офисиаль де лас кортес эспаньолас», «Болетин офисиаль дель эстадо» мемлекеттік газеттер болып саналады.

3. Саяси партиялардың көпшілігінің өз мерзімді басылымдары бар. Олардың бір бөлігі партиялардың ресми органы болып саналады. Мысалы, «Сосиалиста» апталық журналы Испан социалистік жұмысшы партиясының органы ( 1886 жылдан бері шығады) болып есептеледі. Басқа басылымдар партиямен байланысын ашық көрсетпегенімен, бірақ белгілі саяси бағытты ұстанады. Мысалы, «Камбио 16» апталық журналы  (1972 жылдан бері шығады, тиражы 145 мың дана) оңшыл центристік бағытты қолдайды. Франкистік кезеңнен кейін жеке ұлттар тілінде газеттер шыға бастады. Барселонада католон тілінде «Авуи» газеті  (1976 жылы тиражы – 80 мың дана), Баскілер елінде «Эхин» (тиражы – 45.7 мың дана) жарық көреді.