АМЕРИКА ЖУРНАЛИСТИКАСЫ АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНЫҢ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ


Америка Құрама Штаттарындағы алғашқы басылым 1690 жылы «Паблик оккарэнсиз энд доместик» деген атпен Бостон қаласында жарық көрген. Әйтсе де ағылшынның отарлау әкімшілігі бұл  жағдайды отарлық заңдардың бұзылуы деп есептеп, газеттің шығуына тыйым салған. Зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, апталықтың бар-жоғы бір-ақ саны шығып үлгерген. Одан кейін, 1704 жылы жарық көрген «Бостон ньюслеттер» газеті он бес жыл бойы үзбей шығып тұрды. Газеттің алғашқы номері 300 дана болып басылған. Бұл басылым негізінен Лондондық «Флайнинг пост» газетінің материалдарын көшіріп басумен айналысты.

Әрине, алғашқы газеттерді қазіргі газеттермен салыстыруға әсте болмайды. «Бостон ньюслеттердің» көлемі қазіргі жазу қағазынан сәл ғана үлкенірек болған. Негізінен шетел жаңалықтарын көшіріп басқан. Ел ішіндегі жаңалықтардан нәтижелі ештеңе жазылмай, пәуескелердің жүру кестесі ғана беріліп тұрған.

Революцияның кең өріс алуы нәтижесінде газеттер саяси тақырыптарды да қамти бастады.

Алғашқы газеттер қарапайым халықтың қолына тимеді. Себебі, XIX ғасырдың 30-жылдарына дейін америкалық газеттер тек жазылу арқылы таратылды. Ал жазылу құны 8-10 доллар көлемінде болғандықтан, бұған кез-келгеннің шамасы жетпей, газеттерді тек ауқатты адамдар ғана жаздырып ала алды.

30-жылдарына арзанқол тиындық газеттердің шығарылуы, баспасөздің кең таралуына жол ашты.

Америка баспасөзі алғашқы даму кезінен-ақ, монополиялану жолына түсті. Өйткені, басқа салалардағы концентрациялану процесі баспасөзге де әсер етпей қоймады. XIX ғасырдың 60-70 жылдары алғашқы газет-баспа бірлестіктері пайда болды. 70-80 жылдары Скриппс мен У. Р. Херстің баспасөз компаниялары құрылды. Бұл компаниялардың көпшілігі алғашында отбасылық, жекеменшік болса, бірте-бірте акционерлік қоғамдастыққа айналды. Аудиовизуальды кәсіпорындар бірден акционерлік қоғамдастық болып  кұрылды.

Соңғы жылдардағы мәліметтер бойынша АҚІІІ-та 113 газет баспа тобы бар. Олардың ішінде «Ганнеттің», «Доу джонстың» «Херст корпорейшннің», «Ньюс корпорейшннің», «Дженерал  электриктің», «Тайм Уорнердің» алар орны айырықша.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде байқалған жағдай қазір Америкада күнделікті газеттердің өтімділігі төмендеген, керісінше жексенбілік газеттерге сұраныс жоғары. Мұның басты себебі Америка азаматтарының жұмыс бастылығы деп түсіндірілуде. Күнделікті тіршіліктің күйбеңінен шаршаған адам кешкілік газет қарауға мұршасы да болмайды. Сондықтан болар күнделікті газеттердің тиражы кұлдырап, қатары сирей бастаған. Күнделікті газеттердің жалпы саны 1552-ге қысқарып, таралымы 59,8 млн.-ға түскен. Соңғы жылдары жарнама мен ақпараттың ауқымдылығынан газеттердің көлемінің көбейіп, салмағының ауырлағаны байқалады. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда, күнделікті газеттердің көлемі 1,5 есе өскен. Газет салмағының ауырлағаны соншалық, енді оны бала-шаға көтеріп, сата алмайтын дәрежеге жетті.

Жарнама  -  мерзімді   басылымның  өмір   сүру  өзегі.   Газет табысының 80 % жарнамадан, 20% жазылулардан түседі. Күнделікті газеттерден жылына шамамен 32  миллиард доллар пайда түседі   екен.   Ал   жалпы   БАҚ-тан   жылына   орта   есеппен   130 миллиард доллар пайда түсіп отырады. АҚШ-та бұқаралық  ақпарат кұралдары қаржы тапшылығынан жол тауып шыға  алатын пайдасы мол кәсіпорын болып есептелінеді. Өкімет тарапынан  болмашы  болса да көмек беріледі (20 % радио, телехабарларды таратуға  жұмсалса, 1 % мерзімді басылымдар пайдаланады). Бір қызығарлық жайт - Америкада газеттерді шығаруға лицензия берілмейді, газеттерді  журналистер  ассоциациясы  өз  заңдарымен,  нормаларымен бақылайды. Ал радио, телехабарды таратуға лицензия талап етіледі.

Ертеректе газет жарнаманы өзі жинаса, қазір мұнымен жарнамалық агенттіктер айналысады. АҚШ-та 7,5 мың жарнама агенттігі бар. Бұл агенттіктер бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнаманың жартысынан астамына бақылау жасайды. Тіпті, 25 ірі жарнамалық агент өз қолына барлық жарнама өндірісінің 4/5 -ін шоғырландырған.

Соңғы жылдары газеттердің мазмұны мен безендірілуінде әжептәуір өзгерістер бар. Бірінші беті көз тартарлықтай етіліп, барынша   безендіріліп,   айшықты   болып   шығарылуда.   Бояулар кеңінен қолданылып, суреттер көп жарияланады, әртүрлі схема, диаграмма, графиктер ұдайы пайдаланылады. Көпшілік газеттерде материалдар тақырыптық секцияларға бөлінген. Газеттердің көлемі өскенімен, оның бәрін қарап шығатын оқырманның  уақыты жоқ. Оқырманды қызықтыратын - жергілікті хабарларды, халықаралық ақпаратты, саясат пен экономика жаңалықтарын газеттер алғашқы секцияларға беруді әдетке айналдырған.

Қай елде болмасын сыртта, яғни шет елдерде тілші ұстау мәселесі - экономикалық жағдайға байланысты. АҚШ-та газеттің шет елдегі бір тілшісіне шамамен жылына

 250 000 доллар кетеді екен. Бұл елдің беделді басылымдары - «Нью-Йорк Таймс», «Уолт-стрит-джорнел», «Вашингтон пост», «Чикаго трибюн», «Лос Анжелес таймс», «Балтимор сан», «Бостон голуб», «Крисчиан сайенс мониторлар» шет елдерде тілші ұстау мүмкіндігіне ие болып отыр.