ТҮРКИЯ БАСПАСӨЗІ


Түрік баспасөзінің қалыптасуында француздар маңызды рөл атқарды. XVIII ғасыр соңында Стамбулдағы француз елшісі С.Вернинак дипломаттар мен шенеуніктерге арналған бюллетень шығарған. Одан кейін 1796 жылы «Gazette Frangaise de Constantinople» деген атпен тағы бір газет жарық көрді. Бірақ 1798 жылы француздардың Османлының қол астындағы Мысыр жерін жаулап алу саясаты нәтижесінде газеттер жабылып қалды.

1821 жылы француз азаматы Александр Блак «Spectateur Oriental» газетін, кейіннен «Lе Соurrіег de Smyrnt» газетін дүниеге әкелді. А.Блак өз газеттерін Осман империясының ірі қалаларында таратуға тырысады.

Блактың газеттері Осман мемлекетінің соңғы падишахтарының бірі - Сұлтан 11 Махмұдтың көзіне түседі. Османлы мемлекетін сақтап қалу үшін түрлі реформалар жасап жатқан ол баспасөздің қоғамдық өмірдегі маңызын жақсы түсінген. Блакты сарайға шақырып алып, астанада газет шығару ісін тапсырады. Бұл ұсынысты А.Блак қуана қабылдайды.

Сонымен,1831 жылдың 11 қарашасынан бастап алғашқы түрік газеті  « Тақвим уақайе» жарық көрді.  Кейіннен бұл газет «Moniteur Ottoman» деген атпен француз тілінде шыға бастайды. Бұл  газеттер  Францияда шығып тұрған  "Lе  Моniteur Оfficiel de la France "  газетіне еліктеп шығарылған.  Екі  газет те мемлекеттің саясатын қолдады.

«Тақвим уақайе» («Күнделікті жаңалықтар») 40 х 27 көлемде, аптасына бір рет, 5 мың таралыммен шығып тұрған. Газетте ресми хабарлардан басқа, ішкі және сыртқы жаңалықтар да басылды. Редакторы Сейіт Мехмет әпенді болған. «Тақвим уақайенің» алғашқы саны 8 бет болып шықты. Мақалалар мынандай алты бөлімде топтастырылған:

Umur-u Dahilige  (ішкі хабарлар)

Umur-u Hariciye (сыртқы хабарлар)

Funun  (білім)

Tevicihat –I Limiye  (дін        адамдарының        жұмысқа орналастырылуы)

 Ticaret he Es’ar (сауда һәм бағалар)

Меvad Asketue (әскер істері)

Газет 1860 жылдан бастап тұтастай ресми басылымға айналды. 1998 жылдан бері Түркия республикасының мемлекеттік ресми газеті деп аталады.

Арада тоғыз жыл өткен соң. 1840 жылы «Жериде-и Хауадис»деген атпен түрік тіліндегі екінші газет өмірге келді. Ағылшын журналисі Уильям Черчилл Стамбулдың Қадыкөй аймағында аң аулап жүріп, байкамай түрік сәбиін атып алады. Оны ұстап, жазалау орындарына әкелгенімен, мемлекеттік капитуляциялар бойынша түріктердің бұл адамды тұтқындауына құқығы жоқ болатын. Бұл іске ағылшын елшілігі араласып, Черчиллді босатқызады. Сонда да болса, «жәбірленген» ағылшын азаматының көңілін табу мақсатында оған түрлі сыйлықтармен қоса, Түркияда газет шығару мүмкіндігі тудырылады. Осылайша дүниеге келген «Жериде-и Хауадис» алғашқы он жылда өтімсіз болды. Кейіннен У.Черчилл Қырым соғысына ағылшын журналисі ретінде қатысқаннан кейін ғана газеттің беделі өсті.

Газет бетінде Ахмет Зарифи, Әбузия Тефик, Ахмет, Садразам Саид Паша сияқты танымал тілшілердің мақалалары жарық көрген.

Түрік баспасозі тарихындағы үшінші газет «Тержуман-и ахуал» деп аталады. Газет 1860 жылдың 21 қазанынан бастап шыға бастаған.  Бұл күн Түркияда «журналистер  күні»  ретінде  мерекеленеді. Газеттің негізін Агах әпенді қалаған. Ал газеттің бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қосқан түріктің ұлы жазушысы публицисі, ағартушысы Ибраһим Шинаси мырза еді. Газетті  шығарушылар Францияда тәлім алған, білімді азаматтар еді.

Газет либералдық идеяларды қолдады. Газет шығарушылар өз мақалаларында сөз бостандығын талап етті. Қалың бұқараның сауатын ашуды қолдады. Ішкі, сыртқы маңызды мәселелерге қалам тербеді. Экономика мәселелеріне де тоқталып, батыстың газет-журналдарынан аудармалар бере бастады. Газетті шығарушылар Османлы мемлекеті батыс елдеріне ұқсаған жағдайда бойын тіктеп кетеді деген көзқарасты ұстанған.

1861 жылы Шинаси мырза Агах әпендімен келіспей қалып газеттен кетіп қалады. 1866 жылы газет өз жұмысын тоқтатты.  «Тержуман-и ахуал» түрік журналистикасының дамуына кең жол ашты, ағартушылық жолында маңызды рөл атқарды.

Шинаси 1862 жылдың 28 маусымынан бастап «Тасвир-и ефкяр» газетін шығара бастайды. Бұл Түркияда әр алуан пікірлер мен ұсыныстарды ашық жариялаған екінші газет еді.

Газетте түріктің көрнекті жазушыларының шығармалары басылып, еуропа классиктерінің (Мольер, Расин, Шекспир, Шиллер Дюма, Пушкин, т.б.) аудармалары жарияланды. Сондай-ақ газет Османлының біртұтас әдеби тілін қалыптастыруға көп еңбек сіңірді.

Осы кезеңде түрік ағартушылары негізін салған «жаңа османдардың қоғамы» (1865-1873 жылдары) дүниеге келеді Бұл қоғам мүшелері алғашқы жылдары өз идеяларын «Тасвир-и ефкяр» газетінің беттерінде жариялаған. Бұл қоғамға рух беруші - Шинаси бей, ал басты ұйымдастырушысы Намық Кемал болды. Сонымен «жаңа османдар» Али паша өкіметінің саясаты дұрыс еместігін, Осман империясының қиыншылықтарға тап болу себептерін газет беттерінде ашып көрсетті.

Али-пашаның қуғындауынан кейін 1865 жылы Шинаси Парижге қашып кетеді. Газетті басқару тұтасымен Намық Кемалдың қолына өтеді. «Жаңа османдықтар» Али пашаға қарсы қастандық әрекеттерін ұйымдастырады. Бірақ бұл істері ертерек әйгіленіп қалып, тұтқындау басталады. Қоғам жетекшілері Намық Кемал, Зия - бей, Әли Суави Парижге қашып  құтылады. 1867 жылы «Тасвир-и ефкяр» газеті жабылып қалады.

«Тасвир-и ефкярдың» «Тержуман-и ахуалдан» айырмашылығы - батыстың әлеуметтік, экономикалық және мәдени құрылымының пайдалы жаңалықтарын ғаңа алуды ұсынды.

Қоғам мүшелері шетелде жүріп, түрік төресі Мұстафа Фазыл пашаның материалдық көмегімен бірнеше газет шығара бастайды. «Илум» («Білімдер»), «Ыңқылдап» («Жаңару»), «Мухбир» («Тілші»), «Хюррийет» («Бостандық») басылымдарының беделі жоғары болды.

«Мухбир» газеті 1867 жылдың 31 тамызында Али Суавидың басқаруымен Лондон қаласындағы «Gearge Berftand» баспасынан шықты . Газет редакторы Али Суави бұл басылымды өзінің жекеменшігі деп есептеп «жаңа османдар қоғамын» есіне де алмады. Тек қоғам мүшелерінің талап етуімен, «жаңа османдар қоғамының газеті» деп атала бастады.

Түрік басылымдарын зерттеушілердің ойынша, «Мухбир» үшін басты тақырып - Османлы мемлекетінің конституциялы-парламенттік реформасы еді. Газетті шығарушылар сол кездегі Османлы мемлекетіндегі абсолютті режимді Еуропадағыдай басқару билігі заң жүзінде шектеулі конституциялық монархияға ауыстыру идеясын ұсынады. «Мухбир» сондай-ақ экономикалық жағдайды дағдарысқа ұшыратқан Танзиматты сынады, шетел капиталына қатысты Порта саясатын қолдамады. Газет түрік тілінің кең қолданылу аясын жақтады.

Ағылшын үкіметінің шешімімен, Али Суави Лондоннан кетуге мәжбүр болды. 1968 жылдың 6 қарашасынан бастап «Мухбир» газеті жабылды.

«Мухбир» өзінің ұстанған бағытына орай, халық арасында өте беделді болды. Түркияға жасырын әкелінген газеттің мыңдаған саны қолма-қол өтіп кетіп жатты.

Али Суавимен келіспей, «Мухбирден» кетіп қалған, «жаңа османдар қоғамының» мүшелері Намық Кемал, Агах әпенді, Зия Бей 1868 жылдың 29 маусымында Лондонда «Хюррийет» газетін шығарады. Газеттің редакторы Намық Кемал болды.

Газеттің ұстанған бағыттары:

Османлы мемлекетінің басқару режимін ауыстыру.

Тілді халық тілдеріне жақындату.

Оқу жүйесін жақсарту.

Мәжіліс орнату.

Газеттің соңғы саны Женевада шығарылды. Бұл басылым 1870 жылдың 29 мамырында жабылды.

1876 жылы Стамбулда 47 басылым шығып тұрды, оның 14-і түрік тілінде, 7-уі француз тілінде, 9-ы армян және грек тілдерінде жарық көрген.

Қазір Түркияда кең тараған юмористік сипаттағы газет-журналдардың негізі осы тұста қаланған. Бұндай басылымдар көпшілікті өткір тілімен тарта білді. «Диоген» газетінде Намық Кемалдың сатиралық өлендері жиі жарияланып тұрған. Осы тұста сатиралық журнал «Қарагөз» дүниеге келді.

1876 жылы елдегі төңкерістен кейін, билік басына Абдул-Хамид сұлтан келді. Ол таққа отырған соң, берген уәделерін ұмытып, өз дегенін істей бастады. Баспасөзді қысымға алды. «Баспасөз бюросы» құрылып, редакция істерін қадағалап отырды. Түрік баспасөзінің басына қара түнек орнады.

1890 жылдардан кейін тоң жібігендей болды. 1891 жылы журналист Ахмет Ихсанның шығаруындағы әдеби сыни журнал «Сервети фюнун» («Ғылым байлығы») дүниеге келді. Журнал өз төңірегіне Хамид Зия, Мехмед Реуф, Дженаб Шехабеддин сияқты сол заманның көрнекті ақындары мен жазушыларын топтастырды. Түрік әдебиетін дамытуда бұл журналдың маңызы зор. Осы тұста «Икдам», «Сабах» газеттері дүниеге келді. Бұл газеттер еуропалық басылымдардың ықпалында болды. Алғашқы жарнамалар осы басылымдарда басылды.

Абдул-Хамидтің қысымы зиялы қауымды ашындырып жібереді. «Жаңа османдықтардың» жолын қуушылар абсолютизмге қарсы күресуші «Бірлік және прогресс» атты буржуазиялық-революциялық ұйым құрады. Кемал және жаңа османдар эмигранттық басылымдарды ұйымдастырады. Ахмет Риза Парижде «Шураи Уммет» («Ұлттық мәжіліс»), «Мешверет» («Кеңес») газеттерін француз және түрік тілдерінде, тарихшы Мұрат Каирда «Мизанды» шығарып тұрды.

Сұлтан мұндай қарсылықтардан қорқып, журналистерді тағы да қуғындай бастайды. Біраз журналист түрмеге қамалып, үш редактор ату жазасына кесіледі. Редакцияларға қаржы бөлінбеді. Салықты күшейтіп, газет құнының өсуіне итермеледі. Бірнеше газет - журнал жабылып қалды. Цензура газеттердің әр мәтінін мұқият тексеріп отырған.