ОҢТҮСТІК КОРЕЯ БАСПАСӨЗІ


Кореяда газет ерте кезден-ақ шыға бастаған деген деректер бар. Жылнамаларда газеттің шығу кезеңі 692 жыл деп көрсетілген, газет аты «Кибелчжи». Ал 1392 жылы патша сарайының «Чобо» газеті жарыққа шыға бастады. Басылымның түпкі мақсаты-халықты патша жарлығымен және жаңа орынға сайланған, қызметінен қуылған әкімдер туралы мәліметтермен кұлағдар ету.

1578 жылы саяси қайраткерлер тобы Сеулде біршама уақыт «Чобоға» ұқсас, бірақ жекеменшіктегі бюллетенді шығарып тұрды. Ол газет те «Чобо» деп аталынды. Соңғы екі ғасыр бойы жеке газет шығару ісі қолға алынғанымен, сәтсіздікпен аяқталып отырды. Тек XIX ғасырдың екінші жартысында ғана бұл іс өзіндік сипат алды.

1883 жылы үкіметтің прогрессившіл тобының ұйымдастыруымен «Хансон сунбо» атты ресми газет дүниеге келді. Газет қытай тілінде, айына үш рет шығып тұрды. «Хансон сунбо» газеті тек үкімет бюллетендерін ғана емес, сонымен қатар саясат, экономика жаңалықтарын әрі шетел хабарларын басып отырды.

Газеттер жапон елінің прогрессивті саясатшыларын үлгі ете отырып, халық арасында «ағарту» жұмыстарын жүргізді, оны өздерінің басты мақсаты санады. 1884 жылғы үкімет төңкерісінен кейін қытай консерваторларының тобы «Хансон сунбо» редакциясына шабуыл жасап, редакция ғимаратын өртеп жіберді.

1886 жылы үкіметтің баспасөз бөлімі «Хансон сунбоны» апталық ретінде қайта шығарып, «Хансон чубо» деп атын өзгертті. «Хансон чубо» қытай иероглификасымен және хангыл таңбасымен басыдды. Көп ұзамай, 1888 жылы бұл басылым өзінің өмір сүруін тоқтатты.

Кореяның жаңаша бетбұрысты ұстанған газеті 1896 жылы жарық көрген «Тоннип синмун». Оның негізін қалаған АҚШ-та білім алған, медицина саласының докторы және тәуелсіздік күресінің көсемі Со Чжэ Пхиль. Газет баспаханасы алғашқы жылдары Со Чжэ Пхиль ашқан орта мектепке орналасты.

«Тоннип синмун» аптасына 3 рет шығып тұрды. Кіші форматпен, төрт бет көлемінде 300 дана болып таралды. Алғашқы үш беті корей тілінде, соңғы беті ағылшын тілінде басылды. Газеттің Инчхоп, Сувон, Канхва, Пхачжу, Пусан, Сондо, Вонсан және Пхеньян қалаларында бөлімшелері болды. Газеттің алғашқы нөмірі 1896 жылдың 7 сәуірінде шықты. 1957 жылдан бастап бұл күн Корей елінің баспасөз күні болып аталып өтуде.

Со Чже Пхиль Кэхвадан - Жапон саясатшылары тобының мүшесі еді. Бұл жылдар Чосон мемлекетінің құлдырау кезеңі болды. 1884 жылы оның саяси фракциялары сәтсіздікке ұшырап, мемлекеттік ауытқуға апарып соғып, Со Чжэ Пхиль АҚШ-қа қашып кетеді. Уақытын босқа өткізбеуге дағдыланған Со Чжэ Пхиль Вашингтон университетінде медицина саласында терең білім алуға бел байлайды.

Қытайлық топтың күйреуінен кейін, 1896 жылы ол өз еліне қайта оралады. Үкімет тарапынан қаржылай көмек алып, «Тоннип синмун» газетін ашқан. Әлеуметтік жүйені реформалау жолындағы ағартушылық ойларын осы газет арқылы халыққа жеткізіп отырған. Бір жыл өткен соң қытай тобының үкімет басына қайта келуіне байланысты Со Чжэ Пхиль елінен кетуге мәжбүр болады.

Ол кеткеннен кейін де газет біраз уақытқа дейін шығып тұрды. Ал 1899 жылы газет біржолата жабылды.

Со Чжэ Пхиль өзге елде жүрген күндерінде де, өз елінің тәуелсіздігі үшін күресін тоқтатқан жоқ. Ол өз еліне егемендік алғаннан кейін оралады. Біршама уақыт Сеулдегі Американың әскери әкімшілігіңде қызмет атқарады. Онан соң АҚШ-қа біржола кетіп, 1951 жылы дүние салады.

«Тоннип синмун» газетінің алғашқы санында жарияланған үндеу жолдарын: «Біз бүкіл корей халқының мүддесін қорғаймыз. Біз халыққа үкіметтің іс-қимылдарын ашық айтып отырамыз және үкіметке халықтың өтініш-талабын жеткізіп, олардың қазіргі жай күйінен хабардар етіп отырмыз» дегенін бүгінгі күні білетіндер де аз емес. Қазір бұл сөйлемдердің ешкімге жаңалық болып көрінбеуі де мүмкін, бірақ король династиясының қысымындағы сол кез үшін «бұлай сөйлеудің өзі» ерлікпен пара-пар еді.