ЕГИПЕТ БАСПАСӨЗІ


Араб елдерінде кітап шығару ісі өте ерте дамыды. Арнайы кітапханалар болмаса да «Мың бір түн», шығыстың ұлы ойшылдары Ибн Сина, әл-Фарабидің және тағы да басқа  данышпандардың еңбектері көшіріліп тарау арқылы қолдан-қолға жетіп жатты.

XVI ғ. Италияда араб тілінде басатын баспахана ашылып, Құран кітабы және Ибн Синаның бір томдығы шығарылды.

XVIII ғасырда Египетке Франция мен Англияның көз тіккені тарихтан мәлім. Египет бұл елдерге тауар айналымын қамтамасыз ету үшін ғана қажет емес, Индияға барар жолдағы стратегиялық алаң еді.

 Египет экспедициясына дайындық жүріп жатқан кезде Директорий  үкіметі   араб,   француз,   грек   тілдеріндегі   басылымдарды ұйымдастыруға қажетті жабдықтарды әзірлеу үшін арнайы шешім қабылдады. Үш типография ашуға қажетті жабдықтар дайындалды. Египетке бет алған «Лорьян» кораблінде флот тинографиясы орналасты. Бұл типографияны басқарған экспедицияның басылымдар ісі жөніндегі директоры, француз ориенталисі, арабист, Ливандағы француз елшісінің ұлы Жан Марсель болды. Типографияның шығыс бөліміне сириялық И.Фатхалл жетекшілік етті. Типография жол-жөнекей    Наполеонның    «Египет    халқына    үндеуі»    мен «Француз армиясының бұйрықтарын» басып шығарған.

Француздар Египет жеріне табаны тиісімен газет шығаруды қолға алды. Сонымен, 1798 жылдың 29 шілдесінде әскери үкіметтің ресми органы ретінде «Курье д Эжипт» газеті дүниеге келді. Бұл газет беттерінде француз армиясының әскери іс-қимылдары, Франциядағы жаңалықтар басылды. Газет редакторы - Париж ғылым академиясының мүшесі Жан Батис Жозеф Фурье болды. Газеттің бар жоғы 115 саны жарық көрген.

Ал осы жылдың 24 қарашасында француз тілінде «Ля Декад Эжипсьен» журналы шықты. Бұл басылым - экспедициямен ілесе келген француз ғалымдары негізін қалаған Египет институтының ресми органы болды. Журналдың мақсаты туралы алғашқы санындағы бас мақала да айтылды. Сондай-ақ, «Ля Декад Эжипсьен» өз ғұмырын елдің әдеби, экономикалық, әлеуметтік өміріне арнады.

Екі  басылымды да ұлттық басылым деуге болмайды. Бұл француз    отарлаушыларының органы. 1801 жылы француз экспедициялық корпусы Египетті тастап,  өз елдеріне қайтты, типографияның құрал-жабдықтарын алып кетті. Бұдан кейін 20 жыл бойы газет-журнал шықпады.

1819 жылы Каирдегі Бұлақ ауданында баспахана салынды.

Билік басындағы Мұхаммед Әли Египетте түрлі реформалар жүргізді, армияны европалық үлгіде жасақтады, типографияга үлкен мән берді. Кадрлар даярлауға әдебиеттің қажеттілігін жақсы түсінді. Ал 1821 жылы баспа мамандарын даярлайтын арнайы техникалық мектеп ұйымдастырылды.

1827  жылы  Мұхаммед  Әли  «Гурнал  эл  -  Хедив»  газетін  шығарта бастайды. Бұл газет қаржы жайынан, ауыл шаруашылығы, құрылыс, оқу - ағарту салаларынан қысқаша хабарлар басты. Газет редакторы Махмұд әпенді болды. Ол провинциялардан алынған мәлеметтерді    өңдеп,   Мұхаммед   Әлиге   көрсетіп,   одан   кейін жариялап   отырды.   Бұл   басылым   алғашында   айлық,   соңынан апталық болып шығып тұрған. Ол «Әл-Кальа» типографиясында басылды. Газет 100 данамен, араб және түрік тілінде жарық көрген. «Мың бір түн» хикаясын оқырмандар алғаш рет осы газеттен оқыған. 1828 жылдың 3 желтоқсанында бұл газеттің орнына «Әл Уакай әл-Мысрийя»  газеті жарық көрді.  Бұл басылым  Египет өкіметінің  ресми   органы  болды.   Алғашында  араб және түрік тілдерінде, кейіннен араб тілінде ғана шығып тұрды. Бастапқыда бұл басылым аптасына үш рет жарық көрсе, ал 1863 жылдан бастап күнделікті  шығып  тұрған.   Алғашқы  ұлттық  басылымның  бет-бейнесін қалыптастыруға редакторлары: ғалым Хасан аль-Аттар, әдебиетші, аудармашы Рифа ат-Тахтави, ақын Шихаб эд-Диндердің қосқан үлесі зор. Газеттің алғашқы сандарында-ақ Рифа ат-Тахтави аударма ісімен айналысты. Басылым тек ақпараттарды ғана емес, ғылыми зерттеулерді, аудармаларды жариялап отырды. Мұхаммед   Әлидің   ел  басқаруы  кезінде  халық  шаруашылығының барлық саласы өркендеді. Жоғарғы оқу орындарының саны көбейді. Шет тілдер мектебі кұрылды. Түрлі реформалар жүзеге асырылып жатты. «Әл Уақаи әл-Мысрийя» газетінен кейін жарық көрген бірнеше басылымның ғұмырлары қысқа болды. XIX ғасырдың 60-70 жылдарындағы маңызды басылымдар: «Вади ан-Нил», «Нурхат әл-Афкар», «Раудат әл-Мадарис». Абдолла Абу ас-Саудтың басқаруымен шыққан «Вади ан-Нил» газеті   осы   тұстағы   билік   басындағы   Исмаил   хедивтің   ісін насихаттады. Өкімет қаржысымен аптасына екі рет шығып тұрды. 1869 жылы жарық көрген «Нурхат әл-Афкар» газеті өкіметке қарсы оппозициядағы басылым болды. Газет редакторы Ибраһим әл-Мувейлихи елді түрік басқаруына қарсы болды. Хедив бұл газетті екі санынан кейін-ақ жауып тастады. Газет жабылғаннан кейін Ибраһим әл-Мувейлихи өз ісін Еуропада жалғастырды. Парижде «Әл-Иттихад», «Әл-Анба», «Ар-Ахбар» газеттерін шығарды.

Ислам Хедив 1875 жылы жарық көрген «Раудат әл-Мадарис» журналының редакторы етіп Рифаа ат-Тахтавиді бекітті. Журнал айына екі рет шығып тұрды. Бастапқыда тиражы 350 болса, кейінен 700-ге жетті. Бұл мерзімді басылымның басқалардан ерекшелігі, тұңғыш рет ғылым мен әдебиет мәселелеріне көңіл бөле бастады. Жазушылар  мен  ғалымдар  өз   шығармаларын  баспасөз  бетінде жариялауға   мүмкіндік   алды.   Сондай-ақ   журнал   студенттердің зерттеулерін, жас таланттардын туындыларын да жариялап тұрды. «Раудат    әл-Мадарис»    журналы     қоғамдық    ойдың    дамуына, публицистика  мен  ғылыми стильдің  қалыптасуына  үлкен  үлес қосты. 60-70 жылдары басылымдардың саны да, сапасы да артты. Олардың беттерінде тек  ақпараттық  хабарлар ғана  емес,  саяси мақалалар да пайда бола бастады. Шетелдік жаулаушылардан елді азат ету мақсатындағы  күрескер баспасөзде әйелдер де  көріне бастады.   «Иасуб   ат-Тыбб»   журналында   медицина   мектебініц оқытушысы Джами Тамарханның медицина саласындагы ғылыми еңбектері жарияланды. 70-жылдары түрік  билеушілерінің  қуғындауынан   қашқан   Ливия   мен   Сирияның  мәдени қайраткерлері Египетке   қоныс   аударды.   Олар   Египеттегі   қоғамдық   ойдың қалыптасуында   маңызды   рөл   атқарған   бірнеше  басылымдарды дүниеге әкелді. Ливандық эмигрант Селим әл-Хамови әдеби-саяси апталық газет «Әл-Кавнаб аш-шаркиді» («Шығыс жұлдызы») үш  жыл бойы шығарып тұрған. Кейіннен аталмыш газеттің иесі - ағасы Абдо әл-Хамовимен бірігіп, экономика және сауда  мәселелерін жазатын күнделікті «Шуа әл-Кавакив» газетін шығара бастайды. 1876 жылдың 5 тамызында Александрияда тағы бір эмигранттық басылым  дүниеге  келді.  «Әл-Ахрам»  деп  аталған  бұл   газеттің негізін  салған   ағайынды   Селим   мен   Бейшара    Таклалар.   «Әл-Ахрам»   газеті   бүгінгі  күнге  дейін   шығып   тұратын,  таралымы жоғары, беделді күнделікті газеттердің бірі. 1877 жылғы орыс-түрік соғысы кезеңінде египеттік басылымдар саяси  мәселелерге кеп көңіл бөле бастады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Египетте 23 мерзімді басылым шығып тұрған.