ЖАСУША ҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ, ОНЫҢ КЕЙБІР ҚҰРАМБӨЛІКТЕРІНІҢ АУЫТҚУЫ (патологиясы)


Әр жасуша – ол көп құрамдас бөлікті жүйе. Сондықтан ол қандай да болмасын бұзылуда тұтас ретінде жауап қайтарады. Оны құрылымының, оның кейбір құрамдас бөліктерінің құрылысы мен қызметінің өзгеруінен байқауға болады.

Плазмалық жарғақтың бұзылуы. Ол жасушаны қоршап, басқа құрылымдардан бөліп тұрады. Ауру туындататын себепшарттар жарғақтың құрылысын, негізгі: рецепторлық, тосқауылдық, түйісушілік, тасылымдық, ферменттік қызметтерін өзгертеді. Бұл бұзушылықтардың бәрі жасушаны қолайсыздыққа ұшыратады. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысына тасылым қызметі белсенділігінің бұзылуы (К, Na сорабы) жатады. Оның бұзылуы жарғақты өз қызметін орындаудан шығарып тастайды. Сондықтан жасушада заттек алмасу өнімдері, улы заттар аялдап, өзара байланысқа түсіп, улы қосындылар құрады. Сондықтан заттек алмасуының «жарылуы» (зат алмасуының талықсуы) жүреді. Сорабтың істен шығуынан жасушадан уыттар аз шығарылады. Олар жиналып, цитоплазмаға өтіп, ондағы барлық жарғақтар мен тұрақты қосындыларды уландырады. Бұл заттек өнімдері мен уыттарды зат алмасу цикліне енгізіп, аталған зат алмасуының талықсуына жеткізеді. Осы кезде биологиялық түзілу, қуат өндірілуі мүмкін болмай, жасуша өлуіне тура келеді.

Бүлінген жасушалар цитоплазмасындағы өзгерістер. Цитоплазма түйіршіктер құру қабілетінен айрылады. Қалыпты жасуша цитоплазмасына түскен бояулар бөлшектері түйіршіктерге қамалады. Цитоплазма және кариоплазма ақшыл болып қалады да, диффузия жолымен боялады.

Ядродағы өзгерістер. Ядродағы аралық (перинуклеарлы) кеңістіктің ісінуі басталып, ол кеңейеді. Хроматин ірі кесектерге конденсацияланады, бүрісіп қалады. Оны пикноз деп, ақуыз түзілуінің реттеуі бұзылып, кейін бөлшектерге ажырауын кариорексис деп, ал ядроның еруін кариолизис деп атайды.

Митохондрий өзгерістері. Басқы сатыда митохондрийлер сығылады, кейін ісінеді, домалақтанады, терең қатпарлары (кристалары) қысқарып, жоғалады, АТФ түзілуі төмендейді. Нәтижесінде митохондрийлер жарғағы үзіледі, матриксі гиалоплазмасымен араласып кетеді.

Эндоплазмалық тор өзгерістері. Түйіршікті ЭПТ қуыстары (цистерна) бөлшектенеді де, көпіршіктерге ыдырайды. Жарғақ бетіндегі рибосомалар саны азаяды, ақуыз түзілуі төмендейді.

Гольджи аппаратының өзгеруі. Гольджи аппараты бұзылғанда тақташалар кешеніндегі жасушалардың көбеюі, ағза көлемінің ұлғаюына байланысты өзгереді де, түзінділер түзу қызметінің артуы–түйіршіктер мен көпіршіктер құрылуы ілесе жүреді. Сондықтан Гольджи аппаратының бұзылуы жасушаның шалшықталғанын үдетеді.

Лизосоманың өзгеруі. Бірінші лизосомалар мен өзіндік фагосоманың санын артады. Бірінші лизосомалар жарғағы жарылады. Одан бөлінген ферменттер жасушаның өзін-өзі қорытуын (еруін) іске асырады. Жасуша жарғақшасының өткізгіштігі, тұрақты қосындылар құрылысы мен қызметі бұзылуынан жасушаның заттек алмасуы бүлінеді. Ол цитоплазмада липидтер (майлы нәрсіздену), гликоген (көмірсу нәрсізденуі), ақуыздар (ақуыздық нәрсіздену). Егер де бұзатын себепшарттар үдемелілігі нашар, әсері қысқа болса, жасушаның құрылымдық, қызметтік өзгерістері қайтымды болуы мүмкін. Онда, кейбір жағдайда жасушалардың құрылысы мен қызметі толық қалпына келеді. Мұндай жасуша қалыпты қызмет атқара алады. Басқа жағдайда жасушалардың құрылысы мен қызметі толық қалпына келмейді. Онда жасуша біраз уақыт қызмет еткенімен, белгісіз себептерден көп кешікпей өледі.