ТІРШІЛІКТІҢ ЖАСУШАСЫЗ ТҮРЛЕРІ


Көпжасушалы организмде жасушалардан басқа жасуша туындылары - жасушасыз құрылымдарда кездеседi. Оларға-симпластар (грек. syn-бiрге, plаstоs-жасалған; остеокласт және трофобластың сыртқы қабаты, қаңқалық бұлшық ет талшығы), синцитийлер (грек. syn-бiрге, суtоs-жасуша; дамудағы сперматозоид), жасуша аралық заттектер (коллаген, эластин, аргирофильдi талшықтар, аморфты зат) және өз қызметiн аяқтап, ендi оны жалғастыра алмай, басқа қызметке бейiмделе бастаған жасуша туындылары (эритроцит, қан тақташасы, эпидермистiң мүйiздi қабаты, шаш, тырнақтар) вирустар, тағы басқалар жатады.

Жасуша аралық заттек - ұлпадағы жасушалар әрекетiнен пайда болатын өнiмдер жиынтығы. Құрамы, деңгейi химиялық, физикалық қасиеттерi әр ұлпаға тән белгiлерiмен сипатталады. Кейбiр ұлпаларда ол өз қасиетiне байланысты басты рөл (шемiршек, сүйек ұлпалары берiктiгiн қамтамасыз етедi) атқарады. Жасуша аралық заттекті коллаген, эластин және аргирофилдi талшықтар, аморфты зат құрады.

Коллаген талшықтары (fibra collagenosa) коллаген ақуызынан құралып, оның фибриллдерi будаға қосылуынан қалыптасады, ұлпаларға берiктiк бередi, қайнатқанда кәдiмгi желiм бередi (сондықтан желiм берушiлер деп аталады), қалыңдығы 1-20 мкм, 19 түрi (5 кесте) анықталды.

Борпылдақ дәнекер ұлпаны құрайтын коллаген талшықтарының 1 түрi препаратта оксифильдi боялады, көлденең жолақты тәж тәрiздi жан-жаққа бағытталып, жеке, шоқталып (қалыңдығы 150 мкм) орналасады.

Полюстенген микроскоппен коллаген талшықтарын зерделеп, олар қос сәуле сындыратын қабілетi бары айқындалды. Ол қатар субмикроскоптық бiрлiктердiң ұзына бойында жатқанын көрсетедi. Электронды микроскоп талшықтар қатар жатқан диаметрi 20-120 нм фибриллдерден тұратынын, онда көлденең жолақтық (кезеңi 64-68 нм) барын айқындады. Коллаген талшықтары-дәнекер ұлпалардың жоғарғы механикалық қасиеттерiн қамтамасыз етедi. Ұлпада коллаген талшықтары көп болса, оның берiктiгi артады. Бұл талшық созылмайды, төзiмдi, салмақ түскенде толқын тәрiздi жолы жазылады, салмақ тым артық болса, талшық үзiлiп кетедi; дәнекер ұлпа құрылымын айқындайды; жасушалар, жасуша аралық заттек арасында өзара iс-қимыл жасауын қамтамасыз етедi; әртүрлi жасушалардың жаңадан жасуша түзе ұлғайуына, өсуiне, жiктелуiне, аууына және қызметiнiң белсендiлiгiне әсер етедi.

Организмдегi негiзгi коллаген түрлерiнiң таралуы (Э.Г. Улумбеков бойынша)

5 кесте

Түрi

Ұлпалар және ағзалар

I

Терi, сiңiрлер, сүйектер, қасаң қабық, қағанақ, қызыл тамыр, бауыр, қатерлi iсiктер, дентин

II

Шемiршектер, омыртқа аралық дискiлер, шыны тәрiздi зат, қасаң қабық

III

Хориоамнион, ұрық терiсi, өкпе, қызыл тамыр, жатыр, ретикулин талшығы

IV

Негiзгi жарғақтар

V

Хориоамнион, қағанақ, терi

VI

Қан тамырлары, байламдар, терi, жатыр, өкпе, бүйректер

VII

Амнион, терi, өңеш, қасаң қабық

VIII

Эндотелийдiң себiндi ортасы, астроцитотомы

IX

Шемiршектер, омыртқа аралық дискiлер, шыны тәрiздi зат

X

Шемiршектер

XI

Шемiршектер, омыртқа аралық дискiлер, шыны тәрiздi зат

Коллаген талшықтарының 1, 2, 3, 5 түрлерi дәнекер ұлпаның құрамында талшықтар құрады. Сондықтан оларды талшықты немесе интерстициальдi деп атайды. Жайпақ тор құратын 4 түрiн түрсiз затқа қосады. 4, 5 коллаген түрлерi негiзгi жарғақша құрамында болатындықтан, эпителиоциттер, адипоциттер, кардиомиоциттер, тегiс миоциттер мен көлденең жолақты бұлшық ет талшықтары және нейроглия жасушаларынан өндiрiледi.

Коллаген өндiрiлуi бүлiнсе, жара, сынған сүйектiң жазылуы баяулайды, жарақатталған терi бетiнде коллаген тiптi көп жиналса, онда тыртық түйiндер пайда болады.

Ретикулин талшықтары (fibra retricularis) жұқа, диаметрi 0,5-2 мкм, коллагеннiң 3 түрiнен тұрып, тармақталған үш өлшемдi тор құрады (торлы талшық деп аталады), арнайы бояғыштарда ғана көрiнедi. Күмiс тұздарын жақсы сiңiретiндiктен, аргирофильдi деп аталады. Әр ретикулин талшығының қалыңдығы 20-40 нм микрофибрилл будаларынан түзiледi, онда көлденең жолақтық байқалады. Тiректiк қызмет атқарады, қан түзу ұлпаларында көп кездесiп, негiзгi жарғақша құрамына кiредi, бауыр, бүйрек эпителийлерi арасында орналасады, қылтамырлар мен жүйке талшықтарын қоршап жатады.

Ретикулин талшығын фибробластан басқа ретикулин, май жасушалары, кардиомиоциттер, тегiс миоциттер және нейролеммоциттер өндiре алады. Мұндай қабілет қаңқа бұлшық ет талшықтарына да тән.

Эластин талшықтары (fibra elastica) коллаген талшықтарына қарағанда аз сақталады. Қалыңдығы 0,2-10 мкм, тармақталып, бiр-бiрiмен ұштасып, үш өлшемдi тор құрады. Будалар құрмайды, ұлпа құрылымын айқындап, уақытша өзгергенiмен қайтадан бастапқы түрiне келе алады. Электронды микроскоп эластиннiң әр талшығының қалыңдығы 10-12 нм гликопротеин фибриллинiнен құралған талшықшадан тұратынын көрсеттi. Эластин талшықтарын фибробластан басқа тегiс миоциттер, хондробластар және хондроциттер өндiредi. Бүйрек шумағындағы жасуша аралық заттек құрамына кiрiп, көз бұршағын ұстап тұратын кiрпiктiк белдеу талшығын құрады. Ол эластин шемiршегiнде, терiде, өкпеде, қан тамырларында болады.

Негiзгi түрсiз заттар жасушалар мен талшықтар араларын толтырады, микроскопта мөлдiр, базофильдi боялады, электронды тығыздығы төмен, молекулалық деңгейi құрылымының күрделiгiн, үлкен молекулалы суланған протеогликандар кешенiне, құрылымды гликопротеиндерге ие екенiн көрсеттi. Құрамына гликозааминогликан, хондроитинсульфат, гиалурон қышқылы кiредi, өте көп суды сiңiрiп, зат алмасу процесiне қатысады.

Жасушасоңы құрылымдары - жасуша туындылары. Жасушаларға тән басты белгiлерiнiң жетiлу жолында жоғалып кетедi, арнайы қызметтердi орындауға қажет бiрнеше қасиеттерге ие болады. Оларға эритроциттер, тромбоциттер, эпидермистiң мүйiздi қабыршақтары, шаш және тырнақтар жатады.

Симпластар деп, көп ядролы цитоплазмадан құралған жасушасыз құрылымды айтады. Жеке жасушалар және жасуша қабығының арасында шекара болмайды. Мысалы омыртқалы жануарлардың көлденең жолақты бұлшықет талшықтары. Оларға бүдан басқа остеокластар, трофобластың сыртқы қабаты, қаңқа бұлшықет талшықтары жатады. Организмге бөтен дене кірсе, симпласты құрылым – алып денелер құрылады.

68- сүрет. Жасушааралық зат – тірі организмнің жасушасыз түрі

(гиалинді шеміршек): 1 жасуша; 2- аморфті зат

69-сүрет. Симпласт 70-сүрет. Синцитий

1- ядро; 2- цитоплазма (саркоплазма) 1- ядро; 2- цитоплазма

Синцитийлер - жасушалар бөлiнуiнде толық цитотомия жүрмегенде пайда болатын торлы құрылым. Оған еннiң иректi өзекшелерiнде дамитын аталық жыныс жасушаларын жатқызуға болады.

Вирустар. 1892 жылы орыс ғалымы Д.И.Ивановский темекі өрнегі аталатын темекі ауруы қоздырғышының ерекше қасиетін сипаттап жазды. Бұл аурудың қоздырғышы бактериялық сүзгіден өтіп кетіп, сау өсімдікке жұққан. Бірнеше жылдан кейін үй қара малында жиі кездесетін аусыл ауруының қоздырғышы да бактериялық сүзгіден өтетіні байқалған. 1917 жылы бактерия вирустары (бактериофаг) ашылды. Аталған үш оқиға жаңа ғылым – вирусологияны, тіршіліктегі жасушасыз түрлерді зерттеудің бастамасы болды.

Вирустар адам тіршілігінде зор рөл атқарады. Олар бірталай қауіпті аурулардың: шешек, бауырдың және мидың қабынуы, қызамық, қызылша, құтырма, тұмау және басқалардың қоздырғыштары болып келеді.

Вирустар тірі организмдердің тек жасушаларында ғана өз қасиеттерін іске асырады. Бұлар жасуша іші паразиттері, олар жасушадан тыс көбею қабілетін жоғалтады. Егер де барлық жасушалы организмде міндетті түрде екі нуклеин қышқылдары (ДНҚ, РНҚ), оның матрицасы ДНҚ болса, онда вирустардың матрицасы ДНҚ, не РНҚ бола береді. Сондықтан барлық вирустарды екі ірі топқа – ДНҚ сақтайтын және РНҚ сақтайтын деп бөледі.

Жасушаға қарағанда вирустардың меншікті заттек алмасу жүйесі, оның ішінде ақуыз түзетін жүйесі болмайды. Вирустар жасушаларға тек өз генетикалық ақпаратын енгізеді. Вирустың ДНҚ немесе РНҚ матрицасынан хабаршы РНҚ түзіліп, ауру жұққан жасушада вирус ақуызын құратын рибосомаға негіз болады. Вирустың ДНҚ молекуласы, немесе оның геномы (тектер жиынтығы) ие жасушаның хромосомалары қатарына еніп, қосымша геном ретінде тіршілік ете береді. Мұндай күйде вирус өте ұзақ уақытқа дейін өзін байқатпайды.

Қарапайым вирустар құрылымы нуклеопротеидтердей, нуклеин қышқылдарынан және бірнеше ақуыздардан тұрып, қабығын – нуклеин қышқылдары айналасында капсид құрады. Күрделі құрылымдағы вирустардың қосымша ақуызды немесе липопротеинді қабығы болады. Кейде күрделі вирустардың сыртқы қабығында ақуыздан басқа көмірсулар кездеседі. Күрделі құрылымдағы вирустарға тұмау, ұшық қоздырғыштары жатады. Олардың сыртқы қабығы – ие-жасушаның ядро немесе цитоплазма жарғағының үзігі, одан вирус жасушадан тыс ортаға шығады.

Организм айналымындағы сүйықтықтар ішінде жүрген вирустар жасуша аралық ортадан жасуша ішіне өтеді. Ол үшін алдымен вирус жасуша бетіндегі ерекше ақуыз-қабылдағышпен байланысады. Бұл жерде олар цитоплазмаға батып, вакуольге айналады. Цитоплазма жарғағынан тұратын вакуоль басқа вакуольдермен немесе ядромен қосылады. Сөйтіп вирус жасушаның қалаған жеріне жетеді.

Жұқпа процесі вирустардың жасушаға еніп, көбеюінен басталады. Вирус геномының қосарлануы және капсидтің өздігінен құрылуы жүреді. Нуклеин қышқылының қосарлануы үшін капсидтен босауы қажет. Вирус геномы қосарланудан басқа ие-жасушаның рибосомасында капсид ақуызы түзілуі үшін ақпараттық РНҚ түзілуіне қатысады. Бұл түзілуден соң нуклеин қышқылының жаңа молекуласы үшін жасуша ақуызбен қоршалып, капсид құралады. Вирус бөліктері жиналып, жасушадан шығады. Кейбір вирус үшін «жарылыс» жүреді де, жасуша тұтастығы бұзылады да, жасуша өледі. Басқа вирустар бүршікату тәсілімен бөлінеді. Мұндай жағжайда организм жасушалары өз тіршілік әрекеттерін ұзақ сақтайды.

Бактерия вирустарының жасушаға енуінің басқа жолы – бактериофагтық. Бактериялардың қалың жасушалық қабырғасы ақуыз-қабылдағыш оған қосылған вируспен бірге, жануардағы жұғудай цитоплазмаға батуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан бактериофаг жасушаға қуыс өзек кіргізеді де, ол арқылы басындағы ДНҚ (немесе РНҚ) итеріп, шығарады.

Бактериофаг геномы цитоплазмаға түседі, ал капсид сыртында қалады. Бактерия жасушасының цитоплазмасында бактериофаг геномының қосарлануы басталады, оның ақуызының түзілуі және капсидтің қалыптасуы жүреді. Біраз уақыттан соң бактерия жасушасы өледі, ал жетілген фаг бөлігі қоршаған ортаға шығады.