Кіріспе


Жануарлар морфологиясы ғылымы организм құрылысын, оның дамуын сатылары мен қызметін байланыстыра зерттейді. Бұл ілім зоология, физиология, генетика және тағы басқа да биологиялық пәндерді өтеуге керек ғылыми негізді жасауға қатысады.

«Жануарлар морфологиясы» пәнінде биологиялық ғылым салалары мен ауыл шаруашылық өндірістерінде қазіргі таңда қол жеткен жетістіктер өздеріне тиісті орындарын алуы керек.

Бұл электрондық оқу құралы әр тарау тақырыбына сай, сабақ мақсаты мен басталады да, оған дәлелдеме сипаттама беріліп одан кейін негізгі және қосымша әдебиеттер, сабаққа пайдалатын препараттар, тапсырмалар, бақылау сұрақтары келтірілген.

Зертханалық сабақтардың тағы бір ерешлігі сол, ол келешек маманға қажет микроскоппен жұмыс істеу дағдысын дамытады. Студент, тек өз бетімен ұсынылған препараттарды зерттеп, оқығанда ғана пәнді түсініп, меңгере алады. Сондықтан студент микроскоппен жұмыс жүргізгенде міндетті түрде препараттың көрінісін салу қажет. Ол үшін оның практикумге арналған дәптері мен қарындашы болуы керек. Осы мақсаттарға толығымен жеткенде ғана қандайда болмасын препараттан жасушаның, ұлпаның және мүше түрлерін, олардың құрылысын атқаратын қызметін, күйін ажырата алады.

Жануарлар организмі құрылысы оның дене мүшелері жүйелерінің құрылысы мен қызметі арасындағы морфо-функционалдық сипатқа негізделіп, олармен тығыз байланыста оқытылады. Бағдарламада әртүрлі мал түліктері өнімдерінің деңгейін анықтайтын мүшелері жүйелерінің морфологиялық негізін және олардың фило-онтогенездік дамуын толық меңгеру көзделген Пәнді меңгеру барысында студенттерге қойылатын негізгі талап- жеке мүшелердің организмдегі орналасу орны (топографиясы) мен жануарлар дене аймақтарын толық ажырата білу. «Жануарлар морфологиясы» пәнінің ұтымды ерекшелігі - оқылатын оқу материалы жүйелі де кешенді түрде берілуі. Студенттер алдымен әртүрлі кластарға жататын жануарлардың салыстырмалы эмбриологиясы, одан соң жалпы гистологиясын, бұдан кейін мал түліктері организмдерінің анатомиясы мен жеке гистологиясы өтеді. Пәнді осылай меңгеру нәтижесінде студенттер дене қозғалыс аппаратын, тері жабыны мен оның туындылары, азық қорыту, тыныс алу, несеп шығару, көбею мүшелері морфологиясын, жүйке тамыр жүйелерін және ішкі секреция бездері туралы мәліметтерді толық меңгереді.

Пәнді оқыту мерзімі кезінде студенттер микроскопты зерттеу жұмысына пайдалануды, гистологиялық препараттарды оқи білуді, гистологиялық және анатомиялық препараттарды дайындау әдістерін үйретеді.