АЛҒЫ СӨЗ


Оқу құралында аналитикалық химияның теориялық негіздері мен әдістері жайлы толық мәліметтер берілген.

Аналитикалық химияның әдістері 3 топқа бөлінеді: химиялық, физика-химиялық және физикалық әдістер. Алайда, әдетте физикалық әдістер ерекшеленіп, «Физикалық зерттеу әдістері» пәні болып жеке оқытылады. Сонымен қоса, аналитикалық химия 2 бөлімнен тұрады: сапалық анализ және сандық анализ.

Оқу құралында химиялық сапалық анализдің негіздері ғана қарастырылса, химиялық сандық анализ бен физика-химиялық анализ әдістері толығымен қамтылған.

Оқу құралы 8 тараудан тұрады: Аналитикалық химияның пәні, негізгі түсініктері, әдістері; Анализге сынама алу және сынаманы анализге дайындау; Химиялық сапалық анализ негіздері; Аналитикалық химияда қолданылатын тепе-теңдіктер; Бөлу, концентрлеу және бүркемелеу әдістері; Химиялық анализдің метрологиялық негіздері; Химиялық сандық анализ әдістері; Физика-химиялық анализ әдістері.