АҚПАРАТ ЖҮЙЕСІ РЕТІНДЕГІ БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП


1. Бухгалтерлік есептің пайда болуының тарихи аспектісі.

     2. Бухгалтерлік есеп және оның міндеттері

         3. Бухгалтерлік есептің ақпарат жүйесі.

         4. Қазақстанда бухгалтерлік есептің заң жүзінде реттелуі.

 

1. Бухгалтерлік есептің пайда болуының тарихи аспектісі

Бухгалтерлік есеп адамзат дамуымен бірге қалыптасып, дамып келе жатыр. Ежелгі Египетте, Месопатамиде, Вавилонда, Иранда шаруашылық есеп жүргізетін есепшілердің болғаны анық. Египетте - папирустарға, Вавилонда - қыш кестелерге жазбалар жазылған. Біздің уақытқа дейін келіп жеткен есеп регистрлары ретіндегі бос парақтар сол уақытта – ақ қалыптасқан. Шамамен 5-6 мың жыл бұрын бухгалтерлік есептің әдіс – тәсілдері пайдаланыла бастаған.

Ежелгі Греция мен Римде шаруашылық есеп жүргізудің деңгейі едәуір жоғары болды. Ағаш тақтайшаларға есеп жазып, оларды кодекс деп атаған. Шаруашылық қатынастардың болуы, адамзаттың дамуы өздігінен есептің дамуын қажет етті. Қажеттіліктен туындаған есеп жүргізудің ежелгі әдістері бүгінгі бухгалтерлік есептің негізін құрайды.

Орта ғасырдың соңында бухгалтер сөзі пайда болды. 1498 жылы Әулие Рим империясының императоры Максимилиан  алғашқы бухгалтер етіп Христоф Штехерді сайлады. Сол уақыттан бері есепті арнайы кітаптарда жүргізу қалыптасқан.

Бухгалтерлік есеп бойынша алғашқы кітапты 1494 жылы белгілі математик, монах Лука Пачоли жазды. Бұл кітап математикадан болатын, «Арифметика, геометрия сомалары, пропорциялар мен қатынастар туралы ілім» деп аталған.

Онда «Жазбалар мен шоттар туралы трактат» деп аталатын бөлім қосарлы бухгалтерияны жүргізудің тәсілдерін сипаттайды. Итальяндық қосарлы бухгалтерия есептің дамуына үлкен үлес қосты.

Ежелгі Ресейде есепті шіркеулер мен монастырларда жүргізді.Жазба кітаптарында мал саны, жер өлшемдері сияқты деректер болды. Петр І Ресейдегі есептің дамуына үлес қосты. Арнаулы мектептерде есеп жүргізетін адамдарды даярлап, есеп кітаптарын жүргізуді ұйымдастырды. Петр І мемлекеттің табыстары мен шығындарына ғана есеп жүргізіп қана қоймай,  қазыналық зауыттарда да есеп жүргізуді талап етті. Одан кейінірек орыс тілінде бухгалтерлік есеп туралы баспа кітаптар шыға бастады. 1783 жылы бухгалтерлік есеп туралы «Коммерция және  сауданың кілті, немесе бухгалтерия ғылымы, көпестер шоттарының шығуы » деген алғашқы кітап шықты. Адамзат қоғамы сияқты, бухгалтерлік есеп те ежелден дамып келеді.

 

         2. Бухгалтерлік есеп және оның міндеттері

         Республикамызда халық шаруашылық негізін мемлекеттік кәсіпорындарымен қатар, басқа да әртүрлі бірлестіктер, акционерлік қоғамдар, кооперативтер, бірлескен немесе жеке меншіктелген кәсіпорындар құрайды. Ал, осы кәсіпорындар жұмысында көптеген шаруашылық процестері орындалады. Сол процестердің мазмұны тек қана шаруашылық есепте көрсетіліп, бір жүйеге келтіріп топталады. Сондықтан шаруашылық есептің атқаратын міндеті өте зор. Себебі, шаруашылық процесін нарықты қатынас жолымен  даму кезінде тиімді жүргізу үшін шаруашылық есептің нақты мәліметтер қажет. Сонымен қатар сол мәліметтер шаруашылық процестерінің мазмұнын және санын көрсететін болғандықтан, сол мәліметтер одан әрі қарай сол шаруашылық процестерінің финанстық қорытындысын шығаруға, талдау жасауға және келешек даму жоспарын жасауға бірден-бір негіз екені анық.

Бухгалтерлік есеп шаруашылық жүргізуші субъектінің қаржылық қорытындыларын міндеттемелері мен есеп айрысуларын, мүліктің қозғалысын бейнелейтін ақпараттық жүйе. Бухгалтерлік есеп шаруашылық құбылыстардың сандық жағын саналық жағымен үздіксіз байланыстырып, шаруашылық операцияларды табиғи және ақшалай бейнеде тіркейді.

Қазақстан Республикасының Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Заңында (2007 жылы қабылданған)  бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен жүргізудің  негізгі принциптері, шаруашылық жүргізуші субъектілердің міндеттері мен құқықтары белгіленген. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық заңды тұлғалар, соның ішінде коммерциялық, өндірістік, сақтық, ғылыми - зерттеу, қоғамдық, саяси ұйымдар т.б. бухгалтерлік есепті жүргізуге міндетті.

Бухгалтерлік есептің пәні болып шарушылық опреациялардың негізі болып табылатын мүлік, оның қозғалысы табылады. Мүліктер (шикізат, материалдар, негізгі қаржылар) міндеттемелер, шаруашылық операциялар іс жүзіндегі шығындарды қосу жолымен ақшалай бағалауда бейнеленеді.

Бухгалтерлік есептің міндеттері келесілер болып табылады:

·        шаруашылық жүргізуші субъектінің қызметі туралы толық ақпарат жинау;

·        ақшалай, материалдық, еңбек, отын – энергетикалық ресурстарды норма мен нормативтерге сәйкес бақылау жасау;

·        қаржылық - өндірістік қызметтік тиімділігін  арттырып, жоғалтулардың алдын алу;

·        өндірілген өнім, көрсетілген қызметтің іс жүзіндегі құнын анықтау;

·        шаруашылық жүргізуші субъектінің қаржылық қорытындыларын анықтау.

Бухгалтерлік есептің деректері ғылыми негізделген, нақтылы, өз уақытын да жинақталған болуы керек.

 

 

3. Бухгалтерлік есептің ақпарат жүйесі

Бухгалтерлік есеп өрісіндегі көрсеткіштер жүйесін қалыптастырып, бұл үрдісті дұрыс ұйымдастырудың басты мақсаты - сыртқы пайдаланушылыр мен кәсіпорын басшыларын ақпараттармен қамтамасыз ету. Ақпараттармен қамтамасыз ету басқару жүйесінің элементтеріне жатады. Басқару дегеніміз шешім қабылдау, ал тиімді басқару үшін ақпараттар қажет. Ақпараттар деп шаруашылық өмірдегі фактілердің орын алғандығын хабарлау дейміз.

Бухгалтерлік есеп жүйесіндегі ақпараттар, біріншіден сыртқы тұлғалардың талабын қанағаттандырады, екіншіден кәсіпорындардағы бухгалтерлер мен басқарушылырдың талабын қанағаттандырады. Яғни, бухгалтерлік есеп ақпараттарын пайдаланушылар есептің мақсатын, мұның өрісіндегі мәліметтер мен бастапқы құжаттарды ұйымдастырудың сипаттамасы мен сапасын, бухгалтерлік есепті толығымен аяқтаудың сатылары мен принциптерін, есеп жүргізудің техникалық әдістерін, шаруашылық операцияларының мазмұнын білгені жөн.

Нарықтық қатынастар жағдайында бухгалтерлік есеп ақпараттары мен мәліметтерін пайдаланушылардың мақсаты бәсекелестік тұрғыда болатындығынан ақпараттарды пайдаланушылар арасында қарама-қайшылықтар да болуы мүмкін. Сондықтан ақпараттар жүйесі түсінікті әрі қарапаым жолдармен  аса бір сапалы және жоғары деңгейде орындалуы керек.

Сонымен бухгалтерлік есеп көп ақпараттардан тұрады. Ақпараттарды жинақтап, бухгалтерлік есеп жүйесіне түсіру үшін көптеген талаптар мен арнайы ережелер қажет. Бұларға: шындық, өз уақытында, қажетті дәлділік және т.б. талаптар қойылады. Шындық түсінігі жүргізілген эксперимент және санадан ауытқымайтын, логикаға жататын негізден қалыптасады. Бухгалтерлік есеп мәліметтері нақтылы шындықты көрсетуі үшін бухгалтерлік есеп өрісіндегі мәліметтің барлығы да бастапқы құжаттар арқылы жүргізілуі керек.

Өз уақытында дер кезінде орындалатын талап. Бухгалтерлер мен басқа да басқарушы тұлғалар үшін  тек жалпы мерзім ғана емес, дәлме-дәл осы күні орындалған бухгалтерлік операциялар қажет.

Қажетті дәлдік талабының негізгі мақсаты бухгалтерлік есеп ақпараттары мен мәліметтерін басқадай сырттағылардың пайдалану мен кәсіпорынның өз ішінде жан-жақты талдау қызметін жүргізуге арналған.Бухгалтерияда дайындалған есеп материалдары абсолютті дәлдікті көрсетуі керек.

 

         4. Қазақстанда бухгалтерлік есептің заң жүзінде реттелуі

Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүргізу  процесі келесідей нормативтік актілермен реттелген.

      Заң күші бар Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 28-ақпанындағы “Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы” Заңында шаруашылық жүргізуші субъектілерінің барлығы да бухгалтерлік есеп жүргізуге және осыған байланысты арнайы ережелер мен принциптерді сақтауға міндетті деп танылған. Заң күші бар Президенттің Жарлығы бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастыру  мен реттеудің бірінші кезеңі болып табылады.

Екінші кезең- бекітілген “Бухгалтерлік есеп стандарттары” болып танылған.

Бухгалтерлік есеп стандарттары Қазақстандағы бухгалтерлік есеп жүргізудің ресми қабылданған ережесі және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы қорытындысы есебін жасау үшін ақпараттық жүйесін қалыптастырудың әдістерін белгілейтін құжат.

 Бухгалтерлік есеп стандарттары әрбір кәсіпорындар мен шаруашылық субъектілерінде күнделікті болып отыратын шаруашылық операцияларының  мазмұны мен көрсеткіштерін қандай жолдармен, қашан және қалай жіктеп, шоттарға жазу мен есептеу, синтетикалық шоттарға жинақтаумен қатар, қорытынды есепке жазу жөніндегі принциптерді іске асыратын халықаралық деңгейде қолданылатын құжат.

         Бухгалтерлік есеп стандарттары еларалық бірлескен кәсіпорындар арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға да бағытталған. Сонымен қатар бухгалтерлік есепті жетілдірудің концептуальді негізін басшылыққа ала отырып, кәсіпорындардың қаржы қорытындысы есебін дайындауға болатындығы дәлелденген. Қазақстандағы құқылы тұлғалардың есеп беру мен қорытынды есеп жасау үрдісі түгелімен “ұлттық есеп стандарттары” талабына сай, жалпы қойылған есеп жүргізу принциптеріне қарай ұйымдасқан.

Бухгалтерлік есеп жүргізудің үшінші кезеңі- нұсқаулар, ұсыныстар мен нормативтік құжаттар, басқадай салалық, әдістемелік материалдар, кәсіпорындардың жарғысы, бұлардың типі мен көлемі жөніндегі құжаттардан тұрады. Төртінші кезең- кәсіпорындар мен шаруашылық субъектілерде әр жылы жасалып, бекітілетін есеп саясаты жатады. 

Есеп саясаты – бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есеп берушілікті құрау үшін қолданылатын бухгалтерлік есептің әдістерінің, ережелерінің, тәсілдерінің жиынтығы.

   Бухгалтерлік есеп жүйесін жүргізудің жалпы қағидасы мен ережесі нормативтік-қүқықтық қүжаттарда белгіленген.

   Нарықтық экономика шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп берушіліктің Халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіліп, ұйымдастырылуы үшін бухгалтерлік есепті мемлекеттік нормативтік реттеу жүйесі қалыптасқан.

Сонымен қазіргі уақытга елімізде бухгалтерлік есепті нормативті реттеудің төрт деңгейлі жүйесі қызмет етеді.

Бірінші деңгей - Қазақстан Республикасының заңдары мен ҚР Президентінің жарлықтары,

Екінші деңгей- Ұлттық бухгалтерлік стандарттар жүйесі - бухгалтерлік есеп бойынша ережелер.

Үшінші деңгей- салалық ерекшеліктерді ескеретін әдісгемелік нұсқаулар.  

Төртінші деңгей- кәсіпорынның ішкі жұмыс құжаттары.

 

         Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар.

         Тақырыпты қаншалықты меңгергеніңізді білу үшін келесідей   сұрақтарға жауап беріңіз.    

1.Бухгалтерлік есептің  пайда болуы туралы не білесіз?

2.Бухгалтерлік есептің пәні не?

3.Бухгалтерлік есептің  қандай әдістері бар ?

4.Бухгалтерлік есептің әдістерін атаңыз.

5.Бухгалтерлік есепті реттеудің қандай жүйелері бар?

6.Бухгалтерлік ақпараттар  туралы не білесіз?