БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕПТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ


1. Шоттар, олардың мазмұны мен құрылуы

              2. Екі жақты жазу

              3. Жинақтау және талдау шоттары

              4. Жинақтау және талдау шоттарының арасындағы өзара байланыс

              5. Ағымдағы бухгалтерлік есеп мәліметтерін қорытындылау

 

         1. Шоттар, олардың мазмұны мен құрылуы

Әрбір кәсіпорында бір айдың ішінде көптеген шаруашылық әрекеттер орындалады, сондықтан шаруашылық үдерістердің нәтижелері туралы мәліметтер алу қажет. Ал мұндай деректер күнделікті қажет болады. Осындай мәліметтерді бухгалтерлік ееп шоттар арқылы алуға болады.

Бухгалтерлік шоттар – бұл ағымда есепке алу үшін кәсіпорынның шаруашылық құралдарының, олардың құрылу көздерінің және шаруашылық үдерістерінің құрамында болып жатқан өзгерістерді ақшалай және заттай бірліктерде экономикалық жағынан топтастыру әдісі.

Шот есеп беру үшін ақпараттарды жинақтаушы болып табылады. Әрбір шоттың атауы болады, ол шаруашылық құрал мен оның құрылу көзінің қандай топқа есепке алынатындығына байланысты болады, мысалы, “Касса”, “Есеп айырысу шоты”,  “Резерв” және т.б.

Бухгалтерлік шотты сызба түрінде екі жақты кесте түрінде көрсетуге болады, сол жағын “Дебет”, ал оң жағын “Кредит” деп атайды. Бұл ұғымдар тарихи түрде Италияда дүниеге келген, латын тілінен “Дебет”, - ол береді, ал “Кредит” - ол сенеді деген мағыналарды білдіреді. Бірақ есептің дамуымен олар өздерінің бастапқы мағыналарын жоғалтқандықтан, олардың қолданылуы шартты болып табылады. “Дебет” және “Кредит” ұғымдары шаруашылық әрекеттерін жүргізу барысында әртүрлі бухгалтерлік есеп шоттарының өзара байланысын көрсету үшін пайдаланады.

Бухгалтерлік есеп шоттарында қалдықтарды белгілеу үшін “Сальдо” (қалдық), яғни шот қалдығы ұғымы қолданады.

Шот сызбасын пайдалану кезінде, шоттарда әрекеттерді жазу үшін оларда тек қана әрекеттердің нөмірі мен сомасын ғана көрсетеді.

Шоттар шаруашылық құралдар мен олардың құрылу көздерінің жағдайы, яғни қалдығы, кірістелуі мен шығысталуы туралы сипаттама беру үшін қолданады.

Барлық шоттардың құрылуы бірдей, бірақ шоттарда дебет пен кредиттің мағыналары мен жазбаларының мазмұны әр түрлі болып келеді. Ол шоттардың нені есепке алатындығына байланысты, яғни шаруашылық құралдары немесе олардың қайнар көздері.

Балансқа қатысы бойынша барлық шоттарды активті және пассивті болып бөлінеді. Осыған байланысты шоттардағы жазбалардың екі сызбасын көрсетуге болады.

Активтік шоттар шаруашылық құралдардың құрамын, орналасуын, пайдалануын көрсетеді.

Пассивтік шоттар шаруашылық құралдардың құрылу көздері мен қаражаттың мақсатты бағытталуын көрсетеді.

Активтік шоттың дебетінде қалдығы мен шаруашылық құралдардың көбеюі, ал кредитінде есепке алынатын объектілердің азаюы көрсетіледі.

Әрекеттер сомасы айналым деп аталады. Шоттың дебеті бойынша дебеттік айналым, ал кредиті бойынша сома кредиттік айналым деп аталады.

Активтік шоттағы соңғы қалдық мына үлгі бойынша анықталады: бастапқы қалдық + дебет бойынша айналым – кредит бойынша айналым. Активтік шоттағы қалдық тек қана дебеттік немесе нөлге тең болуы мүмкін.

Пассивтік шоттардың кредитінде қалдығы мен объектілердің көбеюі, ал дебетінде азаюы көрсетіледі. Соңғы қалдық мына үлгімен анықталады: бастапқы қалдық+кредиттік айналым-дебеттік айналым. Пассивтік шоттардағы қалдық тек қана кредиттік немесе нөлге тең болуы мүмкін.

Активтік немесе пассивтік шоттар бухгалтерлік есеп шоттары жүйесінің негізін құрайды.

 

         2.Екі жақты жазу

Экономикалық табиғаты бойынша кез келген шаруашылық әрекет міндетті түрде екі жақтылығымен және өзара байланысты болуымен сипатталады. Әрбір шаруашылық әрекет екі жақты жазу әдісінің көмегімен бір шоттың дебетінде және екінші шоттың кредитінде көрсетілетін екі жақты өзара байланысты болатын өзгерістер тудырады.Сондықтан әрекеттер жазылған шоттардың арасында өзара байланыс туындайды. Осы байланыс бір ғана шаруашылық әрекетін екі өзара байланысқан өзгерістерді көрсете отырып, бір шоттың дебетімен және екінші шоттың кредитімен сәйкестендіріледі.

Екі жақты жазу - әрбір шаруашылық әрекетті есепке алу нәтижесінде бухгалтерлік есеп шоттарында екі рет бірдей сомаға бір шоттың дебетінде және сонымен байланысты екінші шоттың кредитінде жазу.

Екі жақты жазу әдісімен шоттар корреспонденциясы және бухгалтерлік жазбалар сияқты ұғымдар тығыз байланысты болады.

Шоттар корреспонденциясы – бұл екі жақты жазу әдісі кезінде туындайтын шоттар арасындағы өзара тығыз байланыс.

Корреспонденция әрбір жазбада корреспонденцияланатын шоттарды жазу жолымен түсіндіріледі.

Бухгалтерлік жазба – бұл тіркеуге жататын шаруашылық әрекеттің сомасына дебеті мен кредиті бойынша бір мезгілде жазба жасалатын кездегі шоттар корреспонденцияларын рәсімдеу.

Қарапайым шоттар корреспонденциясы кезінде шаруашылық әрекет бірдей сомаға бір шоттың дебетіне және екінші шоттың кредитіне ғана жазылады.

Күрделі шоттар корреспонденциясы кезінде шаруашылық әрекеттер бірдей сомаға бірнеше шоттың дебеті мен бір шоттың кредитіне немесе бір шоттың дебеті мен бірнеше шоттың кредитіне жазылады. Сондықтан, кредиттелетін шоттардың сомас дебеттелетін шоттың сомасына тең немесе дебеттелетін шоттардың сомасы кредиттелетін шоттың сомасына тең болады.

 

         3. Жинақтау және талдау шоттары

Бухгалтерлік есепте әр түрлі дәрежедегі көрсеткіштердің мән -жайын алу үшін үш түрлі шот, яғни жинақтау, талдау және субшоттар қолданады.

Жинақтау шоттары ақшалай өлшем бірлігімен көрсетілген экономикалық ұқсас топтары бойынша шаруашылық құралдары, міндеттемелері мен шаруашылық әрекеттері туралы жинақталған мәліметтерді береді.

“Жинақтау” атауы синтез сөзінен шыққан, біріктіру, жеке бөліктерді бір бүтінге қосу деген мағынаны білдіреді.

Жинақтау шоттарына “Негізгі құралдар”, “Дайын өнім”, “Тауарлар”, “Кассадағы ақша”, “Есеп айырысу шотындағы ақша”, “Жұмысшылармен жалақы бойынша есеп айырысу”, “Жарияланған капитал” және т.б. шоттар жатады.

Талдау шоттары жинақтау шоттарының мазмұнын шаруашылық құралдардың және әрекеттердің жеке түрлері бойынша нақтылайды, заттай, ақшалай және еңбек өлшегіштермен көрсетіледі. “Талдау” атауы анализ сөзінен шыққан, жалпы бүтінді құрамдас бөліктерге бөлу деген мағынаны білдіреді.

“Тауарлар” шоты бойынша тауарлардың жалпы санын ғана емес, сонымен қатар тауардың әрбір түрінің және тобының нақты орналасқан орны мен бар болуын білеміз. “Алынуға тиіс шоттар” шоты бойынша – жалпы қарызды ғана емес, сонымен бірге әрбір жабдықтаушы бойынша нақты қарыздың мөлшерін білеміз.

Талдау шоттары сомалық және сандық-сомалық болып бөлінеді.

Есеп айырысу жинақтау шоттарының мазмұнын нақтылау үшін омалық талдау шоттары ашылады. Мысалы, “Есеп беруге тиіс тұлғалармен  есеп айырысу” шотын нақтылау үшін әрбір есеп беруге тиіс тұлғаға жеке шоттар ашылады.

Сандық-сомалық талдау шоттары материалдық құндылықтар шоттарын тек қана ақшалай өлшемде ғана емес, сонымен қатар заттай өлшемде есепке алады, олар әрбір материалдардың атауы бойынша нақтылай отырып, оларды дамыту үшін ашылады.

Талдау шоттарын жүргізуді талап етпейтін шоттар жай немее қарапайым шоттар деп аталады.(“Есеп беруге тиіс тұлғалармен  есеп айырысу”,“Негізгі құралдар”,“Материалдар”шоттары).

Кейбір жинақтау шоттары бірнеше талдау шоттарының топтарынан тұрады. Талдау шоттарының бірінші топтары (жинақтау шоттарына дейінгі) субшоттар деп аталады. Субшот жинақтау және талдау шоттары арасындағы аралық буын болып табылады. Олардың әрқайсысы бірнеше талдау шоттарын біріктіреді, бірақ олар өз кезегінде, бір жинақтау шотымен біріктіріледі. Кейде субшоттарды екінші кезектегі шоттар деп атайды, ол кезде жинақтау шоттары бірінші кезектегі шоттар деп аталса, онда талдау шоттарын үшінші кезектегі шоттар деп атайды.

Шоттардың жинақтау және талдау шоттарына бөлінуіне байланысты бухгалтерлік есеп өзінің құрылуы бойынша былай бөлінеді:

1.  жинақтау есебі – кәсіпорынның шаруашылық қызметін баланста және жинақтау шоттарының жүйесінде жалпылама бейнеуді көрсетеді;

2.  талдау есебі – талдау шоттары жүйесінде кәсіпорынның шаруашылық қызметінің барлық бөліктері мен учаскелерін егжей-тегжейлі түрде көрсетеді.

 

4.Жинақтау және талдау шоттарының арасындағы өзара байланыс

Талдау шоттары жинақтау шоттарының мәліметтерін нақтылайды, оларды бөліп қарастырады. Өз кезегінде нақтылау шоттары талдау шоттарының мәліметтерін жинақтайды және біріктіреді.

Сондықтан, жинақтау және талдау шоттарының бір бірімен өзара байланысты екені түсінікті. Өзара байланыстың негізі бір ғана шаруашылық әрекеттерін жинақтау және талдау шоттарына бір мезгілде жазу болып табылады.

Талдау және оларды біріктіруші жинақтау шоттарының арасында белгілі бір өзара байланыс болады:

1.   жинақтау және олармен біріктірілген талдау шоттарында әрбір әрекетті жазу олардың бір ғана жағында, яғни дебетте немесе кредитте жазылады.

2.   жинақтау шотына әрекет жалпы сомасымен, ал талдау шоттарына жиынтығы жалпы соманы беретін жеке шоттармен жазылады.

3.   жинақтау шоты дебетінің айналымы оның талдау шоттарының дебеттік айналымдарының жалпы сомасына тең болады. Дәл осылай талдау шоттарының дебеттік айналымдары оның жинақтау шотының дебеттік айналымының жалпы сомасына тең болады.

4.   жинақтау шотының қалдығы оның талдау шоттарының барлық жалпы қалдықтарына тең болады.

Талдау шоттарына әрекеттерді былай жазу керек:

·      оларды біріктіретін жинақтаушы шоттарының қай жағына, яғни дебетке және кредитке жазылса, талдау шоттарының сол жағына жазылады;

·      әрбір талдау шотына жеке сома, қорытынды сомасы жинақтау шотына жазылады;

·      ақшалай және заттай өлшегіштерімен жазылады.

 

5.Ағымдағы бухгалтерлік есеп мәліметтерін қорытындылау

Тәжірибеде жинақтау және талдау есебінің мәліметтерін жалпылау және салыстыру үшін неғұрлым толығырақ жинақ айналым тізімдемелерінің көмегімен жүргізіледі.

Айналым тізімдемесі белгілі бір мезгілге айналымдар мен шоттар қалдықтарының жиынтығын білдіреді. Олар:

1.  жинақтау шоттары бойынша айналым тізімдемесіне;

2.  талдау шоттары бойынша айналым тізімдемесіне бөлінеді.

Жинақтау шоттары бойынша айналым тізімдемесін жасау үшін мәліметтер тікелей жинақтау шарттарынан алынады. Ол үшін шоттарда дебет және кредит бойынша айналымдар қорытындыланып, жаңа қалдықтар шығарылады. Жинақтау шоттары бойынша айналым тізімдемесінің ерекшелігі – тең жиынтығы бар қосарланған үш бағаның болуы.

Бірінші қосарланған теңдеуде – дебеттік бастапқы қалдықтың жиыны кредиттік бастапқы қалдықтың жиынына тең болуы керек.

Екінші қосарланған теңдеуде – барлық шоттар бойынша дебеттік айналымдардың жиыны кредиттік айналымдардың жиынына тең болуы керек.

Үшінші қосарланған теңдеуде – дебеттік соңғы қалдықтың жиыны кредиттік соңғы қалдықтың жиынына тең болуы керек.

Жиындардың көрсетілген теңдіктері баланста шаруашылық құралдардың екі жақты көрсетілуінен және шаруашылық әрекеттердің екі жақты жазу әдісінен шығады.

Жинақтау шоттары бойынша айналым тізімдемесі жиындарының теңдеулері осы шоттар бойынша жазбалар мен есептеулерді тексеру және бақылау үшін пайдаланылады. Сондықтан, жинақтау шоттары бойынша айналым тізімдемесін жан-жақты кесте деп атауға болады. Осы тізімдеменің көмегімен жиындардың теңдігін бұзатын қателерді табуға болады.

Жинақтау шоттарының айналым тізімдемесінің тиісті көрсеткіштері талдау шоттарының мәліметтерімен сәйкес келеді.

Жинақтау шоттары бойынша айналым тізімдемесі келесі есептік кезеңге баланс жасау үшін қолданылады. Осы тізімдеме тексеру балансы болып табылады, ал халықаралық тәжірибеде пайдаланып көру балансы деп аталады. Бағандардың бірінші және үшінші қосарланған теңеулері бастапқы және соңғы баланс-брутто валюталарын білдіреді. Осы тізімдеме кәсіпорынның шаруашылық құралдар жағдайымен және өзгерісімен жалпы танысу үшін пайдаланылады.

Талдау шоттары бойынша айналым тізімдемелер тиісті жинақтау шоттарымен біріктірілетін талдау шоттарының әрбір тобы бойынша жеке құрылады. Мысалы, материалдар шоты бойынша айналым тізімдемесі, жабдықтаушылар шоты бойынша айналым тізімдемесі жасалады.

Талдау есебінде қолданатын есеп өлшегіштеріне байланысты талдау шоттары бойынша айналым тізімдемелерінің мынандай екі түрі бар:

·        заттай және ақшалай бейнеде немесе сандық-сомалық нысан;

·        ақшалай бейнеде немесе сандық нысан.

Айналым тізімдемесінің сандық-сомалық нысанын басқаша тауарлық-материалдық, ал сомалық айналым нысанын контрокорренттік деп атауға болады.

Сандық-сомалық айналым тізімдемесі  бір мезгілде ақшалай және сандық бейнеде жүргізілетін талдау шоттарына арналған, мысалы, негізгі құралдар, материалдар, отын, жартылай фабрикаттар, өнімдер есебіне арналған. Бұл тізімдеме саны мен сомасына арналған бағандардан тұрады.

Сомалық айналым тізімдемесі сандық көрсеткіштерсіз, тек ақшалай бағалаумен ғана жүргізілетін талдау шоттары бойынша жасалады,мысалы, сатып алушылар, есеп беруге тиісті тұлғалармен есеп айырысу, жұмысшылармен және қызметкерлермен есеп айырысу шоттары.

Талдау шоттары бойынша айналым тізімдемелері – бір жинақтау шотымен біріктірілген талдау есебінің барлық шоттары бойынша айналымдар мен қалдықтар жиыны бар, сонымен қатар осы шоттар бойынша есеп жазбаларының дұрыстығын текссеруге арналған әрі шаруашылық құралдардың жеке бір түрлерінің жағдайы мен қозғалысын қадағалауға арналған тізімдемелер.

 

Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар.

Тақырыпты қаншалықты меңгергеніңізді білу үшін келесідей   сұрақтарға жауап беріңіз.    

1.Бухгалтерлік шоттар дегеніміз не?

2.Екі жақты жазу деген не?

3.Синтетикалық және аналитикалық шоттар туралы не айтасыз.

4.Шоттардың қандай түрлері болады?

5.Бухгалтерлік есеп шоттарының Үлгі жоспарының құрылымы қандай?