АҚША ҚАРАЖАТТАРЫНЫҢ ЕСЕБІ


1 Ақшалай қаражаттары және олардың элементтері.

   2 Кассадағы және ағымдағы банктік шоттағы ақшалардың есебі. Жолдағы ақшалардың есебі

  3  Ақшалай қаржылардың түгендеуі.

 

    1 Ақшалай қаражаттары және олардың элементтері.

          Кәсіпорындар мен ұйымдарда ақшалар арқылы есеп айырысу операцияларының бухгалтерлік есебін жүргізгенде мыналарды басшылыққа алу керек:

-   ақшалар арқылы есеп айырысу операцияларын толық және уақытылы дер кезінде есептеу;

-   кәсіпорындар мен ұйымдардағы ақшалардың түгелділігін және олардың тиімді пайдаланылуын бақылау;

-   есеп айырысу, төлеу тәртібін бақылау, кәсіпорын ақшаларының кіріске алынуы мен шығыс етілуін дұрыс есептеу.

Қазіргі таңда ақшалар қозғалысын басқару қаржы нарығының күрделілігіне байланысты маңызды мәселе болып саналып отыр. Ақшалар мен оның баламаларын дұрыс ашып көрсету және жіктеу кәсіпорын қызметінің нәтижесін дұрыс бағалау үшін қажет.

  Ақшалар шоттарында тек қана жедел арада міндеттемелерді өтеу үшін төлем жасауға қабілетті активтер есептеледі. Кәсіпорындар мен ұйымдардың ақшалары олардың кассасындағы, есеп айырысу және валюталық шоттарындағы ақшаларынан, аккредетивтеріндегі ақшаларынан, чектеріндегі ақшаларынан, банктердегі арнаулы шоттарындағы ақшаларынан, сондай-ақ аударылған жолдағы ақшаларынан құралады. «Кәсіпорындар мен ұйымдардың бухгалтерлік балансындағы ақшаларының қалдығы» деп аталатын бабында осы жоғарыда аталған ақшалар шоттарындағы ақшалардың барлық қалдығының жиынтық сомасы жазылады.

          Ақшалай қаржылар – кассадағы және банк шотындағы ақшалар. Ақшалай қаржыларға нақты ақшалар мен қалпына келтіруге дейінгі жарналар жатады.

          Ақшалай қаржылардың ағымы- ақшалай қаржылар мен олардың эквиваленттерінің келуі мен кетуі.

  Ақшалай қаржылардың эквиваленттері- қысқа мерзімді, жоғары өтімді салулар, олар ақшалай қаржылардың анықталған сомасына және бағалықтардың өзгеруіне тәуекелге душар ететін салулар.

  Ақша баламалары (эквиваленті) – бұл ақшаларға ұқсас, бірақ басқаша жіктелетін активтер болып табылады. Оларға қазыналық вексельдер, коммерциялық қағаздар және депозиттік сертификаттар жатады. Түрлі ұсталымдар мен айыппұлдар ұйымның ақшалары қатарына жатқызылмайды. Сондықтан да оларды кассадағы ақшалар шотында есептемейді. Ақша баламаларын кәсіпорынның есеп айырысу құралдары ретінде қарастырудың қажеттілігі де жоқ. Көп жағдайларда оларды қысқа мерзімді инвестициялар шотында есептейді.

Овердрафт дегеніміз ұйымның иелігіндегі, яғни активті шоттың қалдығындағы сомадан артық сомада төлем төлеу нәтижесінде пайда болған кредиттік қалдық. Бұл сома қысқа мерзімді міндеттеме болып табылады және кредиторлық борыш ретінде есептеледі. Овердрафт ұйымдар мен кәсіпорындардың банк мекемесі арқылы басқаларға төленген қаржысы есеп айырысу шотындағы қалдық сомадан артық болған уақытта пайда болады. Егер овердрафт үлкен көлемде болатын болса, онда бұл сома ұйымның балансында немесе өз алдына жасалған түсіндірмелі құжатынад бөлек көрсетілуі керек.

          Шоттардың жұмыс жоспарына сәйкес ақшалай қаражаттардың есебі үшін  1000 «Ақшалай қаржылар» бөлімшесінің келесідей шоттары арналған:

         1010 – «Кассадағы ақшалар»;

         1020 – «Жолдағы  ақшалай қаржылар»;

         1030 – «Ағымдағы банктік шоттардағы ақшалай қаржылар»;

         1040 – «Карт шоттардағы ақшалай қаржылар»;

         1050 – «Жинақ шоттарындағы ақшалай қаржылар»;

         1060 – «Басқа да ақшалай қаржылар».

.

2 Кассадағы және ағымдағы банктік шоттағы ақшалардың есебі. Жолдағы ақшалардың есебі

Ақша қаражаттарын сақтау, қабылдау мен беру үшін әрбір ұйымның кассасы болады. Кассир – материалдық жауапты адам. Ол касса операцияларын жүргізу тәртібімен таныс болуға тиіс. Осыдан кейін ғана оның материалдық толық жеке дара жауапкершілігі туралы онымен шарт жасалынады.

Кассадағы ұлттық валюта түріндегі қолма-қол ақшаның есебі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі бекіткен кассалық операцияларды жүргізу тәртібіне сәйкес жүргізіледі.

Кассаға нақты ақша ағымдағы банктік шоттан ақшалай чек негізінде түседі. Кассаға ақша қабылдау кассаның кіріс ордерлері бойынша жүзеге асырылады, оған бас бухгалтер мен кассир қол қояды. Кассаға ақша салған жеке немесе заңды тұлғаларға бас бухгалтер мен кассир қол қойған ақшаны қабылдағаны туралы квитанция беріледі.

Кассадан ақша беру кассаның шығыс ордерлерімен немесе басшы мен бас бухгалтер қол қойған тиісінше рәсімделген төлем тізімдемелерімен акт беруге жазылған өтініштен, шоттармен және басқа да құжаттармен рәсімделеді. Жекелеген адамға кассаның шығыс ордері бойынша ақша берген кезде кассир алушының төлқұжатын немесе жеке басының куәлігін көрсетуді талап етеді. Оның атауы мен номері, оны кімнің және қашан бергенін ордерде көрсетеді. Алушы касса ордеріне қол қояды және алған сомасын: теңгені – жазумен, тиынды – сандармен көрсетеді.

Сенімхат бойынша берілген ақша жағдайында касса шығыс ордерінде ақшаны алуға сенім берілген адамның тегі, аты мен әкесінің аты көрсетіледі. Егер ақша төлем тізімдемесі бойынша жүргізілетін болса, ол тізімдемеге: «Сенімхат бойынша» деген жазу жазылады. Бұл жазуды касса шығыс ордеріне немесе ведомостьқа (төлем тізімдемесіне) қоса тіркейді.

Кіріс және шығыс касса ордерлері мен оның орнына жүретін құжаттарды бухгалтерия дәл, әрі айқын етіп сиямен немес түтікше қаламмен жазып береді. Жалақы, уақытша еңбекке қабілетсіздігі жөніндегі жәрдемақылар мен сыйлықтар төлем тізімдемесі бойынша таратылады, оның қас бетінде (титул) ақша беретін мерзімі мен оның жалпы сомасы көрсетіледі және оған басшы мен бас бухгалтер қол қояды.

Банктен ақша алғаннан кейін үш күн өткен соң кассир төлем тізімдемесіне еңбек ақысы бойынша тиесілі сомасын алмаған адамдардың ата-тегінің тұсына мөртаңба соғады, берілмеген соманы төленбеген жалақы тізіміне енгізеді, тізімдемеде нақты төленген сома мен депозитке салынуға тиісті сома жөнінде жазылады. Егер төлемді кассир емес, уәкілдік алған адам жасайтын болса, төлем тізімдемесінде: «Тізімдеме бойынша ақша таратқан» деген жазу жазылады. Касса ордерлерінде өшіріп жазуға, бүлдіруге және түзетуге жол берілмейді.

Жазылған касса ордерлері немесе олардың орнына жүретін құжаттар Кіріс және Шығыс құжаттарын тіркеу журналында тіркеледі, ол Кіріс және Шығыс касса құжаттарына жеке-жеке ашылады. Онда мыналар көрсетіледі: Кіріс және Шығыс ордерінің толтырылған күні мен номері, кассаға түскен және жұмсалған ақшалардың (жалақы, сыйлықтар, стипендиялар, іссапарға төленген және басқа да шығыстар) нысаналы мақсаты көрсетіледі. Егер ақша қаражаттарының нысаналы мақсаты туралы деректерді машинограмма түрінде алатын болса, Кіріс және Шығыс касса құжаттарын тіркеу журналында тек құжаттың толтырылған күні, номері мен сомасы көрсетіледі.

Операциялар жүргізіліп болғаннан кейін ордерге кассир қол қояды, ал оған тіркелген қосымша құжаттарға штамп басылады немесе жазумен: күні, айы мен жылын көрсете отырып «Алынды» немесе «Төленді» деп белгі соғады.

Касса операцияларының есебін кассир Касса кітабында (ф. №КО-4) жүргізеді, ол номерленуге, төленуге және оған сұрау салынуға тиіс; ондағы парақтар санын басшы мен бас бухгалтер қол қойып куәландырады.

Күн сайын, жұмыс күнінің аяғында кассир берілген ақшаның жиынтығын шығарады және күн аяғындағы қалдықты есептейді.

Кассирдің есебінде корреспонденцияланатын шоттарға белгі жасалады, содан соң оның деректері 1010 – «Кассадағы ақша» шотының дебеті мен кредиті бойынша машинограммаға немесе есеп регистрлеріне көшіріледі.

Касса бойынша операциялардың, яғни 1010 шоттың дебеті мен кредиті есебін кассир жүргізеді. Регистрлерге жазулар бухгалтерияда кассир есебінің түсуіне қарай жүргізіледі. Біріңғай корреспонденцияланған шоттардың сомалары біріктіріледі. Айдың аяғында есепті айдан кейінгі бірінші жұлдызына регистрлердегі қалдық шығарылады, ол кассирдің есебіне есебіне және бас кітаптағы 1010  шоттың қалдықтарына сәйкес келуге тиіс.

Кассадағы операциялардың синтетикалық есебі  1010 – «Кассадағы ақшалай қаржылар» активті шотында жүргізіледі. Дебеті бойынша кезең басына және соңына қалдық, сонымен қатар кезең ішіндегі түскен сомалар, кредитінен ақшалардың шығындалуы көрсетіледі. Кассадағы ақшалардың есебі бойынша есептік регистрлары келесілер болып табылады: №1 журнал-ордер - касса шоттарының кредиті бойынша және №1 тізімдеме – касса шоттарының дебеті бойынша.

 

Кассадағы ақшалар есебі бойынша шоттар корреспонденциясы

 

Операциялар мазмұны

Шоттар корреспонденциясы

Дебет

Кредит

Өнімдерді (қызметті, жұмысты) сатудан табыс алынды

1010

6010

Басқадай активтерді сатудан табыс алынды

1010

6210

Ағымдағы банктік шоттан ақша кассаға алынды 

1010

1030

Алдағы кезең табыстары алынды

1010

3520,4420

Есеп беруге тиісті тұлғадан алынды

1010

1250

Аванстар алынды

1010

3510, 4410

Кассадан банктік шотқа ақша тапсырылды

1030

1010

Басқадай кредиторлық қарыздар төленді

3390

1010

Іс-сапар шығындарына, шаруашылық шығындарына ақша берілді

1250

1010

Кассадан еңбек ақы берілді

3350

1010

Кассадан теңгемен жабдықтаушылар мен мердігерлерге төленді

3310, 4110

1010

Ақша қаражаттарын сақтау үшін және заңды тұлғалар арасында есеп айырысу үшін Қазақстан Республикасының банк  мекемелерінде банк шоттарын ашады.

Банк шоттары – бұл банк пен клиенттер арасындағы келісім-шарттық қатынастарды көрсетеді. Банк шоттары теңгемен де, шетелдік валютамен де жүргізіледі және ол ағымдағы, жинақтық және корреспонденттік болып бөлінеді.

Корреспонденттік  шоттар – шаруашылық операцияларының әсерінен өзара байланысқа ұшырайтын шоттар.

Ағымдағы (есеп айырысу) және жинақ шоттары – бұл да банктік шоттар, брокерлер, жеке және заңды тұлғалар үшін, сондай-ақ заңды тұлғаның оңашаланған белгілеулері үшін де ашылады. 

Шетелдік валютадағы қаражаттардың қолда бары мен қозғалысын есептеу үшін субъектіге арнап ағымдағы шоттар ашылуы мүмкін. Ол сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын және өнімін шетелдік валютаға сататын субъектілер үшін ашылады. Аккредитивтер, чек (аванс) кітапшаларының шоттарын және басқаларын субъектілер ақша қаражаттарын оқшаулап сақтау үшін және тиісті операцияларын жүргізу үшін ашылады.

Ақшасыз есеп айырысудың негізгі нысандары: төлем тапсырма; чек; вексель; тапсырма-талап төлемдері; акцепті форма бойынша; почталық және телеграфтық аударымдар болып табылады.

Тиісті заңдарға сәйкес барлық ұйымдар өздеріне қызмет көрсететін банк мекемелеріндегі есеп айырысу шоттарында ақша қаражаттарын сақтауға міңдетті. Есеп айырысу шоттары мына төмендегі құжаттар негізінде ашылады:

·     шотты ашуға берілетін өтініш;

·     қойылатын қолдар мен мөртаңбалары үлгілерімен карточкалары;

·  ұйымның салық есебіне қою дерегін растайтын салық қызметі органының анықтамасы;

·     мемлекеттік тіркеу туралы куәлік көшірмесі;

·     жарғы көшірмесі;

·     құрылтай шартының көшірмесі /құрылтайшылар саны біреуден асқан ретте/.

Ұйымдар ағымдағы банктік шоттарды бірнеше банктерден ашуына құқылы, бірақ шоттарды ашқаны туралы салық  органдарына хабарлауы керек.

Есеп айырысу шоты бойынша жүргізілетін операциялар қолданылып жүрген заңдармен реттеледі және әдетте, ақша қаражаттары еркін қалдығының шегінде шот иесінің жазбаша бұйрықтары негізінде жүргізіледі. Шот иесінің /акцептік/ келісуі бойынша жеткізушілер мен мердігерлердің төлем талап-тапсырмалары бойынша ақша қаражаттарын есептеп шығару жүзеге асырылады. Ағымдағы банктік шоттар бойынша операцияларды рәсімдеуге мынадай  құжаттар қолданылады: төлем тапсырмасы, талап- тапсырма, чектер,  нақты ақша жарнасына берілетін хабарлама және т.б. Есеп айырысу құжаттарында оларға қол қоюға құқығы бар екі лауазымды адамдардың (басшы мен бас бухгалтердің) қолдары болуы керек.

Чек - шот иесінің банкке көрсетілген соманы нақты ақшамен жалақыға, іс-сапар, шаруашылық операциялары және басқа да шығындарға беру жөніндегі бұйрығы. Кәсіпорын алатын ақшаның мақсаты чектің сыртқы жағында көрсетіледі, оны бір дана етіп сиямен жазады.  Чекпен бір мезгілде чек кітапшасында сақталатын түбірі толтырылады.

Нақты ақша жарнасына берілетін хабарлама - шот иесінің банктегі оның шотына қосып есептеу үшін түсім қаражаттарын және нақты ақшамен салынатын басқа да сомаларды банкке қабылдау жөніндегі бұйрығы. Қабылданған ақшаға банк түбіртек береді, ол кассаның шығыс ордеріне қоса тіркеледі .

Төлем тапсырыстары негізінде банк төлеуші ұйымның ағымдағы банктік шотынан ақша қаражаттарын алып, яғни есептен шығарып, алушының есеп айырысу шотына аударады. Орындалған жұмыс пен көрсетілген қызмет үшін сомалар алуға жабдықтаушы – кәсіпорын  төлемдік талап тапсырысты жазып, оны қызмет көрсететін банкке инкассоға өткізеді. Бұл құжаттарды жабдықтаушы банкі төлеуші банкіне жібереді. Төлеуші 3 күн ішінде оны акцептке алуға немесе акцептіден бас тартуға міндетті. Акцепт басша мен бас бухгалтердің қол қоюы және мөр басуы арқылы жүзеге асырылады.

Шот иесінің келісімінсіз бюджетке және бюджеттен тыс қорларға айып-пұлдар және қалдық сомаларды есептен шығаруға құқылы. Ағымдағы банктік шоттан бюджетке аударымдар мен еңбек ақы төлеуді қоса барлық төлемдер, егер заңдармен басқа жағдайлар қарастырылмаған болса, ұйым басшысы анықтайтын кезек бойынша жүргізіледі.

Банк мекемесі өзі қызмет көрсететін ұйымдармен келісе отырып, белгіленген мерзімде оларға шоттың көшірмесін жіберіп отырады. Осы көшірмемен бірге банктік шот бойынша жүргізілетін операциялардың негізі болып саналатын есеп айырысу құжаты да бірге беріледі. Көшірмеде ұйымдардың шотындағы қаржының ай басындағы және соңындағы қалдығы және операция бойынша есеп айырысу шотына келіп түскен және шығындалған қаржы сомалары көрсетіледі. Ұйымдардың бухгалтериясында банк мекемесі берген шоттың көшірмесінде жазылған сомалардың дұрыстығы және олардың көшірмемен бірге берілген құжаттарға сәйкестігі тексеріледі. Ұйымдардың ағымдағы банктік шотындағы ақшалардың жұмсалуы №2 журнал- ордерде, ал шотқа кіріс етілген ақшалардың сомасы осы журналдың (№2 тізімдеме) тізімдемесінде  есептеледі.

Есеп айырысу шоты бойынша операциялардың есебі 1030 «Ағымдағы банктік шоттағы ақшалай қаржылар» шотында жүргізіледі. Оның дебеті бойынша ақша қаражаттарының қалдығы мен келіп түсуін, яғни көбеюін көрсетеді, ал кредиті бойынша есеп айырысу шотынан ақша қаражаттарының есептен шығарылуын көрсетеді. 

 

Ағымдағы банктік шоттардағы теңгедегі ақшалай қаржылар  шоты   бойынша  шаруашылық операцияларының  шоттар корреспонденциясы

 

Шаруашылық операциялар мазмұны

Шоттар корреспонденциясы

Дебет

Кредит

1.Кассадан ақшалардың ағымдағы банк шотына түсуі

1030

1010

2.Сатып алушылардың дебиторлық қарыздарын жою есебінен түсуі:                   

- қысқа мерзімді

- ұзақ мерзімді

 

 

1030

1030

 

 

1210

2010

3. Қысқа мерзімді несиелер алынды

1030

3010, 3020

4.Жолдағы ақшалар ұйымның есеп айырысу шотына алынды

1030

1030

5.Жарғылық қорды толтыру үшін үлес қосушылардан келіп түскен ақшалар есеп айырысу шотына кіріске алынды

1030

5110

6.Алынған банк несиесі есеп айырысу шотына кірістелді

1030

3010,4010

7.Жабдықтаушылар мен мердігерлердің қарызы қайтарылды

3310, 4110

1030

8.Бюджетке ҚҚС аударылды

3130

1030

9.Бюджетке корпоративтік табыс салығы аударылды

3110

1030

10.Басқа да кредиторлық қарыздар жойылды

3390, 4170

1030

 

Жолдағы ақша аударымдарына сатып алушылар мен тапсырыс берушілерден кассаға алынған, банк бөлімшелеріне енгізілген, почта бөліміне енгізілген, ұйымның ағымдағы банктік шотына енгізу үшін инкассаторға өткізілген табыс жатады.

Жолдағы ақшалардың қозғалысы жөніндегі ақпараттарды жалпылау және есептеу үшін 1020 «Жолдағы ақшалай қаражаттар» шоты арналған.

1020 «Жолдағы ақшалай қаражаттар» шоты бойынша сомаларды есепке алу үшін банк мекемелерінің, почта бөлімдерінің квитанциялары; банк инкассаторы түсімдерді өткізгеніне жолсерік тізімдемелерінің көшірмелері негіз болып табылады.

 

    3 Ақшалай қаржылардың түгендеуі

           Ақшалай қаржыларды түгендеу олардың сақтығын қамтамасыз ету, ақшалай операциялар бойынша операциялардың жүргізілуінің дұрыстығын тексеру мақсатында кәсіпорынның басшысымен бекітілген комиссиямен жүзеге асырылады.  Түгендеу кезінде кассадағы ақшалардың және басқа да құндылықтардың  нақты бары қаралады. Түгендеуде барлық ақшалай қаражаттар бойынша жүргізілген операциялардың толықтығы, дұрыстығы, нақты іс жүзінде бары және толтырылған құжаттардың дұрыстығы қаралады. Бағалықтардың нақты бары анықталып, құжаттардағы мәліметтермен салыстырылады. Түгендеу тізіміне барлық тексерілген құндылықтар жазылады. Түгендеу нәтижелерін шығарғанда ауытқулар, яғни артықшылықтар немесе жетіспеушіліктер анықталуы мүмкін . Мұндай артықшылықтар кіріске алынуы керек.

 

Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар.

1.Ақша қаражаттарына не жатады?

2.Есеп айырысулардың қандай нысандары бар?

3.Кассадағы есеп айырысулар бойынша қандай құжаттар толтырылады?

4.Есеп айырысу шотындағы ақшалардың есебі қай шотта жүргізіледі?

5.Ақша қаражаттарын түгендеу жүргізудің тәртібі қандай?