НЕГІЗГІ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ЕСЕБІ


1 Негізгі құралдарды жіктеу  және бағалау

2 Негізгі құралдардың тозуы және амортизациясы

3 Негізгі құралдардың жөндеуінің есебі

4 Негізгі құралдарды қайта бағалау есебі

5 Негізгі құралдар қозғалысының құжаттық есебі

6 Негізгі құралдарды түгендеу

 

         1Негізгі құралдарды жіктеу және  бағалау

         Негізгі құралдар-  дегеніміз ұзақ уақыт жұмыс істейтін материалдық-заттық құндылықтар  (ғимараттар, өткізгіш тетіктер машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, құрал-саймандар, өндірістік және шаруашылық мүлкі, жұмысқа пайдаланылатын және өнім беретін мал және басқалар). Шаруашылық қызметте пайдалануға арналған негізгі құралдарды қайта сатуға немесе ақшаға айналдыруға болмайды. Оларға жер, құрылыстар мен ғимараттар, транспорт құралдары, жабдықтар мен берілгіш құрылғылар және басқалар жатады.

Негізгі құралдар ұзақ уақыт бойы көптеген өндіріс цилында пайдаланылады. Осы уақыт ішінде олардың құны өндірілетін өнімнің (жұмыстың, қызметтің) құнына біртіндеп ауысады.

Негізгі құралдарды есептеуді дұрыс ұйымдастыру және тозу мөлшерін есептеу үшін негізгі құралдарды жіктеудің маңызы зор.

   Ұйымдарда негізгі құралдардың біріңғай типтік жіктеуі қолданылады. Осыған сәйкес негізгі құралдар келесі белгілері бойынша топтастырылады:

-       салалар бойынша;

-       мақсатына қарай;

-       түрі бойынша;

-       кімге қарайтындығына қарай;

-       пайдалану сипатына қарай,

-       салық салу мақсатына қарай.

  Экономикалық мақсатына қарай негізгі құралдар өнеркәсіптік-өндірістік негізгі құралдар, басқа салалардың өндірістік негізгі құралдары және өндірістік емес негізгі құралдар болып бөлінеді.

  Халық шаруашылығының әрбір саласында негізгі құралдар бұйымдық-заттық белгілері бойынша келесі түрлерге бөлінеді:

-       ғимараттар;

-       құрылыстар;

-       өткізгіш жабдықтар;

-       машиналар мен жабдықтар;

-       көлік құралдары;

-       аспаптар;

-       өндірістік инвентар және керек жарақтар;

-       шаруашылық инвентары;

-       биологиялық активтер;

-       библиотека қоры;

-       жерді жақсартуға жұмсалатын күрделі шығындар;

-       басқа да негізгі құралдар.

  Кімге қарайтынына қарай негізгі құралдар меншікті және жалға алынған болып бөлінеді. Меншікті дегеніміз - субъектіге тиесілі және оның балансында көрініс табатын негізгі құралдар. Белгіленген мерзімге шарт бойынша басқа субъектіден алынған негізгі құралдар, жалға алынған құралдар болып саналады.

  Пайдалану сипатына қарай негізгі құралдар жұмыс істеп тұрған, жұмыс істемейтін (консервациядағы) және қосалқыдағы болып бөлінеді.

Заттық құрамына қарай негізгі құралдар мүліктік және мүліктік емес болып бөлінеді. Мүліктікке (заттай) көрінісі бар, яғни санауға және өлшеуге болатындар (үйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар) жатады. Мүліктік еместерге пайдаланылатын жер, орман алқабы, су ресурстары (ғимараттардан басқа күрделі қаржы салымы, яғни заттық нысаны жоқ шығындар (жер учаскелерін, егістік үшін пайдаланылатын жерді өңдеу, жалға алынған негізгі құралдарға күрделі қаржы жұмсау, т.б.) жатады.

Салық салу мақсатына қарай негізгі құралдар төрт топқа бөлінген, олар амортизациялық төлемдердің салықтық нормалары бекітілген:

Өндірістік негізгі құралдар өнім өндіру немесе оған қызмет көрсету процесіне тікелей қатысатын негізгі құралдар. Олардың құрамына өндірістік ғимараттар мен құрылыстар, күш машиналары мен жабдықтар, өлшеуішприборлар, көлік құралдары, аспаптар, өндірістің және шарауашылық инвентарь және басқа еңбек құралдары жатады.

Өндірістік емес негізгі құралдар  - өнім өндіру процесіне қатыспайтын, яғни тұтынуға арналған негізгі құралдар – тұрғын –үй коммуналдық шаруашылықтар, денсаулық сақтау ұйымдары, мәдени, білім беру салаларының негізгі құралдары.

Жұмыс істеп тұрған негізгі құралдарға ұйымдағы өндірістегі барлық құралдар жатады.

Жұмыс істемейтін негізгі құралдарға өндіріс процесінде пайдаланылмайтын негізгі құралдар жатады.

         Негізгі құралдардың  құрамына енетіндер:

жер – субъект меншігіне сатып алған жердің көлемі мен құны. Жерге меншік құқығы бар болса, онда олар құқық актісімен расталуы керек. Ондай актісі берілген болса, онда ондай жер учаскілері мүліктік объекті болып саналады;

үйлер – халыққа еңбек етуге, тұруға, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетуге жағдай жасауға және материалдық құндылықтарды сақтауға арналған әлеуметті-құрылыс объектілері. Әрбір тұрғын үй мүліктік объект болып табылады;

ғимараттар - еңбек заттарын өзгертуге қатысы жоқ белгілі бір қызметтерді орындау жолымен өндіріс процесін жүзеге асыруға арналған инженерлік-құрылыс объектілері (шахта ұңғысы, мұнай мұнарасы, бөгет, көпір, автомобиль жолы). Барлық жағдайлары бар әрбір жеке ғимарат мүліктік объект болып табылады;

өткізгіш тетіктер (қондырғылар) - электр, жылу немесе механикалық энергияны өткізу қондырғылары (электр өткізу желілері, трансмиссиялар, құбырлар). Электр желілері бойынша, мысалы, электр станциясы бөлу қондырғыларының желісі немесе генератор клеммаларынан бөлу қондырғыларына дейін, қабылдау подстанцияларынан және подстанциялардан трансформатор жайына дейін мүліктік объекті бола алады;

машиналар мен жабдықтар - күш беретін машиналар және жабдықтар; жұмысшы машиналар және жабдықтар; өлшеу және реттеу аспаптары және қондырғылар мен лабораториялық жабдықтар; әрбір машина, егер ол басқа мүліктік объектінің бөлшегі болмаса, оған кіретін бейімделген құралдарды, соған тиісті затгарды, аспаптарды, қоршауды, фундаментті қоса алғанда, мүліктік объекті болып саналады.

көлік құралдары - адамдар мен жүктерді тасымалдауға арналған қозғалыс құралдары (автомобиль, темір жол және су көлігінің қозғалмалы құрамы, жегін көлігі). Әрбір объект өзіне тиісті барлық бейімдегіш құралдары мен заттарын қоса алғанда мүліктік объект болып табылады;

құрал-сайман - қол еңбегінің механикаландырылған немесе механикаландырылмаған құралдары немесе металдарды, ағашты және т.б. өңдеу үшін машиналарға бекітілген заттар (кесетін, соғатын және нығыздайтын еңбек құралдары). Басқа мүліктік объектінің құрамына кірмейтін заттар ғана мүліктік объект болып табылады;

өндірістік мүлік және соған жататын заттар - өндірістік операцияларды орындау немесе жеңілдету үшін қызмет ететін өндірістік заттар; еңбекті қорғауға көмектесетін жабдықтар; сұйық, сусымалы және басқа материалдарды сақтауға арналған сыйымды заттар; өндірістік арналымы бар басқада заттар. Басқа мүліктік объектінің бөлшегі болып табылмайтын және дербес мәні бар заттарда мүліктік объекті бола алады;

шаруашылық мүлік - кеңсе жөне шаруашылық мекемелерінің заттары (орындықтар, шкафтар, кілемдер). Дербес мәні бар әрбір объект- мүліктік объекті бола алады;

жұмысқа пайдаланылатын және өнім беретін мал — ат, өгіз, түйе және басқа жұмысқа пайдаланылатын малдар;

көп жылдық өсімдіктер — қолдан егілген, көп жылдық өсімдіктер (жеміс және жидек ағаштары, жүзімдіктер, гүлдердің көп жылдық түрлері, роза плантациялары, өсімдіктен жасалған қоршаулар, жерді қорғайтын өсімдіктер). Жас өсімдіктер даму деңгейі толық жетілген (жеміс-жидек бере бастаған) өсімдіктерден бөлек есепке алынады;

жерді жақсартуға байланысты күрделі шығындар (ғимаратсыз) — ауыл шаруашылық мақсатта пайдалану үшін ауыл шаруашылығында пайдалану үшін жер қыртысын жақсартудың шараларына жұмсалған мүліктік емес сипаттағы шығындар (жер учаскелерін жоспарлау, жерді егін егу үшін өндеу, егіс даласын тастардан тазарту);

басқа да негізгі құралдар — кітапхана қорлары, спорт мүлкі және басқа да салымдар.

   Негізгі құралдардың қозғалысына байланысты операцияларды көрсетуде бағалаудың бірнеше түрлері қолданылады. Есептеу тәжірибесінде алғашқы, ағымдағы, баланстық, жою және әділ құндары ажыратылады.

Бастапқы негізгі құралдарды алу немесе тұрғызу бойынша іс жүзінде болған шығындардың құны, оларды жеткізу, құрастыру, орнату, іске қосу және активті мақсаты бойынша пайдалану үшін жұмыс жағдайына келтірумен байланысты басқа да шығындарды, сонымен бірге төленген салықтар төлемдерді қоса.

Негізгі құралдардың бастапқы құны өзгертілуі мүмкін; қосымша салынған күрделі салымдар немесе негізгі құралдардың жарым-жартылай жойылуы, объектіні демонтаждау негізгі құралдардың жағдайына әсер ететін болса, онда, бірінші кезекте, пайдалы қызмет ету мерзімі қысқартылуы немесе ұзартылуы мүмкін.

Ағымдағы - бұл негізгі құралдардың белгілі бір мерзімдегі іс жүзіндегі нарық бағасы бойынша құны.

Баланстық - бұл активтің есепте және есеп беруде көрсетілетін, жинақталынған амортизация сомасы шегерілген  бастапқы немесе ағымдағы құны.

Жою - пайдалы қызмет мерзімінің аяғында негізгі құралдарды жою кезінде пайда болатын, шығу бойынша күтілген шығындары шегерілген қалдықтардың, заттардың, қосалқы бөлшектердің болжамды құны.

Әділ құнытәуелсіз екі жақ арасында негізгі құралдарды айырбастау мүмкін болатын құн.

Амортизацияланған құн - негізгі құралдардың бастапқы және болжанған жою құндарының арасындағы айырмашылығы, ал ол жүйелі түрде амортизациялық жолмен нормативтік қызметіне немесе барлық пайдалы кезеңіне ұйымінің шығысы ретінде таратылады, бұл кезде:

- пайдалы кезең қызметі - бүл кезең ішінде негізгі құралдары пайдаланудан экономикалық олжа алуды кәсіпорын топшылайды;

- нормативтік қызмет кезеңі - бүл кезең ішінде белгіленген нормаға сәйкес кәсіпорын негізгі құралдың тозуын есептейді.

2 Негізгі құралдардың тозуы және амортизациясы

Негізгі құрал өндіріс процесіне қатысуымен, жылдар мерзімінің әсерімен, табиғат күшінің әсер етуімен пайдалану үдерісінде біртіндеп тозады. Тозудың екі түрі болады: табиғи және сапалық (моральдық) (заман талабына сай келмеуі).

Негізгі қорлардың табиғи тозуы олардың өндіріс үдерісіне қатысу нәтижесінен және негізгі құралдардың пайдалануға тікелей қатыспай-ақ, түрлі сыртқы факторлардың әсерінен: ылғалдан, атмосфералық құбылыстар нәтижесінен, металдардың тот басуынан, ескіруінен (тозудың табиғи нысаны) пайда болады.

Негізгі құралдардың сапалық тозуы техникалық прогреске, өндіріс әдістерін жетілдіруге және жаңартуға байланысты болып келеді. Техника мен технологияны жетілдіру жұмыс істеп тұрған негізгі құралдардың ұқсас өнімдерінің арзандауына ықпал етеді. Осыған орай, пайдаланылудағы негізгі құралдар өздерінің құнының бөлігін жоғалтып, құнсызданғандай болады. Моральдық тозудың әсері нәтижесінде табиғи тозу мерзімі келгенге дейін негізгі құрал-жабдықтар объектілері жаңасына, әрі неғұрлым пайдалы (үнемді) түріне ауыстырылады. Моральдық тозуды болдырмау мақсатында негізгі құрал-жабдықтар объектілерін қайта құрып, жаңарту жұмыстарын жүргізеді.

Амортизация (латынның "өтеу" деген сөзінен) - тозудың құндық көрінісін білдіреді.Амортизация - активтің қызмет еткен мерзім бойына амортизацияланған құнды тарату процесі.

Амортизацияланған құн бастапқы құны мен жою құнының арасындағы айырма. Амортизациялық аударымдар әрбір есептік кезеңнің шығысы ретінде танылады.

Жаңадан пайдалануға берілген негізгі құралдар бойынша амортизация есептеу келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен басталады, ал шығып кеткен негізгі құралдар бойынша - шықкдн айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

Толығымен амортизацияланған негізгі құралдар бойынша амортизацияны есептеу қорлардың құны өнімнің (жұмыстың, қызметтің) құнына толықтай ауысқан айдан кейін туатын айдың бірінші күні тоқтатылады.

         Ұйым негізгі құралдардың әр тобы бойынша амортизация есептеу тәсілін өзі таңдайды. Таңдап алынған тәсілдер, негізгі құралдарды экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану мақсатында, басқа тәсілді таңдап алғанға дейін,  жылдар бойы өзгеріссіз қолданылады. Таңдау кезінде табыс пен кірістің тең болу қағидасы сақталуға тиіс. Мысалы, өндірістік кешенді пайдаланудан түсетін табыс жылдарға тең бөлінген, олай болса, шығындар қатарына жатқызылатын амортизацияны есептеу үшін бірқалыпты тәсіл пайдаланылады.

Негізгі құралдарға амортизация есептелініп отырады. Есептелген амортизациялық сома негізгі құралдардың бастапқы құны сомасынан біртіндеп шегеріледі. Бастапқы құннан есептелген амортизациялық соманы азайтқандағы қалған сома, қалдық құн деп аталады. Негізгі құралдардың қызмет көрсету мерзімін, олардың жағдайына,климат ерекшеліктерін ескере отырып, өндірістік технологиямен оның өзгеру бағытына орай әрбір ұйым өз бетінше анықтай алады.

Есептелген амортизация сомасы ай сайын өндірлген өнімнің, орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің өзіндік құнына апарылады; маусымдық өндірістерге амортизациялық аударымдардың жылдық сомасы кәсіпорынның жыл ішінде жұмыс істеу кезеңнің өндірістік шығындарына қосылады.

Бір жыл ішінде осы ай үшін амортизациялық аударымдардың мөлшерін айқындау өткен есептелген амортизациялық аударымдар сомасынан сүйеніп, ілгерідегі айдағы негізгі құралдар құрамындағы өзгерістерге, сондай-ақ толығымен амортизацияланған негізгі құралдардың нормативті қызмет ету мерзімі өтуіне байланысты белгіленген нормаларға сай реттеліп жасалады.

Толығымен амортизацияланған негізгі құралдар бойынша амортизация есептеу бұл қорлардың құны өнімнің (жұмыстың, қызметтің) құнына толықтай ауысқан айдан кейін туатын айдың бірінші күні тоқтатылады.

Негізгі құралдардың  амортизациясын есептеудің мынадай әдістері бар:

1.Негізгі құралдардың құны бойынша амортизацияны бір қалыпты есептеу әдісі.

         2. Амортизацияны (тозуды) орындаған жұмыстардың көлеміне пропорционалды түрде есептеу әдісі (өндірістік тәсіл).

         3. Азайып отыратын қалдық әдісі.

         Тозуды біркелкі есептеу әдісі объектінің тозған құнын оның қызмет мерзімі кезінде өндіріс шығындарына біркелкі үлестіріп бөлуді қарастырады. Мысалы, объектінің құны 100000 теңге, қызмет мерзімі –10 жыл. Есептік жою құны- 2000 теңге. Тозуға жыл саынғы резерв 9800 теңгеге тең болады: (100000-2000)/10. Ал ай сайынғы тозу сомасы 817 теңге (9800/12).

         Өндірістік әдісте әрбір өнім бірлігі өзін өндірген активтің бірдей мөлшерде амортизациясын болдырады деп қарастырады. Активтердің тозуы олардың қолданылу жиілігіне тікелей байланысты жерлерде осы әдіс қолданылады. Мысалы, жабдық техникалық құжаттарына сәйкес 5000 өнім бірлігін шығаруға қабілетті. Объектінің құны 27000 теңге , жою құны- 3000 теңге. Онда бір өнім бірлігіне амортизация мөлшері: (27000-3000)/5000=5,34 теңгеге тең болады. Егер бір айда 400 өнім бірлігі шығарылса, онда амортизация сомасы 2136 теңгені құрайды (5,34*400).

         Қалдықты азайту әдісі кезінде, түзу сызықты тәсілде қолданылатын амортизация мөлшері екі еселенеді және әрқашанда қалдық құнға қосылады. Болжамды жою құны амортизация есептеуде есепке алынбайды, амортизация сомасы қалдық құнды жою құнына дейін азайтуға қажетті шамамен шектелген соңғы құнды қоспағанда. Мысалы, объектінің қызмет мерзімі- 5 жыл, бастапқы құны 100000 теңге, ал жою құны 1000 теңге. Түзу сызықты тәсіл кезінде қолданылатын амортизация нормасы- 20% (100/5) тең болады. Онда жеделдетілген амортизация үшін 2 коэффициентін ескере отырып бұл норма 40% болады және қалдық құнға  тағайындалған стаыкісі болып табылады. Жыл сайынғы амортизациялық аударымдар келесі түрде есептеледі:

         Бастапқы құны         Амортизация нормасы             Қалдық құны       

1 жыл      10000                                4000=(40%*10000)                                6000   

2 жыл   10000                                2400=(40%*6000)                                  3600    

3 жыл   10000                               1440=(40%*3600)                               2160

4 жыл    10000                              864=(40%*2160)                                    1296

5 жыл    10000                           296=(40%*1296)                                    1000   

  Негізгі құралдардың тозуының синтетикалық есебі үшін  2420 «Негізгі құралдардың амортизациясы және құнсыздануы» тобы  шоттарында жүргізіледі. Бұл шотта ұйымның негізгі құралдарының жинақталған тозуы туралы, сонымен қатар олардың құнсыздануы  ткралы ақпараттар жинақталады. Жыл сайын әрбір ұйым баланс күніне құнсыздануға тест жүргізу керек. 

         2420 шоттарының кредиті бойынша есептелген амортизация  сомасы келесі шоттармен корреспонденциясында көрсетіледі: 7110 “Тауарларды және қызмет көрсетулерді сату бойынша шығындар”, 7210 “Әкімшілік шығындар”, 8410 “Үстеме шығындар” және т.б..

         Жинақталған тозу сомалары негізгі құралдар шыққан кезде ғана есептен шығарылады және 2420 шоттардың дебеті бойынша 2410 кредиті бойынша көрсетіледі.

  3 Негізгі құралдардың жөндеуінің есебі

Негізгі құралдар пайдалану процесі кезінде табиғи және моральдық тозуға ұшырайды. Негізгі құралдардың уақытынан бұрын тозуын болдырмау үшін, оларды жұмыс жағдайында ұстау үшін және техникалық қасиеттерін қалпына келтіру үшін оларды жөндейді.

Негізгі құралдарды жөндеудің күрделілігіне қарай  жөндеу ағымдағы және күрделі жөндеу  болып бөлінеді.

Күрделі жөндеу деп негізгі құралдардың жеке бөлшектерін қалпына келтіруді айтады. Олардың тұтас объектімен салыстырғанда тозу мерзімі аз болады. Бұл жөндеу кезінде  агрегат толық ажыратылады, барлық тозған бөлшектер және тораптар ауыстырылады немесе қалпына келтіріледі, базалық және басқа да бөлшектер мен тораптар жөнделіп жиналады және агрегат сынақтан өткізіледі.

Ағымдағы жөндеу негізгі құралдардың тозған жеке бөлшектерін жұмыс істейтін жағдайда ұстау үшін оларды ауыстырудан немесе жөндеуден тұрады. Оны негізгі құралдарды пайдалану процесінде жүргізеді.

Негізгі құралдарды жөндеуді мердігерлік және шаруашылық тәсілдермен жүргізеді. Әдетте, мердігерлік тәсілде негізгі құралдарды мамандандырылған кәсіпорындар жөндейді; шаруашылық тәсілде – шаруашылықтың өз күшімен және қаражатымен жөндейді. Негізгі құралдарды жөндеуге байланысты барлық шығындар, сол жұмыстар жүргізілген кезеңнің өнім шығаруға кеткен шығындарына қосылады.

Ұйымдар жөндеу жұмыстары бойынша шығындарды өнімнің өзіндік құнына біркелкі қосу үшін, жөндеу қорын қалыптастыруға резерв құра алады, оның есебі 3440 «Басқа да қысқа мерзімді бағалық міндеттемелер» шотында есептелінеді. Шоттың кредиті бойынша резервтің құрылуы, ал дебетінен – пайдаланылуы көрсетіледі.  Жөндеуді қаржыландыру үшін бұл қорға қажетті сомалар жөндеу жұмыстарының барлық түрі үшін шығындар сметасы бойынша ай сайын аударылып тұрады және өндіріс шығындарына қосылады.

 

Мердігерлік тәсілмен негізгі құралдарды жөндеуге шығындардың есебі бойынша шоттар корреспонденциясы

 

 

Шаруашылық операция мазмұны

 

Дебет

 

Кредит

1.

Негізгі құралдарды жөндеуге резерв есептелді

8410, 7110, 7210

3440 «Жөндеуге резерв»

2.

Негізгі құралдардың жөндеуін жүргізгені үшін  мердігерлер шоты төлемге қабылданды

3440«Жөндеуге резерв»

3310, 4110

3.

ҚҚС сомасына, 12 пайыз

1420

3310, 4110

4.

Мердігерлер шоты ағымдағы банктік шоттан төленді

3310, 4110

1030

5.

Шаруашылық тәсілмен орындалған резерв есебінен негізгі құралдарды жөндеу бойынша шығындар қажетсіздендірілді

3440«Жөндеуге резерв»

1310, 3350, 1250

6.

Жөндеу цехында негізгі құралдардың жөндеуі орындалды:

қосалқы бөлшектердің, материалдардың шығыны

еңбек ақы есептелді

еңбек ақыдан әлеуметтік салыққа аудырымдар жасалды

үстеме шығындардың үлесі қажетсіздендірілді

 

 

8310

8310

8310

 

8310

 

 

 

1310

3350

3150

 

8410

7.

Құрылған резерв есебінен жөндеу бойынша шығындар есептен шығарылды

3440«Жөндеуге резерв»

8310

Егер резерв құрылмаса, резерв бойынша шығындарды бірден сәйкес шоттардың (8410, 7110, 7210)  дебетіне 3310 «Жабдықтаушылардың және мердігерлердің қысқа мерзімді кредиторлық қарыздары» немесе 4110 «Жабдықтаушылардың және мердігерлердің ұзақ мерзімді кредиторлық қарыздары» шоттарының кредитінен апарады. Жылдың соңында резервтелген соманың артығына реверсивті жазба жасайды.

 

4 Негізгі құралдарды қайта бағалау есебі

         Негізгі құралдарды қайта бағалау, қалыптасқан есеп жүргізудің бір нысаны болып табылады. Есеп тәжірбиесінде индекстік және тікелей бағалау әдістері қолданылады. Қайта бағалаудың нәтижесінде негізгі құралдар құнының өзгеруіне байланысты бухгалтерлік баланс сомасы да өзгертіліп, негізгі құралдар құнын барынша дәлдікке келтіреді. Жер мен ғимараттардың әділ бағасы оның нарықтық құны болып табылады. Машиналар мен жабдықтардың әділ бағасын оларды нарықтық құнына орай бағалау арқылы анықтайды.

Баланстың «Капитал» бөліміне қосылған қайта бағалаудың оң нәтижесі, объект сатылғаннан кейін есептен шығарылып, бөлінбеген пайданың сомасына қосылады. Ол сомалар есеп беру барысында пайда және зиян есебінде көрсетілмейді. Негізгі құралдар құнын жоғарылатудың әсерінен есептік жылдың шығындары көбейіп, тиісінше таза пайданың көлемі азайтылады, сондай-ақ баланстық сома мен төленбеген капитал сомалары да көбейіп отырады.

Қайта бағалау кезінде индекстік тәсілді қолданса, бастапқы баға мен амортизациялық сома бірдей коэффициентке көбейтіледі. Мысалы,объекттің құны 500 мың теңге, амортизация – 100 мың теңге, коэффициент – 1,1. Қайта бағалаудан кейін ағымдағы құны 550 мың теңге (500*1,1) болады, ал амортизация – 110 мың теңге (100*1,1).

Тікелей бағалау әдісін қолданған кезде бастапқы құн мен амортизация сомасы қосылады, бірігеді және айырмасы (қалдық немесе баланстық құны) нарықтық бағаға дейін ұлғайтылады. Амортизация қайтадан есептеледі, ал объектінің қызмет көрсету уақытына және қалдық құнына байланысты амортизациялық ставкалар да өзгереді. Қызмет көрсету мерзімі мен қалдық құны да қайта қаралуы мүмкін. Мысалы, объектінің бастапқы құны 1000 мың теңге, біркелкі амортизация есептеу әдісі қолданылған. Объектінің қызмет көрсету мезгілі 5 жыл. Екі жылдан кейін объектінің бағасын нарықтық бағаға сәйкес келтіру мақсатында қайта бағалау жүргізу туралы шешім қабылданған. Бағалаушы нарықтық бағаны 5000 мың теңге деп бағалап, нәтижелі пайдалану мерзімін бір жылға көбейткен.

         5 Негізгі құралдар қозғалысының құжаттық есебі

         Негізгі құралдарды есепке алудың түгендеу карточкасы бухгалтерлік қызметте негізгі құралдардың әрбір объектісіне жүргізіледі. Нысан бір данада негізгі құралдардың объектісін есептеуге, оны көшіруге, жаңартуға, жаңғыртуға, күрделі жөңдеу және есептен шығару бойынша құжаттар негізінде толтырылады. Түгендеу карточкасында негізгі құралдар объектісінің негізгі сапалық және сандық көрсеткіштері болады.

         Түгендеу нөмірлері реттік-сериялық жүйе бойынша олардың түсу шамасына қарай негізгі құралдардың объектілеріне беріледі.

         Объектілерді қолданысқа енгізу қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерекше тәртіппен ресімделуі қажет болатын сол жағдайларды қоспағанда, пайдалануға негізгі құралдардың объектілерін енгізуді есепке алу үшін, сондай-ақ басқа ұйымға беру,сату кезінде негізгі құралдардың құрамынан шығару үшін негізгі құралдарды қабылдау – беру актісі қолданылады. Акті екі данада әрбір бөлек объектіге немесе объектінің компонентіне жасалады. Техникалық құжаттамасы қоса берілген рәсімделген акті бухгалтерлік қызметке беріледі, оған бас бухгалтер қол қойып, дара кәсіпкер немесе ұйымның басшысы немесе осыған уәкілетті адамдар бекітеді.

         Объектінің немесе негізгі құралдардың объектілері топтарын ұйымның бір құрылымдық бөлімшесінен басқасына ішкі орнын ауыстыруды ресімдеу үшін, объектінің немесе негізгі құралдардың объектілері топтарын қоймадан пайдалануға беруді ресімдеу үшін негізгі құралдардың ішкі орнын ауыстыруға жүкқұжат қолданылады. Жүкқұжатты екі данада тапсырушы ұйымның құрылымдық бөлімшесінің жұмысшысы жазады. Алушының және тапсырушының қолхаты бар бірінші дана бухгалтерлік қызметке, ал екіншісі тапсырушы ұйымның құрылымдық бөлімшесіне беріледі.

         Негізгі құралдарды жөңдеуге,жаңартуға,жаңғыртуға қабылдау-беруді ресімдеу үшін жөнделген, жаңартылған, жағартылған негізгі құралдарды қабылдау-беру актісі қолданылады. Дара кәсіпкердің немесе негізгі құралдарды қабылдауға тапсырысшы ұйымның материалдық-жауапты қызметкері және жөңдеу,жаңарту,жаңғырту жүргізген орындаушы ұйым өкілі қол қойған акті екі данада жасалады. Тиісті негізгі құралдың техникалық төлқұжатына күрделі жөңдеуге, жаңартуға, жаңғыртуға байланысты объектінің сипаттамасына қажетті өзгерістер енгізілуі қажет. Актіге бас бухгалтер немесе бухгалтер қол қойып, дара кәсіпкер немесе тапсырысшы  ұйымның басшысы бекітеді.

         Негізгі құралдың объектілерін (автокөлік құралдарынан басқа) толық немесе ішінара істен шығаруды, яғни есептен шығаруды рәсімдеу үшін негізгі құралдарды істен шығаруға, яғни есептен шығаруға акті қолданылады. Акті екі данада жасалып, осыған уәкілетті адам бекітеді. Актінің бірінші данасы негізгі құралдарды есептен алу үшін бухгалтерлік қызметке беріледі, ал екіншісі - осы объектінің сақталуына жауапты адамда қалады және қоймаға тапсыруға және есептен шығару нәтижесінде қалған босалқы бөлшектерді, материалдарды,металлоломды және т.б. өткізу үшін негіздеме болып табылады.

Автокөлік құралдарын есептен шығаруға акті автокөлікті есептен шығаруды рәсімдеу үшін қолданылады. Акті екі данада жасалып, дара кәсіпкер немесе ұйымның басшысы немесе осыған уәкілетті адам бекітеді. Жол полициясы органдарында есептен алынғанын растайтын құжатпен бірге актінің бірінші данасы бухгалтерлік қызметке беріледі, актінің екінші данасы автокөлік құралдарының сақталуына жауапты адамда қалады және есептен шығару нәтижесінде қалған қорлар мен металлоломды қоймаға беру және өткізу үшін негіздеме болып табылады.

Негізгі құралдардың жалға алынған объектілерін есепке алу үшін жалға алынған (ұзақ мерзімге жалға алынған) негізгі құралдарды есепке алу карточкасы қолданылады.

Пайдалану орында негізгі құралдардың  объектілерін объективті түрде есепке алу үшін материалдық-жауапты адамдар негізгі құралдардың түгендеу тізімі қолданылады. Пайдалану орны бойынша негізгі құралдарды объективті түрде есепке алу деректері бухгалтерлік қызметте жүргізілетін түгендеу есеп карточкаларындағы жазбалармен  тең болуы қажет.

Қоймаға түскен орнатуға арналған жабдықты рәсімдеу үшін жабдықты қабылдау (түсуі) туралы акті қолданылады. Акті екі данада жасалып, қабылдау комиссиясы қол қояды.

Жабдықтарды монтаждау ұйымдарына беру кезінде  монтажға жабдықты қабылдау-беру туралы акті рәсімделеді. Мердігерлік тәсілмен монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру кезінде қабылдау комиссиясы құралады,оның құрамына жабдықты жеткізуді жүзеге асыратын ұйымның өкілі, сондай-ақ мердігерлік монтаж ұйымының өкілі кіреді. Бұл жағдайда жабдықты монтажға беруге бөлек акті жасалмайды. Монтаждау ұйымның уәкілетті өкілі жабдықты жауапты сақтауға алғанда актіге қол қояды және оған актінің көшірмесін береді.

Жабдықты тексеру, монтаждау немесе сынау үстінде ақау табылған жағдайда, жабдықтың анықталған ақаулары туралы акті қолданылады.

6Негізгі құралдарды түгендеу

          Ұйымдар бухгалтерлік есебі және есеп беру мәліметтерінің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында әрдайым негізгі құралдарды түгендеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Арнайы құрылған комиссиялар жүргізетін түгендеудің міндетіне қарай негізгі құралдардың нақтылы қолда бары және техникалық жағдайы жөніндегі мәліметтер негізгі құралдарды түгендеу тізіміне жазылады және оның нәтижелерін салыстыру тізімдемесінде бейнелейді.

         Түгендеу жұмыстарының жиілігін және оларды өткізу мерзімдерін ұйымдар өзі анықтайды. Меншік түрінің ауысуы кезінде, материалды- жауапты тұлғаның ауысуы кезінде, ұрлық немесе бүліну фактілері анықталғанда, жою балансына құру алдында, табиғат апаттарынан кейін, жылдық есеп берудің алдында міндетті түрде өткізіледі.

         Түгендеу басталмас бұрын мыналарды тексеру қажет:

-         мүліктік карточкалардың, негізгі құралдар бойынша мүліктік тізімдерінің бар болуы мен жағдайы;

-         техникалық паспорттардың немесе басқа техникалық құжаттардың бар болуы мен жағдайы;

-         жалға алынған немесе берілген, сақтаудағы негізгі құралдарға құжаттардың бар болуы мен жағдайы. Құжаттар болмаған жағдайда, оларды жасау керек.

          Түгендеу кезінде анықталған есепке алынбаған негізгі құралдар табыстың көбеюіне  2410 «Негізгі құралдар»  шоттарының дебеті бойынша және 6280 “Басқадай табыстар” шотының кредиті бойынша бастапқы құнымен кіріске алынуы керек. Объектінің жұмысқа пайдалануынан бастап есептелген тозу сомасына 2410 «Негізгі құралдар»   шоттарының дебеті және 2420 «Негізгі құралдардың амортизациясы және құнсыздануы» шоттарының кредиті бойынша жазу жүргізіледі.

          Негізгі құралдардың жетіспеушілігі, олардың шығуы сияқты көрсетіледі, бірақ қалдық құны кінәлінің мойнына жатқызылады. Жетіспейтін объектілердің баланстық құнына 1280 “Басқадай қысқа мерзімді дебиторлық қарыздар” шоты дебеттеледі және 2410 «Негізгі құралдар»  шоттары кредиттеледі. Кінәлілер мойнына жатқызылған жетіспеушіліктің баланстық құнына 1250 немесе 2150 шоттарының дебеті, 1280, 2180 шоттарының кредиті бойынша жазу жүргізіледі. Баланстық құн мен өтеліп алынатын сомалар арасындағы айырмашылық 1250 немесе 2150 шоттарының дебеті және 4420 «Алдағы кезең табыстары» шотының кредиті бойынша көрсетіледі.

         Өндіріліп алынған материалдық зиян сомасына 1010, 3350 шоттары дебеттеліп, 1250 немесе 2150 шоттары кредиттеледі және баланстық құн мен өндіріліп алынатын сомалар арасындағы айырмашылығына 3520 немесе 4420 шот дебеттеліп, 6280 «Басқадай табыстар» шоты кредиттеледі.

Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар.

         Тақырыпты қаншалықты меңгергеніңізді білу үшін келесідей   сұрақтарға жауап беріңіз.    

1.Негізгі құралдар деген не, олардың қандай түрлері бар?

2.Негізгі құралдарды бағалаудың қандай түрлері бар?

3.Негізгі құралдардың есебі бойынша қандай құжаттар толтырылады?

4.Негізгі құралдарды жөндеу туралы айтыңыз.

5.Негізгі құралдардың түгендеуін жүргізудің тәртібін айтыңыз.

         6. Негізгі құралдардың тозуының кандай түрлері бар?

7. Негізгі құралдардың амортизациясын есептеудің әдістерін атаңыз.

8. Негізгі құралдарды қайта бағалау туралы не  айтыңыз.

9. Негізгі құралдарды қайта бағалауға резерв қай шотта есептеледі?

10. Негізгі құралдарды қайта бағалаудың қандай әдістері бар?