Химиялық зертханада жұмыс жасау кезінде сақталатын қауіпсіздік техникасы


Химиялық зертханада жұмыс барысында сақталатын ортақ ережелер

 1 Зертханада кем дегенде екі адам  жұмыс  орындауы  керек.

2 Жұмыс  орындаушылар  қауіпсіздік  техникасы мен өрт  қауіпсіздігін  білуі  тиіс.

3 Зертханада  тамақ ішуге, шылым шегуге  және химиялық ыдыстардан  су ішуге тиым салынады.

4 Әр жұмыс орындаушы өрт сөндіргіштің  қолдану ережесін және оның қай жерде тұрғанын білуі тиіс.

5 Жұмысқа  кіріспес  бұрын   реактивтердің құрамы мен олармен  жұмыс  жасау кезінде сақталатын ережелерді білуі тиіс.

6 Тәжірибелерді  кір ыдыста  жасауға болмайды. Тәжірибе жасалып болған соң ыдысты жуу керек.

7 Зертханалық құрылғыларды  және іске қосылған күйдегі құралдарды қараусыз қалдыруға болмайды.

8 Жұмыс жасау барысында барлық  қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.

9 Реактивтерді тілге тигізуге  тиым салынады.

10 Қайнап жатқан сұйықтыққа еңкеюге және басқа жұмыс орындаушыларға қарай ол ыдыстарды сілтеуге болмайды.

11 Этикеткасы жоқ ыдыстармен  жұмыс жасауға тиым салынады.

12 Реактивтердің  иісін   абайлап  иіскеу керек.

13 Жұмыс біткен соң, жұмыс орнын тазалап, газды, суды, электр энергиясын өшіру керек.

14 Қосылған  күйдегі  электр плитасын және жанып тұрған газды   қалдырмау керек.

15 Раковинаға қышқыл қалдықтарын, жанғыш және ыстық сұйықтықтарды құюға,  қағазды, сіріңкені,  құмды тастауға  болмайды.

16 Аузы жабық ыдыстардағы және аппараттардағы  сұйықтықтарды қыздыруға болмайды, тек  арнайы аппараттарда ғана қыздыру керек.

17 Әр  жұмыс  орындаушы  дәрі  қобдишаcының орналасқан  жерін және жарақат алып қалған адамға алғашқы көмек көрсете білуі тиіс.

Жарақатты болдыру, әдетте, қауіпсіздік ережелерін толық сақтамаумен байланысты.

Жанғыш  заттарды қолдану кезінде 2 м қашықтықта ашық өрттің болмауын қадағалау керек. Жанғыш заттарды су моншасында айдау кезінде жабық электр плитасын қолдану керек. Диэтил эфирі аса қауіпті. Оны алдын ала  қыздырылған  су  моншасында  айдайды.  Жанғыш заттарды қалың шыныдан жасалған ыдыстарға құйып, асбест  жайылған  темір  жәшіктерде,  жылу  көздерінен  алыс  ұстап, сақтайды. Зертханадағы  жанғыш  заттардың  барлық  мөлшері бір күндік қажеттіліктерден  аспау керек. Жанғыш  заттардың  қалдығы  бар  құралдарды  ашпас  бұрын,  жақын  маңдағы  барлық  өрт  шақыратын (туғызатын)  заттарды өшіріп  тастау керек.

Сілтілік металдармен  су  қатысында  жұмыс жасағанда, мысалы, кальций  карбиді   және  басқа  заттармен,  жарылыс  болуы мүмкін.  Вакуумда  өткізілетін процесс кезінде,  автоклавтарда  және  жоғары қысымда жұмыс  орындағанда  да жарылыс  болуы  мүмкін. Қопарылыс (жарылыс)  нитро- қосылыстарды,  динитро- қосылыстарды синтездегенде  және  басқа  заттарды  алу  кезінде де  пайда  болады. Осындай  тәжірибелерді     бетперде  және  қорғаныстық  көз әйнектермен  жасау керек.

Сілтілік  металдармен тәжірибелерді  арнайы    жұмыс орындарында,   кұрғақ  құралдармен  су қатысынсыз  жүргізеді. Оларды  қалың  керосин  астында жабық  бюкспен  өлшейді. Натрий  және калий  қалдықтарын абсолютті  спиртте  біртіндеп ерітіп, соңынан бейтараптап,  жояды.

Қышқылдар және  сілтілермен  жұмыс  жасау  аса  мұқияттылықты  қажет етеді. Тіпті  әлсіз қышқылдар  (мысалы,  сірке қышқылы) жоғары   концентрацияда  химиялық  күюге әкеледі.                                              

Қышқыл мен  сілті ерітінділері   көзге  тамып  кетсе, көз қарашығын  зақымдайды және  көздің  көрмей  қалуына  алып келеді.  Бұл жағдайда  ең қауіптілер  сілтілер  және аммиак. Сондықтан,  қышқылдар  және сілтілермен жүргізілетін  барлық  тәжірибелерді қорғаныш көзілдірікті және резеңке  қолғапты киіп, тартқыш шкафта  жүргізеді.  Қышқылдарды үлкен ыдыстан кіші  ыдысқа  құйғанда резеңке алжапқыш  және  сифон  қолдану керек.  Қышқылды  сұйылту үшін қышқылды  жұқа (жіңішке)  ағыспен  суға  тұрақты араластыру арқылы  құйып отырады.  Сілтінің  кесек үзіндісін (бөлігін)  ұсақтау үшін  оны қалың матаға орап, балғамен соғып, ұсақтайды, ал ұсақтарын үккіште  ұсақтайды. Қатты сілтінің  шашқа түскенін байқамай қалса, кейін бұл жағдай шаштың  түсуіне алып келеді,  сондықтан күйдіргіш  сілтімен жұмыс  орындағанда  бас орамал кию керек. Қышқыл және сілті қалдықтарын раковинаға құймас  бұрын,  оларды  бейтараптау қажет.

Вакуумды айдау кезінде  көзге қорғаныш   көзілдірігін және бетперде кию керек. Сығылған (қысылған) газдарды қолданбас бұрын, оларды сақтайтын баллондар  мен редуктордың  жарамдылық  мерзіміне назар  аудару керек. Газы бар баллондарды  жәшікте бөлмеден тыс жерде ұстайды, ал газды  зертханаға арнайы   өткізілген трубалармен жеткізеді.

Зертханада  мақта матадан жасалған халатты кию керек және резеңке қолғапты халаттың жеңінің үстінен кию керек.